Жалған қайыршы, аңғал жұрт…

09 қантар 2017, 16:53

Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің мәліметіне қарағанда, өткен жылдың он айында әкімшілік жауапқа тартылған 594 адамның 170-і көшеде қайыршылық жасағаны үшін айыпталған. Мұнан бөлек кім екенін анықтау үшін 4500-дей азамат Шымкент қаласындағы арнайы қабылдау орнына жеткізіліпті. Осылардың 728-і әртүрлі құқық бұзушылық әрекеті үшін соттың шешімімен қамауға алынды. Тексере келе анықталғанындай аталған азаматтардың 644-і жақын және алыс шетел азаматтары болып шықты.

Шешем жарықтық ылғи да «мүсәпір, мүгедек, қайыршылардан қолыңнан келсе көмегіңді аяма, сол байғұстарды анасы туғанда сондай болсын деп пе, тағдырдың ісі да» деп отыратын. Содан ба әйтеуір көшедегі қайыршы біткеннен бар болып тұрса тиын-тебенімді аяған емеспін. Бірақ жақында пікірлескен діни сауатты досымның сөзінен кейін ойланып қалғаным. «Әбеке, сіз өйтіп тиын-тебеніңізді көшеде қол жайып отыр екен деп бей-берекет бере бермеңіз. Бәрін істеп отырған бір-Алла, қайыршы қылатын да, бай қылатында өзі. Тіпті, шіли жаның ашығыш екен көрейін сені деп, өзіңізді сондай қылып қоюы мүмкін» дегенде ойпырмай-ә дедім еріксіз. Мұны естіген тағы бір құрдасым «Шамаң келсе қайыршының қолын құр қайтармағаның дұрыс. Бірақ мынау арақ ішеді, анау қарта ойнайды деп алалауға болмайды. Берсең, е, жаратқан ием мені осылардың қатарына қоса көрме» деп бер дегенде мұныкі де жөн екен-ау деп қалдым…

Қысы жылы, ішім-жемі мол Шымкентте тағдыр тәлкегіне ұшыраған мұндай жандар аз емес. Қол-аяғы жоқ, қоларбаға таңылғандарынан бастап, екі бетінен қаны тамып тұрған зіңгіттейлері де бар. Кейбіреулерін тіпті, күн сайын тап бір жұмысқа баратындай таңертеңмен теміржол вокзалы, автовокзалдармен ірі-ірі базарлардың алдына әкеп тастап, кешке қарай алып қайтады екен Өкінішке қарай, кейінгі кездері өз қандастарымыздың да осылардың қатарынан кездесе бастағаны қынжылтады.

Осы қайыршы, «бомж»(«человек, без определенного место жительства») дегендер Шымкентке сонау 1980-ші жылдардан бастап қаптады. Сол жылы Мәскеу олимпиадасы өткені белгілі. Міне, сол кезде «коммунизмге қарай қарыштап қадам басып бара жатқан бақытты елдің сыйқын кетіріп, шетелдік қонақтардың алдында ұятқа қалдырады» деп сондағы күллі үйсіз-күйсіз, қайыршы, «бомж» біткеннің бәрін одақ бойынша таратқан екен. Соның ішінде климаты жайлы, анау-мынау адам аштан өле қоймайтын Шымкентке әлгілердің екі жүзге жуығын әкеліп тастапты. Осылайша өзге түгілі өзіміздің дуаналар мен сығандардан құтыла алмай жүргенде әлгілер қосылып қаланың рухани бет-бейнесіне, моральдық ахуалына зардабын қатты тигізген еді,-дейді құқық қорғау саласында көп жыл қызмет етіп зейнетке шыққан полковник танысым. Сонымен…

Жақында жұмыстан қайтып келе жатып басқа емес, «кәсіпкер қайыршыға» жолығып о, тоба деп жағамды ұстағаным. Киген киімі, үсті-басы тәп-тәуір жанды қайыршы деуге де қимайды екенсің. Алдымен 30-40 адамдық автобустағылардан зарлап жүріп бұйырғанын жиып алды. Айтысына қарағанда ішер ас, киер киімге жарымай жүрген жалғыз басты міскін екен. Осыдан қайыр-садақа бермесең өле қалатын түрі бар, сөздері тас теседі. Қызығы соңынан болды. Түсерде «әй балам, мынаны көтерісіп жібер» деген соң тыңқиған қапты арқалайын кеп-кеп. Бір кезде өз көзіме өзім сенер емеспін, алдымда томпаңдап кетіп бара жатқан апам әдемі бір коттедждің алдына кеп тоқтасын. Өтірігінің үстінен шығып қалдым ба деп қарадай қысылып отырсам, «қайыршы апам» міз бағар емес, беті бүлк етпейді. «Шырағым, заманың түлкі болса, тазы боп шал деген. Мына үйді тұрғызу, шиеттей бала-шағаны асырау оңай болды деймісің? Таң қалып тұрсың-ау, енді несін жасырайын, тыңда, өзің бір иманжүзді бала екенсің» деп біраз мәселенің басын шалды.

«Қысы- жазы таңертеңмен пойызға шығамын, Қызылордаға дейін. Бізге қарағанда шағындау қаланы кешке дейін бір шарлап шығып, қайтарда Түркістанды кеземін. Құдай өлтірсін ба, тапқан нәпақамды қалтаға басып екі-үш күннен соң «Озерадағы» өз орныма жайғасамын. Аптасына 15-20 мыңдай, мереке күндері одан да көп түсіп отырады. Ал, автобустарда, пойызда, жалпы қоғамдық көліктерде амал жоқ, беттің арын белге түйіп, «ей, қайырымды мұсылмандар, мендей үй-күйі жоқ міскінге қараса көріңдер, менен қайтпаса құдайдан қайтсын» деп «әндетемін» дейд-е-е, «қайыршы апам»… Қарап отырып, не айтарымды білмедім. Ойпырмай, онсызда тиыннан тиын құрап, айлықтан айлыққа зорға жететін мың-сан адал жанның қалтасын осындай жолмен де қағуға болады екен-ау деймін, ішкі өкінішпен. Әлгі, айта беретін «апам да аң таң, мен де аң таң» деген осы шығар. Адал жолмен мал табу, кісі ақысына қиянат жасамау сынды адами асыл қағидаларды осы жасына дейін сезінбеген жазғанды қалай кіналарсың?

Жалпы, мұндай бетінде қытығы қалмаған, ар-ұяттан, ең бастысы иманнан жұрдай жандар жөнінде қасиетті дінімізде не айтылды екен деп хадистерді парақтап көріп едік, біраз жайтқа қанықтық.

Онда, «Бір адамға немесе бір топ қауымға кепіл болып қарызданған және қарызын өтей алмаған кісіге, барлық дүние-мүлкі бір пәлекетке ұшырап жоқ болған кісіге, жарлы болып, оның қарып-қасер екендігін  айналасындағылар білген кісіге» яғни үш жағдайда ғана қайыр сұрауға болады деп жазылыпты. Мұнан бөлек «кімде-кім көбірек дүние жинау үшін адамдардың дүниелерін тіленіп жүретін болса, әлбетте өзіне бір от бөлмесін сұрап алғандығын білсін» (Мүслим Зәкат, 105) деген келесі өсиетнаманы оқығанда  ойың сан-саққа кетеді екен.+

Иә, қу дүние үшін кісілік келбеттен жұрдай болу, тиын-тебен үшін аңғал жұртты алдау, өмір бойы бүгежектеп, тіленіп өмір сүру кімге абырой әперер дейсің!?

 Әбдімәлік Белгібай  

okg.kz

16 шiлде, 11:51
Құнанбай Мұсаев: Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, қамай беру емес
15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде
05 шiлде, 14:06
Түркістан: Төлеби ауданында профилактикалық іс-шаралар басталды