Түркістан: Учаскелік полицейдің қоғамдағы жауапкершілігі жоғары

17 мамыр, 12:04

Қоғамның тыныштығын күзетіп, тәртібін бақылайтын полицияның рөлі зор. Олар күн-түн демей, өз жұмыстарын мүлтіксіз атқару кезінде қаншама қиындыққа тап болып, түрлі кедергілерді бастан өткереді. Өйткені тұрғындар қандай да бір сынаққа тап болғанда алдымен полицияға жүгінеді. Ал осындай бейнеті көп мамандық иелерінің арасындағы ең әмбебап қызметкер учаскелік полицей десек, артық айтқандық емес. Күнделікті күйбең тіршілікте олардың жұмысы көзге көрінбеуі де мүмкін. Бірақ учаскелік инспекторға біреудің үйіндегі қоқыстан бастап отбасылық дау-дамайларға дейін араласуына тура келеді. Өзіне бекітілген аумақта заң мен тәртіптің орындалуын қадағалап, құқық бұзушылыққа жол бермейтін, қылмыстың алдын алуға ұмтылатын да соның өзі.

Азаматтардың сенімі – олардың жұмыс сапасына тікелей байланысты, өйткені учаскелік инспектор халық пен полиция арасындағы негізгі байланыстырушы буын болып саналады. Сондықтан қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде полицияның жұмысын оңтайландыру, әсіресе, учаскелік полицейлерге артылған жүк пен міндеттің салмағы олардың қоғамдағы мәртебесін арттыра түседі. Осы орайда біз Түркістан облысы Ордабасы ауданы полиция бөлімінің қызметкері, Шұбар ауылдық округіне жауапты аға учаскелік полиция инспекторы Әбдіров Нұрсұлтан Бауырбекұлын әңгімеге тартқан едік.

— Нұрсұлтан, полицияда қызмет етіп жатқаныңызға қанша уақыт болды? Осы мамандық жеке қалауыңыз болды ма? Алдымен өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз…

— Мен ішкі істер органдарында 2013 жылдан бері қызмет атқарып келе жатырмын. Полиция қызметіндегі ең алғашқы жұмысымды ақпараттық-аналитика тобының технигі болып бастаған болатынмын. Он жылдан аса уақыт аралығында осы салада біраз тәжірибе қалыптасып, бүгінде Ордабасы аудандық полиция бөлімі Шұбар ауылдық округіне жауапты аға учаскелік полиция инспекторы болып қызмет атқарып келемін. Шұбар ауыл округіне жауапты учаскелік полиция қызметкері болып 2023 жылы бекітілдім. Әрине, учаскелік полиция инспекторына артылатын міндет оңай емес. Үнемі халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуің керек. Елді мекендердегі құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында есептегі контингентті үнемі тексеріп отырамыз. Отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтарға бейім отбасыларға жүйелі бақылау жасалып, олармен телефон арқылы хабарласып, кәмелетке толмаған балаларының жай-күйін тексеріп отыруға тура келеді. Өзім отбасылымын, үш ұлым бар.

— Сонда сіздің қарамағыңызда қанша елді мекен бар? Биыл ауылды жерлердегі қылмыстылық деңгейі қандай?

— Шұбар елді мекенінде барлығы алты ауыл орналасқан. Биылғы статистика бойынша, Шұбар елді мекенінде қылмыстылық деңгейі айтарлықтай төмен көрсеткішті көрсетіп отыр. Тіпті жылдан жылға азайып келеді деп те айтуға болады. Себебі бұл аумақта екі ауыл ішімдіктен бас тартып, соңғы бес жыл көлемінде мүлдем қылмыс тіркелмеген ауыл ретінде бүкіл елге танылды,

— ⁠Ордабасы ауданында ішімдіктен бас тартқан сол ауылдар туралы айтсаңыз. Бұл мәселеге жергілікті полицияның ықпалы бар ма? Әлде тұрғындардың өз шешімдері ме?

— Жалпы Ордабасы ауданында қазіргі таңда бес ауыл — Аққойлы, Жусансай, Төреарық, Көлтоған, Елшібек батыр ауылдары ішімдіктен мүлде бас тартқан. Былтыр республикаға «Ішімдіксіз ауыл» атауымен танымал болдық. Себебі өзгелер үлгі аларлықтай мұндай игілікті бастама Шұбар ауыл округіндегі Жусансай және Аққойлы ауылдарынан бастау алған. Иә, шынында да, қылмыстың көпшілігі ішімдіктен басталатыны рас. Төбелес, ұрлық, қақтығыс, жанжалға түрткі болатын ішімдіктерді ауыл дүкендерінде сатпауға тұрғындардың өздері де себепші болуда. Яғни, спирттік ішімдіктен бас тарту — ауыл ақсақалдары мен белсенділерінің бірауыздан қабылданған шешімі. Ал учаскелік инспектор — ауылдың қауіпсіздігі мен тыныштығына жауапты бірден-бір адам. Осы тұста әріптестерім профилактикалық жұмыстар жүргізіп қана қоймай, ішімдіксіз ауылды кең көлемде насихаттап, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Ауыл ақсақалдары мен белсенділерімен бірлісіп, осы игілікті шараның қолдау табуына ықпал етті десек те болады. Ішімдіктен бас тартқан ауыл тек Ордабасы ауданында ғана емес бұл қазіргі таңда ел аумағында белең алып келе жатқан жақсы үрдіс. Демек, біздің отандастарымыз да қылмыссыз қоғам құруға бет алып келе жатыр деп айтуға болады. Жалпы полиция ішімдіксіз ауылдан бөлек, ел ішіндегі мал ұрлығының, қылмыс пен құқық бұзушылық, жастар тәрбиесіне де ауыл адамдарымен бірлесіп жұмыс атқарады.

⁠- Учаскелік инспекторларға қандай жағдай жасалған? Олардың еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік бар ма? Жалпы материалдық-техникалық жағдаймен толық қамтамасыз етілген бе?

— Биыл Шұбар ауыл округіндегі учаскелік полиция пунктінің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында жаңа учаскелік полиция пункті берілді. Облыстық маңызы бар жолдың бойында орналасқан жаңа учаскелік пункт заман талабына сай құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бейнебақылау жүйесімен жабдықталған. Учаскелік инспекторлар тұрғындардың арыз-шағымын осында қабылдап, кез-келген мәселеге дер кезінде ден қояды. Осылайша учаскелік полиция инспекторлары азаматтарға сапалы қызмет көрсетуі үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Өйткені бірінші кезекте — полицияның ашықтығы, қолжетімділігі, құқық бұзушылықтар мен азаматтардың арыз-шағымдарына жедел ден қоюы өзекті болып отыр.

— Ауылдарда учаскелік инпекторлар жеткілікті ме?

— Шұбар ауыл округіндегі тұрғындар саны — 11 126. Бұл әкімшілік аумаққа үш учаскелік полиция инспекторы бекітілген. Соның бірі өзім, Шұбар ауылына, ал Кенжебеков Болат Абылайұлы-Аққойлы, Сарытоғай, Жусансай ауылдарына, Тұрсынбаев Бақытжан Абдуллаұлы Тоқсансай, Береке ауылдарына бекітілген учаскелік инспекторлар. Әрине, бір мезетте барлық ауылдың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүмкін емес, сондықтан бұл ретте халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеудің тиімділігі зор.

-⁠ Халықпен жұмыс істейтін учаскелік инспекторлардың жұмысы ауыр ма?

— Учаскелік полицияның жүктемесі көп, міндеті ауыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Учаскелік инспектор – белгілі бір аумақтағы қылмысты болдырмауда, жергілікті тұрғындардың мәселелерін шешуде, қылмыстың тікелей немесе жанама түрде алдын алуда, азаматтардың өмір сапасын арттыруда басты тұлға» деп атап көрсеткен болатын. Учаскелік полицейдің қылмыс болған сәтте емес, қажет кезде қасынан табылуы қоғамның санасын өзгертеді. Шындығында да, халықтың сеніміне басқаша ие болу мүмкін емес.
Учаскелік полицейдің тұрақты жұмыс кестесі жоқ. Себебі олардың әрбір сағаты емес, әрбір секунды санаулы екенін, азаматтық қызмет секілді жұмыс кестесі кіреберістен басталып кетпейтіні бар.

Ішкі істер министрлігі ғана емес, жалпы құқық қорғау органдарының ішінде олардың қоғамдағы жауапкершілігі жоғары. Себебі жұмыстың басым бөлігін учаскелік полицей атқарады.

Учаскелік полиция инспекторына күнделікті халықпен байланыс орнатып, алғашқы шешімді қабылдау кезінде кәсібилікпен бірге, адамгершілік қасиет те алдыңғы кезекте талап етіледі. Сонда ғана тұрғындармен серіктестік орнату арқылы қоғамдағы мәселелерді шешуге бағытталған «Сервистік полицияның» стратегиясы жемісті жүзеге асары сөзсіз.

Биыл Түркістан облысы Ішкі істер департаментінің басшысы Мұрат Қабденов 2024 жылды «Профилактика жылы» деп атап, жасөспірімдер қылмысы, жол-көлік оқиғалары, мал ұрлығы, алаяқтық, зорлық-зомбылық, нашақорлық, вандализм секілді бірқатар қылмыстардың алдын алу шараларын күшейтуді тапсырған болатын. Полиция қызметі үшін азаматтардың тыныштығы мен қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты орында тұрады. Бұл жұмыстар «Профилактика жылында» екі еселене атқарылатын болады.

— Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Раушан ҚАНЫБЕК,
Түркістан облысы

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген