Жастар қоғамда қараусыз қалмауы керек

28 қантар 2022, 11:19

«Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық,
Арам, айла, зорлықсыз мал табалық.
Өшпес өмір, таусылмас мал берерлік
Бір білімді данышпан жан табалық…»

Шәкәрім Құдайбердіұлының алғашқы шумағы осылай өрілетін «Жастарға» деп аталатын өлеңі бар. Ақын ізгілікке бастар жолды іздеуші жастарға «ақыл сатқан» хәкім Абайдың бағдар беретінін меңзейді. Көңілге қаяу, жүрекке әжім түсірген кешегі қаңтар қасіретінде біздің жастарымыз қоғамда қараусыз қалғандай көрінді. Олай дейтініміз, бейбіт митингке шыққандардың мақсатын басқа арнаға бұрып әкетуші арандатушыларға ілескендердің басым
бөлігі – өрімдей жастарымыз.

Былтыр finprom.kz порталының жүргізген зерттеуі бойынша 2020 жылдың соңында, яғни төртінші тоқсанда біздің елде 15-28 жас аралығындағылардың ішінен 76 мың 600 адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 5 пайызға аз екен. Осы 76 мыңнан астам адамның 32 мыңы – ерлер, 44 мыңнан астамы – әйелдер. Қалаларда 48 мың жұмыссыз болса, ауылдық жерде 28 мыңнан асады. Әрине, мұндай статистиканы ай жаңаланғанда жауырынға қарап санамайды. Жұмыссыздық бойынша тіркеуге тұрғандардың есебіне қарап шығарады. Індете іздеп, зерттейтін болса, қала мен ауылдардағы жұмыссыздардың саны әлдеқайда артып кетер еді.

Жұмыссыз жастардың басым көпшілігі Алматыда жүр. Бұл да әлгі біз айтқан порталдың келтірген дерегі. Одан кейін Алматы мен Түркістан облыстары жастар арасындағы жұмыссыздық бойынша үштікте. Соңғы кездері жұмыссыздар санының артуы солтүстік облыстарда да байқалған. Бұл қандай картинаны елестетеді? Әрине, көзбояушылықпен ашылып, артынша жабылып қалатын өндіріс орындарын; ауылдық жерде тек медициналық мекемеде, мектепте, балабақшада, әкімдікте, ветеринарлық пунктте ғана тұрақты жұмысы бар жастарды; қалаға келіп уақытша күзет қызметіне, даяшылыққа, құрылысқа күш қосатын қалың топты көз алдыңа көлденең тартады.
Кешегі қаңтардағы сойқанның салдары мен себебінің бір ұшы осы жастар мәселесінде, қоғамның қозғаушы күші, негізгі тірегі саналар буынның булыққан ашу-ызасында жатыр.

Бір анық нәрсе, айдап әкеп барлығының да тұрмыстық шаруасын, әлеуметтік әлсіздігін мемлекеттің мойнына артып, өздерін арамтамақ атандыруға тағы болмайды. Жұмыс көзі, тұрақты жұмыс орны деген жанға жайлы естілетін тіркестер тек жалаң ұран, жадағай жарапазанға ұласпауы керек.

Біздің елде мектеп бітірген жастардың жоғары оқу орындарына грантқа, болмаса ақылы негізде қабылданбағандардың қалай күн кешіп жүргенін, тұрақты жұмысқа орналасқанын зерттейтін, құлағдар болатын қандай да бір мемлекеттік не қоғамдық ұйымдар жоқтың қасы. Жастар расында да қоғамда қараусыз қалғандай күй кешеді. Қалаға келсе, үш-төртеуі бірлесіп жалдамалы пәтерге қоныстанады. Күнделікті нан-суға жетерлік ақшаға жұмыс істейді. Зейнетақы қорына қаржы аударылатын тұрақты жұмыс орнын тапса, несиеге көлік алады. Осылай күн айға алмасып, ай жылға жалғасып уақыт өте береді.

