Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы» заң 16 маусымда күшіне енді. Сөйтіп әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың кез-келген түрі үшін жауапкершілік күшейтілді. Енді ұрып-соғу, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтірудің соңы қылмыстық жауапкершілікке әкеліп соғады және басқа да бірқатар өзгерістер енгізілді.
Қазіргі кезде заңды түсіндіру мақсатында бүкіл ел ішінде іс-шаралар өткізіліп жатыр. Түркістан өңірінде де заңды түсіндіру жұмыстары қарқынды. Айталық, полицейлер мен дәрігерлер жаңадан күшіне енген заң нормаларын орындауда өзара түсініспеушіліктер орын алмас үшін тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңға енгізілген өзгерістер бойынша талқылау жиынын өткізді. Жиын нәтижесінде сала мамандары күн тәртібіндегі мәселелер бойынша пікір алмасып, талқыланатын тақырып шеңберінде бірыңғай тәсілді әзірлеуге тоқталды.
Сондай-ақ Келесте зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында жеті отбасыға қабылдау ұйымдастырылды. Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының тапсырмасына сәйкес, Келес аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы полиция майоры Эльмира Есенкулова халық арасында профилактикалық шаралар атқарып, қабылдау ұйымдастырды.
Қабылдау барасында Келес ауданы аумағында, бүгінгі күнде отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген азаматшаларды қабылдап, құқықтық, психологиялық көмектер көрсетілді. Қабылдауға келген 7 отбасының мәселелері тыңдалып, тиісті деңгейде психологиялық көмек көрсетілуі үшін «Отбасын қолдау» орталықтарына жолдады. Осы орайда қабылдауда болған қатысушыларға жаңа заңның талаптары түсіндіріліп, ескерту жұмыстары жүргізілді.
Түркістан облысында 24-26 маусым аралығында өткізілген «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол жоқ» акциясы аясында Кентау қаласының полиция қызметкерлері тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасылық құндылықтарды тәрбиелеу, халықтың полицияға сенімін арттыру және нығайту мақсатында «Отбасының қоғамдағы рөлі» тақырыбында іс-шара ұйымдастырды.
Шара барысында Кентау қаласы ОП әйелдерді қорғау инспекторы М.Құттыбаева психологтар және әлеуметтік-психологиялық қолдау бөлімінің мамандарымен бірлесіп, қала тұрғындары арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ полицейлер халық көп шоғырланатын орындарда және көшелерде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша билбордтар іліп, жадынамалар мен буклеттер таратты.
Тәртіп сақшылары атап өткендей, отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың жолын кесуге, әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетуге бағытталған мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын тауып отырады.
JQ-Aqparat
Суреттер: Түркістан облыстық ПД баспасөз қызметі және ғаламтор