«Жастар жұмыс жоқ деп өтірік айтпасын!»

27 қараша 2020, 12:48

Біреулер «екі қолға бір күрек» жоқ десе, 73 жастағы алматылық әжей кәсіп ашып, жұмыс істейтін жастарды таба алмай жүр. Бекзада Нұрханқызы – зейнеткер, екінші топтағы мүгедек. «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша бизнес жоспарын қорғап, үкімет грантымен тігін цехын ашты. Енді әжей кәсібін дөңгелету үшін шәкірт тәрбиелеп, білгенімді жастарға үйретсем дейді. Бекзада әжей өз кәсібі жайында әңгімелеп, ой-арманымен бөлісті.

Алматы қаласы Алатау ауданына қарасты Ақбұлақ шағынауданында тұратын әжей әңгімесін өмір тарихынан бастады: «Мен 1948 жылы 15 қаңтарда Өзбекстанның Бұқара облысы Тамды ауылында дүниеге келдім. Қазақстанға 1992 жылдың күзінде көшіп келдік. Көшіп келуімнің де өзіндік себебі бар. Үш баланың анасымын. Жолдасыммен 8 жыл тұрдық. 1981 жылы жолдасым өмірден озды.

Мамандығым – акушер, әрі мұғаліммін. Өзбекстанда тұрғанда перзентхана мен мектепте қатар жұмыс істеп, балаларымды жеткіздім. Әкем аяқ қиім тігетін шебер болатын, анам – тігінші. Менің тігіншілікке деген бейімім ата-анамнан дарыса керек».

Әжейдің елге көшіп келуіне үлкен қызы себепкер болыпты. Мектепті үздік бітірген қызы жоғары білімді Алматыда алғысы келген. «Қызым Бұқарада емес, Алматыда оқып, сол жақта қалғысы келетінін айтты. Қызымның бір ауыз сөзі үшін Алматыға көшіп келдік», – деді Бекзада әжей.
1989 жылы әжей Кисловодск қаласындағы демалыс орнына барған кезінде Алматыдан келген бір отбасымен танысып, телефон алмасады. Қызын оқуға әкелмес бұрын, сол отбасымен хабарласып, қызын оқуға түсіргісі келетінін айтады. Ал таныстары бірден бұл кісілерді Алматыға шақырады.
«Мен танысқан кісі мемлекеттік қызметте екен. Жаңылмасам, құрылыс саласында болуы керек. Алматыға келген бойда бізді күтіп алып, қызым барғысы келген оқу орнына апарды. Қызымның арманы – Нархоздың аудит факультеті. Ертесінде университетке барып, деканға кіріп мән-жайды түсіндірдім. Декан бірден «Қызыңыз түсіп кете ме, жоқ па, білмеймін. Бізде конкурс жоғары. Тапсырып көрсін» деді. Қызым емтиханнан төрт алып, оқуға түсуге бір балы жетпей қалды. Ондағылар қайта дайындалып, келесі жылы тапсыруына болады деді. Осылайша қызым бір жыл дайындалып қалаған мамандығына түсті. Қызыл дипломмен оқуын бітіріп, маман атанды».
Әжей екі дипломы болса да, мамандығы бойынша жұмысқа орналаса алмапты. Өзінің тігін тігуге деген шеберлігінің арқасында көрпе, киім-кешек тігіп, кәсібін дөңгелетіп жүреді. Бірақ Бекзада әжей өзінің жұмысына көңілі толмай, кәсібін үлкейтіп, кейінгі жастарға тігін шеберлігін үйреткісі келеді.