Баса назар аударатын жайт, мемлекеттік грантта оқитындардың санатына іліге алмағандардың арасында әке-шешесінің, бауыр-туысының көмегімен ақылы негізде білім алатындардың да арасына ене алмаған жастардың шоғыры қалың. Айталық, Алматының маңайындағы ауылдардың бірінде былтырғы жылы 11-сыныпты 40 бала бітірді десек, соның 20-25-і ғана грант, ақылы оқуға түсуі мүмкін. Қалғаны қоғамда қандай жұмыс кезігеді, соны істейді. Әрине, құлықты болса. Қаланың іргесіндегі ауылда мектеп бітірген жастың қатарынан қалғысы келмей шаһарға жол тартатыны белгілі. Алматыда жұмыссыз жастардың көбеюінің негізгі бір себебі – осы.
Былтыр, ел аман, жұрт тынышта, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу жөніндегі мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысында былай деген болатын: «Жастарға қатысты келесі мәселе – жұмыспен қамту. Бұл, әсіресе, өңірлерде өзекті. Біз жұмыссыз жастарға жол сілтеп, бағыт-бағдар беруіміз керек. Олардың тұрақты кәсіп табуына көмектесуіміз қажет. Қазір жұмыспен қамтуға бағытталған бірнеше бағдарлама бар. Бірақ жастардың көбі сол шаралар туралы білмейді. Мемлекет ұсынып отырған түрлі қолдау жұмыстарынан хабарсыз. Бұл мәселе тек жалаң үгіт-насихатпен шешілмейді. Үкімет пен әкімдер жастарды жұмыспен қамту мәселесімен арнайы айналысып, күнделікті назарда ұстауы қажет. Қазақстан – дарынды жастар мекені. Ертең еліміздің абыройын асыратын да – осы талантты ұл-қыздар. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз».
Енді сол бар мүмкіндікті сарқа пайдаланып, жастардың арасындағы жұмыссыздықты жүйелі түрде шешу – бүгінгінің кезек күттірмейтін шаруасы. Алаштың Мағжаны сенген «арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты» жастардың күш-қуаты қиратып-өртеуге, ұрлап-тонауға емес, қоғамды құлпыртуға жұмсалуы керек.

Жастар тәрбиесінде, елдің тұтқасын ұстар ертеңгі тұлғаларды баулудың бауын қай тұста үзіп алдық? Қоғам неге қатыгезденіп, тасбауырланып барады? Әр салада қызмет еткен азаматтарға осы сауалды көлденең тарттық.

Оңалбек Әуелбеков, халық ағарту ісінің озық қызметкері, Отырар ауданының құрметті азаматы:

«Ел боламын десең, спортыңды да түзе»

Мен қазіргі Түркістан облысы Отырар ауданы Қоғам деген ауылда қырық жылға жуық қазақ күресінен бапкер болып еңбек еттім. 1976 жылы қазақ күресінің ережесі спортзалдар мен спорт кешендердің есігінен ғана сығалап, жұрт жапа-тармағай дзюдо, самбо күресін әспеттеп жатқанда, мен саналы түрде ұлттық спортымызды ұлықтауды қолға алдым. Қоғам ауылында қазақ күресінің қазығын қағып, күрес залын аштым. Қаншама шәкіртім ел ішіндегі, халықаралық, әлемдік додаларда топ жарды.

Алдымдағы шәкірттерге мен ең әуелі мынаны қадап айттым: «Өзім арақ ішпеймін, темекі шекпеймін. Аса маңызды себеп, оқыс оқиға орын алмаса, жаттығудан кешікпеймін, қалмаймын және шәкірттерімнен де осыны талап еттім. Әр үйдің тұңғышы, төлбасы деп атасы мен әжесінің мейіріміне қанып өскен қаншама телі мен шаңырақтың кенжесі атанып, еркелікке малынған тентектерді де спорт сиқырымен күрес кілемінің үстінде «илеу арқылы» иін қандырып дұрыс жолға бағыттадық. Талантты балаларды іздеп жүріп, күреске баулып, жұмысың өрге басқанда, кейбірінің ата-анасы жаттығуға жібермейді. «Бұл бала үйдің жұмысын істей ме, жоқ, күрес залына бара ма?!» деп қарсы болған әке-шешесімен келіссөзді күндеп жүргізетін едік. Ал қазіргі бапкерлер осындай жанкешті ме? «Заманына қарай адамы» дейтін бе еді. Бүгінгі заманның кейбір бапкерлері үй-үйді аралап таланттарды табу былай тұрсын, алдына келген балуанға дұрыс бағыт-бағдар беруге ерінеді. Мектеп бітіріп оқуға түсе алмаған, я болмаса жұмысқа орналаспаған жастардың спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік туғызу керек. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген тамаша сөзі бар. Тәрбиені талбесіктен бастап баланың санасына сіңіру керек екенін осы бір-ауыз сөзімен түйіндеген. Біз ел боламыз десек, жастарды тура жолға салып, айқын бағдар беріп, тұманды теріс әрекетке емес, қайырымды істерге баулығанымыз ләзім. Спортпен шұғылданған бала ең әуелі тәртіпке, тұрақтылыққа бой үйретеді. Сондықтан жастарымызды тура жолға бағыттасақ, спортымызды да түзеп, кем-кетігін бүтіндеуіміз қажет.

Берік Әдиев, «Алматы қаласы мешіттерінің ақсақалдары рухани жаңғыру дауылпаздары» қайырымдылық қорының төрағасы:

Ақсақалдар институтын жандандыру қажет

Қаңтар айының алғашқы аптасында болған қанды оқиға бәріміздің де жүрегімізді ауыртты. Көруге, қарауға дәтің шыдамайтын, жүрегің қан жылайтын қасіретті оқиға. Оққа ұшқан да, соққыға жығылған да негізінен жастар.

Біздің қор құрудағы мақсатымыз – ақсақалдық институттың жұмысын нығайтып, жандандыру. Бірақ әлі де жұмысымыздың алға басуына кілтипан бар. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы, яғни мүфтияттан үлкен қолдау қажет бізге. Жастарға жөн сілтейтін, үлкенді құрметтеп, кішіге ізет көрсетуді насихаттап, кейінгі ұрпақтың құлағына құйып, санасына сіңіру шаруасына ақсақалдарымызды көптеп тартқан жөн.

Мына саны аз шешен халқын қарасаңыз, әр ауыл қыстағынан бастап үлкен қалаларындағы жастардың барлығы да ақсақалдың алдын қия өтпейді, сөзін тыңдап, айтқанынан шықпайды. Олар қорыққаннан бұлай жасамайды, сыйлағандықтың белгісі бұл. Қаңтар оқиғасына дейін де еліміздің ішінде болып жатқан түрлі қақтығыс, келеңсіз жайттарда да ақсақалдардың рөлінің салмақты емес екені байқалып қалды. Ағайын-туыс, бір туған бауырласымыз қырғыз халқының басынан да қаншама алағай да бұлағай күндер өтті. Бірақ халқының басына күн туғанда ақсақалдары сөз бастап, толқыған жастарына басу айтып, сабырға шақырды.

Бізде республикалық ақсақалдар кеңесінің әр облыс, аудан, ауылдарда ұйымдары бар. Соның жұмысын жандандыру керек. Қысылтаяң шақта омырауын ақ сақалы жапқан қариялар шығып, елді сөзге тоқтата білуі керек.

Батыр Бауыржан Момышұлы атамыз қазыналы қарияларымызға қатысты ойын сабақтап, жасы жеткен ер адамдарды «шал, қария, ақсақал, абыз» деп төртке бөледі. Отбасы, ошағының айналасындағы әңгімесінен аса алмайтын, ауыл үйді аралап, өсек сөз теріп тарататындарды шал дейді. Өзінің әулетін, қанынан тараған ұрпағына дұрыс тәрбие беріп, уысында ұстайтын кісіні қария, ал енді тұтастай бір ауылға билік жүргізіп, басқаруға қауқары жететін кісіні ақсақал дейді. Елдің ішіндегі дау-шарды шешіп қана қоймай, шекараның сыртындағы жаудың да десін қайтарып, айбар болатын, көкірек қойнауы қазынаға толы, елдік мұрат-мүдде жолында ештеңеден қаймықпайтын кісіні абыз дейді. Ақсақалдарымыз да, батыр Баукең айтқандай, отының басындағы әңгімені ғана сөз етпей, ұрпағының қамын ойлайтын, тура жолға түсуіне еңбек ететін деңгейде болуы керек.

Нұрсұлтан Орынбасаров, «Sagadat batyr – QTT» кәсіпқой спорт клубының бас бапкері:

Ауылдың тыныштығын күндіз-түні күзеттік

Менің туған ауылым Ащыбұлақ ауылдық округі Алматының іргесінде, тиіп тұр. Қаңтардың басында еліміздің әр аймағында болған толқудың соңы қантөгіске ұласып, ұрлық-қарлық өршігенде біз ауылдық округтің әкімі Жасұлан Оңалбаевтың бастамасымен халықтық бақылаушы топ құрдық. Ондағы мақсат, ең алдымен, ауылымыздың тыныштығын сақтау, халықтың үрейін туғызбау, мемлекеттік, жекеменшік ғимаратты қиратуға, сауда орындары секілді нысандарды тонауға жол бермеу еді. Ащыбұлақ ауылдық округіне күре жол үш бағыттан кіреді. Алматы қаласынан да келетін жол бар, Жәпек батыр ауылы арқылы, Казцикті басып өтетін жолмен де келуге болады. Көкқайнар ауылы арқылы жаман жолмен жүріп те біздің ауылды табасыз. Міне, осы үш бағыт бойынша блок-бекет орнатып, ауыл азаматтарынан құралған жасақ, күзет қойып, мемлекеттік тіркеу нөмірін алып тастаған көліктерді тексердік.

Халықтың бақылау жасағында негізінен жастар көп болды. Ауылдық округ әкімі жасақты құрудағы мақсат – осындай сын сәтінде тыныштықты сетінетпей, тұрғындардың алаңсыз болуына септесу екенін жете түсіндірді. Ауылға Алматыдан келген көліктерді тексерумен қатар, өз ауылымыздың ішінде нөмірді шешіп қойып, ойқастаған жастарды жөнге шақырып, ақылымызды айттық. Тыз етпе жастардың көңілі алып-ұшып тұрады ғой. Сол бір сәтте еліріп кеткендерді сабасына түсіріп, көліктеріне нөмірін таққыздық. Ауылымыздағы кәсіпкер азаматтар да іске жұмылып, бекеттегі күзетте тұрғандарды ыстық тамақ, ас-сумен қамтамасыз етті.
Қаладан ауылға кірмек болған көлік айдаушылардың күдік ұялатқандарын жіті тексердік.

Нөмірін тақпай жүргендер алдымен назарға түседі ғой өзі. Алматыдағы аласапыран кезінде дүкен тонап, қымбат киімді олжалап келе жатқандар да, зергерлік әшекей бұйым дүкенін тонаушыларды да ұстап, тәртіп сақшыларына табыстадық. Қарбалас басылғанға дейін кешкі сағат жетіден таңғы сегізге дейін кезекшілікті кезектесіп атқардық.

Айбол Ықын, ауыл тұрғыны:

Жағдай жасалса…

Мен медициналық білім алып Алматыда бірнеше жыл тіс дәрігері болып жұмыс істедім. Ауылдағы қарашаңырағымыз ата-анамыз өмірден өткен соң жабық тұрды. Бір жағы туған жеріме, Алматы облысы Кеген ауданы Жылысай ауылындағы үйіміздің түтінін түтетейін деп көшіп бардым. Ауылымыздың тұрғындары негізінен мал шаруашылығымен жан бағатындықтан мен де сиыр өсіруді мұрат тұттым. Ауыл шаруашылығын жартылай қолдау қорынан төмендетілген пайызбен несие рәсімдеп, соған он бас сиыр сатып алдым. Айтуға ғана жеңіл, мұның артында қаншама әуре-сарсаңға салатын жұмыс жатыр. Несиені де алыңыз деп алақаныңызға ұстата салмайды. Ең әуелгі талаптары – кепілге жылжымайтын мүлік қою. Онда да сіздің алатын несиеңіздің сомасынан екі есе қымбат болатын үйді қоясыз. Мысалы, мен 4 миллион теңге рәсімдету үшін кем дегенде 8 миллион теңгеге бағаланатын үйді кепілге қоюым керек. Одан бөлек, сатып алатын малыңызды жаятын жеріңіз болғаны шарт. Көрдіңіз бе, осындай талаптың үдесінен шықсаң ғана несие беріледі. Мұндай талап пен шартты орындауға кез келген ауыл тұрғынының мүмкіндігі келмейді. Жастарға ауылдық жерлерден де тұрақты жұмыс орны ашылса, кәсіпті дөңгелетемін дегендеріне қиындықсыз, кедергісіз қаржылай қолдау көрсетілсе, сөзсіз істейді. Қызықтыра білуіміз керек. Жастар жалқау, еріншек, арамтамақ деп кері итере беруге болмайды.

Дайындаған Қуаныш Рахмет

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?