Жағрафия пәнінің жағдайы мүшкіл

02 наурыз 2018, 17:51

Оқушыға еліміздің дүниежүзі саяси картасындағы орны мен экономикасы туралы мақтанышпен айтып оқытатын 8-сыныптағы «Қазақстанның физикалық географиясы», ал 9-сыныпта оқытылатын «Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік географиясы» келесі оқу жылынан бастап жеке пән ретінде оқытылмайтын болды. Бұл бізді толғандырып отыр.

Дүниежүзіндегі барлық ел өзінің тәуелсіз мемлекет екенін көрсету үшін өз географиясын жеке пән ретінде оқытады. Бұрынғы КСРО-ның құрамынан бөлініп шыққан елдер де (Ресей, Беларусь, Украина, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және т.б.) географияны жеке пән ретінде оқытып келеді. Алыстағы шетелдерден мысал келтірсек, жер аумағы Қазақстанның бір ауданындай ғана болатын Израиль өз елінің географиясын екі бөліп, бір жыл бойы «Израильдің физикалық географиясы» (табиғатын), сонан соң екінші жылы «Израильдің экономикалық және әлеуметтік географиясын» оқытады.

Дүниежүзіндегі қалыптасқан жүйеге сай, 1991 жылы еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, сол кездегі ҚазКСР білім министрлігінің арнайы тапсырмасы бойынша жаңа 136 сағаттық оқу бағдарламасы құрастырылып, 2 рет географиядан республикалық атаулы мектептің республикалық ғылыми-практикалық семинарларында талқыланып, география пәні мұғалімдерінен қолдау тауып, оны білім министрлігі бекітіп, барлық типтегі мектепке таратылған «Қазақстан Республикасының географиясы» курсының бағдарламасы осы уақытқа дейін оқытылып келді. «Қазақстан Республикасы жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттары» (МЖМБС, 2002) жинағының 9-бөліміндегі «география» оқу пәнінің базалық білім мазмұнында (164 бет), Қазақстан географиясы пәні 8-9 сыныптарда оқытылатыны туралы тайға таңба басқандай жазылып тұр. Ал білім және ғылым министрлігінің 09.07.2010 ж. №367 бұйрығымен бекіген, «Қазақстан Республикасы мемлекеттік жалпыға міндетті стандартында жалпы «Жаратылыстану» ғылымдары деп топтастырылған. Оған: география, биология, физика, химия пәндері енгізілген. «География» деп жалпы атпен жазылып, оның ішінде «Қазақстан Республикасының географиясы» деген пәннің аты толық жазылмай түсіп қалған. Ал тарих пәнінен барлық курсты «Адам және қоғам» деп топтастырғанымен, «Қазақстан тарихы» жеке пән ретінде жазылып тұр.
Алматы қаласындағы №12 қазақ гимназиясында 2017 жылғы 2-3 ақпанда Қазақстанның білім және ғылым министрлігінің басқаруымен Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы және «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ бірлесіп құрастырған «Жаңартылған мазмұндағы «География» пәні бойынша негізгі орта білім беру деңгейінің 7-8-9-сыныптарына арналған оқу бағдарламасы эксперттік талдаудан өткен болатын. Эксперттік талқылаудың жетекшісі және мүшелері сын пікірлерін, соның ішінде «Қазақстан географиясы» жеке пән ретінде жаңа мазмұнды бағдарламада қарастырылмағаны үлкен кемшілік және саяси қателік екені туралы сол кездегі білім және ғылым вице-министрі Э.Суханбердиева ханымға айтылған кезде вице-министр ханым «эксперттік комиссия қалай шешім қабылдаса, солай болады» деген еді. Бірақ іс жүзінде олай болмай тұр.

Жаңартылған мазмұнды бағдарламада Қазақстан географиясын жеке оқытпай, жалпы география пәніне бірнеше тақырып берумен ғана шектелген. Себебі бағдарлама құрастырған авторлар мектепте сабақ бермеген, оқушыларды ұлтжанды, туған жерді қадірлейтін азамат тәрбиелеп, білім беруде, география пәндерінің ішінде «Қазақстанның физикалық географиясы» мен «Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік географиясы» маңызы зор екенін түсінбей, мысал ретінде берген. Бағдарламаны құрастырған авторлар педагогикадағы жылдар бойы қалыптасқан географиялық білім беру жүйесін сақтамаған.

«Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі ұсынып отырған бағдарламада 7-сыныпта «Қазақстанның топырағы» (39-бет) тақырыбына 1 сағат қана берілген. Ол оқушыларға Қазақстанның географиялық орны, жер бедері, геологиялық құрылымы, климаты тақырыптарынан соң оқытылатын тақырып. Біз қазіргі уақытта «Қазақстанның топырағы» тақырыбын 4 сағат көлемінде оқытып жүрміз. 8-сыныпта экономикалық география зерттейтін тақырыптар берілген (52-53 беттер). 9-сынып бағдарламасында «Қазақстанның физикалық географиясы» курсының тақырыптары берілген (57-58-59 беттер). «Қазақстанның географиялық орны» деген тақырыпты 11-сыныпта оқу жылының соңына қойып, география ғылымдарында қалыптасқан ғылыми жүйе бұзылған. Бұл ұсыныс жаңалық емес. Кезінде кеңестік тоталитарлық оқу бағдарламасында одақтас республикаларды, солармен бірге Қазақстанды да жеке мемлекет ретінде қарастырмау үшін осындай әдісті қолданған болатын. Сондықтан эксперттік комиссия мүшелері тәжірибелі ұстаздар мен ғалымдар болғандықтан, осы жіберілген қателікті көрсетіп, келешекте түзетіледі деген үміттеміз.

Еліміз егеменді мемлекет болғаннан кейін, дүниежүзіндегі әрбір мемлекет егемендігінің символдық оқу пәні ретінде 8-сыныпта «Қазақстанның физикалық географиясы» курсынан оқушылар Қазақстанның географиялық орны, табиғат жағдайы, зерттелу тарихы, жер бедері, климаты, ішкі суы, топырағы, табиғат кешендері, табиғат зоналары, ірі физикалық-географиялық аудандары және табиғатты қорғау тақырыптарын географиялық тұрғыдан нақты іргелі білім беру талаптарына сай оқытылып, 9-сыныпта «Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік географиясы» курсында оқушылар республикамыздың шекарасы, дүниежүзінің саяси картасындағы Қазақстанның алатын саяси-географиялық орны, мемлекеттік құрылымы, халқы және еңбек ресурстары, табиғат ресурстары, оларды шаруашылыққа тиімді игеру жағдайлары мен экономикалық аудандары бойынша білім алып жатқаны айтылып, экспорттық комиссия осы пәндерді өз орнында қалдыру туралы шешім шығарған болатын. Осы ойымызды айтып білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мырзаның атына 2017 жылы 10 шілдеде хат жолдаған едік. Оған қазіргі кезде 8-сыныпта оқытылып жатқан «Қазақстанның физикалық географиясы» мен 9-сыныпта «Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік географиясы» пәндері туралы 14.08. 2017. №ФЛ-КЕ-992-1/11-2 хатында: «Ешуақытта жеке пән ретінде оқытылмаған» деген жауап алдық.

Білім министрлігі қызметкерлері жалпы орта білім беретін мектептерде соңғы 25 жылдан бері қандай пән оқытылып жатқаннан бейхабар болып шықты. Оны 2017 жылы 12 желтоқсанда 31 телеарнаның «Информбюро» жаңалықтарында көрсеткендей, министр мырза, 8-сыныпта «Қазақстанның физикалық географиясы», 9-сыныпта «Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік географиясы» келесі, 2018 жылғы оқу маусымынан бастап оқытылмайтынынан, тіпті хабарсыз болып шықты. Сонда білім және ғылым министрлігінде болып жатқан өзгерістерге кім жауап береді? Білімдегі жаңарту деген бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі білім беру жүйесінің тамырына балта шабу емес, қайта жақсы жағын алып, оны ары қарай дамыту емес пе?!
Ұстаздар қауымына білім және ғылым министрі Е.Сағадиев мырзаның 1997 жылдан бері бес рет өңделіп, соңғы рет білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 8 қаңтардағы №13 бұйрығының 1-қосымшасында қайта бекітіліп, мектептерде қолданыста жүрген оқулықты біле тұра, «Қазақстанның физикалық географиясы» және «Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік географиясы» атты оқу пәндері болған емес», – деп жауап бергені, тіпті түсініксіз. Біз «Жаңа мазмұндағы бағдарламаны» жазған авторларға, министрліктен келген жауапты қызметкерлерге қателікті көрсете отырып, ойымызды жазбаша түрде бердік. БАҚ құралдары арқылы пікірімізді ашық айтып, жария еттік. Алайда бірнеше рет айтсақ та, министрліктің жауапты қызметкерлерінің естігісі келмей жүргеніне 11 айдың жүзі болды.

Еліміздің биылғы қаңтар айында Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етуі – дүниежүзілік қауымдастықта «Мәңгілік ел» болып танылып отырғанының бір белгісі. Сондай-ақ Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында ұсынылған «Туған жер» бағдарламасы мен «Қазақстанның киелі орындарының географиясы» анықталып, оған Қазақстанның табиғи ландшафт нысандары, археологиялық және архитектуралық ескерткіштер, ерекше ардақ тұтатын діни нысандар және тарихи тұлғалардың және саяси оқиғалармен байланысты киелі орындары енгені барша елді бір қуантып тастады. Қазақстан географиясы пәнінде оқытып жүрген «Ерекше қорғалатын табиғи мұра ескерткіштері» санаты бойынша тізімге Ұлытаудағы Ақмешіт Әулие биігі, Хан Тәңірі шыңы, Алтайдағы Мұзтау шыңы, Қазығұрт тауы, Жамбақы тауындағы және Абай ауданындағы «Қоңыр әулие» үңгірлері, «Отпан тау» тарихи-мәдени кешені, «Бектау ата» тауы және үңгірі, Жылаған-ата үңгірі, Шарын шатқалы енгізілді. Бұл халықтың көңілінен шығып, қолдау тауып жатқан кезде, қазақ елінің географиясын жеке пән ретінде оқытпау келешек ұрпақ алдында орны толмайтын, ал жастарға білім беруде жіберілген үлкен кемшілік болады деп есептейміз.

Елімізде болып жатқан жетістіктердің бәрін оқушыларымызға Қазақстанның дүниежүзінің саяси картасындағы орны мен экономикасына қосқан үлесін мақтанышпен айтып оқытатын «8-сыныптағы «Қазақстанның физикалық географиясы», 9-сыныпта «Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік географиясы» келесі оқу жылынан бастап жеке пән ретінде оқытылмайды» деп тұрғаны ұстаздар қауымын қатты толғандырып отыр.

Қазақстан Республикасы географиясы пәнінің 8-9 сыныптарда оқытылу қажеттігі мынада: 9-сыныптан кейін көптеген оқушылар жеке мамандық беретін кәсіптік-техникалық колледжде оқиды. Сондықтан әрбір оқушы туған елі мен жері туралы толық мәліметті алуы үшін бұл пәннің болуы маңызды. Атап айтқанда, еліміздің табиғат жағдайларының ерекшелігі мен табиғи ресурсы, жері, суы, пайдалы қазбалары туралы білімін қалыптастыру үшін; еліміздің халқы, олардың табиғат зоналары мен ірі өндірісі, өнеркәсіп орталықтарына байланысты қоныстану ерекшеліктері, халқының саны, өсу динамикасы, ұлттық құрамы мен еңбек ресурстары, қазақ халқы мен басқа да ұлттардың дәстүрі, мәдениеті, тілі мен діні, Қазақстан Халқы ассамблеясы туралы жан-жақты мәлімет беру және түсініктерін қалыптастыру үшін аса маңызды. Сонымен бірге республикамыздың мемлекеттік құрылымы, шаруашылығы, оның салаларының орналасуы мен таралуының географиялық ерекшеліктері, өндіріс орындары, ауыл шаруашылығы мен көлік кешені географиясы туралы ұғымдарды қалыптастырып, Отанымыздың табиғат ресурстары мен табиғи байлығын шаруашылық салалары бойынша игеру барысында болатын жергілікті жердегі экологиялық кері әсердің алдын алу шарасын, табиғат ресурстарын тиімді пайдалану ұғымдарын түсіндіру және қалыптастырудың маңызы айрықша.

Бұл хатты жазып отырған білім саласының ұстаздары «Жаңартылған мазмұндағы үлгілік оқу бағдарламасының» құрамына 8-сыныпта – «Қазақстанның физикалық географиясын», 9-сыныпта – «Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік географиясы» пәндерін өз орнында қалдыруды сұраймыз. Мақсатымыз – бұл пәндерді оқыту арқылы жастардың Қазақ елі мен жері туралы қоғамдық-саяси түсінігі мен көзқарасын жаңаша қалыптастыру. Еліміздің әр өңіріндегі мыңдаған мұғалімнің пікірін ескеріп, осы уақытқа дейін, соңғы 20 жылда оқытылып келе жатқан бағдарламаны толықтырып, өмір талабына сай өңдеп, мектеп мұғалімдеріне алаңсыз жұмыс істеуге жағдай жасау керек.

Еліміздің барлық аймағынан қол қойған мұғалімдердің атынан:
• Аягүл Миразова – Қазақстанның еңбек ері, «Алтын жұлдыз», «Отан» ордендерінің иегері, «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері». Алматы қаласы бойынша мектеп директорлар кеңесінің төрайымы.
• Әселхан Қалыбекова – Қазақстанның Халық ақыны, Жамбыл атындағы мемлекеттік сыйлық иегері.
• Ұлжалғас Есназарова – «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері», Қазақстан Білім беру ісінің үздігі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Ресей Жаратылыстану академиясының академигі, Географиядан республикалық атаулы мектеп жетекшісі.
• Гүлнәр Нүсіпова мен Шарип Нәдіров – география ғылымдарының докторлары, Аманкелді Темірбеков – ҚазҰУ-дің профессорлары.
• Гүлзира Оразымбетова – география ғылымдарының кандидаты, ҚазҰУ-дің доценті.
• Анита Қозыбақова – Қазақстан Білім беру ісінің үздігі.
Барлығы 70 ұстаз қол қойған.

Елбасы, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының атына жолдаған хатымызға, 2017 жылдың 15 желтоқсандағы № 407//ЖТ-Ұж.-12833,1/11-2-31 білім және ғылым вице-министрі Б.Асылова қол қойған жауап хатта: «Қазақстан географиясы» пәнін қосымша енгізу білім алушылардың шектен тыс білім жүктемесінің өсуіне, оқытудың интенсикациясына, оқу материалын меңгеру үшін уақыт тапшылығының пайда болуына әкеліп соғады» деген жауап алдық.

Құрметті отандастар! Білім және ғылым министрлігі қызметкерлері ай қарап отыр ма? Бізге тек сағат қана емес, Қазақстан егемен ел болғаннан кейін қолымыз жеке пән ретінде оқытуға зорға жеткен «Қазақстан географиясын» өз орнында қалдыруды сұрап жүрміз. Еліміз әлемге танылған тарихи кезеңде Туған жерінің, Туған елінің географиясын оқыту бірінші кезекте тұрса деген ойдамыз.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2017 жылы жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасына зор көңіл бөлініп жатқан тарихи кезеңде, «Қазақстан географиясын» жеке пән ретінде оқытпау келешек ұрпақ алдында кешірілмес күнә, саяси тұрғыдан жастарға білім берудегі үлкен қателік болады.

Ұлжалғас Есназарова,
Алматы қаласы М.Базарбаев
атындағы №138 қазақ гимназиясының
география пәні мұғалімі, профессор

Жас қазақтың сауалы

Бақытгүл ханым, өткен жолы жағрафияға қатысты депутаттық сауал жолдадыңыз. Осы уақытқа дейін жауапты мекемелерден мардымды жауап ала алдыңыз ба?

Жауабы

Бақытгүл Хаменова, Мәжіліс депутаты:

Сауалымызға жауап алдық. Бірақ қанағаттанбадық. Олар «Бұған дейінгі халыққа берген мәліметке сай, жаңа бағдарлама бойынша жүріп келеміз. Бұрын бұл болған емес. Сондықтан да жаңа бағдарламаларды легімен топтастырып, бәрін жинақтап жатырмыз. Аты өзгергенімен, заты қалды. Керісінше, заман талабына сай мазмұны жаңарып, толықтырылды» деген мағынада жауап қайтарыпты. Мен біраз нәрсені түсіне алмадым. Қазіргі таңда  9, 10, 11 сыныптардың типтік оқу жоспары әлі бекітілмеді. Географияның мазмұны, мәні талапқа шынымен сай болса, неге «Қазақстан географиясы» деп толықтырып жазбасқа? Менің түсінбей тұрғаным осы. Неге министрлік Қазақстан деген сөзді географияға қимай тұр? Қазақтың жер-жүзі сол оқулықта қамтылса,  заты ғана емес, аты да сай болу керек. Типтік оқу жоспары әлі шыққан жоқ. Тіпті 7,8 сыныптың кітаптары да әлі шықпады. Бірақ оған қыруар қаражат пен материалды бөліп жатыр. Ең болмаса, сол жерде жазып өтуге мүмкіндік бар емес пе? Бұл сұрақтарыма жауап берілмеді.

16 шiлде, 11:51
Құнанбай Мұсаев: Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, қамай беру емес
15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде
05 шiлде, 14:06
Түркістан: Төлеби ауданында профилактикалық іс-шаралар басталды