Ынтымағы жарасқан елде кез келген қиындықты жұмылып еңсеруге болады. Сондықтан да бізде қоғамда ынтымақтастық рухын қалыптастыруға ерекше мән беріледі. Қазақтың «Ынтымақ түбі – береке» деген даналығын киелі Түркістан халқы жадында мықтап ұстайды, тіпті күнделікті өмірде жүзеге асырып келе жатқан қағидасы десе де болады. Қиын жағдайға тап болған жандарға қол ұшын созу, асарлатып үй салып беру сияқты қайырымдылық істер әр елді мекенде жиі болып тұратын құбылыс. Тағдыр тәлкегіне ұшыраған жандарға жақсылық жасау адамдар арасындағы ынтымақтастық рухын нығайта түсетіні сөзсіз. Биылғы мамыр айының соңында Түркістан өңірінде жұртты бір-біріне жақындатып, ынтымағын арттырған игі істер көп болды. Jasqazaq.kz солардың бірнешеуіне тоқтала кетуді жөн көрді.
Созақта түлектер жаңа саябақ салып берді
Созақ ауданындағы «Созақ» мектеп-гимназиясының 20 жыл бұрынғы түлектері жаңа саябақ салып беріп, ауыл тұрғындарын бір қуантып тастады. Демалыс орнының ашылу салтанатына облыстық мәслихат депутаты Бегімбет Байғараев пен аудан әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова арнайы қатысып, түлектерге ризашылығын білдірді.
Сонымен қатар, шараға қатысқан ауыл ақсақалдары мен тұрғындары түлектерге жүрекжарды тілектерін айтып, ақ баталарын берді. Туған ауылына жанашырлықпен қараған түлектердің бастамасына риза болып, алғысын жаудырып жатты.
Отырарда түлектер ойын алаңшасын сыйға тартты
Отырар ауданындағы Өзбекәлі Жәнібеков атындағы мектеп-интернаттың 2005 жылғы түлектері ауылға жаңа ойын алаңшасын сыйға тарты. 20 жыл бұрын өздері түлеп ұшқан алтын ұяларына деген құрмет ретінде салынған нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы, облыстық мәслихат депутаты Нұржан Серікжанұлы, ардагер ұстаздар Мейрамкүл Тұрлыбекова мен Шәрипа Үмбетова қатысты.
«Туған жерге туыңды тік» деген нақылын берік ұстанған түлектер туған ауылына, мектебіне деген шынайы жанашырлығын осылайша білдіріп отыр. Аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы елге көрсеткен үлгілі істері үшін түлектерге алғысын айтып, арнайы алғыс хаттармен марапаттады.
Шара соңында мектептің төменгі сынып оқушылары арасында футболдан жарыс ұйымдастырылды. «Аманат» партиясының Отырар аудандық филиалының атқарушы хатшысы Еркеғали Таңатаров жарысқа қатысушы командаларға спорт киімдері мен футбол доптарын табыстап, балаларды бір қуантып тастады.
Түлкібаста мұқтаж отбасыға баспана сыйлады
Түлкібас ауданының түлектері мұқтаж отбасыға аудан орталығынан баспана сыйлауды жөн көріпті. Абай атындағы білім ордасы мен Б.Садықов және М.Ломоносов атындағы мектептерді осыдан 20 жыл бұрын тәмамдаған түлектер 13 млн теңгеге жуық қаражат жинап, соның 9 млн теңгесіне үй сатып алған. Содан кейін баспана ішінде жөндеу жұмыстарын жүргізіп, ішін қажетті жиһаз-техникалармен жабдықтаған.
Қасиетті жұма күні сауапты істі ұран қылған түлкібастықтар үйдің ауласында 300 адамға ас беріп, Қаратаевтар отбасына баспана кілтін табыстады. Жас отбасының отағасы 1-топтағы мүгедек. Осы кезге дейін ол жанұясымен жалдамалы пәтерді паналауға мәжбүр болған.
Бұл игі шарада аудан әкімінің орынбасары Е.Орманов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Анашев, ардагер ұстаздар мен аталған білім ордаларын бітірген түлектер сөз сөйлеп, баспаналы болған жас отбасыға ыстық лебіздерін білдірді. Шара соңында дәстүр бойынша 2005 жылғы мектеп түлектері эстафетаны 2006 жылғы түлектерге табыстады.
Айта кетейік, дәл осындай игі шара аудан орталығынан бөлек, Түлкібас кентінде де жалғасын таппақ. Ол жерде де мектеп бітіргендеріне 20 жыл болған түлектер 2 мұқтаж отбасыға баспана сыйлағалы отыр. Игі дәстүрге айналған бұл бастама сегіз жылдан бері жалғасын тауып келеді.
Шардарада түлектер ауыл тұрғынына баспана әперді
Жыл сайын Түркістан облысында мектеп бітірген түлектердің білім ордаларындағы соңғы қоңырау қарсаңында қайырымдылық жасап, мұқтаж жандарға көмектесуі, өз ауылының көркейіп-көріктенуіне үлес қосуы дәстүрге айналған. Биыл да осы дәстүр жалғасын тапты. Шардара ауданының түлектері мұқтаж отбасыға баспана сыйлап, ауылдастарының алғысын алып жатыр. Аудандағы Қоссейіт ауылдық округіне қарасты «Сырдария» жалпы білім беретін мектебінің 2005 жылғы мектеп бітіруші түлектері 20 жылдық кездесулерінде ауыл тұрғынына қамқорлық жасап, Бақтыбай Құрбановқа үш бөлмелі баспана сыйға тартты. Мерейтой аясында игі іс жасаған түлектерге аяқ астынан үйлі болған азаматтың алғысы шексіз.
Ынтамақ пен бірлікті ту ектен шараға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков пен Қоссейіт ауылдық округінің әкімі Нұрбол Жайнар баспана иесін қоныс тойымен құттықтап, игі іске мұрындық болған түлектерге аудан әкімінің «Алғыс хатын» табыстады.
Jas Qazaq
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі