jasqazaq.kz

Жақындары «ұят» деп ауруды асқындырады

11 тамыз, 16:14

Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығында әйелдер бөліміне беттедік. Бұл орталықта емделушілердің құқығы ерекше қорғалған. Олар жайлы ақпаратты таратуға, суретке, бейнекамераға түсіруге қатаң тыйым салынған. Ақыл -есі кем, түрлі психикалық ауруға шалдыққан науқастар тегін емделеді, бес мәрте тамақ ішеді. Олардың денсаулығы медицина қызметкерлерінің жіті бақылауында және бейнебақылау камералары орнатылған. Әйелдер бөлімінде науқастардың бірі теледидар көріп, енді бірі терезеден далаға қараған күйі бір нүктеге көз тігіп тұр. Кейбірі қысқы басқа серуендеп жүр.

Бөлім меңгерушісі Үміт Бастасовадан орталыққа күйзеліс дерті меңдеп, өз-өзіне қол жұмсап, ауыр халде жеткізілген қыз-келіншектер туралы сұраған едік, ол былай деді:
«Қазіргі таңда адамның өз өміріне қол жұмсауына итермелеген себеп әртүрлі. Жасөспірімдердің басым бөлігі құрдастары, достарымен тіл табыса алмауы, қарым-қатынас тоқтаған кезде немесе жауапсыз махаббаттан өмірмен қоштасуға бел буғанын айтады. Ал инсультке, басқа да қозғалу мүмкіндігін шектеген дертпен ауырып, немесе күйзеліс құрсауында шырмалған жандар өз өміріне қол жұмсауға оқталады. Көбінесе емделушілер , олардың туысқандары күйзеліс өте қауіпті кесел екеніне мән бермейді. Сырқаттың белгілері адамның тәбеті жоғалады, көңіл-күйі жабырқап, тіпті қимыл-қозғалысы тежеліп, өмір сүруге , жұмыс істеуге құлшынысы жоғалады. Адам қатты жүдеп, бізге 40-45 келі салмақтағы келіншектерді көтеріп әкелген кездер де болды. Жеке өмірде, отбасында тосын , қайғылы оқиға, жұмыссыздықты уайымдап, тұңғиыққа батып, өмірмен қоштасуға бел буады. Бұдан өзге эндогенді психикалық кеселмен ауыратын науқастар бар. Олар ауруды асқындырғанда дауыс естиді. Мұның себебі, ми жасушаларында нейрондарында қандай да бір өзгерістер пайда болған, серотонин, дофамин жүйесі бұзылуы, ұйқысыздық науқастың дертін өршітеді. Олар «сен ешкімге керек емессің, сені бұл жалғанда ешкім жақсы көрмейді» деп бұйырып сөйлеген дауыс естиді. Жиі құлағынан кетпейтін дауыс оның ойын бұзады. Мойнына қыл арқанды байлап немесе дәріні қалай ішіп қойғанын түсіндіре алмайды. Мұндай жағдайда науқасқа медициналық препараттар тағайындап, дегбірсіздік, үрейден арылуға көмектесеміз».


Әлима 19 жаста. Алматылық бойжеткен биыл университет тәмамдап, дипломын алды. Өзі таңдаған мамандықтың жемісін көріп, жұмысқа орналасып, ата-анасын қуанышқа бөлейтін шақта аурухана төсегіне таңылды. Қаланың ерке қызы достарымен жаға жыртысып, ұрыспаған. Тек құрбысы мен сүйген жігіті теріс айналып, дос болудан бас тартады. Бұған өкпелеген бойжеткен дәріні уыстап жұтып, өмірмен қоштасуды жоспарлағанын айтады. (сұхбат берушінің есімі өзгертілді — ред.).

«Басында құрбыма қарым-қатынасты доғарайық деп ұсыныс айттым. Психотерапевтке ақша жинап бердім. Үнемі оған көмектесуге ұмтылдым. Ол «тәкаппарсың» деп достық қарым-қатынастың үзілгеніне қарсылық білдірді. Оған бұл үлкен соққы болғанын түсіндім. Бірақ маған да оңай болған жоқ. Мен шизотиптік бұзылысқа шалдыққанмын. Онымен достықтың ақыры немен бітетінін түсіндім. Ол «жезөкше» деп елге сен туралы ақпаратты жаямын деп қорқытты. Құрбымның дақпыртына ғашығым да сеніп, екеуі маған «сен жер бетінде жүруге құқығың жоқ» деп өлім тіледі. Бұл сөздерді естігеннен кейін пәтер жалдап, сыра алып, психиатр тағайындаған дәрілерді алып, таксимен бардым. Ата-анам мен туысқандарымнан кешірім сұрап қолхат жаздым. Сол кезде достарымның маған жасаған қиянатынан құтылудың жалғыз жолы суицид деп ойладым. Дәрілерді сырамен іштім», — дейді Әлима.

Ол дәріні ішкен кезде дос жігіт қоңырау шалады. Бойжеткен өзіне қол жұмсағанын, мекен-жайды, өзінің өлгісі келмейтінін хабарлап үлгереді. Досы жедел жәрдем көлігін шақырып, соның арқасында Әлима ажалдан аман қалды.
«Ал шизотиптік бұзылыс дегеніміз мінез-құлқы біртүрлі, көбіне оқиғаны өз ойымен бұрмалап, күдіктеніп, сенімсіздік танытып, біреумен араласу кезінде қиындықтарға тап болады. Кейде оқшауланып жүреді. Бұл аурудың шизофрениядан айырмашылығы, шизотиптік бұзылысқа шалдыққан науқаста әдеттегідей галлюцинация және сандырақ сияқты белгілері жоқ», — дейді психатр.Жыл сайын жер шарында 720 000-нан астам адам өз-өзіне қол жұмсайды екен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлемдегі суицидтік оқиғалардың жетпіс үш пайызы күн көрісі, табысы төмен немесе орташа елдерде тіркелгенін хабарлайды.

58 жастағы Мәдина орталыққа келгеннен бері өмірмен қоштасу туралы райымнан қайттым деп ағынан жарылды. Ол тұрмыс құрмаған, бала сүймеген. Мамандық меңгермеген. 26 жылдан бері Әлеуметтік қызмет көрсету орталығында мекендейді. Бұрын медициналық мекемеде тазалықшы болып жұмыс істеген. Егде жастағы әйел осымен екінші мәрте көп мөлшерде дәрілік препараттарды ішіп, дәрігерлер ажал аузынан суырып алады. Мадинаның көзінде мұң бар. Ол алпыс жасқа таяп қалса да, өміріндегі сәтсіздіктерге ата-анасын кінәлайды. Әке, шешенің мейірімі, махаббатын аңсаған әйел қарт анасына өкпелі.
«Менің әкем полиция қызметкері , шешем сол кездегі Алматының АХБК деп аталып кеткен мақта-мата комбинатында жұмыс істеді. Үйдің тұңғышымын. Ата-анам бала кезде қатты еркелетті. Сосын інім дүниеге келді. Әке-шешем де өзгерді. Олардың маған деген махаббаты ғайып болды. Мектеп бітіргенде тазалықшы етіп жұмысқа орналастырды, ал інімді университетте оқытты. Ол үйленгеннен кейін келінмен жиі кикілжің болды. Келіннің қабағына қараған інім де өзгерді, жат болдым. Екінші топтағы мүгедектігім бар. ДЦП деген диагнозым болса да еден жудым. Жұмыстан қысқарып, үйге қамалдым. Шешем үйдегі кикілжің, ұрыс-керістің бәріне мені кінәлап, мүгедектер үйіне өткізді. 1998 жылдан бері мүгедектер үйіндегі өмірден жалығып кеттім», — деп Мадина шерін тарқатты. Ол емделгеннен кейін тағы да әлеуметтік қызметтер орталығына оралады.

Психиатрдың айтуынша, балалық кезден маза бермейтін реніш, өкпеден арылу үшін психологтың көмегіне жүгіну керек еді. Өзімен өзі жұмыс істеу керек. Өкінішке қарай, туысқандары науқастардың күйзеліс, психикалық ауру екенін естігенде төбе шашы тік тұрады дейді. Мұның себебі, «жындыханада жатыр» деген сөзге намыстанады. Ел сынайды деп емге мұқтаж жақынын үйге қамап тастағанды құп көреді дейді мамандар.


«Бізде стигматизация бар. Бұл кеселмен ауырған ұят, біреу біліп қояды деп қорқады. Дегенмен мамандардың көмегіне жүгіну керек. Өйткені кез-келген кеселді емдеуге мүмкіндік бар. Соңғы кездері әйелдердің алдымен балаларын өлтіріп, өзіне қол жұмсаған күрделі құбылыстарға куә болып жатырмыз. Бірнеше жыл бұрын Алматыда ғылым кандидаты, университеттің бірінде ұстаздық еткен келіншек екі перзентін жоғары қабаттан лақтырып, артынша өзі секіріп кетті. Өкінішке қарай, оның не себептен мұндай шешім қабылдағаны жұмбақ күйінде қалды. Марқұм психологтың көмегіне жүгінбеген. Күйзеліске шалдыққанын, адамның өзгергенін жанында жүрген адамдар да байқады ма, ол жағы белгісіз. Бірақ көп жағдайда мұндай шешім қабылдаған адам тұйықталып, оқшаулануға тырысады. Бізде тағы бір әйел емделіп жатыр. КСРО кезінде баласын балконнан лақтырып жіберген екен. Ол енді шизофрениямен ауырады. Оған белгісіз дауыс бұйрық берген. Сондықтан мұндай психологиялық мәселелердің шешімі бар. Қазір көбінесе отбасында лудомания, есірткі заттарына тәуелділік, маскүнемдік секілді проблемалардан жанжал туындайды. Бұл тығырықтан шығу үшін Алматы қаласындағы емханаларда психологтың көмегіне жүгініп, егер психиатр немесе психотерапевт қажет болса, бізге жібереді. Көмек тегін, есігіміз ашық және құпиялылықты сақталады», — Үміт Бастасова.

Орталықта қазір 52 әйел емделіп жатыр. Кейде науқастардың саны 60-тан асып кетеді дейді мамандар. Түрлі дауыс естиді. Кейде елес көреді. Өз ойымен алысып жүрген емделушілердің әлемі бөлек. Дәлізде жас келіншек өзімен-өзі күбірлеп сөйлеп барады. Психиатрлар қазір медицина дамыған заманда әр аурудың емі бар екенін ескертеді. Тек аурудың алдын алу үшін мамандардың көмегіне уақыт созбай жүгінуге асығыңыз. Себебі бұл дерт асқынып кеткенде жасыру мүмкін емес.

Әйгерім Темірболат

 

10 тамыз, 21:15
Түркістан: Абайдың сөзі – рухани құндылықтың алтын қазынасы
09 тамыз, 15:04
Бахадыр Мәдәліұлы: Мүгедектігі бар азаматтарға қолдау көрсету – мәслихат пен партияның ортақ міндеті
06 тамыз, 20:36
Алматыда көше және сәулеттік жарықтандырудың бірыңғай жүйесі жасалады
05 тамыз, 12:34
Бала жанын түсіну – рухани жауапкершілік
31 шiлде, 15:56
Тайланд-Камбоджа: Шиеленіс қалай шешілді?
31 шiлде, 15:21
2,7 млн жайылым жер мемлекетке қайтарылды: жұмыс жалғасады
31 шiлде, 15:00
Айгүл Жамалбекова: Мүмкіндігі шектеулі жандарға ешқандай шектеу жоқ
31 шiлде, 14:48
Қолжетімді баспана – мемлекеттік тұрғын үй саясатының басым бағыты
31 шiлде, 12:19
Жетісайда мүмкіндігі шектеулі жандардың өтініші басты назарда