Түркістан облысында аумақтық прокуратуралардың кеңейтілген алқа отырысы өтті. Түркістан облысы прокуратурасының баспасөз қызметінің мәліметінше, облыс прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлардың қатысуымен, сондай-ақ барлық аумақтық прокуратуралардың онлайн қосылуымен биылғы жылдың бірінші жарта жылдығындағы жұмыс қорытындысы бойынша кеңейтілген алқа отырысы болды.
Облыстың бас прокуроры Мұрат Тілеубердиев іс-шараны аша отырып, прокурорлар өздерінің қадағалау функцияларын орындау кезінде Мемлекет басшысының барлық мемлекеттік аппарат үшін басты базалық бағдар ретінде көрсеткен «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын қатаң ұстануға міндетті екенін атап өтті. Прокуратура қызметкерлерінің заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі күш-жігері халықты толғандыратын проблемаларды шешуге бағытталуға тиіс,
Аталған кезеңде балаларды қорғау, білім беру, денсаулық сақтау және ел басшылығының бақылауындағы басқа да әлеуметтік маңызды бағыттар бойынша шаралар қабылдай отырып, тексерулер мен талдауларды аяқтады. Су тасқыны салдарын жою кезінде заңдылықты қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды, одан зардап шеккен тұрғандарға баспана салу жұмыстарының барысы бақылауға алынды.
Еңбек қатынастары саласында прокуратура қабылдаған шаралармен 87 мың адамның құқығы қалпына келтірілді, 3 мың қызметкердің алдында 202 млн теңгеге жалақы бойынша берешек өндіріп алынды.
Сонымен қатар Ордабасы ауданында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңға енгізілген өзгерістер бойынша талқылау жиыны ұйымдастырылды. Маңызды жиынға Ордабасы аудандық сотының төрағасы Алтай Қалықұл, аудан прокуроры Абзал Қыдырбай, ауданның бас полицейі Ғалымжан Қуашбаев, ауданның бас дәрігері Болатхан Сағымбеков және сот-медициналық сараптама орталығының басшысы Мұхит Әбдуәйтов қатысты.
Биылғы жылғы 15 маусымнан бастап «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы» заң күшіне енгені белгілі. Осылайша әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың кез-келген түрі үшін жауапкершілік күшейтілді. Енді ұрып-соғу, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтірудің соңы қылмыстық жауапкершілікке әкеліп соғады және басқа да бірқатар өзгерістер енгізілді.
Кездесу барысында қылмыстық кодекстің жаңа нормалары шеңберінде тергеуге дайындықты қамтамасыз ету және тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ отбасылық-тұрмыстық саладағы қылмыстарды тіркеу, қылмыстық істер бойынша тергеушілер мен анықтаушылар тағайындайтын сот сараптамаларының сапасын талдау және оңтайландыру, азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылуына жол бермеу мәселелері қаралды.
Жиын соңында қатысушылар күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, талқыланатын тақырып шеңберінде бірыңғай тәсілді әзірлеуге сенім білдірді.
Сонымен қатар облыс прокуроры Мұрат Тілеубердиевтің төрағалығымен уәкілетті органдардың бірінші басшыларының қатысуында заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті.
Онда былтыр және 2024 жылдың өткен кезеңінде жол жүрісі қауіпсіздігі саласында жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарымен қабылданған шаралардың тиімділігі талқыланды.
Статистикалық есепке сәйкес ағымдағы жылдың 5 айында облыс аумағында жол-көлік оқиғасы 54,1 пайызға, ал жәбірленушілердің саны 51,6 пайызға өcкен.
Сонымен қатар аталған кезеңде жол-көлік оқиғаларына қатысты — 208, оның ішінде адам өлімімен ұштасқан 26 қылмыстық іс тіркелген.
Мәжіліс барысында шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер мен криминогендік ахуал туралы жауапты лауазымды тұлғалардың есептері тыңдалып, мемлекеттік орган басшыларының ұсыныстары талқыланды.
Жиын қорытындысымен Үйлестіру кеңесі мүшелері мен уәкілетті органдарға тиісті хаттамалық тапсырмалар берілді.
Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тілеубердиев Келес ауданына арнайы іс-сапармен келіп, аудан прокуратурасында жеке және заңды тұлғаларға қабылдау жүргізді.
Жеке қабылдауда болған азаматтар әлеуметтік көмек көрсету, отбасылық даулар, мал ұрлығы, заңсыз құрылыс, жеке және аудандық өзекті мәселелер басқа да қылмыстық/азаматтық істер бойыша процессуалдық шешімдерді қабылдау жөніндегі мәселелерді көтерді.
Жергілікті тұрғындардың уәждерін тыңдаған облыс прокуроры М.Тілеубердиев аудан прокуроры Н.Ешенқұловқа айтылған мәселелерді қарап, тексеру жүргізуді тапсырды.
Әлима Әлмерек
Суреттер: Түркістан облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі