Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Шардара ауданына жұмыс сапары кезінде су нысандарын тікіұшақпен әуеден бақылап, жай-күйімен танысты. Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, облыс басшысы Арыс, Келес, Қазығұрт, Отырар және Шардара ауданындағы каналдар мен су нысандарын қадағалады.
Шардара ауданындағы «Шардара» су электр станциясына барып, мамандармен сөйлесті. Мекеменің жоспарымен танысып, түйінді мәселелері туралы білді.
Нұралхан Көшеров Шардара ауданы мен қаласын ауыз сумен қамту мәселелері бойынша мамандармен кеңесті. Жаңа ұңғыма қазу жұмысымен танысып, Шардара қаласының бас су торабындағы жұмыстарды қадағалады. Аудан әкімі мен жауапты басқарма басшыларына тапсырмалар берді. Облыс басшысы: «Биыл «Шардара» су қоймасында су көлемі аз. Бұл ауданды сумен қамту ісіне кедергі келтірмеуі керек. Ауыз суға қатысты жобаларды сапалы атқаруды және қадағалауда ұстауды тапсырамын», – деді.
Аудан әкімі Арман Қарсыбаев ауыз сумен қамту бағытындағы жұмыстарды баяндады. «Шардара» су қоймасында су көлемі төмендеген жағдайда, қаланы жедел ауыз сумен қамтамасыз етудің іс-қимыл алгоритмі бекітілді. Жалпы қалада 31 883 халық немесе 6 376 тұрғын үй бар. Сырдарияның оң жақ бөлігіндегі 12 ықшам ауданда 26 683 халық немесе 5336 тұрғын үй бар. Су көзі – «Шардара» су қоймасы. Сырдарияның сол жақ бөлігінде Өтеғұл шағын ауданында 5 200 тұрғын немесе 1040 тұрғын үй бар. Су көзі – ұңғыма арқылы келетін жер асты суы.
«Шардара» су қоймасындағы судың көлемі шамадан тыс азайған жағдайда қаланың бас су торабында пантон орналастырылып, пантон үстіне қуаттылығы сағатына 500 текше метр болатын арнайы насос орнату арқылы, төмен деңгейдегі суды жоғары шығару жоспарланды. Сондай-ақ бас су торабын баламалы су көзімен толтыру үшін сол аумаққа жақын жерден жер асты суын алу жолдары қарастырылды. Қазіргі кезде бас су торабынан 1,5 шақырым жерде тереңдігі 80-100 метр екі ұңғыма бұрғылау жоспарланып, бір ұңғыманың жұмыстары басталды.
Нұралхан Көшеров бұдан кейін ағын су және ауыз су мәселелері жөніндегі штаб мәжілісіне төрағалық етіп, жауапты басшылардың баяндамаларын тыңдады. Облыс басшысы ағын суға қатысты проблемаларды шешу үшін жүйелі әрі бірлескен жұмыс қажет екенін айтты.
«Өңірде ағын су мәселесі өте өзекті болып тұр. Жауапты мекеме басшылары, аудан, қала әкімдері бәріміз күндіз-түні бірлесе жұмыс істеуіміз керек. Аудан әкімдері егістікті әртараптандыру, су үнемдеу технологиясын енгізу, суды аз қажет ететін дақылдарды егу жұмысын атқаруы тиіс. Ағын су және ауыз су мәселелерін жүйелі түрде шешу үшін қалыптасқан жағдайға терең талдау жүргізіліп, тиісті мекемелермен бірлесе нақты қадамдық іс-шаралар жоспары әзірленсін. Аудан әкімдері «Ислам Даму банкіне» қаржыландыруға ұсынылған нысандардың құжаттарын толық және сапалы тапсырылуын қамтамасыз етсін.
Жергілікті шаруалар арасында су үнемдеу технологиясын енгізу және суды көп қажет етпейтін дақылдар егу бойынша насихаттау жұмыстарын жүргізіңіздер. Әрбір елді мекендер бойынша, қазіргі нақты жағдайды ескере отырып, ауыз суға қол жеткізудің жол картасы әзірлесін», – деді Нұралхан Көшеров.
Жиында Шардара, Жетісай, Мақтаарал ауданы әкімдері мен «Қазсушар» мекемесі басшысының есептері тыңдалды. Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков ағын суға қатысты түйткілдерді тарқатты.
«Шардара» су қоймасында қазіргі таңда 926 млн текше метр су бар. Бұл деңгей былтырмен салыстырғанда, 1554 млн текше метрге аз. Қоймаға келіп жатқан су деңгейі – секундына 102,0 текше метр. Қоймадан шығып жатқан су деңгейі – секундына 450,0 текше метр. Биыл аудандағы ауыл шаруашылығы саласына «Шардара» су қоймасынан 987,59 млн м3 су лимиті бекітіліп, одан 827,59 млн м3 ағын су шаруаларға жеткізіп берілді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, егістік алқаптарда су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу тапсырмасы берілген. Соған сәйкес, ауданда 2025 жылы қосымша 8,0 мың гектарға су үнемдеу технологиясын енгізу жоспарланған. Бүгінгі күні 69 шаруа тарапынан 5,2 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологиясы енгізіліп отыр. Жыл соңына дейін 32 шаруа қожалық 2,8 мың гектар егістік жерге тамшылатып суғару жүйелерін енгізу мақсатында «БНК групп» ЖШС-мен келісімшартқа тұрып, су үнемдеу технологияларын енгізуді жоспарланды.
JQ-Aqparat
Сурет: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі