
Химия мен биология – күрделі пәндер. Сондықтан сабақ барынша түсінікті әрі қызықты өтуі тиіс. Осы екі пәнінің мұғалімі ретінде өзім пайдаланатын әдіс-тәсілдерге тоқталғым келеді.
Бүгінгі таңда білім берудегі Digital Transformation (цифрлық трансформация) және STEAM (Science, Technology, Engineering, Arts, Mathematics) сияқты әлемдік трендтерді пайдалана отырып, оқушылардың жаратылыстану-ғылыми пәндерге деген қызығушылығын арттыру және нәтижелі білім сапасына қол жеткізуге мүмкіндік бар.
Айталық, қазіргі қоғамда жаратылыстану-ғылыми білімнің, әсіресе биология мен химияның маңызы күннен-күнге артып келеді. Оқушыларды XXI ғасырдың сын-қатерлеріне дайындау үшін, мұғалім тек оқулықпен шектеліп қалмай, оқытудың жаңа, трендтегі әдіс-тәсілдерін қолдануы қажет. Өйткені оқушының білім сапасын арттыру – бағаны көтеру емес, функционалдық сауаттылығын қалыптастыру, ғылыми зерттеушілік дағдысын дамыту.

Мен әр сабағымда түрлі әдістерді қолдануға тырысамын. Мысалы, 8-сыныптың химия сабағында «Зат мөлшері. Моль» тақырыбын түсіндіру үшін ең алдымен IT құралдар арқылы, яғни тақырыптың теориялық бөлігін YouTube немесе BilimClass ресурстарынан оқуға тапсырамын.
Сабақ басында Quizizz арқылы тез тест өткізіп, оқушылардың білім деңгейін анықтаймын. Бұл шын мәнінде оқушылардың қызығушылығын тудырады.
Сондай-ақ оқушыларға тұз, су сияқты нақты заттардың молярлық массасын есептеп, таразыда өлшеу арқылы 1 моль заттың массасына сәйкестігін тексеруді ұсынамын. Осылайша оқулықтағы теория тәжірибемен ұштасады.
Ең соңында, тақырыптық есептерді жұппен шығарып, проблемалық жағдайларды талқылаймыз.

Биология сабағында да осы әдістерді қолдануға болады. Мысалы, 8-сыныптың биология сабағында «Жауынқұрт, сиыр және адамның ас қорыту жүйесінің құрылысы» тақырыбын түсіндіру төмендегідей жүзеге асады:
1. Оқушылар «Санамақ» әдісі арқылы өз топтарын табады.
2. Learningapps қосымшасындағы викториналық тестке жауап беру арқылы өз білімін тексереді.
3. «Миға шабуыл» шағын бейнефильм арқылы тақырыпты ашуға талпынады.
4. Кейс-стади тапсырмасын (топтық жұмыс) орындайды.
«Миыңның суретін сал» әдісі арқылы кері байланыс жасау ұсынылады.
Осылайша, оқушылар абстрактілі ұғымдарды (моль) «көзбен көріп, қолмен ұстайтын» тәжірибе арқылы түсінеді. Бұл олардың білімді терең меңгеруіне және есте ұзақ сақтауына септігін тигізеді.

Білім сапасын арттыру – үздіксіз процесс. Бүгінгі трендтегі әдіс-тәсілдерді тиімді қолдану арқылы біз:
• Оқушылардың сыни ойлау және креативтілік дағдыларын дамытамыз.
• Олардың жаратылыстану пәндеріне деген ішкі мотивациясын оятамыз.
Біздің мектеп оқушыларының болашақ ғылым және технология саласындағы кәсіби маман болуына жол ашатын, сапалы білім беру міндетіміз – әр ұстаздың басты мақсаты.
Сәуле Смайылова,
Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы
«Талдыбұлақ» негізгі орта мектебінің
химия және биология пәндері мұғалімі