Түркістан өңірінің экономикалық әлеуеті, мұнда өндіріс ашу мүмкіндігіне, шетелдік компаниялар тарапынан қызығушылық зор. Жуырда Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Құрметті консулы, KITA-ның штаттан тыс директоры, Dongkwang Corporation-ның төрағасы Ли Санг Хун бастаған «Dongkwang Corporation», «BLE., Co Ltd», «ETOV» компанияларының өкілдерімен кездесті.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, кездесуде екі ел арасындағы ынтымақтастық көкжиегін кеңейту мәселесі талқыланды. Нақтырақ айтқанда, логистикалық хаб, тау-кен өндіру, кабель шығару бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыру жайы сөз болды.
Аймақ басшысы экономикалық және іскерлік байланыстарға ашық екенін жеткізіп, қонақтарды Түркістан өңірінің инвестициялық әлеуетімен таныстырды.
Нұралхан Көшеров: «Корея – Қазақстанның маңызды стратегиялық серіктесі және біздің қарым-қатынасымыз көпжылдық достық пен өзара құрметке негізделген. Ең алдымен, 2024 жылғы қарашада Түркістан облысы делегациясының Корея мемлекетіне сапары аясында өткен бизнес-семинарды ұйымдастырғандарыңыз үшін алғыс білдіргім келеді. Бұл іс-шара экономикалық және іскерлік байланыстарды нығайту жолындағы маңызды қадам болды. Түркістан облысы халықаралық ынтымақтастықты белсенді дамытып келеді. Жарқын мысалдардың бірі – Түркістан облысы әкімдігі мен Кореяның Халықаралық сауда қауымдастығы (KITA) арасында Корея Республикасы Президентінің Қазақстанға сапары аясында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылуы. Білім беру және технологиялар саласында биыл Түркістан қаласында Кореяның жетекші жоғары оқу орындарының бірі — «Woosong» университетінің филиалы ашылады. Сондай-ақ энергетикалық ынтымақтастық шеңберінде біз «Doosan Enerbility» компаниясымен бірлесіп, облыста қуаттылығы 926 МВт болатын бу-газ электр станциясының құрылысын іске асырып жатырмыз. Өңір табиғи ресурстарға бай және климаты ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы. Түркістан облысы Корея елімен ынтымақтастықты жалғастыруға және тереңдетуге дайын екенін ерекше атап өткім келеді, – деді. Сондай-ақ облыс басшысы өзара тиімді және екіжақты қатынастарды нығайтуға ықпал ететін бірлескен жобаларды іске асыруға ашық екенін айтты.
Айта кеткен жөн, облыста инвестициялық ахуал жылдан-жылға жақсарып келеді. Негізгі инвестициялық алаңдар ретінде 15 индустриялық аймақ пен жалпы ауданы 3987,39 гектарды құрайтын «TURAN» арнайы экономикалық аймағы бар. АЭА қатысушыларына әкімдік тарапынан қолдау мен жеңілдіктер қарастырылған. Қазіргі уақытта АЭА-да 129 жоба жүзеге асырылуда. Олардың 95-і іске қосылған.
Түркістан облысы өңдеуші өнеркәсіп және жер қойнауын пайдалану саласында үлкен әлеуетке ие. Облыс елімізде уран өндіру бойынша алдыңғы қатарда тұр. Бұдан бөлек, өңірде алтын, күміс, қорғасын, мырыш сияқты 38 түрлі пайдалы қазбаның қорлары бар.
«Dongkwang Corporation» компаниясының төрағасы Ли Санг Хун. әріптестік орнатуға ниетті екенін жеткізіп, корпорацияның жұмысымен таныстырды.
Ли Санг Хун: «Dongkwang Corporation» 30 жылдан астам уақыттан бері экспорт пен логистика саласында жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ автокөлік бөлшектері мен жағармай материалдарын жеткізу, кеме бөлшектерін жөндеу, чартер және жеткізу қызметтерімен айналысады. Бүгінде біздің оннан астам елде серіктестеріміз бар. Түркістан облысында да жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз, – деді.
Корей халықаралық сауда қауымдастығы (KITA) – Оңтүстік Кореяның ең ірі іскерлік ассоциациясы. Ол 70 мыңнан астам компанияны біріктіреді. KITA Оңтүстік Кореяның жаһандық сауда компанияларының мүддесін қорғай отырып, оларды практикалық қолдаумен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар сауда саласында ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді және осы саладағы мамандарды дайындайды.
Жалпы биыл Түркістанда «C5+Korea» халықаралық форумын өткізу жоспарлануда. Бұл форум Корея Республикасының губернаторлар қауымдастығымен бірлесіп ұйымдастырылмақ.
Түркістан облысына Түркияның туризм саласындағы жетекші өкілдері де арнайы сапармее келіп кетті. 18 ірі туркомпания басшылары, TURSAB ұйымының 3 өкілі және Turkish Airlines әуе компаниясының 2 өкілі Түркістанның туристік әлеуетімен танысты. Қонақтарды Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов қарсы алып, киелі өңірдің тарихи-мәдени мұрасы, инфрақұрылымдық мүмкіндіктері мен туризм саласындағы жаңа жобалар туралы жан-жақты ақпарат берді.
Қонақтарға облыстың туристік бағыттары таныстырылып, тарихи және киелі нысандар көрсетілді. Сонымен қатар, инвестициялық мүмкіндіктер мен сервистік қызмет сапасын арттыру бағытында пікір алмасу өтті. Ақпараттық тур аясында қонақтар Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, тарихи орындар мен жаңадан бой көтерген туристік нысандарды аралады.
Зұлпыхар Сансызбайұлы: «Бұл сапар – екі ел арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға, шетелдік туристер легін арттыруға және Түркістанды халықаралық деңгейде кеңінен танытуға бағытталған маңызды қадам. Біз үшін Түркістан – тек тарих емес, болашақтың жарқын бренді. Осы бағытта жұмыс жүйелі түрде жалғасатын болады», — деді.
Мұндай сапарлар Қазақстан мен Түркия арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастықты нығайтып, Түркістанды халықаралық деңгейде танымал етуге зор ықпал ететіні сөзсіз.
JQ-Aqparat
Сурет: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі