Жалақысыз ғалым – 2

13 мамыр 2016, 19:41

net-deneg-na-kredit

Еліміздің Білім және ғылым министрлігіне қарасты бірқатар ғылыми-зерттеу институты қызметкерлерінің бес айға жуық еңбекақысыз қалғаны «Жас қазақ» газетінің өткен (№18) нөмірінде жазылған болатын. Мектеп реформасына екі жеңді түре кіріскен министр Ерлан Сағадиев білімнің атасы – ғылым саласын есінен шығарып алғанға ұқсайды.

Нақтысын айтайық: еліміздегі 24 ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері жыл басынан бері жалақысыз отыр. Осынау мекемелердің Алматыда орналасқан бірқатарын ерінбей-жалықпай аралап шықтық. Содан түйгеніміз – ғалым атаулы теңге емес, тиын санап қапты.
Жауабы жоқ сұрақ көп. Сөйтсе де, көңілімізде көлбеңдеген біршама сұрақ жауабын біз осынау ғылым саласының «жыртысын жыртып» жүрген кәсіподақ мекемесінен тапқандай болдық.
mn4Марат Молдабеков, Ғылым, инновация және білім беру мекемелерінің салалық кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
– Министрлікке еңбекақысыз отырған ғалымдар жайын айтып, хат жолдаған екенсіз. «Жас қазақтың» өткен нөміріне берген шағын сұхбатыңызда сол хатқа министрліктен әлі жауап келмей жатыр дедіңіз. Одан бері де, міне, бір апта зу ете қалды. Хабар жоқ па?
– Айтылып отырған мәселе «Жас қазақта» көтерілген соң бізге министрліктен қоңырау шалынды. Өзіңіз де білетін боларсыз, министрлікте барлық ғылыми-зерттеу институттарына бас-көз болып отыратын Ғылым комитеті деген бар. Төрағасы Сансызбай Жолдасбаев деген азамат. Осы кісінің Арслан Қалиев деген көмекшісі қоңырау шалып, еңбекақы мәселесінің қаралып жатқанын айтты. Қаржының кешігіп жатқан себебі түсінікті болуы үшін анықтама қағазын да жібермекші болды.
– Анықтама қағазы дейсіз бе? Сонда ғалымдардың еңбекақы мәселесі әлі есептелмеген бе, мұны қалай түсінуге болады?
– Бұл жердегі мәселе былай: Ғылыми-зерттеу институттарына бюджеттен бөлінетін қаржыға қатысты заңда белгіленген базалық, гранттық және мақсатты-бағдарламалық қаржыландыру деген болады.
– Оның шет жағасын білеміз. Сонда да осы үш мәселенің аражігін айырып беріңізші.
– Айтайын. Мысалы, базалық қаржыландыру дегеніміз – ғалымдарға емес, мекеменің әкімшілік қызметіндегілерге бөлінетін қаржы. Ал грант пен мақсатты-бағдарламалық дегеніміз – атының өзі айтып тұрғандай, ғалым еңбегіне тиесілі қаржы.
– Түсінікті. Ал сонда әкімшілік қызметіндегі адамға еңбекақы көлемін кім тағайындайды?
– Бұл сұраққа жауап беру үшін ғылым саласына бюджет қаржысы қалай бөлінеді дегенді түсініп алу керек. Мысалы, ғылыми-зерттеу институтының ғалымы белгілі бір саладағы тақырып бойынша дайындаған жобасын комитеттегі конкурсқа жібереді. Оған дейін оның жобасы мемлекеттік сараптамадан (госэкспертиза) өтуге тиісті. Сосын ол жоба комитеттің Ұлттық ғылыми кеңесіне жіберіледі. Міне, сол жерде жобаның бүге-шігесі талданып-талқыланып, Кеңес мақұлдағаннан кейін ғана оған мемлекеттік грант бөлінеді. Осы грант қаржысы және есептеледі: ғалымға қанша теңге, мекеменің еден жуушысы мен күзетшісіне, директоры мен орынбасарына қанша теңге бөлінеді дегендей.

IMG_7884
– Сонда ғылыми саланың барлығы білім және ғылым министрлігіне қарай ма? Мысалы, ауыл шаруашылығы, медицина саласы, ғарыш пен есеп-қисап саласы деген сияқты?
– Иә. Мал саласы болсын, адам мен темір-терсек саласы болсын – барлығы осы ғылым комитетіне қарайды.
– Конкурс жыл сайын бола ма?
– Жоқ. Үш жылда бір рет болады. Ал бірақ оған бөлінетін қаржы жыл сайын есептеліп, бөлініп отырады. Өйткені, бөлінген қаржының көлеміне қарай қызметкерлердің еңбекақы көлемі тағайындалады.
– Жақсы. Бастапқы әңгімемізге қайтып оралайық. Тура бүгінгі күнге дейін қанша ғалым еңбекақы алған жоқ? Нақты айта аласыз ба?
– Бүгінгі таңда бізде 24 ғылыми-зерттеу институты бар. Оның әрқайсысында алпыс-жетпістен екі жүзге дейін қызметкер жұмыс істейді. Осыдан-ақ өзіңіз шамалай беріңіз, қанша адам екенін. Ағымдағы жылдың қаңтарынан бері, міне, бесінші айға кетіп барады, осы 24 институттың бірде-бір қызметкері әлі еңбекақы алған жоқ.
– Министрліктен соғылған қоңырау не дейді?
– Комитет төрағасы көмекшісінің айтуынша, ғылым саласына қосымша қаржы бөлу мәселесін министрлік үкіметтің алдына қойған екен. Өтініш қабылданып, осы жылдың наурыз айына 14,7 млрд теңге қосымша қаржы бөлініпті. Қазір соған байланысты қайта есептеу жүргізіліп жатқанға ұқсайды.
– Қайта есептеу қаншаға созылады? Біздегі бюрократиялық қағазбастылық қайта есептеуді жыл аяғына дейін созып жіберуі мүмкін ғой.
– Менің жобалауымша, алдағы екі аптаның ішінде… одан ұзаса, осы мамыр айының соңына дейін ғалымдардың еңбекақысы қайта есептеліп, мәселе оңынан шешіліп қалар деп ойлаймын.
– Тағы бір қызық сұрақ. Ғылыми-зерттеу институттарына қаржы қайдан бөлінеді?
– Ғылымдағы барлық саланың негізгі үйлестірушісі Білім және ғылым министрлігі. Сондықтан қаржыны бөлетін де осы министрлік.
Николай Буктуков, Қазақстан Республикасы Ғылымдар ұйымы одағының президенті, техника ғылымдарының докторы, профессор: Елімізде бұрыннан қалыптасқан ғылыми үрдіс бұзылып кетті. Бұл не деген сұмдық! Міне, 15 жыл болды, ғылымға бюджеттен бөлінетін қаржы жыл сайын кешігеді. Биылға дейін әр жылдың қаңтары, ақпаны және наурызында кешігетін еді. Енді осы үрдіс биыл мамырға дейін созылды. Қашанға дейін созылатыны және белгісіз. Елбасыға рахмет, біздегі ғылым саласын қатаң қадағалауға алып, тіпті ғалымдардың ойынан шығатындай қаржы да бөлдіріп отыр. Бірақ сол қаржыны орта жолда талан-таражға салып жатқандар да бар ғой? Бар емес, тіпті көп. Бұрын ғылым саласына бөлінген қаржы Ғылым академиясынан тікелей келетін болса, қазір мүлде басқаша.
– Басқаша болғанда қалай?
– Қазір жүзіктің көзінен өтетін жылпостар ғылыммен байланыстырып, көптеген қор құрып алған. Білмеймін, ондай қордың нақты қанша екенін, әйтеуір бес-алты сондай қор бар енді. Осы қорлар арқылы қаржы ғылымға бөлінуге тиісті. Рас, бөлінеді. Бірақ ол жол бойы талан-таражға түсіп, «әбден арықтап» жетеді бізге. Ал енді сол қор қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын көрсеңіз ғой! Олар дегеніңіз тап бір миллиардер сияқты өмір сүреді. Мен сізге бір нәрсені ғана ашып айтайын. Біздің бұрыннан дамыған ғылымымызды әлемнің көп елі әлдеқашан мойындап қойған. Тау-кен саласы бойынша ғылыми жобаларымыз мен технологиямыз Еуропа елдерінен екі-екі жарым есеге дейін асып кеткен. Тек біздің басты проблемамыз осы еңбекақы проблемасы.

Шетелге кетемін дейді…

Мақаланы дайындау барысында біз бірнеше ғылыми-зерттеу институтының қызметкерімен пікірлескен едік. Аты-жөнін толық атамауды өтінген олар да жыл сайын қайталанатын жалақы проблемасынан қатты шаршағандықтарын жасырған жоқ.
Алмагүл, Тау-кен ісі институтының ғылыми қызметкері: Менің ғылыммен айналыса бастағаныма небәрі үшінші жыл ғана. Былтыр жасаған алғашқы жобам Ғылыми кеңесте жақсы бағаланып, әжептәуір қуанып қалған едім. Бірақ білмеймін, елден кететін шығармын. Еңбекақыны уақытында бермей жатыр. Кезекті ғылыми жобамның көшірмесін Ресейдің бір академиялық орталығына жіберген едім, жақында сол мекемеден шақырту алдым. «Еңбегіңді өндіріске енгіземіз. Кесімді жалақы мен қызмет пәтерімен қамтамасыз етеміз» – дейді. Ойланып жүрмін. Сол жаққа баратын шығармын. Өйткені, басымды байлап отырған бала-шағам жоқ. Барымды-басымды осы ғылымға арнаған адаммын негізі.
Нұртөлеу, Микробиология және вирусология институтының (Бас директоры Амангелді Саданов) аға ғылыми қызметкері: Жақында ғана Германияның вирусология саласымен айналысатын ғылыми орталығынан шақырту алдым. Соған құжат дайындап жүрмін. Олар маған алдын ала бірден аванс береді. Сол ақша қалай қолыма тиеді, солай – кетемін сол жаққа. Төлейміз деп айтып отырған ақшасының көлемін естігенде, талып қала жаздадым. Мақтанып қояйын, микробиология мен вирусология саласында мен сияқты нақты ғылыммен айналысып жүрген қазақ баласы өте аз.org_xhwt500 Тіпті жоқ десе де болады. Ұлтымды сүйемін. Бірақ бала-шағаны да асырау керек. Біздегі басшылыққа, шенеунікке ғылым дегеніңіздің бағасы «үш сом алпыс екі тиын…». Осылай, біздің жағдайымыз, бауырым.
Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мектеп реформасын бірінші сыныптан бастамақшы. Ал бірақ осы кезде еліміздің ғылым саласының шаруасы шатқаяқтап тұр. Мәселе қалай бұрсақ та, қаржыға келіп тіреледі. Қай ғалыммен сөйлесіп, тілдессек те әңгіме ауанын айналдырып қаржыға, жарытпай жатқан еңбекақыға әкеліп тірейді.
Осы мәселемен министрліктегі ғылым комитеті төрағасының көмекшісі Арслан Қалиевке хабарласып едік. Ол кісі бізді «осы мәселені өте жақсы біледі» деп маман Анар Жекенқызына бағыттап жіберді. Алайда газеттің кезекті нөмірі басылымға кеткенге дейін бұл кісінің қызмет телефонын ешкім көтермеді. Министрлік алда-жалда газетімізге жауап беріп жатса, жариялауға дайынбыз.

2

Марат МАМАНБАЙ

17 шiлде, 19:00
Ұлы мұрат - тәуелсіздік
16 шiлде, 11:51
Құнанбай Мұсаев: Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, қамай беру емес
15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде