Жақсы жол алысты жақындатады

11 қазан 2023, 15:38

Солтүстік Қазақстан облысында 2025 жылға дейін жақсы және қанағаттандырарлық жағдайдағы жолдардың көрсеткішін 95-100 пайызға жеткізу жоспарланған. Бүгінде осы бағытта қыруар жұмыс жүргізілуде.

Солтүстік Қазақстан облысында жергілікті маңыздағы 7000 шақырымнан астам, республикалық маңыздағы 2000 шақырым жол бар. Жақсы және қанағаттандырарлық жағдайдағы республикалық маңызы бар жолдардың көрсеткішін 100 пайызға жеткізу үшін 2027 жылға дейін ел бюджетінен 200 млрд теңгеден астам қаржы бөлу жоспарланған. Ал жергілікті мақсаттағы жолдардың 95 пайызы жақсы жағдайда болуы үшін 132 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. Мұндайда қыруар қаржы құмға сіңген судай болатыны белгілі. Бірақ жергілікті тұрғындар қазірдің өзінде мақсатты бөлінген ақшаның игілігін көріп отыр.
Мәселен, Қызылжар ауданына қарасты Шаховское ауылының тұрғындары жол зардабын тартқалы бірнеше жылдың жүзі болған еді. Былтыр сең қозғалып, Петропавл-Шаховское автожолын күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Жөндеу барысын қадағалау үшін «AMANAT» партиясының партиялық бақылау бекеті ұйымдастырылып, жауапты адам да бекітілді.

Партияның Қызылжар аудандық филиалының төрайымы Гүлсім Кәрімованың jasqazaq.kz сайтына берген мәліметі бойынша, былтырғы жылы аудандық бюджеттен бөлінген қаржыға жолдың алдымен бір шақырымы, кейін тағы 2,6 шақырымы жөнделіп, жұмыс 100 пайыз атқарылды. Мердігер компания – петропавлдық «СУ-808» және «Сотис-Групп» ЖШС-лері жолды биіктетіп, екі қабаттап асфальт төсеп, ой-шұңқырын тегістеп, тіпті жол жиегіндегі тал-бұтаны да тазартты. Өткен жылы бұл учаске пайдалануға беріліп, қыс бойы қардан тазартылды. Ауыспалы жобаның келесі кезеңі биылғы жылы жүзеге асырылды. 2023 жылы 2,2 шақырымын күрделі жөндеуге 319,2 миллион теңге, ал 7 шақырымын қалпына келтіруге 267,5 миллион теңге қаржы қарастырылып, бүгінде жұмыс аяқталуға жақын.

Тұрғындар қазірдің өзінде жол сапасы жақсарғанына риза. «Жол азабын жүрген біледі» дегендей, Петропавл қаласынан Шаховское ауылына күнде қатынап жұмыс істейтін Сәкен Рамазанов үшін мұның маңызы зор. «Бұрын мен үшін жұмысқа жету қиынның қиыны болатын. Таяқ тастам жердегі облыс орталығына жету үшін қаншама уақытымды шығындаушы едім. Ойлы-қырлы жолмен жүріп өту оңай емес. Көлігім де жиі сынып, шыдас бермейтін. Қазір теп-тегіс жол алысты жақындатқандай болды. Уақытқа да, көліктің қосалқы бөлшектеріне де үнем, әрі жүйке жұқармайды», — дейді ол.

Облыс орталығының көшелері де қарқынды жөнделуде. Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиевтің айтуынша, биыл жалпы ұзындығы 45 шақырымнан асатын 35 көшені жөндеу жоспарланған. Алайда қосымша қаражаттың есебінен 46 көше жөнделген.
«Биыл Громова, Горький, Жұмабаев көшелері жөнделді. Сондай-ақ көп жылдан бері қала тұрғындарын толғантып отырған мәселелер де ескерілді. Әбу Досмұхамбетов, «Казахстанская правда», Парк көшелерін қайта жаңғырту үшін үш жоба әзірленіп, республикалық бюджетке өтінім жіберілді. Сондай-ақ келесі жылы жөнделетін кемінде 30 көшенің құжаттары биыл әзірленеді», — деді Серік Мақсұтұлы.

Петропавлдықтарды көп жылдардан бері Жұмысшы кентіне апаратын көпірдің жағдайы алаңдатып келді. Ұзындығы 125 шақырым көпір 1961 жылы салынған. 2014 жылы көпір қайта жаңғыртылып, 2021 жылы орташа жөндеу жүргізілді. Қала басшысы айтқандай, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі бүгінде осы өткелдің техникалық жай-күйіне тексеріс жүргізіп, ақаулықтарын анықтау үшін конкурс жариялады. Зерттеу нәтижелері белгілі болған соң жөндеу бойынша шешім қабылданбақ.
Ал әзірге қуанышты жаңалық – темір жолдың үстімен өту ыңғайлы болуы үшін Универсальная көшесінде жаяу жүргіншілер мен көлікке арналған жаңа көпір салынбақ. Сонымен қатар Универсальная және О.Кошевой көшелері жөнделіп, айналма жол тарту жоспарланып отыр.

«Автожол өткелінің құрылысы Караванная көшесіндегі көлік ағынын азайтуға, жаяу жүргіншілердің темір жол арқылы өткен кезде қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ Универсальная және О.Кошевой көшелерін реконструкциялау осы ауданды абаттандырады. Қазіргі уақытта «БУКА» ЖШС-мен келісімшарт жасалып, мердігер жұмысқа кірісіп те кетті. 2025 жылы көпір құрылысы аяқталады деп жоспарлануда», — деді Серік Махмұтов.

Жалпы биыл облыс жолдарын жөндеуге 40 миллиард теңге қарастырылып, 770 шақырым жол жөнделді.

Роза Шәкенова,
Солтүстік Қазақстан облысы

Бүгін, 14:39
Түркістан: Қауіпсіздікті сақтау маңызды
01 тамыз, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
01 тамыз, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды
29 шiлде, 14:58
Әйгерім Исаева: Арнайы жасаққа жүрек жұтқан жауынгерлер қабылданады
29 шiлде, 13:40
Түркістан: Жарты жылдың ішінде қылмыс азайды
26 шiлде, 11:34
Мұхит Тұрғараев: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында үздіксіз жұмыс жүргіземіз
26 шiлде, 11:33
Мұхит Тұрғараев: Жарты жылда мыңнан астам қызмет көрсетілді
25 шiлде, 13:52
Діндер съезі толеранттылық пен тұрақтылыққа қызмет етеді