Әр халықтың болашағы мен даму бағытын айқындайтын белгілі бір сынақты сәт немесе бетұрыс кезеңдері болады. Түрік миллеті 2016 жылғы шілденің 15-нен 16-на қараған түнді осындай тағдыршешті мезет деп есептейді. Сол түні Анкара мен Стамбулдағы мемлекеттік ғимараттарға (оның ішінде Парламент үйі, Президент кешені және т.б. бар) әуеден шабуыл жасалып, көшелер мен көпірлерді танктер атқылай бастайды. Президент Режеп Тайып Ердоғанның үндеуімен жүздеген мың адам көшеге шығып, олардың мұздай қаруланған төңкерісшілерге жалаң қолмен қарсылық көрсеткені белгілі.
Қақтығыстар нәтижесінде 253 адам қаза тауып, 2700-ден астам адам жарақат алған екен. Көшелер мен мектептер бүгінде қаза тапқандардың есімімен аталады, бүкіл ел бойынша ескерткіштер орнатылды, мұражайлар ашылды.
Мемлекеттік төңкерістің бетін ұлт болып ұйыса, жұрт болып жұмыла қайтарған күнді бұл ел Демократия және ұлттық бірлік күні ретінде атап өтеді. Соның аясында салтанатты отырыстар, форумдар, мемориалдық мұражайларға сапарлар және ресми тұлғалармен кездесулер ұйымдастыру дәстүрге айналған.
Биыл Демократия және ұлттық бірлік күнін атап өтуге ерекше көңіл бөлінгені байқалады. Түркия Президенті жанындағы Қоғаммен байланыс басқармасының шақыруымен әлемнің 41 елінен келген 200–ге жуық шетелдік БАҚ өкілдері мен саяси сарапшылар үшін Анкара және Стамбул қалаларында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды.
Медиа бағдарламаға қатысушылар ең алдымен Президенттік кешенге және 15 шілдеде тақырыбына арналған Демократия мұражайына барып, сонда төңкеріс түніндегі оқиғалар туралы цифрлық экспозициялармен, түрлі деректі материалдармен танысты.
Қонақтарды 15 шілде Демократия музейінің директоры Әли Хайдар Аталар мырза қарсы алып, әрбір залдағы экспонаттарға жеке-жеке сипаттама берді. Экскурсия біткен соң мың жылдық шынар бейнеленген алып ағаштың түбінде журналистердің сан алуан сұрақтарына егжей-тегжейлі жауап қайтарды.
Содан соңғы басты оқиға Түркияның Ұлы ұлттық мәжілісінің ғимаратында Президент Реджеп Тайып Ердоғанның сөйлеген сөзі болды. Оның ту сыртындағы «Жеңістің аты – Түркия» деген жазу көп нәрседен хабар берсе керек.
Түркия Президенті өз сөзінде былай деді:
– Ғасырлар бойы шейіттердің қасиетті қанымен сурылған бұл мекен — тарихты талай өзгерткен ерлік дастандары жазылған жер. Терең тәжірибесімен, қайсар мінезімен және берік сенімімен бұл ұлт мың жылдан бері езілгендер үшін үміт оты, жаулары үшін қаһар қайнары болып келді. Чанаккале шайқасы мен Ұлттық тәуелсіздік соғысынан соң 15 шілде түні бұл ұлт тарихқа тағы бір даңқты дастан жазды – ол ғасырдан ғасырға жалғасып, мақтанышпен еске алынатын болады. Бұл дастан – жалаң қолмен танкілерге, ұшақтар мен бомбаларға қарсы тұрған халықтың жеңісі.
Шейіттеріміздің құрбандығы ешқашан зая кеткен емес және кетпейді де. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын террорсыз Түркия – бұйырса, солардың ең ұлы мұрасы болады. Еліміз жарты ғасырлық терроризм құрсауынан арылып, экономикада, қорғаныста, даму мен қауіпсіздікте, ішкі және сыртқы саясатта жаңа кезеңге аяқ басады. Түркия, бұйырса, көпполярлы әлемде жаңа күш орталығы ретінде өз орнын табады. Біз бұған ешқашан күмәнданған емеспіз.
Келесі күні Анкарада панельдік отырыс өтіп, онда Қоғаммен байланыс басқармасының басшысы профессор Бурханеттин Дуран баяндама жасады. Ол айтулы дата 15 шілдеден кейін Түркияның халықаралық дағдарыстарды шешу ісіне сенімді және белсенді қатысушыға айналды деді.
Вице-президент Джевдет Йылмаз болса 2016 жылғы төңкеріс әрекеті Түркияның демократиялық тарихындағы бетбұрыс кезең болғанын атап өтті. Ол өз сөзінде тарихи жады мен әділеттіліктің маңызына тоқтала келе “Есте сақтаңыз — егер ұмытсаңыз, тағы қайталанады” деген Алия Изетбеговичтің сөзін мысалға келтірді.
Панельдік отырыс барысында 15 шілдеде күнгі оқиғалардың демократияға, әділет жүйесіне, ұжымдық жадыға және халықаралық қатынастарға әсері талқыланды. Медиа, құқық және халықаралық саясат саласындағы сарапшылар аталған үдерістердің маңызы мен сипатын әртүрлі көзқарас тұрғысын қарастырып, пікір алмасты.
Медиа бағдарламаның екінші жартысы Стамбул қаласында жалғасты. Бұл төңкерісшілерге тегеурінді қарсылық көрсеткен шаһардың бірі. Талай бейбіт тұрғындар екі құрлықты жалғастырып тұрған атақты көпірдің аузында қаза тапқан көрінеді. Қазір ол 15 шілде құрбандарының көпірі деп аталады. Көпірден көп алыс емес жерде осы оқиғаға орай арнайы мұражай салынып, шейіттер аллеясында мәңгіліктің символы — жыл он екі ай бойы жап-жасыл болып тұратын 253 (құрбандар санына сай) түп арша ағашы отырғызылыпты.
Сапардан түйгеніміз — Түркия 15 шілде оқиғасынан үлкен сабақ алған және оның енді ашқашан қайталанбауы үшін шешуші қадамдарға баруда. Вице-президент Джевдет Йылмаз Түркия Президенті жанындағы Қоғаммен байланыс басқармасында өткен отырыста елдің Конституциясын қайта қарау қажеттігі жайлы сөз қозғады. Ал Президент Реджеп Тайып Ердоған болса Парламенттегі баяндамасын аяқтай келе көп ұзамай Түркия ғасырының туатынын айтып қалды.
Әбубәкір Смайылов,
Астана-Анкара-Стамбул-Астана
Арнайы Jas Qazaq үшін
Суреттерді түсірген автор