Қасым-Жомарт Тоқаев, қазақстан Президенті
«Оқулық сапасына қатысты түйткіл көп. Қазір мектепте пайдаланып жатқан Қазақстан мен әлем тарихы оқулықтарының мазмұны ала-құла. Мен кейбір оқулықтардың оқығанда олардың сапасы төмен екенін көріп таңқалдым. Тарихи оқиғалар мен деректер оқушыға бұрмаланбай жеткізілуі тиіс. Сондықтан бірыңғай «Қазақстан тарихы» және «Дүниежүзі тарихы» мектеп оқулықтарын дайындап, енгізуді тапсырамын».
Тақырыпқа орай
Талас Омарбеков, тарих ғылымдарының докторы, профессоры
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында мектеп оқулығына қатысты пікір білдіріп, «Қазақстан тарихы» мен «Дүниежүзі тарихы» пәндеріне көңілі толмайтынын айтты. Тіпті кейбір оқулықтардың сапасын көріп, таң қалғанын жеткізді. Сондай-ақ осы екі пән бойынша үкіметке бірыңғай оқулық дайындауды тапсырды. Оқулықтағы олқылық бұған дейін де біздің басылымда талай мәрте жазылған. Мемлекет басшысы айтқан оқулық мазмұнындағы кемшілік туралы тарихшылар біле ме?
Негізінде, біздің тарих 1991 жылдан бергі Тәуелсіз Қазақстанның тарихы ретінде ғана жазылып келе жатыр. Бірнеше ғасыр бұрын құрылған қағанаттардың, одан кейінгі ордалардың тарихын ұмыт қалдырдық. Одан кейін қазақ хандықтарының тарихы бар. Осылайша, мемлекет құрушы қазақтардың тарихы аз айтылады. Ал енді басқа елдерді қарасаңыздар, мәселен, дамыған елдерді алатын болсақ, олар мемлекеттің тарихын емес, ең алдымен халқының қалыптасу тарихын зерттейді. Мысалы, қытай мен жапондар өз халқының шығу тарихын бірінші орынға қояды. Біз Кеңес одағы кезінде амалсыздан мемлекет тарихына мән бердік. Сондықтан қазақ халқының тарихына қатысты тарихи даталар зерттелмей қалды. Одан кейін, кейбір жеке тарихи тұлғалардың туған жылы мен өмірден өткен жылы анық емес. Өйткені бізде хандардың, билер мен батырлардың тарихын зерттесең, ұлтшылсың немесе рушылсың. Дәл сондай айыптаумен талай ғалымдарымыз қуғындалды. Ермұхан Бекмаханов сотталып келгеннен кейін шәкірттерінің бәріне ұлт-азаттық қозғалысынан алыс теміржолдың тарихы, кооперация, колхоз-совхоздың тарихы сияқты тақырыптарды берді.
Қазақ тарихы Тәуелсіздіктің 30 жылында тоқырауға ұшырады. Біздегі үлкен кемшілік – ұлттық тақырыптарға әлі бара алмай отыруымыз. Мысалы, 1929-30 жылдардағы ұжымдастыру кезіндегі көтерілістерді алайық. Бұл тақырып ешкімге ұнамайды. Ал енді Желтоқсан оқиғасына баға беретін зерттеулер – ол да ешкімге ұнамайды. Әрі қарай бара беретін болсақ, Кенесары тұсындағы көтерілістер бар.
Одан кейінгісі – ашаршылық. XX ғасырда үш рет ашаршылық болды. 1917-20 жыл, 1920-21, 1931-33 жылдардағы нәубет. Алғашқы аштық 1921-22 жылы болды. Ол азамат соғысы кезінде болған ашаршылық емес. Сол тұста еліміздің біраз жерінде жаппай жұт болды. Ал азаматтық соғыс дегеніміз – 1920-21 жылғы соғыс. 1931-32 жылғы ашаршылықтың алдыңғы себебі де байларды тәркілеуден басталады. Сондықтан тарихи шындық айтылуы керек. Мен неге бұларды айтып отырмын? Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Әділеттің ақ жолы», «Тарих толқыны» сияқты кітаптарында: «Ашаршылықты, ұлттық тарихымызды зерттеңіздер» деген болатын. Сол кезде ашаршылық тақырыбы көптеген тарихшылар үшін «сәнге» айналды. Ал енді мынаған назар аударайықшы. Осылардың ешқайсысын білім және ғылым министрлігі тарихшыларға тақырып ретінде берген емес. Олардан «осы тақырыпты зерттеңіздерші» деген ұсыныс та болған жоқ. Білім және ғылым министрлігі осы тақырыпты зерттеші деп айтса, біз тарихшылар қол қусырып отырмайтын едік!
Жазып алған
Мақпал Ноғайбаева