Заң қуаты

06 қыркүйек 2023, 15:44

Адалдық пен әділдік, заң үстемдігі — қоғамдық ғылым саласында, құқық философиясында өзекті тақырыптың бірі.
Дегенмен адалдық пен әділдіктің, заңның қозғаушы күші, қуаты не деген сауалдың күрмеуі қиын.
Тәрбиелеу керек, адамзатты бала күннен бастап әділдікке, жақсылыққа үйрету керек, идеология маңызды деп жатамыз. Бірақ, саналы адам өз баласын әдепсіз, ат жылын тартып атқа мінген уақытта озбыр, ынсапсыз, мейірімсіз атансын, елдің наласына қалсын, заң бұзсын деп тәрбиелемейтіні белгілі.

Хакім Абай «Баламды медресеге біл деп бердім, қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім» дейді. Яғни, білімге үйрету басты құндылық болғанымен шен алу, атақ-даңққа құмарлық басты құндылық емес екенін айтады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осы жылы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда «Отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, нағыз маман болу, үнемшілдік, еңбекқорлық, ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттер бәрінен биік тұруға тиіс. Осындай ізгі қасиеттердің бәрін бойына сіңірген жанды Адал азамат деген бір ауыз сөзбен сипаттауға болады», — деп Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құратынын баса айтты.

Мәселен, статистикалық мәліметтерге сәйкес елімізде халықтың 99 %-дан астамы сауатты, ал интернет жүйесінен алынған кейбір мәлімет бойынша жұмыс істейтін азаматтардың 92,4 %-ның кәсіби білімі бар болса, олардың 40,5 %-да жоғары оқу орындарының дипломы бары көрсетілген.

Сонымен қатар, елімізде мемлекеттік қызметшілердің 93%-дан астамы жоғары білімді. 2017-2021 жылдар аралығында «Болашақ» халықаралық стипендиясы түлектерінің саны 6 %-ға, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын білім алғандар – 20 %-ға, шетелдік жоғары оқу орындарын аяқтаған қызметшілердің саны 2 есеге ұлғайған.
Десе де, жалпы қоғамның әр түрлі саласында еңбек етіп жүрген азаматтар арасында түрлі әкімшілік, қылмыстық, тәртіптік жауапкершілікке тартылғандар, сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін соттың айыптау үкімі шығып жатқандардың бар екенін жоққа шығара алмаймыз.

Сонда қоғамда еңбек етіп жүрген азаматтарда жоғары білімінің болуына қарамастан олардың арасынан әр түрлі заң бұзушылыққа баратындардың, мемлекеттік қызметшілердің ішінде әдеп кодексін сақтамайтындардың, сыбайлас жемқорлыққа жол беретіндердің кездесуі, білім қуатының адамды тәрбиелеудегі күшінің жеткіліксіздігінен болса керек.

Алаш зиялысы Әлихан Бөкейханның да «елге қызмет – білімнен емес мінезден» дейтіні осыған келіп саятындай.
Бүгінгі таңда жалпы республика бойынша мемлекеттік қызметшілер тарапынан әдеп нормаларын бұзу, әр түрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылу деректері азайып келе жатқаны қуантады. Мысалы, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің жанындағы Әдеп кеңесінде 2020 жылы 65, 2021 жылы 59, 2022 жылы 39 тәртіптік іс қаралып, әдеп нормаларын бұзу дерегі 2022 жылы 14 %-ға азайғанын. Ал, Әдеп кеңесінде қаралатын мәселелердің 50 %-ға жуығы профилактикалық сұрақтарға арналып отыр.

Осы орайда, мемлекеттік қызметшілер тарапынан заңнаманың, Әдеп кодексі нормаларының бұзылуына жол берілмеу үшін Агенттік профилактикалық жұмыстарды күшейтіп отырғанын айта кетуге болады. Оның ішінде Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясында, оның облыстардағы филиалдарында әдеп семинарларын ұйымдастыру қолға алынған. Бұдан бөлек Агенттіктің аумақтық департаменттері аудан, ауыл деңгейінде мемлекеттік қызметшілермен, қоғам белсенділерімен кездесулер өткізу шараларын тұрақты ұйымдастыруда.

Бүгінде мемлекеттік қызметте өз ісіне адал, әдептен озбайтын, отаншыл, сыбайлас жемқорлыққа ойы мен де, ісімен де қарсы азаматтардың көп екеніне күмәндануға болмас. Мәселе, сыбайлас жемқорлықтың мемлекеттік қызметшілер арасында кездесуін болдырмау және адалдық пен әділдіктің, қарапайымдылықтың негізгі құндылыққа айналуы үшін қандай идея, қандай қуат керек екендігінде. Тек қатаң жазалаумен мәселе шешілсе, жазаның ең ауыр түрі бар елдерде қылмыс болмаған болар ма еді?
Аталған сауал Шәкәрім Құдайбердіұлының «Үш анық» шығармасы мен шағын ғана «Ұждан» атты әңгімесін оқып отырғанда сананы мазалай бастады.

Расында күрделі сауал.

Шәкәрім «Үш анық» шығармасында ынсап, әділет, мейірім қосылып «ұжданды» құрайтынын айтады.
Егер осы ұжданды құрайтын үш ұғымға зер салсақ, ынсап – қанағатшылдықты көрсетсе, әділет – адалдық пен шыншылдықты, мейірім – адамға, еліңе деген сүйіспеншілікті бейнелейді.

Демек, ұждан адамның жасаған жақсылығы мен тигізген залалын тізіп тұратын, санадан өшпейтін ішкі дауыс, адамның өзгеден жасырғанымен өзіне әрдайым белгілі болып тұратын істері, әрекеті.

Алайда, ұжданға нана алмаған кісі өзінің жасаған қиянатының ізін білдірмеудің айласын тауып, өзін алдап өмір сүрмек керек.
Халық арасында «күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айрылу» деген теңеу бар, яғни ішкі дауыстың айқайы, оның істеген ісі үшін жоғарыда айтқан ұжданның мазалауы ретінде қабылдануы қажет.

Шәкәрімнің екі дүниеге де керекті іс ұждан дейтіні де осыдан.
Ойшылдың «Ұждан» дейтін әңгімесі арқылы бүтін бір қауымның ұйқысыздық дертіне шалдығып, оның емін табудағы ізденісін суреттеудегі шеберлігіне таң қалудан өзге амалың болмайды.
Бұл әңгімесінде ойшыл ұжданның адамға ұйқы бермейтінін, ұйқыдан айырылу дерті қаншалықты қиын екенін суреттей келе, ұждан мазалаған қауымның байы мен кедейінің ұйқысы қашып, тыныштығы кеткенін, ұйқысыздықтан өлетін болдым деген бай мен кедейдің арпалысын бейнелейді.

Тіпті ұйқысыздық дертінен бай ақылынан адасып, жынданып кетіпі, жинаған мал-мүлкін таратып бермекші екен деген әңгіме ел ішіне тарай бастайды.

Шәкәрім заң жазып, әркімнің не істейтінін, нені істемейтінін қағазға түсіру арқылы және халыққа сол заңды түсіндіріп, оқыту, заңмен өмір сүру нәтижесінде ғана адамға маза бермейтін ұжданның жалғыз емін табуға болатынын көрсетеді.
Заңмен өмір сүргенде ғана ұждан ұйқыңды бұзғанына қарамастан, қанша мазаласада – не жасасам да заң жолымен жасадым деп ұйқысыздық дертінен айғуға болатынын жазады.

Шағын әңгіменің арқауы болған ұждан адамды заңмен өмір сүруге бастайтын қуатқа айналып отыр.
Ел Президентінің «Байлық не керек, адалдан жимасаң, билік не керек, әділдік құрмасаң» деген халық даналығындағы мазмұнды сөзге тоқталуынан ұждан қуатын айтып отырғанын түсінуге болады.

ХХ ғасырдың алғашқы жартысында-ақ, Шәкәрім «Ұждан» әңгімесі арқылы артық байлық жинауға заңмен шектеу қойылғанын, әр адам малын сақтауға міндетті екенін, яғни меншік иесі болатынын, мүлікті мирасқорлықпен беру қажеттігін, ысырап қылу заңға қарсылық болатыны тамаша суреттейді.

Бұл әңгімеде ұжданның өмірді өзгертетін қуаты тереңнен айтылып отыр.
Ұждан жанның тілегі екеніне нанған кісі қиянат қылғанына қатты кейіп, жақсылық қылғанына жете қуанса керек. Ұжданға нана алмаған кісінің жүрегін ешбір ғылым, өнер, ешбір жол, заң тазарта алмайтынын айтқан ойшыл адам бойында сенімнің болуы ұжданға бастайтын жол ретінде көрінеді.

Адамның бойында ұждан оянбайынша заңның күші оның орындалуына толық мүмкіндік бермейтінін айтса керек.
Заңның қуаты және әдепке бастайтын жол – білім, ғылым, өнер ғана емес ұждан екенін тамаша бейнелеген Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармасының өзегін саралай келе, әр азамат өз ісінде ұжданға бағынып, ұжданның оянып түбінде адамға маза бермей ұйқысын ұрлайтынына иланса, әділет пен ынсап, мейрімді өміріне арқау етсе, саналы түрде заңның бұзылуына жол бермеген болар еді.

Заң қуаты, әділдік пен адалдықтың негізі – ұждан деген ой осыдан шығады!

Өркен Балажанов,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері
агенттігінің Түркістан облысы
бойынша департамент басшысы,
Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы

05 тамыз, 14:39
Түркістан: Қауіпсіздікті сақтау маңызды
01 тамыз, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
01 тамыз, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды
29 шiлде, 14:58
Әйгерім Исаева: Арнайы жасаққа жүрек жұтқан жауынгерлер қабылданады
29 шiлде, 13:40
Түркістан: Жарты жылдың ішінде қылмыс азайды
26 шiлде, 11:34
Мұхит Тұрғараев: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында үздіксіз жұмыс жүргіземіз
26 шiлде, 11:33
Мұхит Тұрғараев: Жарты жылда мыңнан астам қызмет көрсетілді
25 шiлде, 13:52
Діндер съезі толеранттылық пен тұрақтылыққа қызмет етеді