Соңғы 3-5 жылда адамның иммундық тапшылығы вирусының (қысқаша – АИТВ, орысша — ВИЧ) жыныстық жолмен таралуы 2-3 есеге артты. Бұл көрсеткіш 2016 жылдың 3 айында орташа есеппен облыстар бойынша 50-ден 90 пайыз аралығында ауытқып, нақтырақ айтқанда Қызылорда облысында – 90 пайызды, Павлодар облысында – 62,2 пайызды, Алматы қаласында – 61,6 пайызды құраған. Егер 5 жыл бұрын бұл дерт негізінен күре тамырдан егу арқылы (инъекциялық), соның ішінде 60-80 пайызы есірткі тұтынушылар арасында, 20-30 пайызы коммерциялық жыныстық қатынас қызметкерлері (гетеросексуалдық) арасында, яғни, халықтың әлеуметтік жағдайы төмен топтарында кездесетін болса, қазіргі уақытта аурудың құрылымы өзгеріп, жалпы халық арасында кең тарала бастады.
Осындай мәлімет келтіріп, аса өзекті мәселеге алаңдаушылық білдірген Мәжіліс депутаты Зәуреш Аманжолова сәрсенбідегі жиында Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдап, АИТВ-мен күресудің жолын ұсынды. Жиыннан кейін халық қалаулысына бірнеше сауал қойдық.
Жас қазақ: Зәуреш Жұманәліқызы, Сіз сауалыңызда соңғы 3 айда елімізде АИТВ-ны жұқтырған 673 жаңа оқиға тіркелгенін айттыңыз. Бұл аурудың күрт көбеюіне не себеп болып отыр?
Зәуреш Аманжолова: Иә, үш айда жаңадан 673 оқиға тіркелген, соның ішінде 195-і – қала тұрғыны, 217-сі – ауыл тұрғыны. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырсақ, ауру 111 оқиғаға көбейіп, 0,7 пайызға артты. Бізді алаңдатып отырғаны, АИТВ инфекциясы халықтың еңбек ететін тобының арасында – 32 пайызға, 11-ден 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында 1,7 пайызға дейін өсуі. Егер ретроспективті талдау жүргізсек, бұл көрсеткіш анағұрлым артуы ықтимал. Бұған қоса, дауасыз дерт жалпы халыққа жаппай таралуда. Ең қорқыныштысы – осы. Ауру санының көбейгені емес, оның құрылымының өзгергені аса қауіпті. Бес жыл бұрын бұл дерт негізінен күре тамырдан егу арқылы (инъекциялық), соның ішінде 60-80 пайызы есірткі тұтынушылар және 20-30 пайызы коммерциялық жыныстық қатынас қызметкерлері (гетеросексуалдық) арасында таралды. Ол кезде инфекция негізінен бір шприцпен күре тамырдан егу арқылы жұғатын. Онымен күресіп, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бағдарламасы бойынша нашақорға тегін шприц тараттық. 1 адамға 10 шприцтен бердік. Бірақ елдегі нашақор түгел жойдық дей алмаймын. Ал бүгін бұл ауру жыныстық қатынас арқылы таралуда.
Жас қазақ: Сіздің айтуыңызша, АИТВ қазір жаппай жыныстық жолмен жұға бастады. Бұрын инфекция жұқтырған 10 ер адамға 1 әйелден келсе, қазір бұл көрсеткіш 1,3:1,0 құрайды. Сонда тажалға дер кезінде тосқауыл қойып, мәселені оң шешу үшін қандай іс-әрекет жасауымыз керек?
Зәуреш Аманжолова: Бұл мәселені шешу үшін, мен бірнеше ұсыныс айттым. Біріншіден, бұл қоғамға ортақ мәселе болғандықтан министрлік, ведомство, әкімдіктер әлеуметтік жарнамаға бөлінетін қаражатты тиімді пайдалануы қажет. Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтен АИТВ қоздырғышының халыққа жаппай жұғу қаупін азайту үшін құзырлы органдарға тиісті тапсырма беруін өтіндім. Екіншіден, АИТВ/ЖҚТҚ (ЖҚТҚ – жұқтырылған қорғаныш тапшылығының қоздырғышы) алдын-алу бағдарламасын бала мен жасөспірімге тек білімді, білікті маман оқытуы тиіс. Себебі дәрігердің ішінде бұл тақырыпты түсіндіре алмайтындар көп. Үшіншіден, теледидар мен радиодан әлеуметтік жарнамаға тегін уақыт бөлінуі керек. Атап айтқанда, АИТВ-ның қаупі туралы арнайы бағдарлама жасау, аудио-бейне жазбалардың көрсетілуі. Қазір ақша төлесе, теледидардан не көрсетпей жатыр? Тіс пастасы да, кір жуатын ұнтақ та керек шығар. Алайда мынау ең өзекті мәселе.
Жас қазақ: Айтпақшы, елімізде жасөспірімнің 10 пайызы 14 жасқа дейін жыныстық қатынасқа ерте түсетіні айтылып жүр. Елордалық прокурорлар мектептегі жүктілікке тосқауыл қою үшін жүкті болған жасөспірім қыздың ата-анасын жазалау туралы бастама көтерді. Сіз мұны құптайсыз ба?
Зәуреш Аманжолова: Әлемдік тәжірибеде ондай жаза жоқ. 14 жаста жыныстық қатынасқа түсті деп ешкімді жазаламайды. Меніңше, жазалаудан бұрын, мектептегі жүктіліктің, инфекция жұқтырудың алдын алу маңызды. Дерттің қаупі жөнінде білікті маман түсіндірсін деп неге атып отырмын? Себебі біздің қоғамның бір қателігі – жаман нәрседен сақтандырып, оның зиянын түсіндіре алмай келеміз. Соның кесірінен ерте жүкті болған қыздар сәбиін дәретханаға, далаға тастап жатыр. Меніңше, біз менталитетті өзгертіп, әр қыз балаға 9 немесе 11 жастан бастап жүктілік туралы ашық түсіндіруге тиіспіз. Әрине ең алдымен бәрі тәлім-тәрбиеге келіп тіреледі. Ерте жүктіліктен, қауіпті вирустан сақтану қажеттігін ата-анасы, мұғалімі, ортасы қыз балаға шаршамай айтып отырғаны абзал. Қыз бала жыныстық қатынас тақырыбы туралы бәрін білуі керек. Дер кезінде дұрыс ақпарат берсек, қайғылы жағдай орын алмайды.
Сұхбаттасқан Төлен Тілеубай
Астана