«Қырғыз көліктерінің айыппұлын өндіруге қауқарсызбыз»

13 сәуiр 2016, 18:02

Төсекте басы, төскейде малы қосылып кеткен қырғыз ағайындар біздің құдайы көршілеріміз. Жердің ыңғайына, елдің жағдайына орай олармен тіпті де, араласпай, бармай-келмей тұра алмаймыз. Бұл алыс-беріс, әсіресе, Жамбыл облысы тұрғындары турасында тонның ішкі бауындай етене жақын жатыр. Сондықтан да болар, Тараз қаласының төңірегіндегілердің күнделікті азық-түлік, барша тұтынатын заттарының дені қырғыз жерінен жеткізіліп жатқан тауарлар екені еш өтірік емес. Өйткені көрші елден ағылып тұратын тауарлар көлемі де көл-көсір, әрі арзан, әрі дер кезінде дайын бола қалады.

Екі ел арасындағы арнайы өткел – кедендік бекеттерді былай қойғанда, ерінбеген екі кісінің бірі кез келген тұстан әрі-бері емін-еркін өтіп жүре береді. Сол себепті, ол жақтан контрабандалық жолмен жететін әр түрлі бұйымдар, әсіресе, есірткі заттарына тосқауыл қою дегеніңіз, қиынның қиыны. Мұндай жолдармен қауіпті, қатерлі тауарларды тасымалдаушылардың күн құрғатпай құрықталып жатқанының санына жету де оңай емес. Сондықтан оны шешудің түбегейлі жолын тек мемлекеттік тұрғыда ғана дұрыстай алатынымыз өз-өзінен белгілі мәселе.

Ал, кейінгі бірер жылда көрші ел жағдайымен жасалатын тағы бір күмәнді, анығында, зиянды сауда түрі пайда болды. Тіс қаққан алып-сатарлар енді шетелдік жеңіл көліктерді елімізге Қырғызстан арқылы өткізіп жатыр. Бұл біздің экономикамыз үшін қып-қызыл зиян, мемлекеттік заңдарымызды белден басу болып тұр. Саудасы соммен жасалатын, құжаттарын қолжетімді әдіспен дайындап, Кеденнен еш кедергісіз өтетін көліктер құны біздің аймаққа кірісімен 4-5 есеге дейін қымбаттап шыға келеді. Қырғыз жерінде 4-5 мың АҚШ долларына бағаланып, рәсімделген көліктер біздің елде 12-16 мың долларға емін-еркін саудаланып кететін көрінеді. Мұндай оңай олжа, жаппай құмарлықтың себебін білу-еш қиын емес. Біздің елде әр көлікті рәсімдеу үшін, оның шығарылған жылы, қозғалтқыш көлемі, марксі және моделіне қарай 2 миллион теңгеден 3,5 миллион теңгеге дейін кедендік төлемдер мен салықтар төленуі тиіс. Заңмен белгіленген бұл мәселеден қашатындар, әсіресе, алып-сатарлар шетелдік көліктердің заңсыз тасымалын, тіпті, үдетіп жіберген.

3

Жамбыл облысы бойынша Кедендік бақылау департаменті кедендік бақылауды ұйымдастыру басқармасының бастығы Гүлмира Нұсқабаеваның айтуынша, Қырғызстан арқылы рәсімделген көліктерден еліміздің экономикасы орасан зор зиян шегеді екен.

— Өткен жылы қырғыз көліктерін заңсыз иелену жағдайы бойынша 334 әкімшілік іс қозғалып, 3 миллион 769 мың 589 теңге айыппұл салынды. Күн сайын ағылып жатқан көліктерді алып-сатушылар үшін бұл айыппұл түкке де тұрмайды. Ал, біздердің бұдан салмақтырақ әрекеттерге баруға еш мүмкіндігіміз жоқ. Екі ел арсындағы заңнамада көрсетілгендей, бұдан артық қадамдар жасай алмаймыз. Содан келіп, заңсыз көлік тасымалы бұрынғыдан да артып барады. Мысалы, соңғы бір жыл ішінде қырғыз жерінен жамбылдық кеден бекеттері арқылы уақытша деп кіргізілген 6000 нан аса шетелдік көліктердің бірде бірі елден қайта шығарылған жоқ. Олардың қаржылық зиянынан бөлек, көлік кептелісіне және ауаны ластауға келтіріп отырған кесірінің өзі аз емес, — деп күйінеді басқарма бастығы.

Г.Нұсқабаеваның әңгімесінен ұққанымыз, кеденшілердің дәрменсіздігін, шарасыздығын туғызып, қолын байлайтын бірнеше құйтырқы әрекеттер бар екен. Көрші елден сатып алынған қырғыз нөмірлі көліктерді шекараға дейін айырқалпақты ағайындар жеткізіп береді. Алушының атына нотариустың мөрі мен қолы бар сенімхат рәсімделеді. Ал, мұндай құжаты бар көліктердің кеденнен өтуіне еш кедергі болмайды. Өйткені заң жүзінде қырғыз көліктерінің елімізде жүруіне рұқсат беретін арнайы декларациялар бар. Ол бойынша көлік иеленушіге 3 айлық рұқсат қағазы беріледі. Бұл мерзім өткеннен соң, тағы да кедендік бақылау орындары арқылы бір жылға дейінгі уақытқа создыра алады. Оған дейін көліктің өзі де қолдан қолға өтіп кете береді. Қырғызстандық нөмірлермен біздің елде белгіленген уақыттан артық жүруге «ҚР Кеден ісі туралы» ҚР Кодексінің 470-ші бабы, 3-ші тармағы бойынша тек айыппұл ғана салынады. Оның өзі де мардымды емес, көлік иесіне, әсіресе, алып-сатарларға ол тиын-тебен болып қана көрінеді. Сөйтіп, әзірге Қырғызстан арқылы ағылып келіп жатқан көліктердің жолына тосқауыл боларлық еш себеп табылмай тұр. Ал, оның тигізер зардабы белгілі.

2

Ресми мәлімет бойынша елімізде 3,9 миллион жеңіл көлік тіркелсе, оның 200 мыңнан астамы Қырғызстаннан әкелінген көліктер көрінеді. Тек, заңсыз жүргізілген осы әрекеттердің өзінен ғана ел қазынасына миллиардтаған қаржы түспей отыр. Одан бөлек, арнайы тіркелмеген көрші елдің темір тұлпарлары жол ережелерін бұзып таптырмай кететін оқиғалар жиі кездеседі екен. Сондықтан жол полициясы қызметкерлері «жол бойындағы фотокамераларға түсіп жатқан қырғызстандық көліктердің иелеріне айыппұл төлету де қиын іс болып тұр», — дейді қынжылып.

Халық тұтынатын тауарлардың қай саласында болмасын, бүгінде қырғыз ағайындардың асығы алшысынан түсіп тұр. Тараз қаласындағы  базарларда тұрған сатушылардың тең жартысынан астамы сол ала бақанды аттап келген айырқалпақтылар дегенге біреу сенер, біреу сенбес. Бірақ ресми анықталғаны солай. Сондықтан да, олар өз нәпақасын біздің елден айырса, біздегі тұтынушылар өз керегін оңай жолмен еш қиналмай сол көршілердің қолынан алады. Ет, сүт, жеміс-жидектің алуан түрі Алатау асып, шекара өтіп келіп жатқаны өтірік емес. Ал, оның сапасы жайлы әңгіме бөлек. Бірақ, әзірге толастар орнына, тасып-төгілердей төпеп жатқан көлік саудасы екі ел арасындағы алыс-берістің ең алдыңғы қатарына шығып тұр. Оның қазақ жеріне қалай жетіп, қаншалықты қыр-сырын бүгіп жатқанын, қалай болғанда да, қатаң қадағалайтын кез әбден жеткен сияқты. Әйтеуір, ертеңдер кеш болып қалмаса болғаны.

 

Дүйсенбек АЙБЕКОВ

Жамбыл облысы

17 шiлде, 19:00
Ұлы мұрат - тәуелсіздік
16 шiлде, 11:51
Құнанбай Мұсаев: Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, қамай беру емес
15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде