Тұтынушы құқығын қорғау: заң жобасындағы оң өзгерістер

23 қыркүйек, 12:29

Мәжіліс қыркүйек айында жұмысқа кірісе сала, тұтынушы құқығын қорғайтын заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдап тастады. Негізі «Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» заңға төрт жыл бұрын өзгеріс енгізілген-тұғын. Алайда өмірдің өзі көрсеткендей, заңның кейбір баптары бүгінгі күннің талабына жауап бермейді.

Парламентте құжатты таныстырған сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің айтуынша, бүгінде көзіқарақты тұтынушы өз құқығын қорғай алады. Бұған соңғы жылдары қандай да бір тауар немесе қызмет көрсету сапасына қатысты шағымның көбейіп жатқаны дәлел.
Сауда және интеграция министрлігі деректеріне жүгінсек, 2021 жылы тұтынушылар құқығын қорғау комитетіне 25 мың шағым келіп түссе, 2022 жылы олардың саны 30 мыңға, ал 2023 жылы 51 мыңға жеткен. Сондай-ақ басқа мемлекеттік органдарға тұтынушылар тарапынан жөнелтілген шағым 2021 жылы 45 мың болса, 2023 жылы 74 мыңнан асыпты.

Әсіресе, электрондық саудамен айналысатындар үстінен арыз айтушылар көп. Бұл, әрине, электрондық сауда құралдарын белсенді пайдаланумен байланысты.
Осыларды ескеріп, заң жобасына бірқатар түзетулер мен өзгерістер енгізу ұсынылып отыр. Заң тұтынушы құқығының тиісті деңгейде қорғалуына, өмір сапасын жақсартуға, осы салада жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдардың рөлін күшейтуге бағытталады.

Біріншіден, дауды шешу бұрынғыдай көп сатылы емес, екі сатылы болмақ. Сотқа дейінгі рәсімді сақтаған тұтынушыға таңдау құқығы беріледі. Нақтырақ айтсақ, тұтынушы сотқа беру немесе дауды соттан тыс шешетін субъектілерге (медиатр/арбитраж) жүгіне алады. Не болмаса, зардап шектірген бизнес субъектісін әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін мемлекеттік органға шағым түсіре алады. Сонымен қатар тұтынушы дауларын сотқа дейінгі және соттан тыс шешудің аражігін белгілеу ұсынылып отыр.

Екіншіден, «Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» заңның іргелі қағидалары қаржы жүйесінен басқа барлық салаларға қатысты болмақ. Бұл орайда туындаған дауды әр сала бойынша тиісті мемлекеттік органдар құзыретінде реттеу көзделген.
Үшінші өзгеріс тұтынушылардың белгіленген және белгіленбеген тобы түсінігін межелеуге қатысты. ЕАЭЫ-ғы бірқатар елдер сияқты, тұтынушылар құқығын қорғау омбудсмені мен қоғамдық бірлестіктер сотқа белгіленбеген тұтынушыларға қатысты сотқа шағым түсіре алады.

Төртіншіден, сатушы немесе қызмет көрсетушіге азаматтық-құқықтық жауапкершілік қарастырылады. Ол бойынша екі арадағы дауды сотқа дейін шешу мүмкін болмаған жағдайда тұтынушы пайдасына сот арқылы айыппұл төлету ұсынылды. Бұл тұтынушымен арадағы дауды сотқа жеткізбей шешуге ықпал етуі тиіс.
Сонымен бірге заңға онлайн-саудада тұтынушы құқығын қорғауды күшейтуге арналған өзгерістер енгізу ұсынылып отыр.
Оқырманның есіне сала кетейік, елімізде тұтынушы құқығын қорғауға арналған e-tutynushy.kz Бірыңғай ақпарат жүйесі жұмыс істейді. Әзірге ол пилоттық жоба болғандықтан, бүкіл сауда ұйымдары тіркеліп үлгермеген. Дегенмен әр сауда субъектісінің QR-коды бар, ол сауда нүктесінде сатып алушы көретіндей орында болуы тиіс. Құқығы тапталған тұтынушы QR-кодты скандап алған соң жүйеге кіріп шағым түсіре алады.

Осы жүйе арқылы қарапайым тұрғын мемлекеттік органмен де, бизнеспен де байланысқа тікелей шығады. Сайттағы нұқсаулыққа қарап, шағымды рәсімдеу оңай. Әрмен қарай жүйе оны қандай жүйеге жөнелтуді автоматты түрде өзі анықтайды. Ең бастысы, мұнда шағым бағытталған мекеме (кәсіпкер) заңға сәйкес, тұтынушының заңды (!) талабын он күн ішінде қанағаттандыруға мүмкіндік алады. Ал егер шағымға жауап беруден жалтарса, мемлекеттік органдарға бағытталады. Дегенмен бұған жеткізбеген дұрыс. Әйтпесе, айыппұл төлеуге тура келеді.

Наргүл Мырзахмет

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?