Ұлмира Тоқсанбаева: Журналист әр оқиғаны терең зерттеуі тиіс

31 тамыз 2023, 2:01

 

Салалық журналистиканың өңірлерде дамуына серпін беретін саланың бірі –телеарна.  Түркістан облысындағы «Түркістан» телеранасының бағдарламалар жетекшісі Ұлмира Тоқсанбаевамен сұхбатымыз  жергілікті БАҚ және салалық журналистиканың өрісі жайында өрбіді.   

– Ұлмира ханым, Түркістан облысының құрылғанына да бес жылдан асты. Бес жылдық белеске  жергілікті тұрғын ретінде өзіңіздің берер бағаңыз қандай?

– Иә, биыл Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толды. Осы қысқа ғана уақытта облыс пен Түркістан қаласының жаңа дәуірі басталды десек болады. Тарихи шаһарда жаңа нысандар бой көтеріп, шаһар адам танымастай өзгерді. Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістанға тарихи және рухани елорда мәртебесін беру тапсырмасы аясында жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр.  Бес жылдық белестің қарсаңында   көптеген  шаралар қолға алынды. Бастысы — көркейген, жаңарған облыс орталығының жылт  еткен жаңалығы біздің назардан тыс  қалған емес.

Облыстың басты арнасында бағдарламалар жетекшісі қызметін атқарасыз. «Түркістан» телеарнасындағы бағдарламаларға жеке-жеке тоқталып, олардың арқалайтын миссиясын айтып берсеңіз.

– 2021 жылы Түркістан қаласында Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатын ұстана отырып, өңірдің идеологиялық жұмыстарын насихаттап, өзекті мәселелерді шешуде маңызды рөлге ие түркі әлеміне ортақ «ТURKISTAN» телеарнасы өз жұмысын бастады. Содан бері түрлі тақырыптағы бағдарламаларды көрермен назарына ұсынудамыз.

Түркістан облысындағы түрлі саланы меңгеріп, кәсіпкер атанған азаматтардың атқарып жатқан жұмыстарын ел назарына көрсетіп, олардың мемлекеттен алып жатқан қолдауларын халыққа насихаттау арқылы, кейіпкерлерімізді жалпы халыққа үлгі ретінде көрсету мақсатында шағын және орта бизнесте жүрген   кәсіпорындар  «Made in Turkistan»  телебағдарламасында көрсетіледі.

Қоғамда болып жатқан өзекті тақырыптарды қамтитын  «Халық сөзі» атты ток-шоу ұйымдастырылды. Нәтижесінде, тікелей эфирде өтетін бағдарламаға келген қонақтарға көрермен тарапынан қойылатын сұрақтарға жауаптар алынып, өзекті мәселесін анық-қанығын, ақ-қарасын ажырату бойынша жұмыстар жүргізіледі.

Әр саладағы мемлекеттік қызметтермен таныстыратын «Елге қызмет» бағдарламасы көрсетілетін қызметтерді қалай алу керектігі айтылып, көрерменге пайдалы ақпарат береді. Онлайн және офлайн қызметтердің айырмашылығы түсіндіріліп, ерекшеліктері жөнінде хабар береді.

«Тұран Төрінде»  бағдарламасы көрермен қауымның туған жерге, терең тарихына, руханият пен әдебиетіне, өнеріне деген махаббатын оятуды көздейді, түбі бір түркі жұртының астанасы Түркістан мен Тұранның  көпшілік білмейтін қырларын ашып көрсететін, туризмнің дамуына сеп болады.

«Күлтегін» зияткерлік телебағдарламасы оқушылардың көшбасшылық қасиеттері мен сыни ойлау дағдысын дамыту, өзін-өзі жетілдіруге және әлеуметтік шығармашылығының дамуына мүмкіндік береді.

Жан-жақты, ана тіліне жатық,  ұлттық тәрбиемен сусындаған балаларды білімге ынталандырып, қызығушылығын арттыру мақсатында «Жарайсың»    жобасы жүзеге асуда. Одан бөлек «Сәлем,Түркістан», «Жаңа толқын»,      «Жомарт жұма»,   «Дастархан», «Түрленген Түркістан»,   «Билік пен Бұқара», «Агромекен», «Жедел түсірілім», «Өнерім -өмірім»,  «Тұран бала фест» атты тақырыптар аясында телебағдарламалар көрсетіледі.

 

– Телеарна мен жергілікті басқарушы орган арасындағы байланыс қандай?

–  Қазіргі ақпараттық қоғамда билік пен қоғам арасындағы тиімді байланыс орната білу маңызды. Бұл ретте мемлекет пен азаматтар арасында диалог орнатуға ықпал ететін құралдардың бірі –   телеарна. Өңірлік телеарна  мемлекеттің ақпараттық саясатын жүзеге асыруда, аймақтағы әлеуметтік-экономикалық жобалар, атқарылып жатқан игілікті істер жайында өңір тұрғындарына ғана емес, респуб­лика жұртшылығын да хабардар етіп келеді. Әрине, бұл жұмыстардың барлығы жергілті басқарушы органдармен тығыз байланыс орнату нәтижесінде жүзеге асады.

– Түркістан облысындағы  жоғары оқу орнын тәмамдаған  журналист, филолог мамандардың телеарнада  жұмыс істеуге  сұранысы жоғары шығар. Жасыратыны жоқ,   жас  журналистердің бірден телеарна эфирінен көрінуге ұмтылады емес пе?

– Тәй-тәй басқан жас  телеарнамен бірге  жас мамандар бірдей өсіп, дамып келеді.    Журналист болу, бірдеме жаза білу – Алладан берілетін қасиет. Оның  бойында жазуға бейімділік болмаса, оны шыңдамаса, одан түк шықпайды.  Газет пен радио журналистеріне қарағанда тележурналистерге артылар міндет ауқымды. Өйткені ол жаза білумен қатар, түр-тұлғасы эфирге лайықты, дауысы жағымды, камерадан сескенбей еркін сөйлей алу  керек. Олай дейтінім, өздеріңіз білетіндей, өңірлік телеарналарда арнайы тележүргізуші ғана болып жұмыс атқармайды, ол тілшіліктің қиын тіршілігін кадр сыртында сезінеді.  Ол үнемі ізденісте болса ғана кез-келген маман иесімен өз деңгейінде сұқбаттаса алады. Қаламыздағы іргелі оқу орны Қ.А Яссауи атындағы университеттің студенттері  біздің арнадан тәжірибе алмасуға келіп, өздерін шыңдайды.    Диплом алғаннан кейін  бізге келіп   жұмыс істеуге көп мүмкіндік беріледі.
– Салалық журналистиканы дамыту үшін қайтпек керек?

– Иә, тағы сол шетелмен салыстыруға тура келеді. Дамыған елдердің журналистикасына көз салсаң, тілшілердің бір салаға бар ғұмырын арнап, сол бағытта ұзақ жылдар қалам тербейтінін   байқауға болады.  Мәдениет, спорт, саясат тақырыбында жаза алатын  журналистер баршылық. Ал басқа салаларды  халыққа қалай өз деңгейінде жеткізе аламыз?   Ақпарат саласында жедел шешуді қажет ететін мәселелердің бірі осы деп білемін. Әзірге әр журналист жанына жақын тақырыпты өз бетінше ізденіп, қосымша тәжірибе алмасып, тренингтерге қатысып дамуы керек.

– Өз алдына отау тігіп, жеке облыс болып құрылғанына да бес жыл болған өңірдің басты телеарнасында көрермендер қандай жаңа бағдарламаларды көреді?

– Жаңа маусымда жаңа бағдарламаларды көрерменге ұсыну — заңдылық. Бұл орайда   «Түркістан бизнес» бағдарламасы  Түркістан қаласындағы экономикалық даму, инвестициялар, сауда-экономикалық ынтымақтастықты, отандық өнімнің сапасын арттыру мен ұлттық экспорттаушыларды мемлекеттік қолдау,  тұтынушылардың құқықтарын қорғау сияқты тақырыптар арқау болмақ.

«Жаңарған Түркістан» бағдарламасында  рухани шаһардың жаңа келбетін көрсету, қалада салынған сәулетті ғимараттардың тыныс-тіршілігімен таныстырып, ерекшеліктерін айшықтау. Әр шығарылым белігілі бір нысанға арналады. Оның архитектурасына тереңірек үңіліп, сондағы көрсетілетін қызмет түрлері айтылады.

Ел арасында ерекше қырымен танылған ерекше жандардың өмірі, жалпы болмысын көрсете отырып, адамдардың бойындағы өмірге деген құштарлығын оятатын «Қызық адам» студиялық ток-шоу жоспарлануда.

«Автоtur» бағдарламасының мақсаты көлік жүргізудегі жол ережелерінен  бастап құжат рәсімдеу, айыппұл төлеу, бұзылған көлікті жөндеудегі тиімді  әрі оңай жолдарына бағыт беру.

– «Масс медиа туралы» заң жобасымен таныстыңыз ба, қандай ой қосасыз журналист мәртебесіне қатысты заң талқылауына?

– Біршама танысып шықтым. Әрине, әркімнің өзіндік пікірі, ойы болады.  Меніңше,  журналистердің тек құқықтық мәртебесі емес, олардың қоғамда алатын орны анық болуы керек. Бұл туралы  қоғамда дүркін-дүркін көтеріп, айтылып та жүр.
Өйткені жаңа қоғамның жаңа талаптары бар.    Журналист халықтың тілегін, мұң-мұқтажын жеткізіп, шындықты объективті түрде жариялап отырады. Ендеше, билік пен халыққа ықпалы болатын БАҚ өкілдеріне мемлекет қолайлы жағдай жасауы керек. Көптен бері айтылып келе жатқан журналист мәртебесіне тқталсақ, кейбір елдерде қоғамдық көлікте тегін жүру, музей, көрме секілді мәдениет нысандарына тегін кіру, коммуналдық төлемақы бойынша жеңілдіктер бар. Тіпті тұрғын үй мәселесі де шешілген.   Биылғы жылы біршама әріптестеріміздің тұрғын үйге қол жеткізгені көңіл қуантады. Уақыт өте келе бұл мәселелер оң шешімін табатынына сенімдімін.

– Кейінгі толқынның аяқ алысын, қалам сілтесін бақылап жүресіз бе? Жас буын журналистика қазанында шыңдалуы үшін нені ескеруі керек деп санайсыз? 

– Бұрынғыға қарағанда  бұл талаптар қатал да  күрделі.  Біріншіден,   журналистің   жалпы  мәдениетіне және  сауаттылығына  қойылатын талаптар. Сауатсыз,   мәдени деңгейі  төмен,  әр түрлі  өзгерістерге  бейімделе  алмайтын адам журналист бола алмайды.  Бәсекелестікке төтеп бере алмаса, ол жұмыс орнында   ұзақ  тұра алмайды. Қазіргі  ғылым мен техниканың  дамыған   кезеңінде  журналиске зерде  жағынан  да  көптеген талаптар  қойылады.  Журналистің  жеке басына  кәсіпшілік  деңгейінің   жоғары  болуына да  ерекше  талаптар  қойылады.

Журналист  тек қана  тіл мен  стильді дұрыс қолданып, жанрларды  жақсы  игеріп  қоймай, толыққанды   талдау жасай  білуі  керек. Ол салыстырмалы  түрде болған оқиғаны  жіліктеп талдап, оның  анық  қанығын  зерттеуі   қажет. Мұндай  жағдайда  журналистің  бірнеше  мамандық иесі  болуы да  артық  емес.   Ал  шағын  телеарналарда  жұмыс  істейтін  журналист оператордың, монтаждаушының,  режиссердің де  жұмыстарын  білсе, тіпті жақсы.

— Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Қуаныш Рахмет,

Түркістан қаласы

 

 

 

Бүгін, 14:33
Түркістан: Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу және пробация
Бүгін, 14:01
Түркістан: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыруға арналған шаралар
05 тамыз, 14:39
Түркістан: Қауіпсіздікті сақтау маңызды
01 тамыз, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
01 тамыз, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды
29 шiлде, 14:58
Әйгерім Исаева: Арнайы жасаққа жүрек жұтқан жауынгерлер қабылданады
29 шiлде, 13:40
Түркістан: Жарты жылдың ішінде қылмыс азайды
26 шiлде, 11:34
Мұхит Тұрғараев: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында үздіксіз жұмыс жүргіземіз