Ұлан Абзалұлы: Баспасөзі мығым ел ешкімге есесін жібермейді

10 тамыз 2023, 12:24

Отандық бұқаралық ақпарат құралдарының дамуына серпін беретін жайт – бәсекелестік. Бәсеке, бәйге болған жерде нәтиженің салмағы қай жағында екенін мәртебелі оқырмен, өресі биік көрермен өзі екшеп алады. Елімізде республикалық маңызға ие басылымдар ғана емес, аудандық газеттер де өз алдына отау тігіп, өз күнін көріп келеді. Оқырманға шынайы ақпарат ұсынуда тәуелсіз басылымдардың да тигізіп келе жатқан үлесі зор. Түркістан облысы, Бәйдібек би ауданында «Шаян» деп аталатын газет бар. Ашылғанына 20 жылдың бедері болған басылым аудан тынысын оқырмандарына дер уақытында жеткізіп жүр. Жекеменшік иелігіндегі басылымда жас та болса бас болып Ұлан Әділбеков редакторлық етеді. Мерзімді басылымның тыныс-тіршілігі, жергілікті БАҚ-тың бағдары турасында әңгіме өрбітіп сұхбат құрдық. «Ақпараттық ағыстағы қидаласу күш алған кезеңде етек-жеңімізді қымтап, бағдарымызды айқындап алу аса маңызды», – дейді «Шаян» тәуелсіз апталық газетінің директор-редакторы Ұлан Абзалұлы.

– Ең алдымен аудандық «Шаян» газетінің тарихына қысқаша тоқталып айтып өтсеңіз. Қандай тұлғалар қызмет етті редакцияда?

– «Шаян» газетінің атауы ауылдың атына байланысты қойылған. Биыл сәуір айында жарыққа шыққанына 20 жыл толды. 20 жыл — 20 белес. Бұл газетті бүгінгі күні Бәйдібек аудандық «Алғабас» газетін басқарып отырған Абзал Әділбеков мырза ашқан. Республикалық апталық газетінің құрылтайшысы, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Дулатбек Әбіш қолдау білдірген. Осы күнде жекешелендірілген аудандық газеттердің басынан өткеріп жатқан қиыншылықтарды «Шаян» газеті осыдан 20 жыл бұрын-ақ басынан өткерген. «Шаян» газеті Бәйдібек ауданының 70 жылдығына үлкен тарту болды деуге де келеді. Көпшілік 1-ші мамыр мерекесімен бірге ауданның тойын тойлап жатқан тұста орталық алаңда «Шаян» газеті таратылған. Сол уақытта республика бойынша 1800-ге жуық газет жарық көріпті. Соның 80 пайызы мемлекеттің меншігінде болатын. Міне, осы кезде газет ашу «көзсіз батырлыққа» баланғаны да шындық. Уақыттың өзі көрсеткендей, көптеген басылымдар сол кезде жарқырап шыққанымен, бәсекелестікке шыдамай көп өтпей жабылып қалғанын да көзіміз көрді.
Бәйдібек ауданында да бұған дейін аудандық, мемлекеттің меншігіндегі «Алғабас» газеті жұмыс істеді әрі онда сақа журналистердің қарасы басым болатын. «Шаян» газетінің ашылуынан жабылуы тез болатынын сондағы кейбір журналистер айтып та жүрді. Ал «Шаян» газеті — сол кездегі газет редакторы Абзал Әлішерұлының жанқиярлығының арқасында алдынан шыққан кедергі-қиындықтың бәрінен өте білді.
Енді «редакцияда қандай тұлғалар қызмет етті» дегенге келетін болсақ, мен айтар едім, сол тұлға – газет редакторы Абзал Әлішерұлы деп. Баспахана шығынының өзін 5-10 жылдап барып зорға дегенде өтейді. Бұл жерде айлық туралы айтпай-ақ қояйық.

– Аудан газетінің қазіргі тыныс-тіршілігі қандай, таралымы қанша?

– Ауданда бар-жоғы 50 мыңға жетер-жетпес тұрғын болған. Алғашқы ашылған сол кездің өзінде-ақ редактор 1000 шақты оқырманды жинап үлгерді. Келесі жылы тағы да 500-дей оқырман тартты.
Қарашаңырақ «Алғабас» газетінің өзі 3000-4000 данамен шығып жатқанда «Шаян» газеті үшін 1000 оқырманды табу аз күш емес-ті. Осылайша ойламаған жерден шыққан «Шаян» газеті басқа да қиындықтардан бөлек, аудандағы «Алғабас» газетінің бәсекелесіне айналды.
Дегенмен газет таралымы екі газетте де осы уақытқа дейін сол қалпында сақталып келеді. Осылай болуы керек те сияқты. Әр газеттің уақыт талабына байланысты өз қиыншылықтары бар.

– Газет ұжымы қай тақырыптарға түрен салып жүр?

– «Шаян» газеті мемлекеттік тапсырыстың тақырыбына орай бір жылдары жастар мәселесін көтеріп отырса, енді бір жылы дін тақырыбына қалам тартты. Ауданымыздың тыныс-тіршілігі де үнемі біздің назарымызда.
Мағжан Жұмабаевтың: «Арыстандай айбатты, Жолбарыстай қайратты, Қырандай күшті қанатты, Мен жастарға сенемін!» деген сөзі газет маңдайшасында аудан жастарына рух беріп жарқырап жазылды.
Қай істі қолға алмайық, асықпаған, аптықпаған абзал. Газет сөзі – елдің сөзі. Сондықтан да қателеспеген дұрыс.
Газет – ақылшы. Ал ақыл – халықтан шығады. Сонда газет елдің айтқанын жүйелеп, електен өткізіп, өздеріне қайтып береді.
«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы да анықтама беріп кеткен жоқ па. Ал журналистер туралы Шерхан Мұртазаның «Арқалағаны – алтын, жегені – жантақ…» дегеннен артық теңеу таба алмайсың. Өзім осы жүкті 2016 жылдан бастап көтеріп келемін. Басшылықта отырғаныма да жеті жылдай болыпты. 2020 жылы Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшелігіне қабылдандым.

– «Масс медиа» туралы заң жобасы жуырда қабылданады, жалпы БАҚ туралы заң, журналистердің статусы мен мәртебесі арнайы заңмен бекітілуі керек деген мәселе ертеден қозғалып келеді. Кейінгі буын өкілі ретінде бұған қандай ой қосар едіңіз?

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында: «Масс-медиа – елімізді жаңғырту ісіне ерекше ықпал ететін сала. Сондай-ақ билік пен қоғам арасындағы пәрменді байланыс құралы. Ақпарат құралдарында түрлі көзқарастар тоғысады. Оны да қоғам тынысының барометрі деуге болады. Осы саладағы өзекті мәселелерді шешу үшін ақпарат саясатын түбегейлі қайта қарау қажет», — деді. Президенттің сенімі. Президенттің журналистерге берген бағасы. Осы орайда журналистерге де көп міндеттер жүктеледі. Оны жақсы түсініп отырмыз және де менің айтайын дегенім, жаңадан қабылданғалы жатқан «Масс-медиа» туралы заңның атауын өзгертпей-ақ, бұрынғыша құлаққа жағымды «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» (БАҚ) заң деп қалдырса да жаман болмас еді деп ойлаймын. Заңның күші – атауында емес, арқалайтын жүгінде, орындалуында ғой. Дегенмен де бүгінгі күні сол жаңа Заңды асыға күтіп отырмыз. Газет редакцияларын баспанамен қамтамасыз ету, мерекелік шараларына рухани жағынан басымдық беріп-өткізу, баспахана қаржысын ішінара субсидиялау жайы Түркістанда өткен редакторлардың басқосуында өзіндік ой-пікірімізді де айтқанбыз.

– Тас лақтырсаң, жерге түспей блогерге тиетін заман қазір. Ерінбегеннің бәрі бейнежазба түсіріп, көпшілікке ұсынуға әуес. Қала берді, әнші деп жүргендердің жүргізушілікке ұмтылуы журналист мамандығының беделін түсірмей ме?

– Бүгінгі күні ақпарат айдынында «блогерлер» деген ұғым пайда болды. Блогерлердің қатарында қоғамға пайдасын тигізіп жатқандар да, жалған ақпарат таратып, өздеріне қажетті, әсіресе, басшылықта жүрген азаматтарды қорқытып, үркіту арқылы өз пайдасын ойлап жүргендер де табылып жатыр. Міне, осылар шын журналистердің абырой-беделіне селкеу түсіріп жүргендерін де аңғарып отырмыз. Журналист кім? Блогер кім? Ел енді осыны ажыратып алуы керек. «Журналист Құдайдың берген сыйы…» депті Сағымбай Қозыбаев ағамыз. Блогерлерге арналған мұндай сөзді әзірге кездестіргеніміз жоқ. «Әдебиет – жүректің, журналистика – мидың ісі» деген-ді Дулат Исабеков ағамыз. Бұл да журналистердің оңай жұмыс атқармайтынын аңғартса керек-ті. Басыңда миың болмаса, журналистиканың баспалдағына табаныңды тіремей-ақ қойғаның дұрыс.

Ресейде Плевако деген сенатор ертеректе БАҚ өкілдері жиынға кіріп келе жатқанда «Тұрыңыздар, сенатор мырзалар! Журналист мырзалар келе жатыр!» депті» дегенді бір жерден оқығаным бар еді. Әрі бұл сөзді сенатор әр жиында айтады екен. Міне, журналистердің беделі. Біздің журналистер де өз жұмысында, сын сағаттарда «Төртінші билік иелері» деген мәртебесіне дақ түсірмеуі тиіс. Бүгінгі күні «Шаян» газетінің ұжымы осы бағытты ұстанып отыр.
Алаш қайраткері Міржақып Дулатов: «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы мықты» демеп пе еді Сол үшін де мықты болуға тиіспіз, еліміздің өсіп-өркендеуі жолында еңбек етуге міндеттіміз.

— Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Қуаныш Рахмет

Бүгін, 10:38
Мақсат Мақтабек: Заң – азаматтардың қорғаны
Бүгін, 10:29
Түркістан: Қоғамдағы қауіпсіздік – тәртіп сақшысының күнделікті жұмысы
07 тамыз, 14:33
Түркістан: Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу және пробация
07 тамыз, 14:01
Түркістан: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыруға арналған шаралар
05 тамыз, 14:39
Түркістан: Қауіпсіздікті сақтау маңызды
01 тамыз, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
01 тамыз, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды
29 шiлде, 14:58
Әйгерім Исаева: Арнайы жасаққа жүрек жұтқан жауынгерлер қабылданады