Біз түрлі халықаралық ұйым құрастыратын ел рейтингтеріне сеніммен қарауға үйреніп қалдық. Батыстың үкіметтік емес ұйымдары демократия, сөз бостандығы, сыбайлас жемқорлық деңгейі және адам құқықтары индекстерін үнемі жариялап отырады және ол жұрт арасында талассыз ақиқат ретінде қабылданады. Бірақ бұл объективтіліктің артында не жатыр?
Қазір әлемде халықаралық рейтингтер жаһандық ықпал ету құралына айналып отырғаны сөзсіз. Алайда, көптеген сарапшы мынадай қорытындыға келіп жатыр: бұл рейтингтер — объективті талдау емес, тек әлемнің қажетті көрінісін қалыптастыру құралы. Олар нақты ахуалға емес, саяси күн тәртібі мен демеушілердің мүдделеріне сәйкес келеді.
Freedom House, Transparency International және Reporters Without Borders сияқты құрылымдардың жыл сайын жариялайтын демократия рейтингтері көп уақыт бұрын ғылыми бейтараптығынан айырылды. Бұл ұйымдар өдерін тәуелсіз деп есептегенімен, бірақ іс жүзінде олар батыс мемлекеттері, әсіресе, АҚШ, Еуроодақ елдерінің саяси құрылымдарымен тығыз байланыста жүрген жеке қорлардың гранттарына тәуелді.
Салдарынан, қаражат алу әдіснаманың бұрмалануына әкеп соқтырады: берілген бағаның жоғары болуы нақты көрсеткіштерге емес, сыртқы саяси үміттерге сәйкестікті білдіреді. Халық арасында «Ақшасын берген, әмірін жүргізеді» деген сөз бекер айтылмаған.
Бұған мысал аз емес — терең ішкі проблемалары бар елдер өздерінің сыртқы саяси көзқарастарына орай «демократия» мәртебесін алады. Ал, тәуелсіз саясат жүргізетін мемлекеттер азаматтық бостандық деңгейіне қарамастан үнемі «тәуекел аймағында» қалып отырады.
2025 жылдың мамыр айында «Шекарасыз репортерлар» халықаралық ұйымы (Reporters Without Borders, RSF) жыл сайынғы баспасөз бостандығы рейтингін жариялады. Ол бес көрсеткішке негізделген: саяси контекст, құқықтық база, БАҚ үшін құрылған экономикалық орта, әлеуметтік-мәдени контекст пен қауіпсіздік.
Қазақстан бұл рейтингте 141 орынға жайғасып, 100-ден 39,34 балл жинады. Қырғызстан (144 орын), Өзбекстан (148) және Тәжікстан (153) елдері де алыс кеткен жоқ. RSF есебінде тұрған 180 елдің 160-ында бұқаралық ақпарат құралдары тұрақты қызмет атқара алмайды, яғни мүлдем жұмыс істеуге мүмкіндігі жоқ немесе қызметінде қиыншылыққа тап болады. Осы мемлекеттерде редакциялардың шамамен үштен бір бөлігі экономикалық себептерге байланысты жабылды, олардың көбіне билік тарапынан қысым жасалды.
46 елде БАҚ өз иелерінің шектеулі тобымен бақыланады.
Біз келесі деректерді салыстыруды ұсынамыз: мәселен, палестиналық журналистерді өлтіру және ұстау туралы жаңалықтар жарияланатын Израиль рейтингте Қазақстаннан 29 позицияға жоғары көтеріліп,112-орынды иеленді. Газа секторында 18 айда Израиль Қорғаныс армиясының (IDF) қолынан 200-ге жуық журналист қаза тапты.
Африка, Латын Америкасы және Кариб бассейнінде де дәл осындай жағдай орын алып отыр, мұнда түрмелер саны басқа аймақтарға қарағанда аз болса да, журналистика саласына қауіп төніп тұр. Мысалы, Мексиканың түрмелерінде журналистер жоқ, алайда Журналистерді қорғау жөніндегі комиссияның мәліметі бойынша, бұл ел — соғыс аймағынан тыс орналасқан жерлер арасында журналистер үшін ең қауіпті орындардың бірі.
1 желтоқсанда наразылықтар мен азаматтық толқулар туралы хабар таратқан 50-ге жуық журналист шабуылға ұшырап, 4-і қамауға алынған Нигерия рейтингте 122-орынды иеленді. Ол Қазақстаннан 19 орынға жоғары тұр.
RSF рейтингінің объективтілігін бағаламас бұрын, осы халықаралық ҮЕҰ өз қызметін қалай және қай қаражат есебінен жүзеге асырып жатқанын түсініп алған маңызды. RSF-тің 2022 жылғы қаржылық есептеріне сәйкес, оның кірісі 8 млн еуродан асты. Бюджеттің басым бөлігі, яғни 52%-ы үкіметтік ұйымдардан, тағы 22% -ы жеке құрылымдар мен қорлардан түсті.
«Шекарасыз репортерлар» 1985 жылы Францияның Монпелье қаласында құрылған. Ұйым цензураға қарсы және кәсіби қызметіне байланысты түрмеге қамалған журналистерді босату үшін күреседі. Мына жайтқа ерекше тоқталып өткен жөн. RSF серіктестері арасында Франция мен Данияның сыртқы істер министрліктері, Еуропа одағы, Джордж Сорос Ашық Қоғамының Қорлары, Демократияны қолдаудың ұлттық қоры (NED) және басқа да құрылымдар бар.
NED -1983 жылы АҚШ Конгресі құрған америкалық коммерциялық емес ұйым. Ол шет елдерге демократия мен адам құқықтарын дамыту саласындағы зерттеулер үшін гранттар береді. NED тұжырымдамасын әзірлеушілердің бірі Аллен Вайнштейн 1991 жылы былай деді: «Бүгінде біз атқарып жатқан қызметтің басым бөлігін 25 жыл бұрын ОББ жасады».
NED жыл сайын 90-нан астам елде «демократиялық мақсаттарға қол жеткізу үшін жұмыс істейтін» шетелдік үкіметтік емес ұйымдардың жобаларын қолдау мақсатында 1000-нан астам грант бөледі. Қор Польшадағы «Ынтымақтастық», Чехословакиядағы «Хартия 77» және Сербиядағы «Тойтарыс беру» оппозициялық қозғалыстарын қаржыландырғаны белгілі. Демократияны қолдаудың ұлттық қорын АҚШ Мемлекеттік департаменті қаржыландырады.
2015 жылы NED Киевтегі наразылықтардың бастапқы кезеңінде (2013-2014) шешуші рөл атқарғаны белгілі болды. NED есебінде қор 2011 жылдан 2014 жылға дейін украиналық коммерциялық емес ұйымдарды қолдауға 14 млн долларға жуық қаражат бөлгені айтылған.
Алайда Демократияны қолдаудың ұлттық қоры көптеген жыл бойы революциялардың демеушісі деп аталып келеді. NED мақсаты — өзін-өзі басқаратын үкіметтерді әлсірету. Мысал ретінде Латын Америкасындағы Венесуэла мен Куба елдерін келтіруге болады.
RSF Чавес үкіметін баспасөз бостандығын бұзды деп айыптағаны таңқаларлық жағдай емес. Әрине, Куба үкіметі де осы қатарда.
«RSF мәліметтеріне сәйкес, Америка континентіндегі Мексика, Бразилия және Перу елдерінде «12 журналист көз жұмды». Соған қарамастан, париждік ұйым өз назарын 1959 жылдан бері бірде-бір журналист қайтыс болмаған Кубаға аударады. Венесуэла да көзге түсті, ал онда бірде-бір журналист қайтыс болған жоқ. RSF пен Вашингтонның мақсаттары арасында байланыс орнатқан және біртүрлі сәйкестіктерді байқаған адамдар бар, — деп атап өтті БАҚ өкілдері.
Сол 2005 жылы RSF қызметін сынағандар экономикалық тұрғыдан FNAC (Француз дүкендер желісі), CFAO (Француз-Америкалық Сауда одағы), Франциядағы Hewlett-Packard компаниясы, Hachette Foundation (Француз баспасы), EDF Foundation (мемлекеттік АЭС пайдалану ұйымы), Депозиттер мен консигнациялар банкі , Ашық Қоғам Институты, Royal Foundation Network, Sanofi-Synthelabo (фармацевтикалық компания), Atlas Publications, Color Club, Globenet, CadenCe-ге тәуелді ұйым қалай тәуелсіз болуы мүмкін, деген сұрақ қойды. Француз мемлекеті қаржыландыратын ұйым қалай бейтарап әрекет ете алады?
«Бұл мүмкін емес және Гаити Президенті Аристидке қарсы мемлекеттік төңкерісті қолдайтын RSF позициясы мұны өте айқын көрсетеді. Журналистерді қорғайтын ұйым демократиялық жолмен сайланған президенттің қудаланғанына қалай қуана алады?»,- басылымдар «Шекарасыз репортерлар» сыншыларының осы сөздерін келтірді.
БАҚ өкілдері баспасөз бостандығын қорғау мәселенің тек бергі жағы деп мәлімдеді. Шын мәнінде, RSF үкіметтер мен қуатты экономикалық және қаржылық мүдделерге қызмет етеді.
Венесуэлаға оралатын болсақ, ол федеративті президенттік республика бола тұра, диктатура элементтері бар авторитарлық мемлекет ретінде сипатталады. The Economist журналының демократия индексі сынды халықаралық рейтингтерде ол төмен позицияларға ие болып, «авторитарлық режим» ретінде танылады. Өзін сарапшы деп атап жүргендер мұны азаматтық және баспасөз бостандықтарын шектеумен және сыбайлас жемқорлықты бақылаудың төмендігімен байланыстырады.
The Economist жариялауы бойынша Венесуэламен көршілес Колумбияның 2023 жылдағы демократия индексі 7,16 болды, бұл елді «жетілмеген демократия» санатына жатқызады. Алайда Колумбия әлемге билігі он шақты жыл бойы есірткі картельдерінің қолында болған ел ретінде танымал. Осы орайда бір – екі жыл бұрын БҰҰ Бас Ассамблеясының сессияларының бірінде Колумбия президенті есірткі алынатын КОКА өсімдігін заңдастыруды ұсынғаны таң қалдырмайды. Сонымен қатар Латын Америкасының екі мемлекетінде де кедейлік, әлеуметтік шиеленіс және бостандық шектеулері жоғары. Алайда, бір жағдайда біз «диктатура», ал екіншісінде «жетілмеген» болса да, «демократия» деген белгілерді көреміз.
Оған не себеп?
Бұл сұрақтың жауабы қарапайым: Венесуэла АҚШ-пен қақтығысады, ал Колумбия олардың сыртқы саяси бағытын қолдайды. Көбіне, геосаяси адалдық адам құқықтары немесе құқықтық реформалар саласындағы нақты жетістіктерге қарағанда маңызды болып табылады.
Қалыптасқан ахуал индекстерге деген сенімді бұзады және билік институттарын халықаралық деңгейде бағалау идеясының беделін түсіреді. Сонымен қатар рейтингтердің басым көпшілігі кең әлеуметтанулық мәліметтерге емес, көбіне, сол донорлық қорлармен үлестес бірен-саран сарапшылардың пікіріне негізделген. Жүргізілген зерттеулер елдердің өздеріндегі қоғамдық пікірді, олардың мәдени ерекшеліктерін, тарихи контекстін немесе билік институттарының нақты жағдайын ескермейді.
Одан бөлек, рейтинг әдістемесінде тек батыс елдерінің күн тәртібіндегі ЛГБТ құқықтарын қорғаудан бастап цифрлық белсенділікпен байланысты жобалар ғана оң бағаланатынын байқауға болады. Бізді дәстүрлі құндылықтар демократияға сай келмейді, мемлекеттің әлеуметтік тыныштық пен қоғамның бірлігін сақтауға бағытталған әрекеттері «бейбіт шерулерге» қатысу құқығын бұзады деп сендіреді.
Көптеген дамушы елдер сынды Қазақстан үшін де сыртқы индекстерге бағыт-бағдар алу өз мақсаттарынан айырылуға әкеп соқтыруы мүмкін. Халықтың нақты қажеттіліктеріне сәйкес дамудың орнына сыртқы ойыншыларға тиімді күн тәртібі қалыптаса бастайды. Осылайша «рейтингке сәйкес келетін» жасанды реформалар, «грант шеңберіндегі» пікірталастар және қоғамға емес, донорлық ортаға бағытталған белсенділер пайда болады. Бұл — үшінші күштердің мүддесі үшін жұмыс істейтін идеологиялық жағдай.
Егер мемлекет егемендікке ұмтылса, ол ішкі зерттеулерге, Big Data деректеріне, әлеуметтануға және азаматтардың пікіріне сүйене отырып, институттардың тиімділігін бағалаудың өзіндік жүйесін құруы керек. Бөтен критерийлерге тәуелділік тұзағынан тек осы жолмен ғана шығу мүмкін.
Демократия әмбебап және барлығына бірдей бола алмайтынын есте сақтаған жөн. Ол диалог, дәстүр, менталитет және белгілі бір халықтың тарихи тәжірибесі арқылы іштен шығады. Сыртқы рейтингтерді негізге алып, басқа елдің даму моделін енгізуге тырысу — бұл тәуелсіз ойлау мен стратегиядан бас тарту. Мемлекеттің демократиялығын объективті бағалау тек ол қоғамның өзінде қалыптасқан болса ғана мүмкін болады. Барлық басқа «межелер» — бұл ғылыми аналитика күйін жамылған сыртқы әсердің проекциялары.
Сұлтан Беков
Сурет: echo.az