Сырлы саз — жанның шипасы, жүректің тілі, баланың дамуы үшін таптырмас құрал. Түркістан қаласындағы Балалар саз мектебі — осындай рухани тәрбиенің ошағы. Бұл мекеме өнерді үйретумен қатар, баланың психо-физиологиялық дамуына да оң ықпал етуде. Jas Qazaq тілшісі мектеп ұжымы, ата-аналар және шәкірттердің пікірін тыңдап, бұл туралы толығырақ білді.
Осы білім ордасының білікті ұстазы Қаламқас Парманқызы: «Жалпы Түркістан балалар саз мектебінде қазіргі таңда 288 оқушы білім алуда. Оларға 35 мұғалім жетекшілік етеді», — деп мектептің қазіргі жағдайымен бөлісті.
«Біз әр баланы қабылдар алдында алдымен есту қабілетін, музыкалық сезімталдығын тексереміз. Себебі бұл мектеп – тек қабілетті, өнерге бейім балалардың ордасы. Өнер – құдірет, өнер – қасиет. Бұл кез келгеннің бойынан табыла бермейді», — деді ол.
Қаламқас Парманқызының айтуынша, бұл мектептен түлеп ұшқан түлектер бүгінде еліміздің түрлі өнер ордалары мен жоғары оқу орындарында білім алып, еңбек етіп жүр. Түркістандағы өзге де өнер мекемелерінде, Алматы мен Шымкенттегі консерваторияларда, саз колледждерінде мектептің шәкірттері үлкен жетістіктерге жетіп келеді. Демек, бұл мектеп шын мәнінде өнердің бастауы болып отыр.
Музыканың бала бойындағы ішкі тәртіп пен жауапкершілікті арттыратынын осы мектептің шәкірттері мен ата-аналары да растайды. Солардың бірі – саз мектебінде тәлім алушы Кәусар Бақбергеннің анасы Құндызай Махмұтқызы былай дейді:
«Мен қызымды 2024 жылдың 1 қыркүйегінде саз мектебіне алып бардым. Қызым бұрын ешқандай музыкалық аспапта ойнамаған, тек қолына қалам ғана ұстап көрген бала еді. Бірақ осы мектепке қабылданғаннан кейін, Ұлжан апайдың жетекшілігімен прима-қобыз сабағына барып, мүлде өзгерді.
Қызым бүгінде музыкаға ғашық. Тәртіпті, сабырлы, ойы терең бола бастады. Кішкентай кезінен ұяң, тұйық болатын, ал қазір сахнада домбыра шертеді, өлең айтады, қобыз тартады. Бұл – ұстаздардың еңбегі.
Мұндағы ұстаздар – шынайы жанашыр. Қаламқас апай бастаған ұжым – білімді, тәжірибелі, кең жүректі кісілер. Балаларды тек оқытып қоймай, оларды шабыттандырып, армандарына жетелейді. Мектепте шығармашылық кештер өтеді, ансамбльдерге қатысады, түрлі байқауларға барады.
Былтыр қызым Түлкібас ауданында өткен байқаудан жүлделі оралды. Сол жолы қолына ештеңе ұстамаған бала сахнада өнер көрсетіп, елдің ықыласына бөленді. Қазір «пианинода да ойнағым келеді» деп отыр. Бұл – мектептің, мұғалімдердің балаға әсері. Мен оларға басымды иемін. Бұл мектеп – болашақ өнер жұлдыздарының алтын ұясы».
Құндызай қызының музыкаға деген сүйіспеншілігі күн санап артып келе жатқанын, тіпті енді пианино мен жетігенді де үйренгісі келетінін мақтанышпен жеткізді: «Бұл – мұғалімдердің қызықтыра алуынан, баурап алуынан туған нәтиже. Былтыр қобыз ұстамақ түгілі, нотаны білмейтін қызым бүгін сахнада өнер көрсетіп жүр. Мұғалімдеріміздің еңбегі орасан. Қобыз сабағы салмақтылықты, байсалдылықты үйретеді. Қызым тек музыкамен шектелмей, шығармашылық жағынан да дамып келе жатыр. Тіпті отбасылық басқосуларда домбыра шертіп, өнер көрсетіп жүр. Осы саз мектебі бар екеніне шексіз ризамын».
Саз мектебі – баланың ішкі жан дүниесін тербеп, өзін-өзі танып, бойындағы қабілетін ашуға жол ашады. Бұл мектепте білім алып жүрген шәкірттердің бірі – Кәусар Бердібекқызы. Ол да өзінің мектебі туралы жылы лебізімен бөлісті:
«Мен саз мектебінде оқығаныма өте қуаныштымын. Қазір қобыз үйреніп жүрмін. Алғашында бәрі қиын көрініп еді. Бірақ ұстазым маған әр нотаның мағынасын түсіндіріп, үйретіп жатыр. Қазір қобыздан басқа да аспаптарда ойнағым келеді. Музыка – мен үшін тек сабақ емес, демалыс, қуаныш, шабыт. Мұғалімдеріме алғыс айтамын».
Кішкентай өнерпаздың сөзі – бұл мектептің баланың жан-дүниесіне қаншалықты әсер етіп жатқанын нақты дәлелдейді. Музыка арқылы бала бойында тәртіп, жауапкершілік, ұқыптылық, мінездің қалыптасуы қатар жүретіні байқалады.
Түркістан қалалық балалар саз мектебі – өз саласында үлгілі мекеме. Мұнда білім берумен қатар, ұлттық өнерді насихаттау, ұрпаққа жеткізу, рухани құндылытарды бойына сіңіру секілді үлкен миссияны орындалуда. Әрбір шәкірт – болашақ өнер иесі, ал әрбір ұстаз – сол өнердің шамшырағы.
Жүздеген баланың жүрегіне үміт отын жағып, олардың болашағына жол ашып отырған бұл мектеп – шын мәнінде рухани орда. Түркістанның төріндегі осы саз мектебі әлі талай таланттың бағын ашары сөзсіз.
Олжас Әбдіхалық