«Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының басқарушы директоры Ұлан Тәжібаевтың айтуынша, 2017 жылдың бірінші сәуірінен бастап дарынды жастардың қабілеттерін шыңдауға бағытталған «Жас Өркен» тағылымдық бағдарлама іске қосылған. Бағдарламаның мақсаты – ел ішіндегі ең дарынды 20 түлекті таңдап, оларды Қор тобына кіретін ұлттық компанияларға орналастыру. Осы ретте түлектердің арасынан жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарын таңдау үшін бағдарламаның «Жас Өркен-2018» жаңа байқауы жарияланған. Жоғарыда айтылғандай, байқаудан сүрінбей өткен 20 түлек 20 ай бойы «Самұрық-Қазына» Акционерлік Қоғамы тобының бірнеше портфельдік компаниясында тағылымдамадан өтеді. Демек, жастарды қызметтік жолдарын еліміздің ірі индустриялдық кәсіпорындарында бастау мүмкіндігі күтіп тұр.
Бағдарламаның тағы бір ерекшелігі-тағылымдамадан өтуге әркімнің де қақысы бар. «Жас Өркенге» медицина мен өнер саласы, соның ішінде актер, әнші, биші, күйшілерден басқа мамандық иелері, жоғары оқу орындарын бітірген түлектер қатыса алады. Үміткер ретінде жоғары білімін одан әрі жетілдіріп, жақсы лауазым иесі атанғысы келетін жас оқытушылар да, профессорлық құрам да бақтарын сынап көрулеріне болады. Яғни, жас ерекшелігіне шектеу қойылмайды. Сонымен қатар, тіліне де шектеу жоқ. Мысалы ағылшын, орыс немесе қазақ тілін білу міндет деген талаптар қойылмайды. Мамандық ауқымы да кең. Бұл арада еліміздің әр өңіріндегі түрлі жоғарғы оқу орындарында гуманитарлық бағыттан бастап, жаратылыстану, өнеркәсіп, экономика тағысын тағы толып жатқан салаларға маманданған азаматтар «Жас Өркенге» арқа сүйей алады.
Былтыр осы бағдарлама тәртібі бойынша республиканың түкпір-түкпірінен 20 үздік түлекті іріктеліп алынған. Байқау талабынан сүрінбей өткен азаматтар «Самұрық-Қазына» АҚ тобының бірнеше портфельдік компаниясында тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болыпты. Қазір өздерінің көшбасшылық қабілеттерін шыңдап, талаптарын ұштап жатыр. Ал, тағылымдамадан сәтті өткендер үшін «жұмыс істеу және әрі қарай жетілу» жоспары жасалады. Қор тобына енетін ұлттық компанияларға жұмысқа орналастырылады. Яғни, тағылымдамалық бағдарламаны тамаша тәмәмдаған түлектер алдағы 5-15 жылда алатын асуларын алдын ала жоспарлайды. Сөйтіп, лауазым бойынша сатылай көтерілу принципі жүзеге асырылады. Қысқасы, алға биік мақсат қойылады да, оны еңсерудің тиімді алгоритмі түзеледі.
Бағдарлама бойынша іріктелген әр азамат екі жыл қатарынан ұлттық компанияларда тағылымдамадан өтеді. Тағылымдама төрт айналымнан тұрады. Әр айналым 5 айға созылады. Егер қаржыгер немесе экономист болсаңыз, бірінші айналымда ҚазМұнайГаздың қаржылық бөлімінде тағылымдамадан өтеді. Одан кейін Қазақтелекомның экономикалық бөлімдеріне ауысады. Бұл белесті бағындырған соң, КЕГОК-қа бет түзейді. Кейін, Эйр Астанадағы сәйкес бөлімдердің кухниясына араласып, оның қыр-сырын меңгереді. Қысқасы, екі жылда төрт түрлі ұлттық компанияда жұмыс істеу мүмкіндігі беріледі.
Талапкерлер тағылымдамадан өтіп жүрген аралықта, осы ұлттық компаниялардың топ-менеджмент өкілдері ішінен жеке ұстаз, тәлімгер бекітіледі. Яғни, олар тек жұмыс істеп, міндеттерін атқарып қана қоймайды. Осы саланың майталманынан тәлім алып, тәжірибесін бойларына сіңіреді.
Байқау төрт кезеңнен тұрады. Мұнда ұстанатын басты қағида – ашықтық әрі әділдік. Әр үміткерге барынша тең құқық, тең мүмкіндіе беріледі.
