Түркістан: Тәртіп сақшылары қоғам тыныштығы күзетінде

22 тамыз, 16:30

Құқық бұзушылықтың кез келген түріне тосқауыл қою, ірілі-ұсақты қылмыстың алдын алу, қиын жағдайға тап болған жандарға көмекке келу – Түркістан облысы полициясының тәулік бойы атқаратын жұмысы. Тәртіп сақшылары өткен демалыс күндері 2300-ден астам құқық бұзушылықты анықтады.

«Құқықтық тәртіп» іс-шарасы өткізілді

Түркістан облыстық Полиция департаментінің басшысы Мұрат Қабденовтың нұсқауымен облыс көлемінде демалыс күндері бір нүктелік «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.

Профилактикалық есепте тұратын 1 456 тұрғын мекенжайы бойынша тексерілді. Тәртіп сақшылары барлығы 2 358 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады.

Атап айтқанда, қоғамдық орындарда спирттік ішімдік ішу бойынша 115 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Түнгі мезгілде ата-анасының қарауынсыз жүрген 119 жасөспірім анықталды.
Жол қозғалысы ережесін өрескел бұзып, автокөлікті мас халде басқарған 7 құқық бұзушы дер кезінде анықталып, ықтимал оқыс оқиғаға тосқауыл қойылды. Жол апатына бірден-бір себеп болатын автокөлікті қарама-қарсы бағытта басқарудың 5 дерегі анықталды.

Облыс полициясының басшылығы рейд барысында жүргізушілермен және жолаушылармен тілдесті. Оларға заң аясында түсіндірмелер жүргізді. Сонымен қатар жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуші сақшылардың көліктері мен қызмет атқару барысы тексерілді.

32 автокөлік айып тұрағына қойылды

Полиция бір тәуліктің ішінде 500-ге тарта құқық бұзушылықты анықтап, 32 көлікті айыптұраққа қойды.
Облыстың бас полицейі Мұрат Қабденовтың тапсырмасымен 20-22 тамыз күндері аралығында Сайрам ауданында профилактикалық іс-шара өткізілуде. Оған Түркістан облысы Полиция департаментінің тиісті құрылым басшылары мен басқа аудандардан жеке құрам жұмылдырылып, ауқымды жұмыс атқарылды.

Қоғамдық қауіпсіздікке басымдық берілген іс-шараның алғашқы тәулігінде полиция басқармасына 52 адам жеткзілді. Профилактикалық есепте тұратын 64 тұлға мекенжайлары бойынша тексерілді. Жалпы тәртіп сақшылары 496 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде қоғамдық сала бойынша — 46, жол саласы бойынша 450 дерекке хаттама толтырылды.
Мәселен, ұсақ бұзақылық бабымен 22 дерек, қоғамдық орында мас халде жүру бойынша 8 дерек, белгіленбеген орында сауда жасау бойынша 3 дерек анықталып, құқық бұзушылар әкімшілік жауапқа тартылды.

Ал ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзу бойынша 4 жайт, егістік мен маяларды жою бойынша бір жәйт, абаттандыру қағидаларын бұзуға байланысты 3 оқиғаға жауапкершілік қаралды. Тіркеусіз жүрген 2 азамат анықталды. Түнгі уақытта қараусыз жүрген 3 жасөспірімнің ата-анасы жауапқа тартылды. Жолды белгіленбеген жерден кесіп өткен 32 тұрғынға шара көрілді. Арнайы айыптұраққа 32 автокөлік қойылды.

Іс-шара барысында жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Жолда қарама-қарсы қозғалысқа шыққан жүргізушілер дрон арқылы анықталды. Басқа да арнайы бейнебақылау камералары бар соңғы үлгідегі қызметтік көліктер пайдаланылды.

Танысының атына несие рәсімдеген алаяқ ұсталды

Түркістан қаласының полицейлері кезекті алаяқтық қылмысын ашты. Нақтырақ айтсақ, полиция жедел әрекет етудің арқасында екі жергілікті тұрғынның атынан несие рәсімдеген 29 жастағы күдіктіні анықтады.

Белгілі болғандай, әйел танысының сеніміне кіріп, одан қоңырау шалу үшін телефонын сұрап, содан кейін 700 мың теңгеге несие рәсімдеп жіберген. Ал жәбірленуші банкке қарызы барын несие төлеу туралы хабарлама келгенде ғана білген.
Сонымен қатар тәртіп сақшылары күдіктінің тағы бір осыған ұқсас алаяқтық фактісіне қатысы барын анықтады. Келтірілген шығын 1 300 000 теңгені құрады. Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты жинақталған материалдар заңды шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.

Полицейлер жоғалған биені тауып берді

Түлкібас аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Әйел адамның айтуынша, күндізгі уақытта үйінің сыртқы ауласында жайылып жүрген сегіз жасар биесі жоғалып кеткен. Жәбірленушіге келген шығын көлемі — жарты миллион теңге.
Хабарламаны алған сәтте оқиға орнына учаскелік полиция инспекторлары шықты. Тәртіп сақшылары бірден іздеуге кірісіп, жақын маңдағы барлық аумақтар мен жайылымдарды қарап шықты.

Жүйелі жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде полицейлер 90 шақырым қашықтықтан, яғни Жамбыл облысы, Жуалы ауданы маңындағы тау бөктерінен жалғыз жайылып жүрген биені тапты.

Бие табылғаннна кейін заңды иесіне қайтарылды. Өз кезегінде тұрғын полицейлерге жоғалған биесін аз уақыттың ішінде тауып бергені үшін алғысын жаудырды.

«Пробация» жедел іс-шарасы

Пробация – сотты болған тұлғалардың қайта қылмыстық құқық бұзушылыққа бармауы үшін мінез-құлқын түзеуге бағытталған қызмет түрі мен бақылау және әлеуметтік құқықтық сипаттағы шаралардың заңмен белгіленген жүйесі.
Ордабасылық полицейлер мен пробация бөлімі бірлесіп, республикалық «Побация» жедел іс-шарасын жүзеге асыруда. Полицейлер аудан көлемінде ішкі істер органдарының есебінде тұратын, оның ішінде өтелмеген және алынбаған соттылығы бар тұлғалардың қайта қылмыс жасауының алдын алу мен қоғамға қайта бейімдеу мақсатында мекен-жайларын толығымен тексеру барысында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, белгілеген міндеттер мен тәртіпті қатаң сақтауға шақырды.
Сондай-ақ мобильді топ электронды білезік бақылау құралын қолдану есебінен пробация қызметкерінде сотталған адамның нақты уақыт режимінде жүріп-тұруы туралы ақпарат алуға мүмкіндік бар. Сонымен қатар платформада сотталушының екі жылдан астам уақытқа созылатын алдын-ала жүру бағыттары туралы мәліметтер жазылады.

Мал ұрлағандар құтылмады

Түркістан облысы Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері Сарыағаш ауданының аумағында мал ұрлығымен айналысқан топтың қылмыстық әрекетінің жолын кесті.

Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында, біреуі сатып алушы болып табылатын 3 күдіктіні ұстады. Олардың барлығы Сарыағаш ауданының тұрғындары, мал ұрлығының үш фактісіне қатысы бар Сарыағаш ауданының тұрғындары. Жалпы келтірілген шығын көлемі 1,5 миллион теңгеден асты.

Мәселен ағымдағы жылдың жазында күдіктілер «оңай пайда табу» мақсатында жергілікті тұрғынның ауласына кіріп, қорадан жылқысын ұрлап кеткен. Содан кейін олар ұрланған жылқыны сатып алушыға өткізіп, ал ақшаны өз қажеттіліктеріне жұмсаған. Тінту кезінде полиция ұрланған жылқыны тәркіледі.

Қазіргі уақытта аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде және барлық мән-жай анықталуда.

Рейд шаралары күшейтілді

Жаздың соңында полиция тәртіп пен заңдылықты қамтамасыз ету мақсатында рейдтік шараларды күшейтті.
Полиция департаменті басшылығының тапсырмасымен Сайрам ауданында тексеру жұмыстары күшейтілді. Соған сәйкес, аудандағы пробациялық есепте тұратындар, қаруы бар тұрғындар, аймақта жүрген шетелдіктердің өздеріне белгіленген талаптарды сақтауы бақылауға алынды.

Осындай жұмыстардың нәтижесінде полиция 17 қару иесінің мекенжайына барып, қарудың сақталуы, рұқсат етілген мерзімдерін тексеріп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар пробация қызметінің есебінде тұратын азаматтардың мекенжайлары бойынша тексеру жүргізіліп, 28 тұрғынмен профилактикалық түсіндірме шаралары атқарылды.

Көші-қон қызметі бойынша Сайрам ауданына түрлі себептермен келген шетел азаматтары да назардан тыс қалмай, бақылауға алынды. Олардың құжаттары мен Қазақстан Республикасында болу мерзімдері тексеріліп, көрсетілген мекенжайларында ғана тұрақтау ескертілді.

JQ-Aqparat
Суреттер: Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген