Түркістан облысында білім күні тәртіп сақшылары облыс бойынша профилактикалық іс-шаралар өткізді. Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, іс-шараға 500 мыңға тарта оқушы қатысты.
Түркістандық оқушылар бас полицеймен кездесті
Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов «Білім күнін» мектеп оқушыларымен өткізіп, оларға жаңа оқу жылында сәттілік тіледі. Облыстың бас полицейі №28 мектепке ат басын бұрып, кіреберістен бастап оқушылардың қауіпсіздігі үшін жасалған жұмыстарды тексеріп шықты. Оқу ордасына кіріп-шығу үшін арнайы жасалған балалардың алақаны сканерленген құрылғы мен «SOS» батырмасының қызметін қадағалады.
Сонымен қатар мектеп мұражайын аралады. Одан әрі мерекелік іс-шараға қатысып, оқушыларға ақ тілегін жеткізіп:
«Сіздермен кездескен сәтімді пайдалана отырып, жол жүрісі қағидаларын сақтауды, бейтаныс адамдармен қарым-қатынас жасамауды, түнгі уақытта жүрмеуді назарларыңызға салғым келеді. Бүгінгі күннің мәселесі болып отырған құмар ойындарға мүлдем жоламауға шақырамын. Полиция аға-әпкелеріңіз Сіздердің әрқайсыларыңыздың достарыңыз, қорғаушыларыңыз, сондықтан бізге сеніңіздер! Тәртіпті болыңыздар! Білім күні құтты болсын!»-деп атап өтті.
Сондай-ақ сыныптарды аралап, оқушылармен тілдесті. Олармен сурет салып, дайындаған өнерлерін тамашалады.
Айта кетсек, алғашқы қоңырау мерекесіне орай рейдтік-профилактикалық шараға облыс бойынша 1200-ге тарта полиция қызметкері, 127 қызметтік автокөлікпен жұмылдырылды. Жалпы Түркістан облысында 1060 мектеп бар, ондағы оқушы саны — 479 899. Оның ішінде мектеп табалдырығын енді аттаған бірінші сынып оқушысы 52 мыңға жуық. Аталған кішкентай достармен ҚР ІІМ-нен арнайы келген «Полиция және балалар» тақырыбындағы дайын эскиздерді бояу жұмыстары жүргізілді. Бұл боялатын суреттерде қоғамдық орындағы қауіпсіздік қимылдары бейнеленген. Полицейлер бірінші сынып оқушыларымен осы суреттерді түрлі-түске бояп, түсіндірме сабақтарын өткізді.
Полицейлер «Алғашқы қоңырау» шарасына қатысты
Білім күніне орай Түркістан облысы Полиция департаменті Тергеу басқармасы бастығының міндетін атқарушы полиция подполковнигі М.Сейділдаев, Бәйдібек аудандық полиция бөлімінің бастығы Н.Әжібеков және барлық жеке құрам қызметкерлері аудан көлеміндегі білім беру мекемелерінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан «Алғашқы қоңырау» мерекесіне қатысты.
Полиция басшылығы аудан орталығында орналасқан М.Әуезов атындағы IT- мектеп лицейінің және С.Әбдіжаппаров атындағы жалпы білім беретін мектептерінде өткен іс-шараға арнайы барды . Құттықтау сөз сөйлеп, «Ұстаз-жас ұрпаққа білім беріп, жалпы адамды ізгілікке баулып жақсылыққа тәрбиелейтін ұлы тұлға екенін жеткізді.
Жаңа оқу жылы қарсаңында барлығына жаңа жетістіктер, шығармашылық табыстар және мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндерге сәттілік тіледі. Сонымен қатар білім беру ұйымдарының бейнекамераларын, SOS-батырмаларының жұмыс жасауын және білім ордасына кіріп-шығу бекеттерін тексерді.
Бұл күні полиция бөлімінің жеке құрам қызметкерлері аудандағы барлық білім беретін оқу орындарында заңдылықпен тәртіптің сақталуын қадағалап, мектеп оқушыларының өзін қауіпсіз сезіндіру мақсатында күшейтілген күн тәртібінде қызмет атқарды.
Отырар ауданында «Білім күніне» арналған іс-шара өтті
Түркістан облысы ПД-нің өкілі полиция полковнигі Е.Сенбиев, Отырар аудандық полиция бөлім бастығы Е. Өсербаев пен полиция бастығының бірінші орынбасары полиция подполковнигі М.Бөрібековтың қатысуымен 1-қыркүйек «Білім күніне» арналған іс-шара өтті.
Аталмыш шарада алдымен оқушылар мен мектеп мұғалімдеріне және ата-аналарға жол жүрісі кезіндегі қауіпсіздік ережелері туралы түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, оқушыларға жол ережелері тақырыбында сурет салдырды.
Жалпы аудан көлемінде 42 білім беру мекемесі бар. Аталған мекемелерге 65 қызметкер орналастырылып, қоғамдық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті сақтауға бөлінді.
Сонымен қатар, сынып сағаттарына ювеналдық полиция қызметкерлері қатысты. Олар балаларға түнде заңды өкілдерсіз тұрғын үйден тыс жерде жүрмеуді еске салды. Сондай-ақ тәртіп сақшылары қауіпсіз жүріс-тұрыс жайлы пайдалы кеңестерімен бөлісті. Яғни екінші ауысымда оқитын оқушылар үйлеріне көшенің жарық жанған жағымен бару, бейтаныс адамдармен сөйлеспеу, бастауыш сыныптың оқушылары ересектерсіз мектептен шығып кетпеу жайлы ескертті.
Жетісай полицейлері оқушыларға жол жүру ережелерін таныстырды
Жетісай ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері балалардың қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында жасөспірімдерге жол жүру ережелерін таныстырып қана қоймай, оларды жол жүру қауіпсіздігін сақтауға дағдыландыру үшін арнайы дәрістік сабақтар өткізуде.
Сондай шаралардың бірі Д.Қонаев атындағы жалпы білім беру мекемесінде өткізілді. Аталмыш сабақты полиция қызметкері Ергали Байменов өткізді.
Сонымен қатар оқушылармен бірлесіп жол ережесі кітапшаларындағы суреттерді бояды.
Мақтарал ауданында «Мен және менің полицейім» атты акция өтті
1-қыркүйек білім күніне орай, Мақтарал аудандық полиция бөлімінің Ювеналды полиция тобымен патрульдік полиция тобының қызмет инспекторлары бірлескен түрде білім беру мекемелерінде оқушыларға «Жолда жүру ережелері» бойынша ақпарат беріліп, сондай-ақ полицияның жұмысымен таныстыру мақсатында «Мен және менің полицейім» атты акция ұйымдастырды. Аталған акция арқылы жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру, қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылықтарды болдырмау, отбасылық және рухани адамгершілік құндылықтарды насихаттау көзделді. Сонымен қатар, «Полицей-дос және қорғаушы» тақырыбында көптеген дәрістер өткізіліп, патрульдік полиция қызметінің жұмысы таныстырылды.
Төлеби ауданының полицейлері оқушылармен кездесті
1 қыркүйекте Төлеби ауданы бойынша «Білім күні» салтанатты шараға 5600 ден астам бала, оның ішінде 2675 бірінші сынып оқушысы мектеп табалдырығын аттады. Олардың қауіпсіздігі полиция қызметкерлерінің басты назарында. Бұл күні жергілікті, әкімшілік полиция қызметі бөлімшелері жеке құрамының бағыттары оқу орындарына жақын орналастырылды.
Түркістан облысы Полиция департаментінің басшы құрамы қатарынан арнайы бөлінген офицер, ювеналды полиция тобының учаскелік полиция инспекторларымен бірге профилактикалық әңгіме өткізу үшін сынып сағаттарына қатысты. Қазіргі заманның балалары смартфондар мен құлаққаптарды белсенді қолданады. Бұл әрекеттерімен жолдағы қауіпті байқауына кедергі келтіреді. Полицейлер көшеден өткен кезде ұялы телефондарын қолданбауға кеңес береді. Білім күні қарсаңында Төлеби ауданында «Мектебім — мейірім мекені» салтанатты шарасына 5600-ден астам оқушы қатысты. Оның ішінде 2675-сі бірінші сынып табалдырығын аттаған бүлдіршіндер. Олардың қауіпсіздігі полиция қызметкерлерінің басты назарында болмақ. Бұл күні жергілікті, әкімшілік полиция қызметі бөлімшелері жеке құрамының бағыттары оқу орындарына жақын жерлерде орналастырылды.
Төлеби аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары полиция подполковнигі Мақсат Сейдуалиев, ювеналды полиция тобының учаскелік полиция инспекторларымен бірге профилактикалық әңгіме өткізу үшін аудан орталығында орналасқан № 7 ІТ мектеп-лицейінде сынып сағаттарына қатысып, білім күнімен құттықтады.
Әлима Әлмерек
Суреттер: Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі