Үрейлі үш күн

18 қараша 2022, 12:10

(Соңы. Басы өткен санда)

«Білесің ғой, Ерімбет, мен шешесіз өстім. Ана махаббаты дегенді сезінбей келген адаммын. Қалай ажалдан аман қалғанымды да білесің. Бір кездегі еліміздің астанасында жойқын жер сілкінісі болды ғой. Ауыр зілзаладан қаншама үй қирап, қаншама адам опат болды. Біздің баспана кірпіштен қаланған, үстінде бетон плиталар жабылған, үлкен, жер үй болыпты. Соның өзі қара жер тулағанда бұрыш-бұрышы, дөдегесі морт кетіп, суырылып түскен ауыр плиталар шешем байғұсты басып қалыпты. Сонда бар-жоғы жиырма үштегі келіншек. Зілзаладан кейін құтқарушылар үйінділерді аршып, құлаған, қаусаған үй-үйді тінтіп, шалажансар жатса да, тірі адам бар ма деп қарап келе жатқанда біреуі тар қуыстан адамның денесін көріп, тірі ме, жоқ па деп қолын салып жіберсе, бір келіншек жатыр дейді, денесі суып кеткен. Әйткенмен екі жақтап сүймен салып, плитаны сырғыта итеріп, мәйітті көрсе, жатысы ерсі екен дейді. Сәждеге жығылғандай тізерлеп, маңдайын жерге қойған мәйіттің екі қолы екі бүйірін жауып тұрған. Құлаған плита бас сүйегін жаншып, омыртқасын үзіп жіберген секілді. Қой, өлер адам өлді, уақыт тығыз, тірілерді тауып алайық деп құтқарушылар ауыр плитаны еппен жатқызып, ары қарай кетіп қалады. Десе де, әлгі топ ішіндегі бір жігіт екі ойлы болып, әлде әуестік бар, әлде басқа пиғылмен, әлде жүрегі сезді, кім біледі, қалай болса да, құдыреттің күшімен қайта оралып, өлген келіншектің қасына келіпті. Тізерлеп отыра қалып, әлгі қуыстан басын сұғып, бүк түсіп жатқан мәйіттің қатып қалған шынтағының тұсынан қолын салып жіберіп тінте бастайды. Кенет қобалжый ентігіп, қуыстан басын, қолын шығарып, әудемжер кетіп қалған топқа айғай салыпты, «әй, қайтыңдар, мұнда сәби бала бар» деп. Құтқарушы топ үйге келіп, мәйіттің үстіндегі плитаны алып, сынық пен үйіндіні тазалап, аршып алса, тізерлей бүк түсіп жатқан мәйіттің қойнында, дәл кіндігінің астында жатыр дейді. Оралған, құндақталған қалпында. Сөйтіп әлгі жас келіншек балам аман қалсын деп өзін құрбан қылыпты. Үй құлағанда бүк түсіп, тізерлеп, баланы бауырына алып жата қалған ғой. Жігіттер нәрестені қолға алғанда, пысылдап ұйықтап жатыр дейді».
«Сол бала сенсің…»
«Иә, сол бала мен екенмін, Ерімбет».
«Е, білем ғой, сен бұл жайтты еске алғанды ұната бермейтін едің ғой».
«Еске алып отырғаным… Еске алып отырғаным, шешесіз өссем де, ана махаббатын сезінбей келсем де, мені жарық дүниеге әкелген анамның осы қайратын, өзін құрбан етіп, баланы аман алып қалған елеусіз ғана ерлігін, жер тулаған сәтте саспай, сасқалақтамай, балам аман қалсын деп жанұшыра тапқан амалын көз алдыма елестеттім ғой. Талай мәрте. Ананың балаға деген сезімінің күштілігіне тәнті болып, тамағыма өксік тығылып, көзіме жас келіп, тәлейіме қайран қалушы едім. Құданың құдыреті. Көзін көрмесем де, бейшара анам өмір бойы маған идеал болып келді. Қарап тұрсам, ана деген өмір беруші, тіршілікті жалғастырушы жан ғой. Ана болу – өзіңнің қалауыңды құрбан етіп, сол балаға бәрін беріп, өміріңді соған арнау екен ғой. Менің шешем өмірін мені бағып-қағуға арнай алмаса да, өзін құрбан етіп жанымды аман алып қалды. Оның ерлігін істей алам ба, мені өмірге әкелген сол шешемдей бола алам ба деп өмір бойы ойланып келіппін. Міне, отыздың бесеуінен астым, әлі сол сауалыма жауап таба алмаппын».
«Қысқасы…»

«Қысқасы, мен осы екі-үш күн әбден ойланып, алдырмауға бекіндім. Құдырет бізге жан иесін сыйлады, әкелуге міндеттімін. Дәрігерлер не десе, о десін…»
«Не деп тұрсың сен?! Өзің жаман ауруға кезігіп тұрсаң да, баланы өмірге әкелмексің бе? Жындысың ба сен?! Кісі әуелі өзін ойлау керек, ал сенікі не? Өлем деген сөзің бе бұл? Алдымен өзің жақсылап емделіп алшы, қазіргі заманда лейкемия жазылмайтын дерт емес қой. Дәрігерлер бала дәрінің уына шыдамай өліп кетеді десе, алдырып таста. Қылмыс емес қой ол. Құдай денге саулық берсе, бала әкелерсің тағы. Сен, Хауа, бұлай сыңар езулегеніңді қой!»
«Саған бала керек емес пе?» деді Хауа Ерімбетке қарап.
«Сенің басыңды жұтып өмірге келген бала керек емес. Сен, қияли қатын, бұл ниетіңнен қайт. Не деп басты қатырып тұрсың».
Хауа үнсіз күлді.
«Ереке, ашуыңды бас».
«Баспаймын. Енді бұл сөзіңді естімейтін болайын».
«Мақұл» деді Хауа жымиып.
Екеуі енді паркті үнсіз аралап кетті. Бие сауым уақыттан соң орта бойлы, дөңгелек жүзді, етжеңді күйеуінің жып-жылы қолынан ұстаған Хауа тағы сөйлеп кетті:
«Ереке, ағайыны жоқ, жалғыз жігіт, ештеңесі жоқ, салт жігіт дегенді елемей, әкемнің қарсы болғанына қарамай, етегіңнен ұстап едім. Қателеспедім. Ұшпаққа шықпасақ та, сенімен бақытты ғұмыр кештім деп ойлаймын. Үлде мен мүлдеге малынбадым, элитаға ұқсап әуедегі дрон-үйде тұрмадым, эко-тағам жемедім, бірақ адамның бұл дүниедегі бар аңсары сол ма? Әрине, жоқ. Саған өкпем жоқ, Ереке. Жас кезіңдегі кейбір қылықтарыңды да кешірдім. Мені жылатқан күндеріңді де кешірдім. Сол кезде-ақ кешіргенмін, өзің білесің. Кешіре алсақ, бойымыз жеңілейіп қалады ғой, жүрегіміз тазарып қалады ғой. Ал сәбиді дүниеге әкелу керек. Өзі берген құдырет өзі жеткізер. Иттің иесі болса, бөрінің тәңірісі бар деген. Маңдайына жазылған ғұмыры да бар шығар».

Үрейлі үш күннен кейін ұйқысы бұзылып, асқа тәбеті жоғалған, салы суға кетіп, еңсесі түскен Ерімбет тағы да махалла жандармериясына келді. Ли жандарм орнынан тұрып, жымиып қарсы алды.
«Иә, Ерімбет мырза, көңіл күйіңіз қалай?»
«Бізде қандай көңіл күй болушы еді, әлде әдейі сұрайсыз ба. Үш түн ұйықтамай шықтым. Самай шашым ағарып кетіпті осы үш түнде. Кісінің жанын аларда әзірейіл бұлай қинамас».
«Кешірім сұраймын, Ерімбет мырза. Артынан ойласам, расында да, сізге ауырлау шарт қойыппын. Артықтау кетіппін, кешірім етіңіз».
Ерімбет басын көтеріп, көзіне тура қарап, жандармды танымай қалды. Осыдан үш күн бұрынғы Сұлтан емес, сөзі майда, мінезі жұмсақ. Япыр-ау, бұл бәле тағы не ойлап тапты екен, артына сақтаған сыры бар ма, әлде төбеден тастап жіберер зілі бар ма, деп ойлады Ерімбет.
«Ғафу етіңіз. Сізден бір нәрсе сұрасам бола ма?» деді Сұлтан Ли.
«Сұраңыз».
«Әйеліңіздің аты-жөні кім еді?»
«Хауа».
«Толық аты-жөні?»
«Хауа Ермұратқызы».
«Ол кісі үшінші жер-жаһан соғысында осы мегаполистің түбіндегі NN геттода кім болып істеп еді?»
«Мейірбике болды-ау, білуімше».
«Қайтыс болғанына екі жыл болды, иә?»
«Иә».
«Мен өтініш жазып қауіпсіздік комитетінің архивінен осы геттоға қатысты бірталай құжаттардың көшірмесін алдым», – деді Сұлтан түрегеп тұрған қалпы үстелінің тартпасынан жуан-жуан бірнеше пәпкіні суырып алып жатып. – Кеше ғана қолыма тиді. Хауа Ермұратқызы туралы да сұрау жасатқан едім. Бағыма қарай, ол кісінің жеке ісі сары майдай сақтаулы тұр».
«Бәйбішемнің дүниеден өткеніне екі жыл. – деді Ерімбет еденге қарап отырып қажыған, шаршаңқы үнмен. – Баламыздың сот шешімімен, Корпорацияға, ой, әлгі… Қоғам үйіне тәрбиеге алынуына оның еш қатысы жоқ қой. Қайта, көзі тірі болғанда ол бейшара бұл қиянатқа төзбес еді».
«Жоқ, мен басқа мәселе бойынша хабарласып едім, Ереке».
Ереке? Мына бала қазақ дәстүрімен Ерекеге көшті, бір тықыр таянып тұр-ау, деп ойлады Ерімбет.
«Хауа жеңгеміз геттоға қамалған, сонда резервацияда өмір сүрген біраз адаммен байланыста болыпты» деді Ли. Орнына отырып, үстел үстіндегі әлдебір жуан, сұр папканы алып ақтара бастады:
«Міне, фотосуреті де бар екен апайдың. Орынсыздау болса да, сізге бір сұрақ қояйыншы, жеңгеміз неден қайтыс болды?»
«Жаман аурудан».
«Одан емделуге болмады ма екен, қазіргі медицинада неше түрлі әдіс бар, жаңа аппарат бар дегендей…»
«Әрине, болар еді, бірақ ол баламыздың дүниеге келгенін қалады. Ұлды дүниеге келтірмесе, технологияның түр-түрі бар, емдейміз депті дәрігер. Хауа, бірақ ол жолдан бас тартты».
Сұлтан Ли орнынан тұрып кетті. Жасыл көзі жалт етіп, өңі күреңітіп бірер сәт тұрды.
«Ғажап, ғажап! Ол кісі осындай шешім қабылдады ма?!»
Ерімбет Лидің жүзіне осының есі дұрыс па дегендей аңырайып бір қарады да қойды. Жауап бергісі келмеді.
«Мұндай да болады екен-ау!..»
«Қалай десе болады, – деді Ерімбет ауыр күрсініп. – дәрігерлер екінің бірі деп шарт қойғанда Хауа сәбиді дүниеге әкелем деп шешім қабылдады. Ұрыстым есің дұрыс па деп. Қойсаңшы, баланың қылығын істемей деп. Маған сенің амандығың керек, нәрестені әкеліп, өзің кетіп қалсаң, ол жетімге қалай қараймын мен деп. Ерімбет, деді сонда. Ерімбет, мен іштегі баладан бас тартып, жаман аурудан құтылсам деп қанша емделсем де, одан құлантаза жазылып кететініме ешкім кепіл бола алмайды. Ол – бір. Екінші, емделіп шықтым дейін, жақсы, содан кейін бала көтере алам ба, жоқ па, тағы кепілдік жоқ. Бір мәрте бала берген құдырет екінші рет бере ме, мойынға бұршақ салып, зар илеп тілеп алған баланы алдыртып тастасам? Баласыз өткен ғұмыр бақытты ғұмыр деп айта алмас едім өз басым. Оның үстіне іштегі шарана – ұл екен, Ерімбет. Соғыстан кейін селдіреп қалған біз секілді азғана жұрт жер бетінен құрып кетпесін десек, бізге ұл бала керек. Ұрпақ керек. Атың өшкір жаһан соғысынан соң өрттен кейінгі жас бұтадай селдіреп қалдық. Жұртымыз жер бетінен көшпесін десек… Хауа, дедім мен шыдай алмай, басымыз жас, қартайып тұрғамыз жоқ, бірдемесі болар, содан соң… кім айтты саған ұрпақсыз өмір бақытсыз өмір деп. Мүлдем олай емес. Ол сөзіңнің де жаны бар шығар, деді Хауа, бірақ менің жағдайымда өзімді құрбан қылғаным – ең дұрыс шешім. Құрық тастап, ажал шіркін бәрібір қоймайын деп тұр. Мені таңдап тұр. Қазір құрықтан құтылсам, ертең қылша мойынға сарт еткізіп қайта салуы мүмкін. Таңдағаны мен екенмін, алса, алсын, солай-ақ болсын… Тағдыр деген осы емес пе, Ерімбет. Кешегі алапат соғыста қаза тапқан боздақтардан, резервацияда аштықтан өлген жас балалардан жаным артық па, басым ардақты ма. Жазмыштан озмыш жоқ. Мұны… санам түйсініп, жүрегім сезіп тұр. Тұла бойыммен сеземін. Бірақ жүрегімде қорқыныш жоқ. Үрей жоқ. Білемін, құдыреттің өзі тағдырды сызып береді. Біз оның сырын ұға алмаспыз. Ақыреттің бары рас болса, таңда махшарда жүздесерміз. Сүреміз бірге сонда. Бір ғана әттең-ай бар, ол – ұлымның жетім өсуі, анасыз өсуі. Оған не шара бар бізде, не істей аламыз? Ештеңе. Ол да жазмыш шығар. Реті келсе, салиқалы біреу жолықса, шеше орнына шеше етерсің… Реті келмесе, ұлымды ешкімге жәутеңдетпей өсірерсің, Ереке. Мен саған сенемін, арыстаным. Сенің өңің суық болғанымен мейірім ұялаған, жылы жүрегің бар, балажандысың, менің орнымды жоқтатпай өсірерсің. Өмір шіркін мәңгілік емес қой, талқаның тез-ақ таусылады… Мен де соғысты, лагерьді, аштықтан шыбындай қырылған елді көрген адаммын. Өлімнен қорықпаймын. Өлім – алғанша ғана үрейлі. Өлген соң бізге бәрібір. Жастық шақ өтті соғыспен, соғыстан кейінгі тауқыметпен. Енді бала бергенде, одан қалай бас тартасың. Ажал қазір алды не, он жылдан кейін алды не, бәрібір емес пе. Мәңгі жүрмейміз ғой. Тағдырдың шешімі осы болса, мойынмен көтеруіміз керек. Өмірге ұрпақ келсе, одан артық не бақыт бар, отағасы. Менің шешімім деп санама мұны, құдыреттің маңдайға жазғаны деп біл…»
Ерімбет сол кезді көз алдына елестетті ме, біраз уақыт үнсіз қалды.

«…Жә, сонымен, қысқасы, Хауа төрт-бес ай өтпей, алты жарым айлық қызыл шақаны өмірге әкелді. Қуанышында шек болмады. Қуанғаны сондай, көзінің жасы моншақтап жылай береді. Бала тапқан соң да дәрігерлер емдеуге ықылас білдірді. Мен де емделу керек дедім. Ол қарсы болды, емді тегіс қабылдасам, бала емізе алмайтын болам, емшек сүті нәрестеге жарамай қалады деп. Бірақ мен жолын таптым, – қала сыртында бие байлайтын кісімен келісіп, бағасы удай болса да, қазір жылқы бағу, бие байлау деген қалып барады ғой, – бие сүтін сатып алып, шақалақтың аузына тамызып, ептеп-ептеп ішкізіп, үйреттік. Оған да қуандық. Өз басым қатты сендім емделіп, жазылып кетеді деп. Хауа да сондай сенімде болған сияқты еді. Дәрігерлер де, ой, қазір лейкемия обырға жатпайды, нанотехнологияның көмегімен жазып аламыз деді. Тым құрыса, балам қаз басып жүргенінше шыдай тұрсам, деді бір күні Хауа. Құдай аузына салды ма, ақыры солай болды. Ұлымыз тәй-тәй басқан кезде тұсауын кесті де, жүрегі мейірімге толы, қайран Хауам жүрді де кетті. Өзі айтқандай, рас, жазмыштан озмыш жоқ екен. Жоқты бар қылатын, барды көл қылатын нанотехнологиясы да көмектесе алмады. Өмір шіркін тәтті ғой, тірі адам тіршілігін жасайды екен, артынан солқылдап жылап қалсақ та, сұм дүние өзінің шығыршығын тартып, диірмен тасын айналдыра жөнелді. Бәрінен бұрын тілі шыға бастаған ұлыма қиын болды. Елеңдеп анасын әлі күнге күтумен жүргенін көргенімде жүрегім езіліп, көкірегім қарс айырылады. Сәбидің тілі, баланың күлкісі бәрін ұмыттырады десек те, қу кеуде қоңылтақсып тұрады екен… Өстіп итшілеп сүріп жатқанымда сен жаралы құсқа тас атасың. Тіршілігімнің сәні, өмірімнің мәні деп тапқан ұлымды сен сот шешімімен Корпорацияға, әй, әлгі Қоғам үйіне өткізем деп қиғылық саласың. Үуһ!.. Одан да мені атып тастап, мәйітімнен аттап өтіп, тартып алып кет жалғызымды. Шыққыр көзім шырылдатып әкетіп бара жатқанын көрмей-ақ қойсын».

«Ғафу, ғафу, Ераға, кешірім сұраймын, ат-шапан айып менікі. Заң талабы бар, әрине, әйткенмен кісімен тіл табыса алуымыз да керек, мен сол жағын ұмытыппын, кешірім өтінем».
Сұлтан Ли кабинетінде ары-бері ойқастап, ер батқан аттай қайқаңдап біраз жүрді де, сөйлеп кетті:
«Әлбетте, мен көп өмір көргемін жоқ, ағасы, дегенмен кешегі қанды соғыста адамзаттың артық аузы деп, ас ішіп, аяқ босатар масыл деп, одан қалса, сектант деп біздің елдегі кейбір әлеуметке резервация жасағанын білесіз. Мен сол топқа түскен бір әулеттің үміт күткен баласы едім, жасым сонда алтыда екен. Бәрі көз алдымда. Жау бізді малдан төмен санап тар аудандағы геттоға қамады. Жүз мыңдап қамады. Гетто ішіндегі адам төзгісіз тіршілік қандай: аштықтан әлсіреген жұрт, аңыраған кемпір, күрсінген шал – бәрі көз алдымда. Шешем дінге қатты берілген адам еді. Күндіз-түні ерні жыбырлап дұғасын оқып жататын. Бәрінен бұрын біз тіршілік еткен геттодағы балаларға қиын болды. Ажал аузында тұрған балалар, ішінде мен де бармын, әлбетте, ертеңін болжай алмаса да, тойып тамақ ішпеген соң жоқтан өзгеге жылап, ыңырсып, үлкендердің мазасын алатын көрінеміз. Геттодағы жағдай әлгіндей болғанда, келешек тіпті қараңғы болатын. Өлім лагеріне айдалып кету қаупі күшті ол кезде. Қара жүрек дұшпанда аяушылық жоқ. Үлкен-кіші демей ажал камерасына айдап әкетуі оп-оңай болатын. Шешем екеуміз геттода бір жылдай тұрдық. Бір жылдан кейін ашаршылық басталды. Кісі басына санап беретін қара су мен қара нан жұғынға жұқ болмайды. Кәрі-құртаң өлімді қарсы алуға дайындала бастады. Оны мен, алты жасар бала, қайдан түсінем, кейін естіген әңгімем ғой. Күндердің бір күнінде гетто ішінде сүзек басталды деген қауесет шығыпты, өйткені мұндағы ел аштықтан емес, сүзектен өліп жатыр деген сөз тараған. Содан, қойшы, қаладағы әскери өкіметтің пәрменімен санитарлар гетто ішіне дезинфекция жасауға кіре бастады. Бұл кезде өлім-жітім көбейген. Қылышын сүйретіп қыс келіп қалған шақ. Ел қазақ тарихындағы 1932 жылдың геноцидіндей басыбайлы өлімге кесілгенін түсіне бастаған. Тікенек сым қоршаған, сыртында әскер күзеткен геттоның әр тұсынан кіретін жолдары бар еді, сол жолдармен санитар көліктері кіріп, сүзекке қарсы тазалық басталып кетті. Сүзек гетто сыртына шығып кетсе, әскерге жұғуы, қаладағы елге тарауы мүмкін. Өкімет осыдан қорқады ғой. Жә, сонымен санитар қыз-жігіттер жиі келетін болды. Бетін ғана тұмшалап қоймай, бас-аяқты толық жабатын арнаулы киімдерін киіп, асай-мүсейін қолға алған санитарлар сантехника құбыры, жертөле, қойшы, әйтеуір қуыс-қуыс, бұрыш-бұрышты түк қалдырмай, әлдене сеуіп, пышылдатып, ысылдатып жататын. Мәйітті міндетті түрде. Бұрын кісі неден өлді екен деп мәйітті тексеруге әкетіп жататын, енді ешкім жолағысы келмейді. Тұмшаланып алған санитар құрал-жабдығын сайлап әкеліп, көбік шашып мәйітті ақ қоймалжыңға көміп кетеді. Күндердің күнінде ауру шешемнің сондай санитардың біреуімен сөйлесіп жүргенін байқадым, тізгін ұшымен хабарласып, әлгілерден алған азын-аулақ азықты менің аузыма әкеліп тығатын. Бір күні төбемнен жай түсірді. Сұлтан балам, сенен жасырып келдім, енді айтуға тура келіп тұр, мына ауру мені алмай қоймас, жағдайымыз мынау, сенің шын шешең мен емес, басқа, мен өгей шешеңмін, сенің өз шешең қалада тұрады, сенің соған баруың керек деп. Баламын ғой, сөзін ұға қоймасам да, өңін қатайтып алған шешемнің суық жүзіне қарап, шар етіп жылап жібердім. Олай айтпа, деп еңіреппін. Шешем, шындық осы, алтыным, сенің қалаға, өз шешеңе баруың керек деп, сабырмен әлденені түсіндірмек болады. Оны түсіне қоятын мен бе, жаным алай-түлей болып, сөйлеме олай деп бақыра берсем керек. Сөздің қысқасы, көнбейтінімді біліп, әлгі санитар қыздың көмегімен маған дәрі беріп ұйықтатыпты да, мәйіт тиеген көліктің ішіне жатқызып сыртқа алып шығыпты. Оянсам, бір үйде жатырмын, басымда қарақат көзі күлімдеп әлгі санитар қыз отыр. Күлімсіреп, Сұлтан, ояндың ба, қорықпа, қазір қауіпсіз жердесің. Жуынып-шайынып ал, ыстық тамақ алдыңда тұр, деді. Қысқасы, мен ғана емес, санитар болып жүрген сол қыздың арқасында бәріміз тірі қалдық, сол қыздың көмегімен ондаған бала геттодан сыртқа шығыппыз, ажал аузынан қалыппыз. Ер жеткен соң сол қызды – сол апайды көп іздедім, таба алмадым. Жас болған соң, қолым қысқа болған соң табылмады. Қазір мүмкіндігім бар ғой, соғыс жылдарындағы архивті індетіп жүріп, апайды тауып алдым. Түрі көз алдымда, аты-жөні есімде. Иә, ол кісінің аты – Хауа. Хауа Ермұратқызы. Таптым-ау деген шағымда Хауа апай бұл дүниеден өтіп кетіпті. Бірақ жақсылығын тірі тұрғанымда ұмытам ба. Ол кісінің жалғыз ұлын арыз түсті деп Қоғам үйіне өз қолыммен өткізем бе. Ераға, мен программаға байланған биоробот емеспін ғой, мен де жүрегі бар, сезімі бар адаммын. Арызды жолын тауып жаптырармын, уайымдамаңыз. Бұрынғыша тіршілік ете беріңіз».

Сұлтан Ли әңгімесін даусы қарлығып, ара-арасында жөткірініп, мұның көзіне қарамай айтып шыққан еді. Ерімбет жауап бермеді. Мына оқиғаның басқа арнаға түсіп кеткеніне сенер-сенбесін білмей, айран-асыр болып отыр еді.

«Тек ұлды балабақшадан шығарып алыңыз. – деді Сұлтан баяу үнмен, орындығына отырып жатып. – Ол жаққа бармай-ақ қойсын. Ювенал қызметкерінің көзіне түсірмеңіз. Мен бұл жерде ұзақ отырмауым да мүмкін. Ыңғайы келсе, бірер жылда қоныс аударғаныңыз да дұрыс шығар. Заңның аты – заң, олардың талабымен таласа алмаймыз ғой».

Ерімбет қатты шаршағанын енді ғана сезді. Тұла бойымен. Буын-буыны әлсіреп қалыпты, екі ұмтылып орнынан әрең тұрып, Ли жандармға алғыс айтуды да ұмытып, сүйретіліп далаға шығып кетті.

Нұржан Қуантайұлы

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?