
Еуразия Ұлттық университетінің әскери кафедрасы мемлекет қайраткері, Халық Қаһарманы, армия генералы Мұхтар Алтынбаевтың туғанына 80 жыл толуына орай «Дала қыранының даңқты жолы» атты әскери-патриоттық акция өткізді.
Оған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Сөз ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Ермұрат Бапи, Еуразия Ұлттық университеті әскери кафедрасының бастығы, «Даңқ» орденінің иегері, генерал-майор Еділ Оразов, ҚР Қарулы Күштері ардагерлер ұйымының Астана филиалының бастығы, авиация генерал-майоры Алсай Жұманов, кафедраның оқытушылар құрамы мен осында білім алып жатқан жастар қатысты.

Ең әуелі Қазақстан Қарулы Күштерінің қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосқан әскери қолбасшының өмір жолы мен кәсіби қызметі туралы «Биіктерді бағындырған» атты деректі фильм көрсетілді.
Содан кейін сөз алған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ермұрат Бапи армия генералы Мұхтар Алтынбаевтың тұлғасы офицерлік ар-намыстың, жігердің және Отанға шексіз адалдықтың жарқын үлгісі екенін атап өтті.

–Осындай ауқымды іс-шаралар жастардың дұрыс бағдарын қалыптастырады. Олар бейбітшілік пен тәуелсіздіктің бағасын түсінуге көмектеседі, ұрпақтар арасындағы сабақтастықты нығайтады және Отан алдындағы шынайы борыш сезімін тәрбиелейді, – деді депутат Е. Бапи.
ЕҰУ әскери кафедрасының бастығы генерал-майор Еділ Уразов өз баяндамасында екі рет және ең қиын кезеңдерде еліміздің қорғаныс министрі қызметін абыроймен атқарған мерейтой иесінің өнегелі өмір жолы мен Отан қорғау ісіне сіңірген еңбегіне жан-жақты шолу жасады.

«ҚР Қарулы Күштері ардагерлері» РҚБ Астана қалалық филиалының төрағасы, авиация генерал-майоры Алсай Жұманов Мұхтар Қапашұлымен алғашқы таныстығы және тәуелсіз Қазақстан тұсындағы бірлескен қызметтері туралы естеліктерімен бөлісті.
Жалпы алқалы жиын барысында бар саналы ғұмырын Отан қорғау ісіне арнаған азаматтың өмір жолы арқылы жалпы Қазақстан Қарулы Күштерінің қаз тұрып, қалыптасу кезеңі кеңінен сөз болды.
Студенттер атынан сөз сөйлеген Айдар Ахмет пен Дильназ Серікова аға буынның жауынгерлік дәстүрін абыроймен алға жалғастыруға, еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтуға лайықты үлес қосамыз деп уәде берді.
Салтанатты шара әскери қызметшілердің әнұрынына айналған «Егемен Қазақстан» әнімен аяқталды. Оны шығарма авторы — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері сазгер, әнші Қайрат Жүнісовтің өзі орындады.
Дильназ Қожанова,
ЕҰУ әскери кафедрасының студенті