Жұқпалы кесел екі есе азайды

30 қыркүйек 2016, 12:34

 

photo_38Көптен көрмеген, облыс орталығындағы мектеп-интернатта бірге оқыған ескі дос Мәкен Байбатыров жолыққан. Әуелі денсаулық сұрастық, сосын күнкөріс жайы. Жас елуден асқан соң ағзаның ана жерінде, мына жерінде ақау көбейеді екен.
– Белімнен мертіккенімді өзің білесің ғой, омыртқама аздап залал келген. Қантым да өсіп тұр. Оның үстіне туберкулезбен ауырғаныма екі жыл. Үйіміз жалғыз бөлме. Екі балама да, әйеліме де жұқтырдым. Кеңірек үй салайын деп едім, қауметім болмай тұр, – дейді Мәкен, – баяғы күш-қуатым болса бір жазда қабырғасын көтеріп, шатырын қалқайтып алар едім.
– Осынша ауруың бар. Саған үй емес, мола салу керек, – деді Шегебай құрдас.
Құрдас болса да қатты айтты. Мәкеннің көзі жасаурап кетті. Мен болсам сырқат меңдеп жүрсе де тіршіліктен тілегі үзілмеген қайратына тәнті болдым.
– Ем алуға барып жүрміз ғой. Қазір аурудың бұл түрі бізде асқынып тұр, – деді Мәкен әлден уақытта ақталғандай. Жалғыз мен ғана емес жалпақ жұрт. Жастар да көп. Елдің бәрі өкпесіне суық тиген кәрі қой құсап күрт-күрт жөтеліп жүрсе, ертең елді қорғайтын да жан қалмас.
– Ел қорғағанда ел шетіне келіп тұрған ешкім жоқ қой. Жұмыс істейтін адам деңіз, – деді Шегебай құрдас.
Қалай болған күнде де жақсы нәрсе емес. Құрт ауруы елдегі тішіліктің, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайдың барометрі тәрізді. Қос құрдастың лебізі түрткі болып, туберкуллез туралы тақырыпты індеттік.
Құрт ауруы күрт жайлаған Ақмола облысы қазір республикада үшінші орында тұр. Облыс бойынша мектепке дейінгі 826 орынға лайықталған 43 емдеу орны жұмыс істеп тұр. Жыл басынан бері бұл емдеу орындарында 835 бала ем қабылдап сауықтырылған. Әлеуметтік сырқаттың мұншалықты өршіп кетуін кәдімгідей атан салып, дабыл қағатын жағдай екендігін денсаулық сақтау саласының мамандары таусыла айтып отыр. Жағдай барлық жерде бірдей емес. Мысалы, Еңбекшілдер ауданында бірде-бір сауықтыру орны жоқ. Ал шалғайдағы шоқ жұлдыздай шағын қазақ ауылдарында құрт ауруына шалдыққан балалар ондап емес, жүздеп саналады. Целиноград ауданындағы сауықтыру тобы ауданның өз басында емес, қияндағы Жалғызқұдық ауылында.
Ел ішіне дендеп кірген аурудың таралуына түрмеден шыққандардың қосып жатқан үлесі көп. 2010-2015 жылдары қылмыстық жазасын өтеу орындарынан босатылған 75 адам туберкулездің ашық түрімен ауыратындар. Олар өзі ғана аурудың зардабын тартып жүрген жоқ, сонымен бірге айналасындағы қарым-қатынасқа түскен адамдарға да жұқтыруда. Осы арада бір мысал келтіре кетелік, Бурабай ауданының түрмеден босатылған 9 тұрғыны денсаулығын түзетуге оншалықты ынталы емес. Бурабай аудандық көші-қон полициясы қоғамды қауіпсіздендіру үшін осы бағытта талпынып көргенімен, әзірге нәтиже шығатын емес.

Облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің мәліметіне қарағанда, 2016 жылдың алғашқы бес айында әр жүз мың адамға шаққанда 32,2 адамның ауыратындығы анықталған. Құрт ауруынан қыршын кеткендердің көлемі Зеренді, Атбасар, Аршалы аудандары мен Көкшетау қаласында өршіп тұр. Зерттеу нәтижеле­ріне зер салсақ, әлеуметтік сырқаттың бой көтеруіне үйсіз-күйсіз жүрген қаңғыбас­тардың кесірі де тиіп тұрғанға ұқсайды.

Қоғамды алаңдатып отырған дүние туберкулез ауруының балалар арасында етек алуы. Мұндай келеңсіз көрініс Бурабай ауданында басым. Былай қарағанда, ақылға сыймайтын дүние. Әншейінде көкірек керіп, ауасы дертке дауа дейтұғын курортты аймақта құрт ауруының күрт көбеюі таңданарлық дүние. Әйтсе де аурудың көбеюі жалғыз табиғатқа ғана емес, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайға да байланысты. Негізінде, туберкулез адамның тамақтануына, ас ауқатының қуаттылығына байланысты. Демек, аурудың осыншалықты басынуына қарағанда, аудан тұрғындарының әлеуметтік жағдайы тым жақсы емес тәрізді. Оның үстіне Ақмола облысының ондаған елді мекендері ауыз суды тасымалдап ішеді. Көлік болмай қалған жағдайда табиғи су көздерінен елді мекеннің жанындағы қамыс өсіп, қоға басып кеткен көлшіктерден ала береді. Алмасқа амал қайсы. Ал ол су ішуге қаншалықты жарамды екендігін зертханадан өткізіп, сараптама жасап жатқан ешкім жоқ.
Ертеректегідей ел ішін аралап, ауыл-село тұрғындарының денсаулығын жіті назарда ұстау мәселесін қолға алу керек. 2016 жылы туберкулез ауруымен ауыратын, сырқаттары әбден асқынып кеткен сегіз адам анықталған. Ал анықталмағандары қаншама. Ел ішінде күрк-күрк жөтеліп, көкірегіндегі кохтың таяқшасымен құдай өзі берген жанын өзі алады деп жүргендер қаншама. Біз сөз етіп отырған флюорографиялық зерттеу мәселесі жетілдіруді тілейді. Жыл басынна бері Целиноград ауданы 16,7 пайыз, Ерейментау ауданы 13,1 пайыз, Қорғалжын ауданы 25,6 пайыз, Ақкөл мен Жақсы аудандары 26 пайыз ғана қамтылған. Барлық тұрғындардың осынша көлемі ғана. Ал қалған көкірегін тексертпегендер, өкпесіндегі өңезді өлшетпегендердің арасында жұтынып тұрған жұқпалы аурудың жалмағаны қаншама. Жаратқан иенің өзі білмесе, бұл арадағы ақпаратты білу, одан қорытынды жасау, іле-шала емдеу, қоғамды қауіпсіздендіру пенденің пешенесіне жазылмаған жағдай болып тұр. Шалғайдағы елді мекендерді айтасыз, Көкшетау қаласының өзі ұятты. Қалған қала тұрғындарының 65 пайызы ғана қамтылған. Оның ішінде ішімдікке салынған адамдардың 59 пайызы ғана тексерістен өткізілген. Ішімдікке салынғандарды флюорографиялық тұрғыдан қамту аудандарда да маңдымай отыр. Жалғыз-ақ мысал келтірелік, Целиноград ауданында мұндай топ алты пайыз ғана қамтылған. Міне, мәселе қайда жатыр.
– Облыстық мәслихаттың әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясында бұл мәселені үш рет қарадық, – дейді облыстық мәслихаттың депутаты Әлібек Баймағамбетов, – жұмысшы тобына депутаттармен бірге дәрігерлер, облыстық денсаулық сақтау басқармасының мамандары, бұқаралық ақпарат құралдарының және қоғамдық кеңестің өкілдері тартылды. Бурабайдағы «Зеленый Бор» поселкесіндегі «Жұлдыз» облыстық мектеп-интернатында болған кезімізде сауықтыру орындарының жағдайын көріп, жағамызды ұстаған жайымыз бар. Туберкулезден емдеуге бағытталған бұл орын 150 адамға есептелген. Дәл қазір онда 131 бала ем-дом қабылдауда. Жататын жерлеріндегі жиһаздар әбден ескірген, төсек-орындарында да сау тамтығы жоқ, көне. Санитарлық-техникалық аспаптары да ескі, қаусап тұр. Бұл жерге жөндеу жүргізіп, бетін бері қарату үшін 15 миллион теңгедей қаражат керек екен. Есеп-қисабын жасап қойдық. Бұланды ауданындағы Макинкс қаласындағы балалар туберкулез бөлімшесінің де жағдайымен таныстық. Екі қабатты ғимаратта орналасқан бөлімше 25 балаға лайықталған. Әуел баста иесіз қағырап қалған ғимарат екен, соған жөндеу жасап, бөлімше ашып отыр. Әйтсе де әлі күнге дейін санитарлық-эпидемиологиялық түйіндемелері жоқ. Осы мәселеге орай, мекеменің әрі қарай жұмыс істей-істемейтіндігі белгісіз. Целиноград ауданы туберкулез ауруын ең көп белең алған жері. Өйткені, Астана қаласына жақын болған соң келімді-кетімді адам көп. Олардың бәрі бірдей тіркеуде тұрған жоқ. Араларындағы сырқаты барларды тауып, емдеу де оңай-оспақ шаруа емес. Осы ауданға қарасты Қосшы, Қабанбай батыр, Ақмол, Қоянды, Новоишимка, Максимовка елді мекендерінің балалары туберкулезбен ауырады. Ал ауданның өз басында оларды емдеу мәселесі әлі күнге дейін шешімін таппай отыр. Жалғызқұдық селосындағы емдеу тобында 14 бала бар. Негізінде туберкулезбен ауыратындармен қарым-қатынас жасаған балалар 13 елді мекенде тұрып жатыр.
Облыстық мәслихаттың депутаты келтірген деректер тым көп. Негізінде аурудың асқынғандығын көрсететін мәліметтер. Бірақ соның бәрін уақытылы ескеріп, дерттің алдын алу жағы шешілсе деген ниет біздікі.

Байқал БАЙӘДІЛОВ,
Ақмола облысы

17 шiлде, 19:00
Ұлы мұрат - тәуелсіздік
16 шiлде, 11:51
Құнанбай Мұсаев: Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, қамай беру емес
15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде