Мемлекет басшысы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында: «Ата заңымызда жер мен табиғи ресурстар халықтың меншігі деген басты қағидатты бекіттік. Бұл құр сөз емес. Бұл – барлық реформаның арқауы. Әрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көруі керек. Сондықтан мен жариялаған Балалар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты мүлде жаңа бағдарламаны жүзеге асыру өте маңызды деп санаймын. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды», — деген еді. Президент бұл бастаманы мұқият әзірлеу қажеттігін ескеріп, 2024 жылдың 1 қаңтарынан жүзеге асыруда тапсырды.
Бір жылдан аса уақыт өткеннен кейін, яғни 2023 жылдың қараша айында балаларға Ұлттық қордан қаржы төлеу туралы заңға қол қойылды. Ал биылғы жылғы 1 қаңтарда елімізде «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында 18 жасқа дейінгі әрбір баланың жеке есепшотына жыл сайын қаражат аударыла бастады. Әлбетте, әр өңірдегі өскелең ұрпақтың санына қарай, көрсеткіш те әр түрлі екені түсінікті.
Айталық, статистикалық дерек бойынша, Алматы облысы Ұлттық қордан балалардың есепшотына ақша аударым саны жағынан еліміз бойынша 3-ші сатыда тұр. Облыста 2024 жылдың 1 қаңтарында 608 711 балаға 61 187 000 АҚШ доллары қаражаты есептеліп аударылған. Ал 18 жасқа биыл толатын 26 802 баланың есепшотына 2 694 000 АҚШ доллары түскен.
Жас ұрпақтың келешекте білім алуына, тұрғын үй мәселесін оңтайлы шешуіне мүмкіндік жасау үшін қолға алынған игі жобаның шарапаты мол. Бағдарлама шеңберінде 18 жасқа дейін есепшотына қаражат аударылған әрбір азаматтың нысаналы жинақтары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында сақталады.
Алматы облысының 18 жасқа дейінгі әрбір тұрғынының есепшотына аударылған қаржының статистикалық деректерін сөйлетіп көрелік. «Бірыңғай жинақтаушы зейнатақы қоры» АҚ-ның ресми сайтындағы мәлімет бойынша, «Ұлттық қор –балаларға» жобасымен алғашқы табыс 608 711 баланың есепшотына түскен. Облыста 2006 жылы туылған, яғни 18 жасқа толатын балалардың саны 26 802 екенін айттық. 2023 жылы, яғни есепшотына 18 жыл бойы қаражат аударылатын балалардың саны қанша және биылғы жылы олардың шотына қанша ақша аударылды деген сауалға жауап беріп көрелік. Алматы облысында былтыр өмірге келген 24 619 баланың есепшотына 2 474 702 АҚШ доллары мөлшерінде қаражат аударылған. 2022 жылы туған 35 265 баланың есепшотында Ұлттық қор табысынан қаражат аударылды. Мамандар 2020 жылы басталған коронавирус кеселінің салдарынан карантин режимінің орнауы демографиялық ахуалға серпін бергенін айтады. Мәселен, Алматы облысында 2006-2023 жылдар аралығында туған балалардың ішінде 2020, 2021 жылы өмірге келгендердің қатары әлдеқайда көп. 2020 жылы туған 41 621 балаға, 2021 жылы өмірге келген 42 792 баланың есепшоттарына келешекке деп жиналатын алғашқы қаржысы аударылды.
Алматы облысы, Іле ауданы, Жетіген ауылының тұрғыны Зухра Қаптағаева «Ұлттық қор – балаларға» жобасының іске қосылуы көпшілікке үлкен серпін бергенін айтады. «Біздің ауылымыз Жетігенде болашақта Алатау деп аталатын әсем қала бой көтереді. Балаларымыз қазір бастауышта, 1,3-сыныпта оқиды. Кенжеміз балабақшаға барады. Олар 18 жасқа толғанға дейін есепшотында жиналатын қаражатын пайдаланып, жаңадан салынатын Алатау қаласынан пәтер алуға айтарлықтай септігі тиетіні қуантады», — дейді Зухра Қаптағаева.
Елімізде Ұлттық қор 2001 жылы құрылса, жас ұрпақтың келешегі үшін байлықты біркелкі бөлу мүмкіндігі биылдан бастап алғаш рет жүзеге асырылып отыр. Қаржы министрлігі мен мүдделі мемлекеттік орган мамандарының тізе қосып, игілікті жобаны жүзеге асырудың бағдарламасын жасады. Биылдан бастап Ұлттық қорға инвестициялық табыстан түсетін пайданың жартысы еліміздің 18 асқа дейінгі әрбір азаматының жинақ шотына бірдей мөлшерде бөлініп, аударылып отырады. Қаржы сарапшыларының болжауынша, 18 жасқа толғанға баланың есепшотында 3,5 мың АҚШ доллары көлемінде қаражат жиналуы мүмкін. Тағы бір айта кетерлігі, аталған сома капитал нарығының құбылуына қарай, әлемдік экономиканың конъюнктурасына байланысты түзетілуі де кәдік.
«Ұлттық қор – балаларға» жобасының тиімділігі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан шоттар автоматты түрде ашылып, әділет министрлігінің жеке тұлғалар дерекқорындағы мәліметтер бойынша жүзеге асырылады. Демек шалғай жатқан ауылдағы ағайын да, қала тұрғындары да баласына есепшот ашып, табанынан тозбайды. Екінші деңгейлі банктердің қызметіне де жүгінбейді. Жыл сайын қаңтар айында жобаға қатысқан әр баланың шотына шартты түрде қаражат есептеледі. Қазақстан Республикасының азаматы саналатын әр баланың несібесі кәмелеттік жасқа толғанша сақталып, жиналады. Ал енді бала 18 жасқа толғанға дейін Қазақстаннан басқа мемлекетке қоныс аударып, азаматтығын ауыстырса, сол уақытқа дейін шотында жиналған қаражатына иелік ете алмайды. Есепшотындағы қаржы өзге балаларға теңдей етіп бөлінеді. Шетелге кетіп, бірақ азаматтықтан бас тартпаса, онда 18 жасқа толғанда есепшотындағы қаражатының игілігін көреді. Сондықтан өзге өңірлер сияқты, Алматы облысының тұрғындары да балаларының болашағына сеніммен қарауға мүмкіндік беретін Президент бастамасының жүзеге асырыла бастағанына дән риза.
Ұлбике Жақсыбаева, Жамбыл ауданы, Ұзынағаш ауылының тұрғыны, көп балалы ана:
«Ұлттық қор — балаларға» жобасы аясында балаларымыздың есепшотына биыл қаржы түсе бастады. Мен бес баланың анасы ретінде бұл жобаның бастау алғанына қуаныштымын. Ұрпағымыздың болашағы үшін зор мүмкіндік. Балаларымыз кәмелет жасына толғанда, жиналған қаржыны білім алуға, немесе тұрғын үй алуға жұмсай алады. Мемлекет басшысының бастамасымен іске асып жатқан бұл жоба болашақтың қамы деп білемін. Әсіресе, біз сияқты көп балалы отбасыларға үлкен қолдау. Бір қуантарлығы балаларымызды тіркеп, құжат жинап, әуреге түспедік. Барлығы цифрландырылған жүйемен жүзеге асты. Менің ойымша, әрбір ата-ананың арманы — баласына сапалы білім беру, жағдайын жасау. Ал осы жерде мемлекет әр отбасындағы балалардың арманын жүзеге асыруға жәрдемдеседі. Балаларымыздың болашағына деген сеніміміз арта түсті.
Гүлбану Абайқызы, Іле ауданы М.Түймебаев ауылындағы №43 орта мектептің мұғалімі:
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында «Ұлттық қор — балаларға» бағдарламасын іске асыру жөнінде тапсырма берген еді. Бағдарлама аясында Ұлттық қордан жыл сайын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына қаржы аударылады. Қаржы әр балаға 18 жасқа толғанша аударылады. Жинақталған қаржыны баспана сатып алуға немесе білім алуға жұмсауға мүмкіндік бар. Президент айтқандай, бұл жоба арқылы Ұлттық қор шын мәнінде ұлттық мәртебесіне сай болып, халқымыздың игілігіне қызмет етеді. Биылғы жылдың алғашқы айынан бастап балаларымызға алғашқы жарна түсті. Бұл еліміздегі барлық баланы қамтитын игі бағдарлама. Соның арқасында өскелең ұрпақтың болашаққа деген сенімі артады. Білім алуы үшін, болмаса баспана мәселесін шешуі үшін қордағы қаржыны тиімді пайдалана алады. Мемлекетіміздің балаларымыздың болашағына арнап жасаған бағдарламасы өсіп келе жатқан ұрпағымызға серпін беретіні қуантады».
Қуаныш Разақ