Түркістан: Президенттік жастар кадрлық резервіне қызығушылық жоғары

24 тамыз 2023, 14:02

Президенттік жастар кадрлық резервін құру қажеттігін 2019 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында атап өткен болатын. Сол кезде Президент бұл резервтің жастар үшін тиімді әлеуметтік лифтіге айналуы тиіс екенін атап көрсетті.

Жобада барынша даярланған және тәжірибелі жастар үшін мемлекеттік басқару және квазимемлекеттік сектор жүйесінде басшылық қызметке тұруға бірегей мүмкіндік ашу мақсаты көзделді. Мәселен, жоғары әкімшілік және саяси лауазымдарға бос орындар пайда болған жағдайда Президенттік жастар кадрлық резервінде тұрған тұлғалардың кандидатуралары қаралады. Сондықтан Президенттік жастар кадр резерві – Тәуелсіз еліміздің өркендеуіне елеулі үлес қосам деген жастарға мүмкіндік беретін бірегей жоба.

Мемлекеттік басқару жүйесі үшін талантты жастарды анықтау және тарту мақсатында Президенттік жастар кадр резервіне биыл үшінші рет іріктеу өткізіледі. Іріктеуге өтінімдерді қабылдау 1 қыркүйектен бастап pkrezerv.gov.kz сайтында қолжетімді болмады. Өтінімдер 30 қыркүйекке дейін қабылданады.

Іріктеуге жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі және 5 жыл жалпы жұмыс тәжірибесі бар, қазақ тілін меңгерген (В1 деңгейінен төмен емес) Қазақстан Республикасының азаматы қатыса алады.

Биылғы іріктеу мына бағыттар бойынша жүргізіледі:

— Инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты;

— Агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау;

— Сыртқы саясат және инвестициялар;

— Экономикалық және қаржылық саясат;

— Цифрландыру;

— Әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам;

Іріктеу алты кезең бойынша өткізіледі:

  1. Құжаттарды қабылдау;
  2. Мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау;
  3. Ситуациялық тапсырмаларды шешу;
  4. Құзыреттерді бағалау (Assessment center және HR-сұхбат);
  5. Сарапшылық комиссияда әңгімелесу;
  6. Ұлттық комиссия отырысы.

Іріктеу қорытындысы бойынша 50 кандидат резервке алынады. Жеңімпаздар ағымдағы жылғы желтоқсанда жарияланады.

Осы іріктеу қарсаңында Түркістан облысындағы Жастар орталығында Президенттік жастар кадр резерві бағдарламасы бойынша жастармен кездесу өтті. Бағдарламаға қызығушылық танытқан жастарға Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысының міндетін атқарушы Дархан Сүртеков толық ақпарат берді.

Ал облыстық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің басшысы Ернар Бектаев аудандық және қалалық жастар орталықтарының жастарына түсіндірме жұмыстар жүргізіп, маңызды тұстарын таныстырып өтті: «Жастар кадрлық резерві» – бұл мансаптық қызметінде өсуге ынталы, кәсіби дағдылар мен басқарушылық құзыреттіліктердің жоғары деңгейіне ие мамандардың республикалық базасы.

Жоба мақсаты – білімді, талантты, белсенді жастарды іздеу және анықтау, олардың кәсіби дамуына және қоғамдық танылуын қамтамасыз етуге жәрдемдесу, оларды оқыту, біліктілігін арттыру, жастар арасынан мемлекеттік басқару жүйесі, бизнес және қоғамдық қызмет саласы үшін қазіргі заманғы және тиімді басқарушылардың жаңа генерациясын қалыптастыру».

Кездесуде Президенттік жастар кадрлық резервіне түркістандық жастардың қызығушылығы жоғары екені байқалды. Олар өздерін толғандыратын сұрақтарды қойып, ұйымдастырушылар тарапынан егжей-тегжейлі жауапқа қанықты.

Айдос Құсайынұлы

Суреттер: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

 

Бүгін, 14:33
Түркістан: Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу және пробация
Бүгін, 14:01
Түркістан: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыруға арналған шаралар
05 тамыз, 14:39
Түркістан: Қауіпсіздікті сақтау маңызды
01 тамыз, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
01 тамыз, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды
29 шiлде, 14:58
Әйгерім Исаева: Арнайы жасаққа жүрек жұтқан жауынгерлер қабылданады
29 шiлде, 13:40
Түркістан: Жарты жылдың ішінде қылмыс азайды
26 шiлде, 11:34
Мұхит Тұрғараев: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында үздіксіз жұмыс жүргіземіз