Университет табалдырығын аттаған жастар студенттер қатарына қабылданды

19 қыркүйек 2022, 12:58

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Әл- Фараби ескерткіші алдындағы алаңда танымал тұлғалар, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, белгілі ғалымдар, жазушылар, қазақстандық эстрада жұлдыздары, блогерлер, университет оқытушылары мен студенттерінің қатысуымен бірінші курс білімгерлерін «Студенттер қатарына қабылдау» салтанатты кеші өтті. Дәстүрлі мереке бірінші курс студенттерінің шеруінен басталды. Университет табалдырығын жаңадан аттаған жастар алаңда әсем ән құшағында шерулетті. Кейін салтанатты шараға жиналған 5000 адам Әнұранды жанды дауыста орындады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев бірінші курс студенттері мен қонақтарға арнапm құттықтау сөз сөйледі. Жастарды өмірдегі айтулы күнмен құттықтай отырып, университеттің қазіргі жетістіктерімен бөлісті. Бүгінгі таңда ҚазҰУ әлемдік рейтингтегі көшбасшы оқу орындарының қатарына кіреді. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биыл алғаш рет университетке келіп, оқытушылармен және білім алушы жастармен кездесіп, университетті дамыту жөнінде бірқатар тапсырмалар берді. Биыл Әл- Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті QS WUR әлемдік рейтингінде 150-орынға көтерілді. Жақында Үкімет қаулысымен ҚазҰУ-ға зерттеу университеті мәртебесі берілді. Мемлекет басшысының қолдауымен биыл Түркияның Ыстамбұл қаласында және Қырғыз Республикасының астанасы Бішкекте ҚазҰУ филиалдары ашылды. Сонымен қатар ҚазҰУ-да ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қатысуымен Ресейдің МИФИ Ұлттық ядролық зерттеу университетінің филиалы ашылды. Университетте 25 мыңға жуық студент оқиды, олардың 2,5 мыңға жуығы әлемнің 50 елінен келген шетелдік студенттер. Жаңа оқу жылында ҚазҰУ-ға 7690 студент қабылданды. Мемлекеттік грантты 5156 талапкер ұтып алса, ақылы бөлімге 2534 студент оқуға түсті. Олардың ішінде 672 «Алтын белгі» иегері, 619 «Үздік аттестат» иегері, 12 ғылыми жоба жеңімпазы, 69 халықаралық және республикалық олимпиадалардың жүлдегерлері бар. ЖОО басшысы өз сөзінде: «Университеттегі факультеттер, кафедралар, ғылыми-зерттеу институттары, инновациялық зертханалар мен ғылыми орталықтардың барлығы сіздердің толыққанды білім алуларыңызға қызмет етеді. Өткен жылдан бері жатақханалар мен оқу корпустары күрделі жөндеуден өтті. Бұл жұмыстар биыл да жалғасуда. Алдағы уақытта жаңа жатақхана салу жоспарда бар. Осы игіліктерді дұрыс пайдаланыңыздар. Ғылымды игеріп, білікті маман болыңыздар», – деп студенттерге үндеу тастады. Биылғы салтанатты рәсім форматы дәстүрлі кілт беруден өзгеше, жаңа технологияларды пайдалана отырып жүзеге асты. Бірінші курс студенттері сахнадан дербес QR-кодын сканерлеп, ерекше сәтке атсалысты. Шара концерттік бағдарламамен жалғасты. Сахнада «Ұлытау» этно-рок тобы, танымал әнші Гүлнұр Оразымбетова, танымал жастар орындаушысы MALIKA YES, «Меломен» тобы және өзге де эстрада жұлдыздары әннен шашу шашты. Мерекеде ҚазҰУ-дың талантты, креативті жастары да өз өнерлерін паш етті. Химия және химиялық технологиялар, биология және биотехнологиялар факультеттерінің студенттері университет ғалымдарының ғылыми жаңалықтарының тұсаукесерін өткізді. Көрермендер «ҚазҰУ студенттерінің спорттық жетістіктері» композициясын және «Чемпион» әнін қошеметпен қарсы алды, оның аясында ЖОО спортшыларына – халықаралық және ұлттық жарыстардың жеңімпаздарына кубоктар табыс етілді. Қыздар квартеті «Қазақ, қырғыз — бір туған» әнін әуелете шырқады. Сондай-ақ кеште «Фараби қыздары», RAIM тобы сахнада ән шырқап, көрермендердің қошеметіне бөленді. Жастар ұйымдарының комитеті түрлі түсті флешмоб дайындады. Студенттер мерекесі фантастикалық лазерлік шоу мен би кешіне ұласты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
Баспасөз қызметі

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген