Ұйқысыз өткен түн: Алматы жұртының қуатты жер сілкінісінен кейінгі әртүрлі әрекеті (Видео)

23 қантар, 12:16

Өзім Алматыда жер үйде тұрамын. Жер үй қауіпсіз деп жатады. Бірақ біз отбасымызбен бүгін түн ауа болған жер сілкіністерін жұрт қатарлы сездік. Жұрт қатарлы уайымдадық. Оның үстіне біреулер Watsap желісінен айқайға сүрең қосып жатты. Әрине, өзіміз журналист болған соң, ресми хабар шықпаса, ондайға әлдеқашан сенбейтін болғанбыз ғой. Десе де, кәдімгідей алаңдап қалады екенсің.
Көп кешікпей құзырлы органдар да қимылдай бастады. Жағдайды түсіндіріп, жақын арада зілзала болмайтынын айтты. Бірақ оған жұрт қарай ма? Талай адам асай-мүсейін алып, «атқа қонып», яғни көлігіне мініп, қаланың сыртына қарай тартып отырды. Содан Алматыда түн ортасында кептеліс пайда болды. Ал жанармай құю бекеттерінде ұзын-сонар кезек қалыптасты.

«Журналистке де жан керек. Бала-шағамды ұйқылы-ояу көлікке салып алып, жер үйде тұратын досыма келдім. «Заправкаларда» кептеліс. Бәрі бензинді толтырып алып, қала сыртындағы жазықта көлікте түнеп жатыр. Әншейінде көше торып жүретін жол сақшыларының бірі жоқ. Тек Рысқұлов пен Момышұлының қиылысын реттеп тұрған екі сақшыны ғана көрдім. Қалғаны «жұмысыңды ұрайын» деп патруль көлігімен үйлеріне тартып кеткен сияқты. «Асыл арман», «Шұғыла», «Зерделі», «Жас қанат», «Алма сити» сияқты «человейниктерде» халық ауладан шыға алмай, сағаттап кептелісте тұр. Себебі жол тар, төтенше жағдайларға есептелмеген. Бір минуттық дүмпу біраз проблеманы ашып берді. Енді содан сабақ алып, нәтиже шығару керек», – деп жазды журналист Диас Нұрақын.

Әйелім мектепте мұғалім. Кейбір оқушылары «Ұзынағашқа кетіп барамыз» деп жазып жатты. Ал өз көлігі жоқтарға таксишілер мобильді қосымшалар арқылы аса қымбат қызмет ұсынуға кірісті. Мына тұрған ауылға 20 мың теңге!

«Әй, иттің балалары-ай десеңші! «Шевроле Нексианың» несиесін шығарып алайын деген шығар», – деп жазды журналист Ришат Асқарбекұлы.
Жұрттың қиналысынан күреп табыс тауып қалғысы келгендерге әлеуметтік желі қолданушылары осылайша күйінді. Бірақ кейде солай қатыгез болып кететін алып қалада қайырымды жандар да табылғандай. Жер үйде тұратындар көпқабатты үйдегі таныстары мен туыстарына бір түн пана болғысы келетінін білдірді. Айтқандай, біздің үйге де курстас досым келіп, қонып кетті.

«Енді Алматыда көпқабатты үйлер бірден арзандап, таунхаустар мен жер үйлер қымбаттайтын шығар. Біздікі таунхаус. Көпқабатты үйдегі туыстарымызды күтіп отырмыз. Кезінде үйімді сатып жібермегенім жақсы болыпты», – деп жазды қоғам белсендісі Тоғжан Қожалы.
Көпқабатты үйден шығып жатқандардың да дүрбелеңін байқадық. Ұйқысынан шошып оянғандардың бірі үстіне ілінгенін киіп, енді бірі тіпті лыпамен атып шықты.

Көпқабатты ғимаратты былай қойып, жер үйдегілердің өзі түндегі жағдайдан қатты шошып қалды. Оларда да аспалы шам шайқалған.

«Үйде қонақтар болған. Шығарып салып есік жапқаным сол еді, көз алдымда дүниелер дірілдеп сала берді. Шырақ тоқтаусыз шайқалып, үстіңгі қабатта қүлаққаппен жатқан қыздарым “Не болды? Кім ол?” деп төменге атып-атып шықты. Жердің сілкінгені қорқынышты емес, үздіксіз тоқтамай шайқалуы қорқынышты екен», – деп жазды жер үйде тұратын журналист Гүлмира Әбіқай.
Адам, әрине, мұндайда не істеп не қойғанын білмей қалады. Дүрлігу содан болады. Қанша сабырға шақырсаң да, мынадай жағдайда жұртқа оңай емес. Біреулер шын ниетін, біреулер шын пиғылын байқатып қояды.
Неде болса, бір ауыр күннен өттік. Енді осындай жағдай қайталанбасын деп тілейік.

Оразәлі Баймұрат

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген