Жаһанды жайлаған жасыл технология

17 ақпан 2017, 14:02

XXI ғасырға қадам басқанда «бірер жылдан кейін ұшатын көлік көресіз, қуатты жел мен күннен аламыз», – десе көбіміз сенбес едік. Одан бері 20 жыл өтпесе де, жаңа ғасырдағы өзге де жаңа мүмкіндіктерге куә болып жатырмыз. Зымыраған уақыттың лебіне елімізде қосылып, тұтынушы елден өндіруші елге айналуды мақсат тұтты. Әлемдегі даму жедел өзгеріске ұшырап, ғалымдар күніге сан түрлі ғылыми жаңалық ашып жатқанын естіп отырамыз. Бүгінде ғылым мен техниканың, технология мен инновацияның шапшаңдығы адамды таңғалдырмай қоймайды. Мұндай сәтте алдағы уақытқа дұрыс жоспар құрып, дер кезінде шешім қабылдау керек. Шапшаң ойлап, тиісті шараны уақытында қабылдамасаң, жаһандық үрдістен қалып қоярың анық.

Дамыған елдердің ізінен келе жатқан Қазақстан да әлемдік трендтен қалмауды көздейді. Бүгінде көмірсутек экономикасы дәуірінің бірте-бірте аяқталып, төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне қадам басып келе жатқан кезең. Биылғы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауының өзегі де осы – төртінші индустриялық революцияға қамданудың қамынан туындайды. Жаңа технологияларды ілгерілету – бүгінгі бәсекелестіктің де өзегі. Адамның мұқтаждығынан шығаратын, алысты жақындатып, баяуды тездететін, ауырды жеңілдететін де – адам ақыл-ойының жемісі. Осындай ой жемісінің нәтижесінде дүние дамуында өнеркәсіптік революциялар бірінің орнын бірі басты. «Өткенге өкпе жоқ, келерден үміт көп» – демекші, көмірсутек экономикасының аяқталып, әлем жаңғыртпалы қуат көздеріне көшуде. Заманның талабына орай еліміз бұрынғы кеңестік республикалар арасында тұңғыш рет Астанада «Болашақтың энергиясы» тақырыбында «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізбек.

Еуропа тиімді жолды таңдайды

Бүгінгі күні жасыл технология өміріміздің барлық саласына дендеп ене бастады. Әлем ақырын-ақырын осыған көшіп те жатыр. Неге? Мәселен, Еуропаны алып қарайық. Бұл жақта энергияның басым бөлігі баламалы қуат көзінен алынады. WindEurope өндірістік бірлестігінің мәліметінше, өткен жылы еуропалық ұлттық электр жүйесіне қосылған стансаның 86 пайызы жаңғыртпалы қуат көзімен жұмыс жасайды. 2016 жылы Еуропа энерго жүйесіне түскен 24,5 ГВт-тың 21,1 сол баламалы қуат көзінен (күн, жел, су, биомасса) түсіп отыр. Жаңғыртпалы қуат көзінің басым бөлігі желден алынады екен. Өткен жылғы мәлімет бойынша, 86 пайыздың 51 пайызын қамтиды. Жел күшімен қуат алуда тек Еуропада емес, әлемде бірінші орынды Ұлыбритания алады. RenewableUK сауда қауымдастығының дерегі бойынша, жел электр стансасы бұл елдегі энергияға сұраныстың 23 пайызын қамтып отыр. Одан кейін Германия, Франция, Ирландия, Литва, Финляндия және Голландия желден қуат көзін алуды бір жолға қойды. Pronedra.ru сайты хабарлағандай, Исландия Еуропада тұңғыш рет толығымен баламалы қуат көзіне көшкен. Жаңғыртпалы қуат көзі дамыған сайын одан алынған өнім құнының бағасы да төмендеп жатыр. Кейбір елде электр қуатының квт/сағаты 2 центке (шамамен 4 теңге) түсіпті. Жаңартылған энергия көздері бойынша халықаралық агенттігінің (IRENA) есебіне сәйкес, 2025 жылы күн және желден алынған энергияның құны тағы 20-25 пайызға арзандайды. Біздің елде керісінше, электр қуатына жылда бағаның өсіп жатқанын ескерсек, баламалы қуат көзін дамыту өзекті екені айтпаса да түсінікті.
Мұндай баламалы энергетикаға Еуропадағы төменгі Австрия да көшті. Елдің бұл аумағында бұған дейін негізінен жел, күн энергиясы пайдаланылып келген болса, 2014 жылы елдегі энергияның басым бөлігі гидроэлектр стансаларының есебінен өндірілді. Сонымен бірге ресми мәліметке жүгінсек, ЕО (Еуроодақ) 2050 жылға қарай парникті газдың шығарылуын 80-95 пайызға дейін қысқартпақ.
Геотермалдық энергия да барлық мұнай мен газға балама таңдау ретінде қарастырылады. Тіпті жер қыртысындағы алынатын 1% пайыз ғана геотермалды энергияның өзі әлемдегі мұнай мен газдан 500 есе асып түсетін энергия мөлшерін бере алады. Әйтсе де әзірге белгілі бір себепке (әсіресе экономикалық себепке) байланысты бұл энергияның аздаған қоры ғана пайдаланылуда. Атап айта кетейік, геотермалдық энергия АҚШ-та, филиппиндер мен Индонезияда, Исландияда да жақсы дамып келеді. Әлемдегі ең ірі – ГеоТЭЦ (геотермалдық жылу электр стансасы) Исландиядағы Хенгидль жанартауының маңында орналасқан.

Жетістікке жеткізген қадам

«Синьхуа» ақпарат агенттігінің хабарлауына қарағанда, күн сәулесінен қуатталатын электр стансасын пайдалануда Қытай әлемдік көшбасшыға айналды. Мұндай электр стансаның суммарлық күштілігі елде өткен жылы 43,18 млн кВт-ны құраған екен. Халықаралық энергетика агенттігінің (МЭА – международное энергетическое агентство) болжамына қарағанда, күн сәулесінен қуат алатын энергияны дамыту 2015 жылы 50 пайызға көбейген. Аталған агенттіктің ресми хабарламасына жүгінсек, 2015 жылы Қытай күн сәулесімен, желмен және гидромен қуатталатын стансаның бірталайын нақты іске қосып, көп жылдан бері алғаш рет көмір тұтыну көлемін күрт азайтқан. Егер елдегі энергияға қатысты жағдай дәл қазіргідей жылдамдықпен дами беретін болса, Қытайдың әлем экономикасындағы даму үлесі 88 пайызды құрайтын болады. Ресми мәліметке жүгінсек, 2020 жылға қарай Қытай жел энергиясын қолдануды екі есеге дейін арттыруды көздеп отыр. Олар биыл электрокөліктерді көбейтуді де мықтап қолға алып жатыр. Ауаның көліктен ластануына жол бермес үшін Қытай мен Еуропада эмиссиялық квота енгізілді. Енді автоөндірушілер мен сатып алушылар электр қуатымен жүретін көлікті сатуға және сатып алуға мәжбүр болады. Сәйкесінше, бұл салаға деген қызығушылық артады. Баламалы энергия көздеріне де сұраныс көбейеді. Оның үстіне Еуропада мұндай көлік аламын деушілерге субсидия беріледі. Сондай-ақ салық жеңілдігі қарастырылған. Ал жанар-жағармаймен жүретін көліктерге керісінше сан түрлі тосқауыл қойылатын шара жасалуда. Өткен жылы Қытайда қуатпен жүретін көліктің сатылымы 56 пайызға өскен. Аспан асты елдің кейбір ірі қалаларында экологиялық мәселеге байланысты жанар-жағармаймен жүретін көліктерді тіркемей жатыр. Мұндай шектеулер өз жемісін берді. Қытай нарығы осы уақытқа дейін әлемде электркөлік шығарудан бірінші орында тұрған АҚШ-тан озып кетті. Бүгінде таксопарк, қоқыс таситын мекемелер элктрмен жүретін көліктер алуда. Осы жылдың соңына дейін ел толығымен ауысады деген жоспар бар.
Ал финдер теңіз жолаушы тасымалына жел қуатын пайдалана бастады. 2013 жылы Стокгольм (Швеция) – Турку (Финляндия) бағытына арнайы салынған Viking Grace кемесі негізгі күш құрылымының орнына, жел қуатын пайдаланатын болады. Жаңа технология Rotor Sail Solution деп аталады. Жобаны финнің теңіз өнеркәсібінде қуат көзін пайдаланатын көшбасшы Norsepower компаниясы іске асырады. Нақтырақ айтсақ, мұндай турбо желкенді 1922 жылы неміс инженері Антон Флеттнер ойлап тауып, патенттеп алған. Алайда бұл тәсілді ауқымды қолдану XX-XXI ғасырда іске асырыла бастады. Ал Norsepower жобасы Флеттнер нұсқасының жаңартылған түрі болып табылады. Бұл биіктігі 24 метр, ені 4 метр болатын цилиндр. Турбо желкен жұмыс жасаған кезде цилиндр өз ішінде айналады. Құрылғының бастапқы жұмысы физикалық тұрғыдан ауа қозғалысынан қосымша күш алуында. Айналмалы цилиндр ашық алаңға орналастырылып, желге қарсы қойылады. Осы кезде желдің қысымынан цилиндр тез айналады. Осы әсер кеменің жылдам қозғалуына әсер етеді. Бұл құбылысты «Магнус әсері» деп атайды. Viking Grace кемесі жанармай орнына табиғи газ қолданатын болады. Осылайша шығын жылына 300 тоннаға азаяды. Мұндай үнемделген көлеммен кеме ауа райына қарамастан, 3 тәулікке дейін жүре алады. Осылайша ең экологиялық таза кеме «жасыл» энергия көзіне айналады. Жаңа технология жүк тасымалы аясында да өзінің коммерциялық тиімділігін көрсетті. Viking Grace кемесінде жаңа технологияны қолдану 2018 жылы аяқталады.

Дамудың басты кілті

Еліміздің де осы үрдістен қалмауына бірден-бір себепкер болатын ол биыл Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі. 100-ден астам ел қатысатын көрменің негізгі тақырыбы болашақтың энергиясы болмақ. Кейбір сыңаржақ пікір айтатын сәуегейлер болжамына қарамастан, нақ осы болашақ энергиясының игілігін көріп отырған дамыған елдер Астанадағы көрмеге зор ықылас танытты. Қазірдің өзінде кейбірі павильонды алып жасақтау жұмысына кірісіп кетті. Астана күн, жел, биогаз, теңіз және термалды сулардың энергиясын қолдану бойынша әлемдік жаңалықтар мен трендтер ұсынылатын алаңға айналады. Баламалы энергетиканы пайдалану бойынша әлеуеті жоғары серпінді жобалар көрсетіледі. Елбасы атап өткендей, болашақта бүкіл әлем «жасыл» технологиямен алға жылжитын болады. Сондықтан күллі әлемнің ғылымы мен техника саласындағы ең үздік жетістіктері сараланатын көрме Астанаға ғана емес, еліміздің өзге өңірлеріне де айтарлықтай пайда әкеледі деуге негіз бар. Қазақ елі таңдаған «Болашақтың энергиясы» әлемдік экономикалық дамудың басты кілтіне айналмақ. Сондай-ақ мемлекет басшысы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 70-сессиясындағы сөйлеген сөзінде Астанада БҰҰ бастамасымен «жасыл» технологиялар мен инвестициялық жобаларды дамыту бойынша Халықаралық орталық ашуды ұсынған болатын. Сәтін салып бұл орталық та ашылып жатса, ел экономикасының дамуына дара жол ашылары сөзсіз.

Елдос Өмірзақ

16 шiлде, 11:51
Құнанбай Мұсаев: Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, қамай беру емес
15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде
05 шiлде, 14:06
Түркістан: Төлеби ауданында профилактикалық іс-шаралар басталды