Ұсынысым ылғи аяқсыз қалады

18 қазан 2019, 15:12

Қоғам белсендісі – «Табиғат» экологиялық одағының жетекшісі Мэлс Елеусізов күні кеше «Жасылдар» партиясын құратыны туралы мәлімдеген еді. Бұған себеп – экологияны жақсартуға билік тарапынан ешқандай талпыныстың жоқтығы мен экологиялық заңның әлсіздігі көрінеді. Осы орайда біз табиғат жанашырымен сұхбаттастық.

Jas qazaq: Мэлс аға, қоршаған ортаны қорғауға сіздің ұдайы алаңдап жүретініңізді жұрт жақсы біледі. Ал партия құруыңызға не түрткі болды? Бұл бастама күйінде қалып қоймай ма?
М.Елеусізов: Менің «Табиғат» жасылдар партиясын құрамын деуімнің арғы жағында үлкен мәселе тұр. Бізде заң дұрыс шықпайды. Парламентте партиялардың монополиясы орнаған. Сол үшін парламенттің ішінде заңды түрде қарсылық көрсететін партия болу керек. Саясатсыз, партиясыз ешқашан ештеңе істей алмаймыз. Партия құру арқылы ғана мақсатқа жетуге болады. Бастама аяқсыз қалмайды.
Jas qazaq: Партия құрдыңыз делік. Әрі қарай…
М.Елеусізов: Бірінші кезекте жеке ұсыныстарымыз бен жоспарларымызды іске асыруға жол ашылады. Біз халықпен бірлесе отырып, біраз тірлік бітіре аламыз. Жеке жүріп ештеңе істей алмайсың. Бірақ партияға мүшелікке адам тарту да оңай емес. Ол үшін адамдардың санасын ояту керек.Табиғатты қорғаудың қаншалықты қажеттігін түсіндірген жөн. «Табиғат» экологиялық одағының партияға айналуы үшін кемі қырық мың қолдаушы табу қажет. Қалай десек те, табиғатты қорғауға әйтеуір біреулер атсалысуы керек қой.
Jas qazaq: Мэлс Хамзаұлы, жақында бір сұхбатыңызда «Қазір қимылдамасақ, қырылып, жойыламыз» деп жұртты шошытып қойдыңыз. Шын мәнінде, сіз қандай апатты айтып отырсыз, оған еліміздің қаншалықты қатысы бар?
М.Елеусізов: Жер шары дөңгелек. Жердің бетінде қазақ деген ұлт тарихта таңбаланған. Демек, біз әлемнің қай бұрышында зауал болса да, соның зардабын түбі тартамыз. Ештеңеден шет қала алмаймыз. Сондықтан мұны кеңірек қарау керек. Мәселен, ғалымдар күннің жылынуы мен мұздақтардың еруі жыл сайын үдеп барады деп отыр. 9 рет дүниежүзілік саммитте болғанда да ауа райы қатты өзгеріп бара жатқаны айтылды. Жер шарының қызуы жарты градусқа көтерілді. Қазақстан одан шетте қалмайды. Ол көзге көрінбегенімен, бізде байқалып жатыр. Апат көбейді.
Jas qazaq: Біз табиғатты қорғауға қатысты көптеген халықаралық ұйымдарға мүше болдық, бағалы құжаттарға қол қойдық. Қазір сол талаптарды қаншалықты орындап жатырмыз?
М.Елеусізов: Ештеңені де орындаған жоқпыз.Сөзден басқа ештеңе жоқ қазірге дейін. «Табиғат» одағы көп ұсыныстар берді. Президенттің өзіне бердік. Ол кісі тапсырма береді, төмендегілер оған еш көңіл бөлмейді.
Jas qazaq: Мысал үшін айтыңызшы, қандай ұсыныстар?
М.Елеусізов: Мен осы шаруамен айналысқаныма 30 жыл болды. Жаманқұм деген бар осында. Қалдық су жиналатын қойма. Сол кетіп қалды. Үлкен апат болды. Ешкім қараған жоқ. 13 адам қаза тапты. Екі көпірді алып кетті. Одан да көп қырылатын еді, бірақ пойыз машинисі соны көріп, пойызды тоқтатқан. Әйтпесе сүңгіп кетсе, онда түк қалмас еді. Қасында Сорбұлақ деген көл тұр, сондай. Ол кетіп қалса, екі ауданды түгел алып кетеді.
Jas qazaq: Қазір судың деңгейі қандай?
М.Елеусізов: Сол, бірқалыпты тұр. Мен болмағанда баяғыда кетер еді. Мен сол маңда канал салуды айтқанмын. Бірақ олар басқаша әрекет етіп жатыр.
Jas qazaq: Сонда қалай? Су деңгейін қалай ұстап тұр?
М.Елеусізов: Ол жерге жазды су жіберілмейді. Ілеге тастайды. Сол жерде жасаған үш су қоймасына жинайды. Жер суғаруға алынып жатыр. Бірақ онымен суғаруға болмайды. Ол сумен адам жемейтін, «техникалық культура» дейді, соны ғана суғаруға болады. Ағаш суғаруға болады дегендей…
Jas qazaq: Егістікті суғарып жатқан жоқ қой…
М.Елеусізов: Неге? Суғарып жатыр. Қыстың күнгі су ғана Сорбұлаққа жиналады. Оң жағындағы каналмен жіберілсе, құбырлар қатып қалуы мүмкін.
Jas qazaq: Су лас болса да сүзгіден өткізіп, қайта пайдалану мүмкіндігі жоқ па?
М.Елеусізов: Мен ол мәселені де көтергенмін. Ешқайсысы орындалған жоқ. Бәрін жасап, бәрін бердік. Қазірге дейін сондай. Мен ағай көтеремін. Ақша бөлінеді. Оны талап кетеді. Қазір бөгет салып жатыр. Оның ешқандай пайдасы жоқ. Сорбұлақтан Күрті қоймасына дейін 15 шақырым. Сорбұлақтың да, Күртінің асты да құм. Су деген ақырын-ақырын ана жақтан шығып жатыр. Ол жерде жер сілкінуге мүмкіншілік бар. 9 балға дейін барады. Бөгет сәл шытынап кетсе, бітті.
Jas qazaq: Қазір елімізде қоршаған ортаны қорғаймыз деп ұрандатып жүргендер көбейді. Көкжайлаудың да жолын кестік. Табиғатты қорғау қып-қызыл бизнеске айналды деген пікірлер де айтылып қалады. Осыған қосыласыз ба?
М.Елеусізов: Әрине, мұның арғы жағында ащы шындық барын айтуымыз керек. Ондай бар. Мәселені шешейін деген ой жоқ. Ақша табуға келгенде басқаша. Көкжайлауды шығарып алды. Жай ғана ақша табу үшін. Ол жерде 300 жер телімі бар. Енді соны алу керек қой байлар. Екі жағынан, қоршап қойса, ешкім бара алмайды.
Қазір елімізде 300-ден аса түрлі ұйым мен қозғалыс өзін табиғат қорғаушылармыз деп есептейді. Бірақ бірде біреуінің жанталасып жүргенін көрмедім. Сөзден басқа ештеңе жоқ. Біз ғана үлкен-үлкен ұсыныстармен шықтық. Айталық, Көкжайлау бізден шыққан мәселе. Біз жоба жасағанбыз. Қазір Ыстықкөлге көп адам барады ғой. Жазда 10 сағат автобустың ішінде қайнап барады. Сондықтан біз таудың үстімен жүретін аспалы жол салуды айтқанбыз. Тура Шолпан Атаға дейін. Біздің жақта және Қырғызстан жағында асуда шаңғы курортын жасауға болады. Ол шетел туристері келетін нағыз қақпа болар еді. Одан әрі басқа көрші елдерге барады. Туристер осындайға қызығады. Жалғыз Қазақстан оларға қызық емес. Орталық Азия қызық, бір дегенде бәрін аралап шыққысы келеді. Еуропалықтар сондайға үйренген. Сондайға жол ашпақшы болдық. Президент тапсырма берді. Оны ешкім орындаған жоқ.
Үкімет көмектеспеген соң, табиғат қорғаушылар да қаражат көзін іздейді. Кейбіреуін халықаралық ұйымдар қаржыландырады. Қаттырақ сөйлегендерге ештеңе бермейді.
Jas qazaq: Табиғат қорғауға атсалысып жүргеніңізге отыз жыл болыпты. Тәжірибеңіз мол, тиісті шешім қабылдай аласыз. Құзырлы орындар сізді шақырып, ақылдасып отырмай ма?
М.Елеусізов: Қайдан…қайта олар менен қашып жүреді. Менің ұсыныстарым мен жоспарларым нақты. Ал жоғарыдағыларға ондай нәрсенің қажеті жоқ. Тіпті олардың неге бүйтетінін түсінбеймін. Меніңше, бәрі көреалмаушылықтан туындайды.
Jas qazaq: Елімізде қоршаған ортаға қатысты проблема көп десеңізші…
М.Елеусізов: Енді болашақта сусыз қалуымыз мүмкін. Су тапшылығы қатты сезіле бастады. Шөлейт жерлер соңғы 10 шақты жылда 4 есе көбейді. Қазақстанда мұздақтардың 44 пайыз еріп кетті. Елімізде 100 млн тонна тұрмыстық қатты қалдық жиналған. Оның тек 20 пайызы ғана қайта өңдеуден өтеді. Осыдан кейін ойланып көріңіз…
Jas qazaq: Экологиялық жағынан нашар аймақтар мен қалалар туралы не айтар едіңіз?
М.Елеусізов: Барлық қаламыз таза болып тұрған жоқ. Алматының жағдайы өте жаман. Өскемен бұрынғы заманнан келе жатыр. Астананың өзінде адам дем ала алмай кетті. Бұрын жел соғып тұратын, қазір ол да жоқ. Парламентте экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті деген бар. Бірақ оның дауысы естілмейді.Сол үшін партия керек. Саясаттағы монополия бәрін құртады.
Jas qazaq: Кезінде қатты қалдықтармен күрес жүргіздіңіз. Бұл бастаманың соңы қалай аяқталды?
М.Елеусізов: Қиратып тастады ғой. Біздің ұсынысымыз керемет ұсыныс болды. Дүниежүзінде жоқ зат. Қазірге дейін бізден озып кеткен жан жоқ. Кейбір ұсақ-түйек әкімдерге, сонда істеп жүрген адамдарға қоқыс керек қой. Одан пайда тауып отыр. Еш қиындығы жоқ. Келген машинеге ақша төлейді де кетеді. Ақша деген саналмайды. Көп ақша.
Қазір Алматының төңірегенде 9 ірі полигон орналасқан. Былайша айтқанда, қоқыстың ішінде көп зат бар. 40-тан астам құнды зат кездеседі. Мен бұл мәселені 20 жылдан бері білемін. Қоқыс зиян. Сондықтан оны өңдеу керек.
Jas qazaq: Алматыда қоқыс өңдеу зауыты салынып еді ғой…
М.Елеусізов: Ашылды да, құрыды ғой. Ол жай ақшаны айналдыру ғой. Одан ешқандай пайда болмады.
Jas qazaq: Осыған байланысты тиісті мекемелерге нақты ұсыныспен шығып көрдіңіз?
М.Елеусізов: Мен хат жазған, барған жерімді санап тауыса алмаймын. Отыз жылдағы ойларымды әлі күнге іске асыра алмай жүрмін. Жоғарыдағылар тек өз жоспарларымен ғана әрекет етуге дағдыланған.
Jas qazaq: Табиғатты қорғауда қандай отбасылық үлгі көрсете алдыңыз?
М.Елеусізов: Табиғатты қорғау керектігін менен көп айтқан адам жоқ. Бірақ қабылдамайды. Сіресіп қалған нәрсе. Партия құра алсақ қана тыңдата аламыз. Қазіргі Президентіміздің айтқандарын тыңдап жүрмін. Дұрыс бағыттар бар. Тапсырма берсе, орындауға әзірміз.

Сұхбаттасқан
Жолдасбек ДУАНАБАЙ

Бүгін, 11:51
Құнанбай Мұсаев: Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, қамай беру емес
15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде
05 шiлде, 14:06
Түркістан: Төлеби ауданында профилактикалық іс-шаралар басталды