jasqazaq.kz

Үш отбасы — бір үйде

25 қантар 2019, 11:19

Күнгейден солтүстікке көшіп барған жұрттың басында шешімін таппаған мәселе көп. «Баспана алып, жеке шаруашылықтарының рахатын көреміз» деп армандаған қарапайым тұрғындардың бір бөлігі қазіргі тұрмыстарына көңілі толмайды. Шенеуніктердің үйіп-төккен уәдесіне сеніп, туып-өскен ауылын тастап, ойланбастан теріскейге қоныс аударған ағайын үкілі үміттерін ақтамағандарға ашынып отыр. Бұрынғы тіршілігін жақсы өмірмен алмастырамыз дегендер, тіпті тұрақты жұмыс та таба алмай қалған. Көштің басын кері бұруға қаражат кемшін дегендей. Жергілікті әкім-қаралар болса, түйткілді шешудің орнына олардың кейбірін «жалқау, жатыпішер» деп кінәлайтын көрінеді.

Токаревка – Солтүстік Қазақстан облысының орталығынан 70 шақырым жерде орналасқан шағын ауыл. Жергілікті 126 адамның 27-сі оңтүстіктен көшіп келген. Мұнда мектеп жоқ. Балалар аудан орталығындағы интернатта жатып оқиды. Жұрт осыған да шүкір деседі. Әйтпесе, 2 үйді паналаған 3 отбасының сыймайтын түрі бар. Бұл туралы ауыл тұрғыны Тілек Төлепов былай дейді: «Үш отбасындағы 10 адам бір үйде тұрамыз. Баспана Сағындықов деген азаматтың атында. Біз жұмыстан шығатын болсақ, бұл үйден де шығарып жібереді. Біздің атымызда үй жоқ. Бұл мәселені айта-айта шаршадым. Қойдым сосын…».
Тілек Төлеповтің отбасы картоп өсірген. Бірақ одан жарытып пайда көрмепті. Әйелі – сауыншы. Жазда сүт мол болған кездері 60 мың теңгеге дейін табыс тауып отырған. Қазір қолына тиетіні – айына 5 мың теңге. Қоныс аударғанда жаңа жерде тұрмысымыз оңалар деп ойлағаны анық. Олай болмай шықты.
Тағы бір тұрғын Әзиз Көшербаевтың да айтары бар: «Халықты жинайды, түсініктеме жүргізеді. Бізде барлығы жақсы, біздің жаққа келіңіздер. Сіздерге барлық жағдай жасалады. Өзіміз күтіп аламыз деген жылы сөз айтылады. Іс жүзінде бәрі басқаша».
Осы мәселеге қатысты түсініктеме берген Мамлют ауданы әкімінің орынбасары Алмагүл Рамазанова «Біз барлық жағдай жасауға тырысамыз. Мемлекеттің тиісті субсидиясы толық берілді. Олар әбден дайынға үйреніп алған. Жатып ішер деуге болады. Шынымды айтсам, өздері жәй жүрмей шу шығарып жүреді», – деп ақталды. Мұнысы ағайынның басындағы қиыншылықты бөлісу емес, айыптау көрінді.
Көші-қонға жауаптылар солтүстікке дәрігер, мұғалім, механизатор сияқты мамандығы бар азаматтарды шақыратынын айтады. Ал қоныс аударушылардың көбінің арнайы білімі жоқ. Мойнында несиесі бар. Сондықтан әр адамға 85 мың теңгеден берілген субсидияны бірден жұмсап қойыпты. Мемлекеттік бағдарлама бойынша теріскейге 3 жылда 2700 адам қоныс аударған. Енді жұрттың жағдайын саралаудан өткізіп, оларға тиісті көмек көрсетудің барысын қадағалағаны жөн-ау.

Айзат Тұрғынбекқызы,
Солтүстік Қазақстан облысы

31 қазан, 14:42
Түркістанда өңдеу өнеркәсібі жаңа деңгейге көтерілді
31 қазан, 12:49
Жанар Жазылтаева: Жаңа Салық кодексі салық салу жүйесін жеңілдетуге бағытталған
30 қазан, 15:25
Меруерт Ибраева: Қазақстан индустриясы жасанды интеллект дәуіріне қадам басты
30 қазан, 15:09
Қанат Қайыпбек: Жаңа Салық кодексі Түркістан кәсіпкерлеріне оңтайлы жеңілдіктер ұсынады
30 қазан, 11:54
АҚШ пен Венесуэла: соғыс бола ма, болмай ма?
29 қазан, 19:25
Инженерлік инфрақұрылым - игіліктің бастауы
29 қазан, 13:36
Қанат Мұсаев: Агроөндірістегі басты мәселе – өнімді өткізу
29 қазан, 12:25
Суомимен стратегиялық деңгейдегі серіктестік
28 қазан, 13:58
Мақсат Халық: Қаржы сауаты қыруар шығыннан қорғайды