Жағдай тұрақталды, бірақ босаңсуға болмайды

11 қыркүйек 2020, 18:19

Премьер-Министр Асқар Мәминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында еліміздегі эпидемиологиялық ахуал қаралды.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой дер кезінде қабылданған шаралардың арқасында тәжкесел бойынша ахуалдың тұрақтанғанын баяндады. Атап айтқанда, коронавирус инфекциясы мен вирустық пневмонияның тәуліктік өсімі – 0,5 пайыз шегінде. Бүгінгі таңда осы инфекцияны жұқтырғандардың 94 пайызы емделіп шықты. Ал инфекциялық ауруханаларға түсетін жүктеме қазір 15 пайызды құрап отыр. Осы қатерлі дертке қатысты жедел жәрдем шақыру деңгейі 80 пайызға дейін төмендеді.

Қазіргі кезде ауруханадағы орын санын 50 мыңға дейін арттыру жайы пысықталуда. Өңірлерде 12 жұқпалы аурулар ауруханасы салынып жатыр. Сонымен қатар, 2 стационар қайта жөндеуден өткізілуде. Ауылдық жерлерде медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыс тоқтаған жоқ. Жедел жәрдем автокөлігі, автобус және барлық қажетті құрал-жабдықпен (жасанды тыныс алу аппараты, оттегі концентраторы) қамтамасыз етілуде. Аудандық ауруханаларда 132 рентген аппараты орнатылды. Биыл 1 қазанға дейін қосымша 100 жылжымалы медициналық кешен сатып алынады.

9 қыркүйектегі көрсеткіш бойынша, елімізде COVID-19 кеселі анықталған науқас саны – 106 498. Соңғы тәулікте 73 адам тіркелді. 4 810 науқас ем алуда.100 042 адам сырқатынан айықты. 1 646 адам көз жұмды. Коронавирус инфекциясы бойынша (ПТР-) 28 228 ықтимал жағдай тіркелді. Қолға алынған қатаң шектеу шараларының арқасында 5 шілдеден бастап төсек-орындардың қамтылуы 6 есеге, оның ішінде жансақтау бөліміндегі төсек-орынның бос болмау көрсеткіші 6,6 есеге, сондай-ақ КВИ-ге қатысты жедел медициналық көмек шақыру 5,5 есеге дейін азайды. Емханалар үйде қызмет көрсету форматына көшіп, мобильді бригадалар саны 7,6 есе өсті. Бүгінде 3640 мобильді бригада құрылып, олар бүкіл ел бойынша жұмыс істейді.

А. Цой әлемді әбігерге түсірген кесел жөнінде айта келе, «Біздің елімізде, Еуропаның бірқатар елдерінде жағдайды тұрақтандыру қолға алынды. Дегенмен тамыздың басында тәжкеселдің Азияның кейбір елдерінде көптеп тарала бастағаны байқалды. Сондай-ақ Италияда, Австрияда, Испанияда, Германияда, Оңтүстік Кореяда, Түркияда тәжвируске шалдыққандар көбейді. ТМД елдерінде кеселге душар болудың орташа өсімі 0,5 пайызды құрады. Бұл Қазақстандағы көрсеткіштен 5 есе жоғары», – деді. Елімізде жеке қорғаныш құралдары мен дәрі-дәрмектің жеткілікті қоры жасалды. Сондықтан бұл жағынан тапшылық болмайды. Оның үстіне, тамыз айынан бері ауруханаларда вирустық инфекциядан емделу үшін тұрғындарға тегін дәрі-дәрмек (дене қызуын түсіретін антикоагулянт) беріліп жатыр. ПТР тестілеу мүмкіндігі артты (тәулігіне 63 мыңға дейін жеткізілмек). Екпе сатып алу және оны өзімізде жасап шығару бойынша келіссөз жүргізілді. 15 қыркүйектен бастап тұрғындарға тұмауға қарсы екпе жасалады.

Үкімет тарапынан ауқымды жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанына тоқталған Асқар Мәмин қабылданған шаралардың нәтижесінде еліміздің күрделі кезеңдегі қиындықты еңсергенін, аурудың таралу деңгейін төмендету қамтамасыз етілгенін атап өтті. Премьер-Министр осы орайда, «Ең бастысы, біздегі денсаулық сақтау жүйесі коронавирус жұқтырғандарды емдеу бойынша зор тәжірибе алды. Барлық қабылданып жатқан шаралар күзде пайда болуы мүмкін пандемияның жаңа толқынына және маусымдық ауруларға қарсы күресуге жағдай жасайды. Әрине, санитарлық талаптарды қатаң сақтау керек», – деді.

Үкімет басшысы әлем бойынша эпидемияның тұрақсыздығын ескеріп, вирустың қайта өршуі мүмкіндігіне дайындық жұмысын жалғастыру және кейбір шектеу шараларын (қашықтан білім беру, демалыс күндері локдаунды сақтау) іске асыру қажет екеніне тоқталды.

Жиында Үкімет басшысы өңірлердің әкімдеріне эпидемиологиялық жағдайды ерекше бақылауда ұстап, барлық санитарлық нормаларды қатаң сақтауды, вирустың таралуы мен ауру жұқтыру көрсеткіштерінің өзгеруіне қарай жедел әрі нақты әрекет етуді, инфрақұрылымды дайындау шараларын қабылдап, барлық сатыдағы медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды. Денсаулық сақтау министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірге халық арасында профилактикалық жұмысты күшейту тапсырылды.

Талап Тілеген

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген