Ұқсата білген ұтады. Нарықтағы қарапайым қағиданы қазба байлыққа қаратып айтсақ, сыртқа тонналап жөнелтілетін мұнайды өзімізде өңдеп, кәдеге жаратсақ, пайдасы да мол. Ең бастысы, «қара алтынды» арзанға беріп, бензин мен керосинді қымбатқа сатып алатын машақаттан құтыласың. Екіншіден, ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етіп, экономиканы әртараптандыруға жол ашады. Қатардағы тұтынушыға да тиімді. Күні кеше іскерлік басылымдар Global Petrol Prises аналитикалық орталығының әлемдегі ең арзан дизель отынын пайдаланатын елдерге қатысты мәліметін жариялады. Осы тізімде еліміз 13-ші орында тұр. Ал «қара алтыны» қисапсыз АҚШ, Ресей және Ирақ алғашқы 20-ға да кірмеген.
Соңғы жылдары Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, Үкімет ішкі нарықты қорғауға басымдық беруде. Нәтижесі де тәп-тәуір. Жыл сайын тұқым себу мен егін орағы басталғанда жұрт «бензин безгегі» дейтін жанармай тапшылығы келмеске кетті. Өңдеу өнеркәсібі қарқын алды. Атап айтқанда, биылғы жылдың алғашқы жартысында жалпы «қара алтынды» өңдеу көлемі 8,83 млн тоннаны құрады. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, өсім 685 мың тоннаға жеткен. Бірер күн бұрын «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы ұсынған мәліметке жүгінсек, өндірілген жеңіл мұнай өнімдерінің (бензин, дизель және авиаотын, өзге түрлері ) үлесі — 6,84 млн тонна. Мұнда да ілгерілеу бар (893 мың тонна).
Сурет: gov.kz
Сөз жоқ, жетістік еліміздегі негізгі 3 кәсіпорында өнім өңдеу тереңдігі (сапа) деңгейінің өсуімен тікелей байланысты. Айта кеткен жөн, осыдан біраз бұрын Атыраудағы зауытта осы көрсеткіш 70 пайызға да жетпейтін. Қазір 89 пайызға жақындап қалды. Көш басында — Павлодардағы кәсіпорын (91,8 %). Ал өңдеу өнеркәсібі өркендеген елдерде орташа деңгей 95 пайыздан асады. Осыны ескерген отандық зауыттар өндіріске замануи технологияларды тартуға күш салып жатыр. Бұл ретте 3, 07 млн тоннаға жуық қара май өңдеп, жеңіл мұнай өнімдерін шығару бойынша ең жоғары көрсеткішке (81,7 %) жеткен Шымкенттегі кәсіпорынды атап өткен жөн. Осы «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» компаниясы жылдық өндіріс қуатын 12 млн тоннаға дейін ұлғайтуды көздейтін инвестициялық жобаны іске асырмақшы. Халықаралық талаптарды (стандарт) қолданатын жобаға сәйкес, өндіріс ошағында қосымша 700 мың тонна автобензин, 3,9 млн тонна дизель жанармайы және 700 мың тонна авиаотын шығарылады. Бұл еліміздің ішкі нарығындағы сұранысты толығымен қанағаттандырып, жанармай экспортын арттырып қана қоймай, әсіресе, авиаотынға деген импорттық тәуелділіктен арылуға мүмкіндік береді.
Авиаотын демекші, соңғы 5 жылда өнімнің осы түрін өндіруге мықтап көңіл бөлінді. Статистикаға сүйенсек, 2020 жылы көрсеткіш 438 мың тонна болса, былтыр 700 мың тоннаға жетті. Дейтұрғанмен, 300 мың тонна авиакеросинді терістік көршіден аламыз. Ал отандық әуе кемелерінің жасыл энергияға бет бұрған Еуропаға қатынайтынын ескерсек, тағы бір көкейкесті түйткілдің шеті көрінеді. 2028 жылдан бастап Еуроодақ елдеріне келетін Қазақстан әуе компанияларының ұшағындағы авиаотынның белгілі бір бөлігі экологиялық тұрғыдан таза болуы тиіс. Бұған қоса, SAF(Sustainable Aviation Fuel) деп аталатын осы баламалы авиация отыны Jet A-1 авиакеросинге қоспа ретінде пайдаланылады. Жыл сайын оның үлесі көбейіп, қазіргі 4 пайыздан 2050 жылға қарай 65 пайызға жетуі тиіс. Айта кету керек, әлемнің 70-тен астам елінде қолданылатын әрі қауіпсіз осы авиакеросинді өндіруге аталған үш кәсіпорын технологиялық тұрғыдан дайын. SAF ауыл шаруашылығы дақылдарынан алынады. Демек аграрлық әлеуеті зор елімізге авиаотынды тек мұнайдан ғана емес, бидайдан да алуға мүмкіндік бар деген сөз.
Сурет: ElDala.kz
Биылғы наурыз айында сол кездегі энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев пен ICAO (Халықаралық азаматтық авиация ұйымы) Еуропа және Солтүстік Атлантика Бюросының директоры Николя Ралломен кездесуінде Қазақстан отынның осы түрін өндіру жайы қозғалды. Осы орайда биоэтанолдан әлгі SAF өндіретін жаңа зауыт салу көзделуде. Бұл үшін бидайдың қатты сортынан биоэтанол шығаратын Солтүстік Қазақстан облысындағы «Bio Operations» зауытының өндірістік қуатын арттыру жоспарлануда. «ҚазМұнайГаз — Аэро» компаниясы қолға алынған осы жоба іске асқанда агрокешендегі кластер жүйесі де қоса дамиды. Сайып келгенде, ішкі нарықта экологиялық жағынан таза отандық өнім пайда болады. Ішкі нарықтан артылғаны қазынаға қыруар кіріс әкеледі.
Осылайша, ұқсата білу қағидасымен тағы бір қарышты қадам жасалатын күн жақын.
Срайыл Смайыл