«Кәсібімді қалай үлкейтсем екен деген ойдың құрсауында жүргенімде бір күні теледидардан «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы туралы естідім. Ол бойынша мүмкіндігі шектеулі жандар, тіпті жасына қарамастан, кез келген жастағы адамдар кәсібін бастай алады екен. Жаңалықты естіген күннің ертесінде Алматы қаласы әкімдігіне келіп, «Осындай бағдарлама ашылыпты. Бұған қалай қатыссам болады?», – деп сұрадым. Ондағылар маған кәсіпкерлік бөлімінде жұмыс істейтін жігіттің аты-жөнін берді. Бірден әлгі жігітке барып, бағдарламаға қалай қатысуға болатынын сұрадым. «Мамандығым бойынша емес, қолымнан тігін тігу келеді. Осы бағытта кәсіп ашуым үшін не істеуім керек» деп сұрадым. Ол бірден алдымен жеке кәсіп (ИП) ашуыңыз керек. Одан бөлек, бізден кәсіпкерлік бойынша курсқа қатысасыз деді. Сөйтіп курсқа қатыстым. Кілең жастардың ортасында жалғыз зейнеткермін. «Президентіміз қандай керемет, мүгедектігімізге қарамастан, бізге кәсібімізді ашып, жұмыс істеуімізге мүмкіндік беріп отыр» деп бақытты күйде жүрдім. Сөйтіп қолыма сертификатымды алып, әлгі жігітке қайта бардым. «Әрі қарай не істеуім керек» деп. Сөйтсем, сол жылғы гранттан қалып қалыппын, келесі жылғысына дайындалдым. Қателеспесем, 2016 жыл болу керек. Кәсіпкерлік бойынша жауапты жігіт бизнес-жоспар жазуға көмектесті. Осылайша арнайы комиссия алдында өз жобамды қорғадым», – деді.
«Комиссия алдына барып, елімізде теріден, жүннен қолданылған отандық өнім жасағым келетінін айттым. Ең алдымен, қазақтың шапанын тіккім келетінін түсіндірдім. Осы кәсіпті жастарға үйреткім келетінін де айтып өттім. Комиссия мүшесінде отырған бір келіншек «Апай сіз 3 млн теңгені не істейсіз? Ол соманы игере алмайсыз. Біз сізге 400 мың теңге ғана бере аламыз деді. Мен ол келіншекке былай жауап бердім: «Айналайын, мен сол ақшаны игеремін, кәсіпті істеймін» деп алдыңа келген жоқпын ба? Мен күнімді көріп отырған адаммын. Басымда баспанам бар, зейнетақым бар. Бірақ өзім білетін кәсіпті өзгелерге үйреткім келеді. Қазір біз Алматыда тұрамыз. Аяғын сыйдитып кетіп бара жатқан әйел затын көремін. Оның не қыз екенін, не болмаса кемпір екенін ажырата алмай қалдық. Әйел адамша киініп бара жатқанын көргім келеді. Әлде қазақтарда киім болған жоқ деп айтқың келе ме», – деп комиссия мүшесімен таласқаным бар. Сөйтсем, ол келіншек «Апай мен сізді түсінбеппін, өйткені қазақша білмеймін», – деп қысылды. «Онда мен сенің орысшаңды білмеймін» дедім (әжей бір күліп алды).

Бекзада әжей комиссия алдында бизнес жобасын сәтті қорғап, 2016 жылы 700 мың теңге қайтарымсыз грант ұтып алады. Ол ақшаға түзу тігетін, жиектейтін, кесте тігетіні бар, төрт мәшине сатып алады. Үйінің жанынан тігін цехын ашқан әжей өзімен бірге жұмыс істейтін серіктес іздей бастайды.

«Ең қиыны тігінші табу екен», – деп сөзін жалғады әжей. «Бір қызды алып едім жұмысқа, қолынан телефоны түспейді. «Балам-ау, телефоның не? Жұмыс істемейміз бе?» деп ескертіп отырамын. Ақыры, ол қыз жұмысты жарытпады. Кейін бір таныс келіншек «Апа, қалада «Аналар үйі» деген бар. Жас босанған қыздар мекендейді. Сол жерден жұмыс істейтін қыздарды табуға болады» деп кеңес берді. Содан «Аналар үйінен» бір қыз келді. Кішкентай бөбегі бар. Жұмысты да тым жақсы істеп жүрді. Бірақ жанынан бір жігіт кетпейтін. Ақыры екеуі үйленді ме, ол қыз бірде келмей кетті. Содан кейін жас қыз болмайды екен, үйлі-баранды келіншек іздейін деп көршімді жұмысқа тарттым. Өзі оқу бітірген келіншек. Тек декреттік демалыста болғаннан кейін бірігіп жұмыс істедік. Айтқандарымның барлығын тез үйреніп алды. Екеуміз тапсырыс алып көрпе, шапан тігіп сата бастадық. Көйлек тігуде қиыншылық жоқ. Тек шапанда сырып тігуде қиналдық. Өйткені жүн біркелкі түсуі керек. Кейін базарға «ботина» деген материал келген екен. Соны алып шапанды тіге бастадық. Көбіне құдалыққа, Наурыз мерекесі сынды мейрамда киетін қазақ-өзбек шапандарын тігеміз. Осы жерде «Балалар үйі» бар дегенді естіп, балалар үйіне хабарластым. Өзін директордың орынбасарымын деп таныстырған бір келіншекпен сөйлестім. Оған мектепті аяқтап қалған қыздарға тігін тігуді үйреткім келетінін айттым. Ол өздерінде тігін мен тоқыма курсы бар екенін айтты. «Қызығушылық танытқандары болса, жібереміз» деп еді, кейін хабарласпады. Не де болса, маған тігінші қызды Бейсен Құранбек тауып берер деп іздеп бардым. Күзде барған екем, ол еңбек демалысына шығып кетіпті. Өзімнің негізгі мақсатым – өзбек бір шапанын киіп жүр ғой, қазақтың баласы да жүн шапанын киіп алып, көлігін айдаса деген ой. Екіншіден, қалың күртешені түйе жүнінен кисе деген үміт. Содан кейін әйелдеріміз көйлек кисе деген үміт. Әрбір келіншек басына әдемі орамалын тағып жүрсе ғой деген үміт», – деді.

«Қыздарымыз жүр, шашын жайып тастаған. Көшеде кетіп бара жатады. Сидаң-сидаң етеді. Кемпірлер де кетіп бара жатады. Шаштарын қиып тастаған. Қазақтың қызы, келіншегі, әжесі өзіне лайық киім кисе деймін. Адамдарды қазақы тәрбиеге тәрбиелесем деймін. Ажырасу бізде неге көп? Ажырасу шетелдің ықпалынан болып жатыр. Біз келін болып түскенде шешеміз айтатын: «Елің – пірің, шырағым. Алтын босаға, қасиетті табалдырықты аттадың ба, сенің тіршілігің сол жерде. Бізден үміт күтпе» деп. Қазіргі аналар не дейді: «Ішіме сыйған бала, сыртыма да сыяды» дейді. Менің қызымның сегіз баласы бар. Өзіміз сияқты қарапайым отбасына келін болды. Үйге бала-шағасымен келеді. 1-2 сағат отырады, үйіне қайтады. «Менің үйімде саған орын жоқ» деймін қызыма. Әрбір ана осылай айтуы керек. Қазіргі қыздардың киіміне қарап, қарным ашады. Әсіресе, балабақша тәрбиешісінің киімін көрдім. Басында орамалы жоқ, жалаң аяқ. Кірпік жалғанған, қас қайқайған. Қолдарында үлкен телефон. Ондай жерден бала тәрбиеленіп шықпайды ғой. Бала балабақшадан шаршап шығады. Себебі кешке дейін теледидарды қосып қояды. Тәрбиеші телефонымен әлек. Алғашқы төрт немеремнің балабақшасы дұрыс болды. Олар қазір өсіп, ер жетті. Менің айтып отырғаным бүгінгі балабақша. Тәрбиеші деген инабатты, ізетті, тәрбиелі болуы керек емес пе? Бала тәрбиешіге қарап өседі. Мұғалімдер де сол. Кірпік, қас қайқиған. Табиғи түр қайда? Бет-аузы бояудан көрінбейтін мұғалімнен қандай тәрбие алады?» деген әжей қыз тәрбиесіне қатысты әңгімесін де жайып салды.

«Жұмыс жоқ дейтін жастар өтірік айтып жүр. Жұмыс деген телегей-теңіз. Бірақ тырнағы бес батпан боялған қыз еңкейіп жұмыс істегісі келмейді. Егін ексе де жұмыс. Мал бақса да жұмыс. Көп жастар дайын креслода отырғысы келеді. Жастардың елу пайызынан үміт күтуге болатын шығар. Қалған елу пайызы шетелге кеткісі келеді. Жас әйелдердің өзі туғаннан баласына ағылшын, орыс тілін үйретеді. Жастар жұмыс істеуі үшін ең алдымен сұлулық салонын жабу керек. Салон дегенге қолында дипломы бар да, жоқ та барады. Бір бетті әрлейді де жатады. Бет пен шашқа тыныштық жоқ. Осындай қыздардан үрейленемін. Өстіп жүріп, қазақты жоғалтып аламыз ба деп қорқамын. Баяғы ұлағатты аталарымыз – Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынов, бертін келе Бауыржан Момышұлы, Дінмұхамед Қонаев «қазақ» деп өтті. Олардың ізін жалғап келе жатқан жастарымыз жоқ емес, бар. Бірақ аз. «Балаларымыз өнегелі әке, қыздарымыз аяулы ана болса екен» деп армандаймын. Бірақ қазіргі қыздарымыздың қылығы дұрыс болмай тұр. Өйткені ол қыздардың шешесі дұрыс емес. Қазақта «Шешесін көріп қызын ал» дейтін сөз бар. Айналамызда баласын ерткен жас аналар жүреді. Шүлдірлеп түрі қазақ болса да орысша сөйлеп жатады. Ол өзін сыйламағандық қой. «Өз-өзіңді сыйла, жат бойыңнан түңілсін» дейді. Әрине, көпке топырақ шашпаймыз. Адам өзін сыйласа ғана ел болады. «Өз ағасын ағалай алмаған, кісі ағасын жағалайды» дейді. Сосын бір-бірін «Братишка, братишка» деп сөйлейтіндер бар. Оның орнына «аға, іні» деп айтса, қандай жарасымды. Бір-біріне «батыр» деп айтпайды. Марқұм Бейсен Құранбек «батырым» деп сөйлеуші еді. Оның бағдарламасын бүгінде сағынып отырамын. Жастар жұмыс істеуі үшін, ең алдымен қазақ қоғамы қайта құрылуы керек. Қазақтың тілі бірінші орында болуы керек. Мен сияқты ойлайтын үлкен кісілер көп. Бірақ оларды тыңдайтын құлақ жоқ», – деп аяқтады әңгімесін.

Жастарға қазақтың қара шапанын тігуді үйреткісі келетін әжейдің ізгі ниетіне сүйсініп, күш-қайраты сарқылмауын тіледік.

Мақпал Ноғайбаева

26 желтоқсан, 17:55
Пәлен жерде алтын бар. Барса...
23 желтоқсан, 18:08
Жаңа жылда Kaspi Red+ арқылы шоппинг үшін 15% бонус!
20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?