Түркістан: Жан-жақты іс-қимыл — мал ұрлығына тосқауыл

27 қыркүйек, 16:46

Соңғы жылдары елімізде мал ұрлығы азайып келеді. Дегенмен әлі де босаңсуға болмайды. Жолда қараусыз жайылып жүрген малды да, қорадағы төрт түлікті оңай олжа көретіндер табылады. Әсіресе, мал шаруашылығы дамыған Түркістан өңірінде полиция мал ұрлығына тосқауыл қоюға, қараусыз қалмауына, сондай-ақ ет өнімдерінің санитарлық талаптарының сақталуын ұдайы бақылауда ұстайды.
Мәселен, қараусыз жүрген төрт түлік жол-көлік оқиғаларына жиі себепші болады. Иесіз жүрген малды қамауға, олардың иелерін анықтау мен құжаттарын түгелдеу мақсатында облыс бойынша 88 оқшаулау қорасы белгіленген. Бұл орындарға жыл басынан бері 6-7 айдың ішінде үш жарым мыңға жуық мал қамалған. Сөйтіп қараусыз жүрген үй жануарларының кесірінен болатын жол апаттарына едәуір тосқауыл болды деген сөз.

Полиция мен жергілікті атқарушы органдар осындай оқшаулау орындарын көбейту бағытында жұмыстарды жүргізуде. Бұл өз кезегінде меншікті тексеруге, мал ұрлығының алдын алуға, есепке алынбаған малға ветеринариялық талдау жүргізуге және ауыл шаруашылығы жануарларының қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларын болдырмауға септігін тигізеді.
Оған қоса, Түркістан облысындағы учаскелік инспекторлар тұрғындармен кездесу ұйымдастырып, мал ұстау талаптарын түсіндіреді. Ауыл көшелерін сапалы бейнебақылау жүйелерімен жабдықтауды, үй жануарларына электронды «GPS» чиптерін енгізуді және жарықтандырғыш ленталар тағу туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Жыл басынан бері учаскелік полиция инспекторлар жалпы 1 627 халықпен кездесу өткізіп, қауіпсіздік шаралары туралы мағлұматтар берді.
Мал ұрлығына келсек, облыстық Полиция департаменті қызметкерлерінің бастамасымен мал ұрлығы қылмысының алдын алу бағытында жергілікті атқарушы органдар, ветеринариялық бақылау мен қадағалау, мемлекеттік емес органдар өкілдерімен бірлесіп, жұмыс топтары құрылды. Бұл топ іс-қимыл жоспарын бекітіп, ойдағыдай жүзеге асырып жатыр.
Соның нәтижесінде ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзған 3 346 тұрғын анықталып, жауапқа тартылды.

Мал ұрлығы қылмыстарының алдын алу мақсатында, Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын бұзу бабымен 580 тұрғынға қатысты құжаттар толтырылып, ветеринария бөлімі тарапынан шара қолданылды.
Қала, аудандардың жергілікті полиция қызметтерімен жайылымды жерлерде қараусыз жүрген үй жануарларын азайту мақсатында, «жергілікті атқарушы органдары – халық – бақташылар» арасында үш жақты келісімшарт жобасы бойынша төрт мыңнан аса келісімшарт жасалған. Жалпы Түркістан облысының полицейлері мал жаю қағидаларын сақтап, қараусыз жібермеуді ескертіп, бақташы жалдауға кеңес береді.

Түркістан өңірінде мал ұрлығымен айналысқысы келетіндер ұзаққа бармайды. Тәртіп сақшылары оларды жылдам құрықтайды.
Мәселен, Түркістан облысы ПД Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері Сарыағаш ауданының аумағында мал ұрлығымен айналысқан адамдар тобының қылмыстық әрекетінің жолын кесті.

Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында, біреуі сатып алушы болып табылатын үш күдіктіні ұстады. Олардың барлығы Сарыағаш ауданының тұрғындары, мал ұрлығының үш дерегіне қатысы бар Сарыағаш ауданының тұрғындары болып шықты. Келтірілген шығын көлемі 1,5 миллион теңгеден асты.

Сондай-ақ биыл жазда біреулер «оңай пайда табу» мақсатымен жергілікті тұрғынның ауласына кіріп, қорадан жылқысын ұрлап кеткен. Содан кейін олар ұрланған жылқыны сатып алушыға өткізіп, ал ақшаны өз қажеттілігіне жұмсаған. Тінту кезінде полиция ұрланған жылқыны тәркіледі.

Жетісай ауданында мал ұрлаған екі ер адамның «жолы болмады». Алысқа ұзамай полиция қолына түсті.
Тексеру кезінде анықталғандай, ұйымдасқан екеуі ақша табу үшін қылмыс жасаған. Түн жамылып, ауыл тұрғынының жайылымда жүрген құны 700 мың теңге тұратын жылқысын ұрлап әкеткен. Оны сатып, ақшасын оңды-солды жұмсаған. Тәртіп сақшылары ұрланған жылқыны тәркілеп, заңды иесіне қайтарды.
Мал ұрлығының алдын алу жұмыстары жиындарда жиі пысықталады.
Мәселен, Түркістан облысы ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы М.Әбдірахмановтың төрағалығымен мал ұрлығының алдын алу бағытында құзырлы органдармен атқарылған жұмыстар бойынша жиын өтті.
Жиынға облыс әкімі аппараты мемлекеттік-құқықтық бөлімінің бас инспекторы Б.Байғозиев, ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу бөлімінің басшысы А.Құттыбаев, қала аудан әкім орынбасарлары, полиция қызметкерлері мен ветеринария саласының мамандары қатысты.

Дөңгелек үстелде «Мал ұрлығына қарсы тосқауыл» рейдтік іс-шарасы бойынша ұрлық қылмыстарының алдын-алу және оған қарсы іс-қимылдың жай күйі туралы тиісті бөлім мен мекеме басшылары баяндама жасады.
Сондай-ақ мал ұрлығының алдын алу және болдырмау мақсатында жаңа әдістер мен жобалар қабылдап, сол бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізу керектігі айтылды. Сонымен қатар үй жануарларын сырғалау, тасымалдауға қатысты мәселелер қозғалып, шешім жолдары талқыланды. Айта кеткен жөн, бүгінде мал ұрлығын болдырмау мақсатында ең үлкен мал базар аумағына алты блокбекет қойылып, тәулік бойы жұмыс жасалуда.

Ал Мақтаарал аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Сәруар Шоқанның төрағалығымен өткен жиында мал ұрлығы қылмысының алдын-алу мәселесі талқыланды. Жиынға полиция бөлімінің қызметкерлері және ветеринарлық мекеме мен басқа да тиісті сала мамандары қатысты.
Жиында аудандағы үй жануарларының санағын қайта жүргізіп, паспорттарымен сырғалау және таңбалау жұмыстарын жүргізу бойынша бірқатар мәселелер талқыланды.
Сонымен қатар ветеринария мамандары мен учаскелік полиция инспекторлары бірлесіп, қараусыз жүрген мал иелеріне қараусыз қалдырмау жөнінде түсіндіру жұмыстарын бірлесіп жүргізу бойынша ұсыныстар айтылды. Ветеринария мамандарына әрбір малдың есебін жүргізу, таңбалау, сырғалау секілді жұмыстарын үзбей жүргізу жөнінде тапсырмалар жүктелді.

Ал Сайрам ауданында 6 блок бекет орналастырылып, тәртіп сақшылары тәулік бойы тексеріс жүргізеді. Өйткені Сайрам ауданы — облыстағы ауыл шаруашылығы өркендеген аудан. Ет өнімдерін өндіру мен мал бордақылауда алдыңғы қатарда.
Бұған дейін облыс әкімі Дархан Сатыбалдының қатысуымен өткен кездесуде тұрғындар Қарабұлақтағы мал сою орындарында санитарлық талаптардың сақталмайтынын, соның салдарынан ауру тарап жатқанын айтып дабыл қаққан болатын. Осыған орай облыс әкімі Сайрам ауданындағы келеңсіздіктерді жою бағытында бірқатар тапсырмалар берді. Соның нәтижесінде аудандық прокуратура, полиция, жергілікті ветеринария қызметі мен басқа да тиісті сала мамандарынан арнайы топ құрылды. Осы блок бекеттерге бөлінген тәртіп сақшылары күні-түні төлқұжаты жоқ төрт түліктерді, оларды тасымалдаушыларды, сатып алушыларды анықтауда. Ет және ет өнімдерін тасымалдау кезіндегі санитарлық талаптардың сақталуын бақылауда.
Осылайша блок бекеттегі полициямен 245 көлік тексеріліп, уақытша оқшаулау орындарына 513 бас ірі қара мал, 115 жылқы және 879 бас ұсақ мал түрі орналастырылды. Сондай-ақ құжатсыз мал тасымалдаған 151 жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырылды.
Сонымен қатар ҚР ІІМ-нің «Мүлікті қорғау жөніндегі 2024-2026 жылдарға арналған жоспарына сәйкес» Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденовтың тапсырмасымен полиция қызметкерлері жедел-профилактикалық, рейдтік іс-шаралар жүргізіп, блок бекеттерде бақылауды күшейтті. Ондағы басты мақсат – мал ұрлығының алдын алу, заңсыз жұмыс істеп жатқан мал сою бекеттерінің жұмысын тоқтату.
Түркістан облысы полицейлерінің осындай қарқынды жұмыс жүргізуінің нәтижесінде биыл өңірде мал ұрлығының тіркелімі 43 пайызға төмендеді.
Мал ұрлығына қарсы күресу – бүкіл қоғамның атқаратын жұмысы. Сондықтан өңір полициясы тұрғындарға тексерістерге түсіністікпен қарап, бірлесіп қызмет етуге шақырады.
Айта кетейік, елімізде 2020 жылдың басында Қылмыстық кодекске мал ұрлығы үшін жауапкершілікті белгілейтін және күшейтетін жаңа бап енгізілді. Бұған дейін мал ұрлағаны үшін кінәлі тұлғалар 188-бап «ұрлық» бойынша жауапқа тартылған.
Заңда мал ұрлығы үшін (ҚР ҚК 188-1) 3 000 АЕК-ке дейін (8 334 000 теңгеге дейін) айыппұл немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру, мүлкін тәркілеу көзделген, бұрын ұрлық фактісі бойынша 1 000 АЕК-ке дейін айыппұл және 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.
Ал қылмыстық топ жасаған ірі қара мал ұрлығы үшін аса ірі мөлшерде мүлкі тәркіленіп, 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген. Бұған дейін аталған факті бойынша қылмыскерлер 5 жылдан 10 жылға дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Айдос Құсайынұлы
Суреттер: Түркістан облыстық ПД баспасөз қызметі

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?