Мемлекет басшысының Нью-Йоркке сапары NASDAQ, Auerbach Grayson & Company LLP, Brightlight Capital сияқты жаһандық қаржы институттарының жетекшілерімен кездесуден басталды. Одан кейін қаржы, энергетика, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, көлік, ақпараттық технологиялар, білім беру салаларында жұмыс істейтін америкалық ірі компаниялардың басшыларымен, әлемнің жетекші технологиялық компанияларында жұмыс істеп жатқан 400 қазақстандықты біріктіретін Digital Nomads IT қоғамдастығының өкілдерімен кездесу өткізді.
Ал Дүниежүзілік экономикалық форумның негізін қалаушы әрі атқарушы директоры Клаус Швабпен кездесуде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аталмыш форумның «Астана» халықаралық қаржы орталығымен табысты ынтымақтастығы туралы айтты. Клаус Шваб Президентті 2023 жылы қаңтарда Давоста өтетін экономикалық форумға қатысуға шақырды. К.Шваб елімізде Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен жүзеге асырылып жатқан саяси және экономикалық реформаларды жоғары бағалады.
Мемлекет басшысының Нью-Йорк сапарындағы басты оқиға БҰҰ Бас Ассамблеясы 77-сессиясының жалпы дебатына қатысып, сөз сөйлеуі болды.
«Тәртіп пен жауапкершілікке негізделген әрі бұрын қалыптасқан халықаралық жүйенің орнын хаос пен болжауға келмейтін жағдай басып жатыр. Жаһандық тежеу мен тепе-теңдік жүйесі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтай алмады. Қауіпсіздік архитектурасы жойыла бастады. Әлемдік державалар арасындағы өзара сенімсіздік жылдам артып келеді. Әлем әскери қақтығыстардың жаңа толқынының құрбанына айналды. Біз бірінші рет екі буыннан кейін ядролық қаруды қолдану қаупімен бетпе-бет келдік», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ негізінде жатқан іргелі қағидаттарды сақтаудың маңыздылығына назар аударып, мемлекеттер егемендігінің теңдігі, территориялық тұтастықты құрметтеу және мемлекеттердің бейбіт қатар өмір сүруі сияқты үш негізгі қағидаттың өзара байланысын қайта қарастыру қажеттігіне тоқталды. «Бұл – үш қағидат өзара бір-біріне тәуелді. Осы қағидаттардың бірін сақтау қалған екеуін ұстануды білдіреді. Ал олардың бірін бұзу, басқа екеуін бұзған болып саналады. Дәстүрлі және ядролық қарусызданудың жаһандық жүйесі әлсіреген кезде аталған үш қағидатқа қауіп төнеді. Керісінше, үш қағидаттың түгел сақталуы олардың күшеюіне ықпал етеді. Бұл қағидаттар бірге кеңейтілген мемлекетаралық ынтымақтастықтың келесі үш деңгейіне негіз болады: субөңірлік, өңірлік және жаһандық. Бұл адамзат үшін пайдалы. БҰҰ аясында бекітілген құндылықтар жүйесі әлемнің түкпір-түкпіріндегі миллиондаған адамға үміт сәулесі болып қала береді», – деп сенім білдірді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев ынтымақтастық рухына негізделген БҰҰ-ны басшылыққа алып, аталған құндылықтарды батыл қорғауға шақырды: «Біз ортақ мұрамыз бен игілігімізге нұқсан келтіретін батылсыздыққа немесе біржақты мүддеге жол беруге құқымыз жоқ. Көп нәрсеге тәуекел етуге тура келеді. Осыған байланысты Қазақстан инклюзивтілік, көпжақтылық және ізгі ниет жолында тиісті субъектілердің бәрімен ынтымақтастық орнатуға дайын».
Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысының «Біздің ортақ мәселеміз» атты баяндамасындағы ұсыныстарын құптады. Шығыс пен Батыс арасындағы ашық диалогты, сондай-ақ өзара сенім мен көпжақты ынтымақтастық қағидаттарына негізделген жаңа жаһандық қауіпсіздік парадигмасын құруға шақырды. Ядролық державалардың бәсекелестігі мен текетіресінің күшеюіне, сондай-ақ Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың шолу конференцияларында жетістіктің жоқтығына алаңдаушылық білдірді. Ядролық қарусыздану Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі бағыттарының бірі екенін айта келе, еліміздің ядролық қарудан азат әлем құру үшін күресін жалғастыратынын жеткізді. Биологиялық қауіп-қатерлерді азайтуға бағытталған шұғыл шаралар қабылдаудың да өзектілігін атап өтті. Осы орайда Президент Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру туралы бұрынғы бастамасын тағы да еске салды.
Мемлекет басшысы өз сөзінде Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған еліміздегі ауқымды саяси және экономикалық реформаларға да тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы ішкі саяси оқиғаларға, атап айтқанда, президент мерзімінің қайта қарастырылып жатқанын атап өтті.
«Бұл – Қазақстанда демократияны дамытудағы тың серпіліс. Біз «күшті Президент – беделді Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын қатаң ұстана береміз. Бұл формула Қазақстанның ұлттық мүдделеріне толық сәйкес келетініне сенімдімін» – деді Президент.
Талап Тілеген