Байқаудың төрт кезеңіне жеке-жеке тоқталсақ.
— Бірінші кезең – қашықтықтан жүзеге асырылады. Ол 2018 жылдың бірінші қаңтарынан 31-ші наурызына дейін созылады. Алдымен www.skcu.kz/zhasorken сайтына онлайн тіркеледі. Бұл бірінші кезеңнің өзі үш пунктен тұрады: бірінші – тіркеу үлгісі, мұнда үміткер жайлы жеке мәліметтер толтырылады. Екіншісі – ынталық эссе жазу. Үшіншісі – online case study өту. Ол үміткердің ойлау қабілетін, мақсат-мүддені бағыттай білу түйсігін тексеретін сауалнамалық тест.
Екінші кезең – Алматы, Астана қалалары және облыс орталықтарында көзбе көз өткізіледі. Ол 2018 жылдың 28-ші сәуірі мен үшінші маусымына дейін созылады. Үміткерлерді бағалау – ауызша және сандық талдау қабілетін анықтайтын тест арқылы жүргізіледі. Оны мінез-құлық стилін анықтайтын ассессмент орталық жүзеге асырады.
Үшінші кезең – дербес, дара қарау. Ол Алматы және Астана қалаларында маусымның төрті мен шілденің бірі аралағында өткізіледі. Онда қатысушының негізгі қасиеттері мен уәждерін бағалайтын «Dimensions» және «Drivers» тесті алынады. Осы кезеңнің нәтижесі бойынша, қатысушының ақылы мен парасаты пайымдалады.
Төртінші ақтық кезең – байқау комиссиясы тағылымдамаға өтетін 20 үздік үміткерді таңдайды. Комиссия отырысы 2018 жылдың шілдесінде өткізіледі.
Байқау комиссиясы құрамында «Самұрық-Қазына» АҚ төрағасы, портфельдік компаниялардың топ-менеджмент өкілдері, ұйымдастырушылық тобының қызметкерлері және тәуелсіз байқаушылар кіреді.
Іріктеу айналымының бірінен өтпей қалған үміткер байқаудан шығарылады. Әр айналымның нәтижесі ресми сайтта жарияланады. Үміткердің «Жас Өркен» тағылымдамасына қабылданған немесе қабылданбағаны туралы соңғы шешімді байқау комиссиясы шығарады. Ол ақпарат комиссия отырысынан кейін ресми сайтта жарияланады. Байқау жеңімпаздарымен оқу және жетілдіру, бағдарламадан өту нәтижесі бойынша әрі қарай жұмысқа орналастыру талаптары туралы келісімшарт жасалады.
«Жас Өркен» бағдарламасына 2016, 2017 және 2018 жылдары жоғарғы оқу орындарын тәмамдаған түлектер қатыстырылады. Байқауға медицина, артистік өнерден басқа барлық мамандық иелері үміт арта алады. Бағдарламаның тағы бір ерекшелігі, үміткер немесе қатысушының оқу үлгеріміне мән берілмейді. Яғни, үміткердің қандай бағаға оқып жүргені маңызды емес. Бастысы – көшбасшылық қарым-қабілеті мен ұйымдастырушылық дарыны болса жеткілікті.
Бағдарлама өте ауқымды әрі белгілі бір стратегиялық мақсатқа түзілген. Сондықтан оған үміткерлерді іріктеу байқауының өзіндік ерекшелігі мен талабы болары сөзсіз.
Айталық, барлық қатысушыларға төмендегідей міндетті талаптар қойлады. Бағдарламадан үмітті адам алдымен Қазақстан Республикасының азаматы болуы тиіс. Бұл бір. Екіншіден, қатысушы 2016, 2017, 2018 жылғы бакалавр немесе магистр түлегі болуы шарт.
Кездесу соңында «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры Ұлан Тәжібаев студенттердің сауалдарына жауап берді.
Иә, бүгінгі студен ертеңгі жан-жақты дамыған маман болуы керек. Сонда ғана ол еңбек нарығындағы сұранысты қанағаттандыра алады. Барлық оқу орындары қабырғ,асынан бастап студенттерді еңбек нарығында табанды түрде бәсекеге түсе алатын маман жасап шығару бүгінгі күннің басты талабы.
Сабырбек ДӘНІҚҰЛҰЛЫ,
Оңтүстік Қазақстан облысы