Қызым, қайда барасың?

29 қантар 2017, 17:10

Қыз бала тәрбиесіне тек анасы ғана жауапты емес, бүкіл қоғам да жауапты. Бүгінде 12 жасар қыз балалар да жүкті болып қалуда. Сыртқа шықсаң, мәдениеттің төмен екенін байқайсың, ал ғаламторда адам ұялатын видеолар қаптап жүр. Осындай жағдайда біздің күшіміз бір болып қарсы тұруымыз қажет!

Қазақ қызының бейнесі

«Қыз — ұлттың ұяты, халықтың шырайы» деген сөз тегін айтылмаған. Қай ұлттың болмасын мінез-құлқын қыздарына қарап ажыратуға болады. Қазақ қызы өз ұлтының мінезіндей жайсаң, жайдары болған. Ал бүгінде мұндай қызды ілеуде біреу кезіктіресің. Тегінде қазақ қызын «барым» деп, «арым» деп қорғаған. Әрине, ұрпақ тәрбиесіне ата-ана жауапты. Мәселен, табиғат-анаға да күтіммен қараймыз. «Шыбықты қалай ексең, солай өседі» деген сөз бар. Сол секілді «тәрбие — тал бесіктен» демекші, бала сәттен болашаққа дұрыс бағдар беру керек. Қазақ елі ұлт болып қалыптасқаннан бері ешнәрсені бей-жәй қалдырмаған. Бүгінгі қоғамда қазақтардың шынымен де қазақ екенін сездіру үшін салт-дәстүріміз кеңінен насихатталу қажет.
Дана халқымыз сұлудың көркі шаш деп есептеген. Қазіргі қоғамда бұрымдылар некен-саяқ. Есесіне шашы жартылай тақыр нәзік жандыларды жиі жолықтырасың. Шаш тек сұлулық пен мәдениеттілік белгісі ғана емес, ол әйелдер қауымына берілген Алланың айрықша сыйы, сәні. Шолпы, шашбау, шаштеңге, шашқап — сол сый құрметке сай әр әйелдің әсем табиғатымен нәзік жаратылысына лайықталған қазақтың талғампаздық үлесі әрі ұлттық сыр-сипаты.
Білектей арқасында өрген бұрым,
Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын
Кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты,
Сұлу қыздың көріп пе ең мұндай түрін? — деп Абай атамыз да қазақтың нағыз сұлуларын жырға қосқан. Абай бабамыз тамсанып, өлең шығарып, келісті шумақтардың мазмұнына айналған қазақ қызы бүгінде өз істерінің мәнсіз, біздің қазақы болмысымызға жат екенін түсінсе екен.
Қыз баланың тәрбиесі ата-анаға да үлкен сын болған. Жүн түту, жіп иіру, шекпен тоқу, кесте тігу, құрақ құрау, оюлап киіз басу, кілем тоқу, арқан есу, көрпе көктеу тағы басқа өнерді қыздарына бөгде босағаға бармай тұрып-ақ үйреткен. Осылай еңбекке баулу арқылы отбасы алдындағы жауапкершілік сезімін дамытып, психологиялық жағынан даярлай бастаған.
Қазақтар әдетте елге келін болып түскен қыз өз елінің барлық жақсы қасиеттерін, рухани-моральдық құндылықтарын өзімен бірге ала келіп, табалдырығын аттаған босағасының игілігіне, қала берді қалың елге сіңірген. Бұл жақсы үрдіс бүкіл ұлттың бірлігіне, рухани болмысына игі ықпалын тигізген. Сондықтан да халқымыз қыздарына төрден орын беріп, қонақ деп еркелеткен, парасаттылыққа баулып, еркін өсірген. Ерке қыз, иманды әйел, қасиетті ана солардан шыққан. Қазақтың батыл қыздары, ақын қыздары, ақылды қыздары ұлтты тәрбиеледі. Пәрәнжі кимеген, сөйте тұра еркіндік пен есерліктің ара жігін ажырата білген парасатты, тапқыр, төзімді, өнерлі, шашын төбесіне түйіп жауға шапқан батыр қыздар қазақта болған.
Бала тәрбиесi — игiлiктi iс. «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімділікке тәрбиелеуде отбасы мен педагогтар шешуші рөл атқаратыны белгілі.
Бүгінгі ұл — ертеңгі әке, ол әкеге қарап өседі. Бүгінгі қыз — ертеңгі ана, ол шешеге қарап өсіп, бой түзейді. Балаға білім, тәрбие беруде басты тұлға ұстаз болса, оны жалғастырушы, демеуші — ата-ана және қоғам. Мектеп өмірі, оқушы тұлғасын әлеуметтендіру проблемасы әріптестік педагогиканы талап етеді. Және мектеп пен ата-ана, қоғам бірлескен кезде ғана тәрбие үрдісі өз жемісін нәтижелі бере бас-тайды. Қоғамдық тәрбие жанұядан басталады. Бала тәрбиесі жалғыз мектептің проблемасы болмауы керек. Оған ата-аналар да, қоғамның әрбір мүшесі де бірігіп атсалысуы қажет. «Бала — басты байлығымыз. Ертеңгі ана, бүгінгі қыздарымызды тәрбиелеу ананың және барша қауымның міндеті. Халқымыз «Қызға қырық үйден тыю, қала берсе қара күңнен тыю» деген мақалға қаншама философиялық ой сыйғызған. Яғни қыз бала тәрбиесіне тек анасы ғана жауапты емес, бүкіл қоғам да жауапты. Қыз баланы құрметтеу, олардың алдында дөрекі сөйлемей, ізетті болу — халқымыздың игі дәстүрлерінің бірі. Ал қазіргі заманда бала тәрбиесіне ана ғана емес, радио мен теледидар, газет-журнал, кітаптар мен кинолар, барлар мен дискотекалар жан-жақты әсер етуде. Бұл тәрбиенің жағымды да жағымсыз жақтары толып жатыр. Ата-аналары күн ұзақ жұмыста, бала тәрбиесіне бөлінетін уақыт күннен-күнге азайып барады. Сондықтан қыздарымыз өзімен-өзі қалып бара жатқан жайы бар. Қазақ халқы бала тәрбиесіне өте көп көңіл бөлген. Баланың ана құрсағында пайда болуына, оның өмірге келуіне, оның алғашқы қадамына, алғаш атқа отыруына, алғаш жолға шығуына арналған жеке-жеке әдет-ғұрып, жол-жоралғылар бар. Халқымыз сонымен қатар бала тәрбиесіндегі ананың рөлін өте жоғары бағалаған. Тіліміздің өзін ана тілі деп атауы аналарға көп жүк артады. Аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін көрсетеді.

Қыз бала — ертеңгі ардақты ана

Ана — барлық өмірдің бастауы. Ол адамды өмірге әкеліп, адамды адам етіп тәрбиелейді. Сондықтан ертеңгі ана, бүгінгі қыздарымызды тәрбиелеу — ананың және барша қауым-ның міндеті. Қыз баланы халқымыз ерекше мәпелеп өсірген, оған дөрекі сөз сөйлемеген. Жиын-тойларда әр уақытта сыйлы орынға отырғызған. Жаңа келін болып түскен жеңгелері де қайын сіңлілерін атымен атамай «Еркежан», «Шырайлым» деп еркелеткен. «Қыз өссе — елдің көркі, гүл өссе — жердің көркі» дегендей, барынша қамқорлық жасаған.
Қызды тәрбиелеу — ең маңызды мәселе. Қазақ қыздары ғасырлар бойы осындай отбасылық тәрбиемен өсті. Олардың отбасынан алған бар тәрбиесі жақсы келін болу ғана еді. Одан өзге ешқандай мамандықтары болған жоқ. Жан-жақты білім беретін, әртүрлі мамандықтарға үйрететін, өз бойындағы өнерін өрістететін мемлекеттік тәрбие алуға қазақ қыздарының қолы XX ғасырдың орта кезінде ғана жетті. Ұлттық сана-сезімге сіңіп, арғы тегімізден келе жатқан адами қасиеттерімізді жойып алмауды қажет етеді. Қазақ халқы ежелден келе жатқан мәдени мұрасымен тәрбиелік мәні зор салт-дәстүрін жалғастырып келеді. Осы байлықты нарықтық заманда қалыптастырып, ұлттық қасиетін жоймау керек. Ең басты мәселе — адам тәрбиесі, оның қоғамдағы алатын орны. «Орта түзер ойыңды, ойың түзер бойыңды» деп Абай атамыз айтқандай, мемлекеттік тұрғыда назар аударуды қажет ететін ұлттық сана-сезім, тәрбие бар. Осы орайда болашақ сүйікті жар, ардақты ана — қыз баланың алар орны ерекше екенін ұмытпайық!

Жадыра Мұсабай

16 шiлде, 11:51
Құнанбай Мұсаев: Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, қамай беру емес
15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде
05 шiлде, 14:06
Түркістан: Төлеби ауданында профилактикалық іс-шаралар басталды