Түркістан: Жастар тәрбиесі – басты назарда

11 тамыз 2023, 14:15

 

Бүгінгі заманда елін сүйетін, халқына адал, патриоттық сезімі күшті жастарды тәрбиелеудің маңызы  зор. Бұл істе құрғақ түсіндіруден гөрі кітап оқуға бейімдеу, бойындағы талантын ашу, спортпен айналысуға жағдай жасау, өмірден көргені мен түйгені мол ата-әжелермен кездесу ұйымдастыру сияқты тартымды іс-шараларды өткізудің пайдасы мол. Айта кеткен жөн, Түркістан өңіріндегі ауыл-аймақтарда бұл бұрыннан жолға қойылып, осы күнге дейін жалғасын тауып келеді.

«Кітапхана түні» жастарды кітап оқуға шақырады

Жуырда Созақ ауданы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен аудан орталығындағы «Тәуелсіздік» саябағында Созақ аудандық орталық кітапханасының жазғы оқу бағдарламасы аясында алғаш рет «Кітапхана түні» атты мерекелік шара өтті. Аудан әкімдігі ұйымдастырған «Кітапхана түні» жастардың кітап оқуға деген құштарлығын арттыруға бағытталды. Өйткені қазіргі телефон мен компьютер үстемдік еткен заманда кітап оқитын жастардың қатары сиреп кеткені жасырын емес.

«Кітапхана түні» шарасын облыстағы волонтерлік «Бастау» ұйымы бөлімшесінің директоры, «Жас ақын-2022» байқауының жеңімпазы Қуаныш Даулетханұлы сөз сөйлеп ашты. Жиналған қауым алдында өлең оқыды. Одан кейін сөз алған Журналистер одағының мүшесі, ақын, ардагер ұстаз Байділда Айдарбеков: «Кітапхана — дүниеде ештеңе теңестірілмейтін білім бұлағының көзі. Ғасырдан-ғасырға адамзат тарихының керуенін сүріндірмей әкеле жатқан парасаттылық пен білімділіктің, біліктіліктің киелі ордасы», — деп, өткізіліп отырған шараның маңыздылығына тоқталды. «Кітапхана түні» атты өлең жолдарын оқып берді.

Шараға жиналғандар теріскей өңірінен шыққан ақындар мен ұлы ойшылдардың әдеби композициясын тамашалады. Кітапхананың жас оқырмандары өлең оқып, өнерін ортаға салды. Көрермендермен сұрақ-жауап ретінде пікір алмасып, олардың да әңгімеге белсене араласуына мүмкіндік берілді. Аудандық «Мыңжылқы» мәдениет сарайының өнерпаздары мен кітапхана қызметкерлері әннен шашу шашып, ретро әндерден құралған флешмоб биін билеп, жиналған жұртшылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Жастарға тәлім-тәрбие беруде маңызы зор осындай шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады.

«Ауылым – алтын бесігім»

Ал Сарыағаш ауданы аумағында әр аптаның жұма күні «Ауылым — алтын бесігім» атты көркемөнерпаздардың концерті ұйымдастырылады.
Бұл іс-шара ауыл мәдениетін дамыту, дарынды жастарды табу,  көркемөнерпаздардың өнерін паш етуді және ұлттық құндылықтарды халық арасында насихаттау мақсатын көздейді.
«Ауылым — алтын бесігім» атты көркемөнерпаздардың алғашқы концерті Бостандық, Ақниет ауылдық мәдениет үйлерінде және «Жеңіс» саябағында бастау алған еді.

Сарығаш ауданында сондай-ақ жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне де айрықша мән беріледі.  Бұл орайда аудан жастарына арналған кинокөрсетілім ұйымдастырылатынын айту керек. Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі жазғандай, киноөрсетілімнің басты мақсаты — ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізіп, жастарға көтеріңкі көңіл күй сыйлау. Көрсетілімге 50-ге жуық аудан жастары жиналып, таңдалған фильмді бірге отырып ттамашалады. Аталған кино аудан жастарына ерекше көңіл күй сыйлады. Көрсетілім барысында жастар кинодағы оқиғаларды бірге талқылап, өзара ой алмасты.

Аудан жастары «осындай кинокөрсетілім алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізілсе екен» деген өтініштерін айтып, келесі кинокөрсетілімге фильмді  бірге таңдасты.

«Әжелер алқасы» — даналық көзі

Келес ауданында «Әжелер алқасының» құрылғанына 10 жыл толуына орай мерекелік шара ұйымдастырылды. Аудандық Әшірәлі Кенжеев атындағы Мәдениет үйінде өткен шараға Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев арнайы қатысып, құттықтау сөзін арнады.

«Ардагерлер кеңесі жанынан «Әжелер алқасы» ұйымы 2013 жылы құрылып, жұмыс істеп жатқанына биыл 10 жыл толып отыр. Қазақ қоғамында әже —  қасиетті де қадірлі ұғым. Себебі әр бала үшін ата-әженің орны ерекше. Әже — немерелері үшін қамқоршы, тәлім-тәрбиенің бастауы һәм даналық көзіндей. Өз кезегінде қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысып, дәстүрімізді дәріптеп, ұрпақ тәрбиесіне сіңірген тағылымды еңбектеріңіз үшін алғыс білдіремін. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін», — деді Жәнібек Ағыбаев.
Шара барысында Келес ауданының өсіп-өркендеуіне және жастарға тәлім тәрбие беруге елеулі үлес қосып, салт-дәстүрімізді ел арасында кеңінен насихаттап жүрген бірқатар әжелерімізге аудан әкімі құрмет көрсетіп, арнайы Алғыс хаттарымен марапаттады. Іс-шара соңы әжелер және аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

Айдос Құсайынұлы,

Түркістан облысы

 

Бүгін, 10:38
Мақсат Мақтабек: Заң – азаматтардың қорғаны
Бүгін, 10:29
Түркістан: Қоғамдағы қауіпсіздік – тәртіп сақшысының күнделікті жұмысы
07 тамыз, 14:33
Түркістан: Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу және пробация
07 тамыз, 14:01
Түркістан: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыруға арналған шаралар
05 тамыз, 14:39
Түркістан: Қауіпсіздікті сақтау маңызды
01 тамыз, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
01 тамыз, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды
29 шiлде, 14:58
Әйгерім Исаева: Арнайы жасаққа жүрек жұтқан жауынгерлер қабылданады