Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының басшыларымен кеңесте «Заң және Тәртіп» қағидатын ұстану қоғамның идеологиялық және саяси нұсқаулығына айналуы қажет екенін атап көрсеткен еді. Мемлекет басшысы: «Қылмыспен күресу және қоғамдық тәртіпті сақтау – аса маңызды міндет. Бұл – жауапкершілігі өте үлкен жұмыс. Ең алдымен, мемлекетте заң талаптары мүлтіксіз орындалуы керек. Заң бұзған кез келген адам жазасын алуға тиіс», – деді. Түркістан облысының құқық қорғау органдары қоғамдағы заң мен тәртіптің сақталуын қатаң қадағалап, кез келген қылмыстың алдын алуға ұмтылады.
«Қарасора-2024»: есірткі сақтаған құтылмады
Түркістан облысының полицейлері «Қарасора-2024» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу аясында, Созақ ауданы аумағында есірткі заттарын заңсыз сақтау фактісін анықтады.
Созақ аудандық полиция бөлімінің криминалдық полиция қызметкерлері Таукент қаласы көшелерінің бірінде есірткі сақтады деген күдікпен жергілікті тұрғынды тоқтатты.
Түркістан облыстық ПД баспасөз қызметі хабарлағандай, жедел уәкілдер тексеру кезінде ер адамның спорттық киімінің қалтасынан өсімдік тектес есірткі затына ұқсас екі қағаз орамасын тауып, тәркіледі. Сараптама қорытындысына сәйкес, алынған заттың салмағы шамамен 7 грамм «марихуана» болып шықты. Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүргізіліп, барлық жағдайлар анықталуда
«Қару»: Атыс қаруы мен оқ-дәрі тәркіленді
«Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында, Түркістан облысының полицейлері мен ҰҚК қызметкерлері бірлесіп, жергілікті тұрғыннан атыс қаруы мен оқ-дәрілерін тәркіледі.
Жедел уәкілдер Созақ ауданы тұрғынының үйін тінту кезінде, оның сейфінен аңшылық мылтық пен түрлі калибрлі 160-тан астам патрон тапты. Оның ішінде АК-47 автоматы мен травматикалық қарудың оқтары бар. Ер адам өз жауабында, патрондарды бір жыл бұрын тауып алып, осы уақытқа дейін үйінде сақтағанын жеткізді. Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Заттай дәлелдемелер сараптамаға жіберілді. Тергеу жүргізіліп, барлық жағдайлар анықталуда.
Сонымен қатар полицейлер Қазығұрт ауданының жергілікті тұрғынынан «Лидер» маркалы газ-травматикалық тапанша тапты. Күдікті қамауға алынды. Қылмыстық істің жинақталған материалдары заңды шешім қабылдау үшін прокуратураға жіберілді.
«Қауіпсіз жол»: жол апатының алдын алу маңызды
Түркістан облысы Сайрам аудандық полиция бөлімі шілде айының 9-12 күндері аудан аумағында жүргізушілер арасындағы көліктік тәртіпті арттыру, жол-көлік оқиғаларының санын азайту, жол қозғалыс ережелерін бұзудың алдын алу мақсатында республикалық «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізуде.
Шара барасында мас халде көлік жүргізуге байланысты құқық бұзушылықтарды анықтауға және жолын кесуге, басып озу, жол қозғалысы, маневр, қиылыстар мен жаяу жүргіншілерөткелдеріне, қауіпсіздік белдіктерін пайдаланбауға және ұялы телефонмен сөйлесуге байланысты ережелерді анықтауға назар аударады.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары
Түркістан облысында жеке құрамға тәртіп пен заңдылықты түсіндіру және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында арнайы іс-шара тұрақты түрде ұйымдастырылады.
Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденовтың тапсырмасына сәйкес, Өзіндік қауіпсіздік басқармасының ұйымдастыруымен Жетісай, Келес және Сарыағаш аудандарында жеке құрам қызметкерлеріне арналған іс-шара жүргізілді.
Профилактикалық шара таңертеңгі уақытта дабыл қағудан басталды. Дабылға сәйкес сақшылар сапқа тұрғызылып, төтенше жағдай кезінде қалай әрекет жасайтындарын көрсетті. Одан әрі қарай ӨҚБ және жеке құрам инспекциясы полицейлердің құжаттарын, нысанды киімі мен заңдылық бойынша сауаттылығын тексерді.
Сонымен қатар полиция ғимаратының іші-сырты мен көліктердің жай күйіне назар аударылып, кемшіліктер айтылды. Шара соңында жеке құрамға арналған ауқымды жиын өтіп, онда еліміздің ішкі істер министрлігінің тарапынан берілген заң мен тәртіп аясындағы тапсырмалар, интегрити чек, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жайы түсіндіріліп, қылмыс жасаған полиция қызметкерлері туралы сот үкімдері мен заңға қайшы жасаған әрекеттері бейнеленген арнайы деректі фильм ұсынылды.
Департамент бастығының тапсырмасына сәйкес, заң мен тәртіптің сақталуын мақсат тұтқан шара басқа аудандарда да жалғасады.
JQ-Aqparat
Суреттер: Түркістан облыстық ПД баспасөз қызметі