Жарнамасы таудай, аяғы қылдай

02 қараша 2018, 16:50

«Бәлен жерде бақыр бар. Барсаң, бақыр түгіл тақыр жоқ» деген мақал болушы еді. Мұны неге айтып отырмыз? Осы аптада «Оңтүстік Кореяға барып жұмыс істейміз, көл-көсір ақша табамыз» деген бір топ адам алданып, тал түсте тақырға отырып қалды. Олар әлеуметтік желідегі жалған жарнамаға сеніп, елдің түпкір-түпкірінен жиналыпты. «Түбектегі елден жайлы жұмыс тауып береміз, жатын орны мен тамағы тегін болады» деген әлдебір компанияның жалаң жарнамасына қызыққандар 900 доллардан ақша жинап берген. Алайда жұмыс тауып беруді мойнына алған жауапты компания өкілдері ақшаны алмадық деп азарда-безер.

Бес-он емес, бақандай 45 адамның ақшасын алып, ізін суытпақ болған компанияның екі қызметкерінің айтуынша, ақша кассаға түскен бойда әлдебір алаяқтар көк қағазды жымқырып кетіп отырған. Тіпті қызметші қыздар бастықтарының жүзін 1 айдан бері көрмепті. Өздерінің жұмысқа тұрғанына да көп уақыт болмаған көрінеді. Бірақ оларға жұрт сенбеді. Жылап-сықтаған компания өкілдеріне жан-жақтан сұрақ қойып, құзырлы орган өкілдері келіп, арыз-шағым жазылғанша ұстаған.
Айдың-күннің аманында алданып қалғандардың бірі – Павлодар қаласынан келген Еркегүл Тоқтықызы. КТК телеарнасына берген сұхбатында «Біз жұмысшылар қабылдап жатырмыз» деген хабарландырумен келдік. Қазанның 8-күні келісіммен 900 доллар ақшамызды бердік», – дейді ол.
Уәде бойынша бұлар 27 қазан күні Кореяға ұшатын болған. Алматылық Айбек Тұрымбетовтың айтуынша, ұшу уақыты 3 күнге кешіктіріліп, ең соңында 30 қазанға ауыстырылыпты. Бірақ олар келген кезде ақша жинаған компанияның есігінде полиция күзеті тұрыпты. Алыс жолға тас-түйін дайындалып келгендерге «Сіздердің ақшаларыңызды ұрлап кетті» деп түсіндіріпті. Бұл іске қазір полиция араласты. Алаяқтық бабымен қылмыстық іс қозғалып, жұрттың қаржысын қалтаға басқандардың біреуі қамалды.

Соңғы жылдары қазақ жастары Оңтүстік Кореяға барып жұмыс істеп, нәпақа табуды әдетке айналдырды. Бәрін қызықтыратын – жалақы. Кореяға кеткен қазақ жастары туралы айтылып, жазылып жатыр. Біз өз тарапымыздан теңіз түбегіндегі елге барып жұмыс істеп келген азаматтарды сөзге тарттық.
Гүлнұр Жүнісова – адам генетикасын зерттеп жүрген санаулы мамандардың бірі. Ол бірнеше жылдан бері медицинасы жақсы дамыған Америка, Оңтүстік Корея сияқты дамыған елдерге барып, ғылыми жұмыспен айналысады. Жуырда ғана Сеулден келіпті. Біз Гүлнұрдан Оңтүстік Кореяда жүрген қазақ жастарының жайын сұрадық. «Кореяға қара жұмысқа барғандардың жағдайы өте нашар. Олар зауыт-фабрикаларда, 12 сағатқа дейін ең ауыр жұмысқа жегіледі. Жатын орындары, тамақтанатын жері де таза емес, жайсыз. Бірақ соның өзінде қиындыққа шыдап жүр», – дейді ол. Ал Гүлнұрдың өзі екі білегін талдырып ауыр жұмыс істемесе де, күнгейдегі корей еліндегі жұмысты өз көзімен көріп қайтқан.
Жас ғалым «Олар жұмысқа өте жауапкершілікпен қарайды. Мен бірінші рет Президент қорының грантын ұтып алып, адам генетикасы бойынша Сеулде бірнеше ай іс-тәжірибеден өттім. Екінші рет кәрістер өздері шақырды. Сөйтіп, бір жылға жуық уақыт миллиондаған тұрғыны бар қаланың тыныс-тіршілігін көзімен көрген. Ғылым саласындағы мамандардың өзі 8 сағаттан артық жұмыс істейді. Бір күнгі жұмысты аяғына жеткізбей, үйіңізге қайта алмайсыз», – деді.
Гүлнұрдың айтуынша, кәрістер біздің елден барған мамандардың жұмысқа деген жауапкершілігіне, табандылығы мен шыдамдылығына қызығады. Қазақ халқының мәдениетіне зор құрмет көрсетеді.
Сөз соңында ол Оңтүстік Кореяға жақсы жалақы үшін барып жұмыс істеуге болатынын, бірақ «қайда барсаң, қазанның құлағы төртеу» екенін ескертті. Өйткені, көп ақша үшін барған жерлестеріміз денсаулығынан айырылып қайтатын көрінеді.

Жарас ШӨКЕ

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?