ТҮРКІСТАН: ПРЕЗИДЕНТТІК ЖАСТАР КАДР РЕЗЕРВІНЕ ҚЫЗЫҒУШЫЛАР КӨП

25 тамыз 2023, 11:25

 

Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы өзінің сайлауалды бағдарламасында Президенттік жастар кадрлық резервін құру қажет екенін атап өткен еді. Сөйтіп, өз сөзінде бұл резерв мемлекет игілігі үшін қызмет еткісі келетін жастар үшін тиімді әлеуметтік баспалдаққа айналуы тиіс екенін жеткізген. Осы ретте «Президенттік жастар кадр резерві деген не? Бұл жобаға кімдер қатыса алады? Резервтегілер қайда жұмысқа орналаса алады?» деген сауалдарға да нақты жауап берілген. Атап өтер болсақ, «Президенттік жастар кадр резерві» – еліміздің дамуына сүбелі үлес қосамын деп талпынған жастарға мол мүмкіндік сыйлайтын ерекше жоба. Президенттің де бастамасы осы – білім-білігі мол, қолынан іс келетін жастар үшін ашық әрі тиімді әлеуметтік саты құру болатын. Тиісінше, бұл жоба барынша даярланған және тәжірибелі жастар үшін мемлекеттік басқару және квазимемлекеттік сектор жүйесінде басшылық қызметке орналасуға мүмкіндік жасауды мақсат еткен. Нақтырақ айтар болсақ, әкімшілік немесе басқа да саяси лауазымдарға бос орын пайда болған жағдайда, осы Президенттік жастар кадрлық резервіне енген азаматтардың кандидатурасы қаралады. Дегенмен, резервке қабылданған азаматтар бос лауазымға міндетті түрде тағайындалуы шарт емес. Сонымен бірге, олар Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында және оның филиалдарында одан әрі кәсіби және тұлғалық даму үшін оқыту курстары мен тренингтерден өтуге мүмкіндік алуда. Өз кезегінде, бұл жоба жыл сайын Түркістан облысында қарқынды іске асырылып, резервке енуге қызығушылық танытқан азаматтар саны көбейіп келеді. Сондықтан бүгінгі мақаламызда аталған өңірдегі осы және Президенттік жастар кадрлық резервіне қатысты өзге де жаңалықтарды баяндамақпыз.

Атап өтсек, биыл Президенттік жастар кадр резервіне кезекті үшінші іріктеу кезеңі 1-30 қыркүйек күндері аралығында өткізіледі. Жоба талаптарына сәйкес, аталған іріктеуге жоғары білімі және кез-келген салада бес жыл жалпы жұмыс өтілі бар, жасы 35-тен аспаған, мемлекеттік тілді В1 деңгейінен жоғары меңгерген Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысының міндетін атқарушы Дархан Сүртековтің өзі айтып берді.

Ресми мәлімдеме иесінің сөзіне сүйенсек, резервке іріктеуге қатысуға ниетті үміткерлердің құжаттарын қабылдау 2023 жылдың 1-30 қыркүйегі аралығында pkrezerv.gov.kz деп аталатын арнайы ақпараттық жүйеде онлайн режимде іске асырылады. Іріктеу объективтілігін қамтамасыз ету мақсатында кандидаттардың деректері жеке нөмірлер беру арқылы жасырылады екен. Демек «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге жол бермеу мақсатында үміткердің кім екендігі бағалаушылар үшін белгісіз болмақ. Содан соң, ережеге сәйкес, Ұлттық комиссияның отырысы нәтижесінде үздік деп танылған 50 кандидат Президенттік жастар кадр резервіне қабылданатын болады.

Департамент өкілінің айтуынша, мемлекеттік аппараттың салалық кадрларға қажеттілігін ескере отырып, мақсатты іріктеу жүргізу – кезекті үшінші іріктеудің басты ерекшелігі болмақ. Өз кезегінде үміткерлер іріктеуге қатысу үшін жеке басты куәландыратын, еңбек қызметін растайтын және білімі туралы және құжаттардың көшірмелерін, сонымен бірге, мемлекеттік тіл бойынша емтиханды тапсырғаны туралы арнайы нысандағы жарамды ресми сертификатты тапсырады. Содан кейін, Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі болғысы келетінде 6 кезеңнен тұратын кешенді іріктеуден өтеді. Олар: кандидаттардың құжаттарын қабылдау; мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау; ситуациялық тапсырмаларды шешу; құзыреттерді бағалау; резервке іріктеу жөніндегі сарапшылық комиссияда кандидаттармен әңгімелесу; сарапшылық комиссия резервке алуға ұсынған кандидаттарды Ұлттық комиссияның отырысында қарау кезеңдері.

– Президенттік жастар кадр резервіне жаңа резервшілер салалық қажеттілікті ескере отырып іріктеледі. Президенттік жастар кадр резервіне кезекті, үшінші іріктеудің ерекшелігі мемлекеттік аппараттың салалық кадрларға қажеттілігін ескере отырып, мақсатты іріктеу жүргізу болмақ. Осылайша, кезекті іріктеу 6 негізгі сала бойынша жүзеге асырылады. Атап айтсақ, ол салалар: Инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты; Агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау; Сыртқы саясат және инвестициялар; Экономикалық және қаржылық саясат; Цифрландыру; Әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам. Сондай-ақ, биыл үміткерлермен әңгімелесуді міндетті түрде салалық орталық органдар өкілдерінің қатысуымен өткізу тәжірибесі енгізілуде, — деді Дархан Сүртеков өз сөзінде.

 

ЕНДІГІ КЕЗЕКТЕ КАНДИДАТТАРҒА АРНАЛҒАН КЕШЕНДІ ІРІКТЕУ КЕЗЕҢДЕРІНЕ ЖЕКЕ-ЖЕКЕ ТОҚТАЛЫП ӨТСЕК.

 

Бірінші – резервке іріктеуге қатысу үшін кандидаттардың құжаттарын қабылдау кезеңі. Ол 2023 жылдың 1-30 қыркүйегі аралығында pkrezerv.gov.kz арнайы ақпараттық жүйесінде және онлайн режимде жүзеге асырылады. Іріктеу объективтілігін қамтамасыз ету үшін кандидаттардың деректері жеке нөмір беру арқылы жасырылады. Сонда бағалаушылар үшін үміткердің кім екендігі беймәлім болатынын жоғарыда да атап өттік.

Екінші – мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау кезеңі. Тестілеу үрдісі аудио және бейне бақылау арқылы өткізіліп, өз бетінше өту шартының сақталуын қамтамасыз ету «прокторинг» жүйесімен бақылауда болады.

Үшінші – ситуациялық тапсырмаларды шешу кезеңі. Бұл кезеңде үміткерлердің таңдаған салалық бағыттарына байланысты ситуациялық тапсырмалар беріледі. Бұл жұмыс кандидаттардың нақты проблемаларды шешуге деген көзқарасын бағалау үшін ұйымдастырылған. Аталған кезең онлайн режимде аудио-бейне жазбамен сүйемелденіп, эссе жазу форматында өткізіледі. Тиісінше, таңдалған саланың сарапшылары орындалған тапсырманы бағалайды. Осы орайда, сарапшылар құрамы академиялық орта мен бизнес қауымдастық өкілдері мен мемлекеттік қызметшілерден құралатынын айта кетейік.

Төртінші – ассессмент-орталығы мен құзыреттер бойынша сұхбат жасау кезеңі. Ассессмент-орталық Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясының базасында офлайн форматта өткізіледі. Ол – мінез-құлық индикаторлары арқылы үміткердің бойындағы белгіленген құзыреттерді анықтауға және бағалауға бағытталған. Кандидаттардың мінезін бағалау үшін топтық және жеке тапсырмалар орындалады. Жалпы, аталған құзыреттерді бағалау кезеңіне ең кемі 15 сертификатталған бағалаушы мен 5 супервизор тартылады. Ал құзыреттер бойынша сұхбат кезеңіне кәсіби HR-менеджерлері тартыла отырып, онлайн форматтағы жеке сұхбат түрінде жүргізіледі. Бұл сұхбат үміткерлердің ішкі уәждемесін және құндылық бағдарларын айқындайтын құзыреттерді анықтауға бағытталған екен.

Бесінші – үміткерлермен сарапшылық комиссиясында әңгімелесу кезеңі. Бұл тұрғыда комиссия құрамына мемлекеттік органдардың басшылары тартылмақ. Осылайша, комиссия қорытынды шығарып, Ұлттық комиссия отырысында қарауға ұсынылатын үміткерлердің тізімі жасақталады.

Ал соңғы, алтыншы кезеңде – Ұлттық комиссияның отырысы өтіп, жүзден жүйрік шыққан 50 кандидат Президенттік жастар кадр резервіне қабылданады.

– Осы іріктеудің әрбір кезеңінің қорытындысы бойынша ең жоғары нəтижелерді жинаған кандидаттар Резервке іріктеудің келесі кезеңіне жіберіліп, ең жоғары нəтижелері бар кандидаттардың шекті санын Ұлттық комиссия айқындайды. Президенттік жастар кадр резервінің талаптарына сәйкес, Резервке алынған адамдар заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік саяси лауазымдарға және «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына, «Б» корпусының басшылық және «А» санаттар тобының лауазымдарына уәкілетті органмен келісу бойынша конкурсқа қатыспастан тағайындалуы мүмкін. Атап өту керек, кандидаттың Резервті қалыптастыру тәртібін сақтамауы, анық емес ақпаратты және құжаттарды ұсыну, кандидаттардың «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 3-тармағының талаптарына сәйкес болмаған жағдайда, іріктеуге қатыстырудан бас тартудың және оның кез келген кезеңінен шығаруға негіз болады. Кандидаттарды бағалау нәтижелері олардың жеке кабинетінде және кезең қорытындысы бойынша pkrezerv.gov.kz жарияланып, барлық азаматтар үшін қатысушылар туралы ақпарат қолжетімді болады, — дейді Дархан Әшірханұлы.

Тағы бір айта кетерлік жағдай – соңғы ресми мәліметтерге сүйенсек, Түркістан облысында мол мүмкіндік сыйлайтын Президенттік жастар кадрлық резервіне қызығушылық жоғары болып отыр. Бұл облыстық жастар орталығында ұйымдастырылған Президенттік жастар кадр резерві бағдарламасы бойынша жастармен кездесуде мәлім болды. Аталған жиында бағдарламаға қызығушылық танытқан жастарға ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысының міндетін атқарушы Дархан Сүртеков толық ақпарат берді. Ал облыстық «Жастар ресурстық орталығы» директоры Ернар Бектаев аудандық және қалалық жастар орталықтарының жастарына түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, жобаның маңызды тұстарын тәтпіштеп түсіндіріп берді.

«Жастар кадрлық резерві» – бұл мансаптық қызметінде өсуге ынталы, кәсіби дағдылар мен басқарушылық құзыреттіліктердің жоғары деңгейіне ие мамандардың республикалық базасы. Жоба мақсаты – білімді, талантты, белсенді жастарды іздеу және анықтау, олардың кәсіби дамуына және қоғамдық танылуын қамтамасыз етуге жәрдемдесу, оларды оқыту, біліктілігін арттыру, жастар арасынан мемлекеттік басқару жүйесі, бизнес және қоғамдық қызмет саласы үшін қазіргі заманғы және тиімді басқарушылардың жаңа генерациясын қалыптастыру, — деді жастармен тілдескен спикерлер жиын барысында.

Президенттің бастамасымен қолға алынған жоба шеңберінде 2019 және 2021 жылдары ел көлемінде 350 кандидат резервке алынса, қазір солардың 264-і мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарында жұмыс істеп жатыр екен. Демек, резервтегілердің 75%-ы қызметке орналасқан деген сөз. Олардың ішінде 128 адам орталық мемлекеттік органдарда, 38 адам жергілікті атқарушы органдарда, 57 адам ұлттық компанияларда, 41 адам адам өзге де ұйымдарда қызмет атқарып жатыр. Сонымен қатар, 31 азамат саяси лауазымдарға және 6 резервші «А» корпусының лауазымдарына тағайындалса, біреуі Мәжіліс Парламенті және екеуі мәслихат депутаты болып қызмет етуде.

Ал Түркістан өңіріне тоқталар болсақ, 2022 жылдың қазан айында резервке енген Ермек Кенжеханұлы облыс әкімінің орынбасары лауазымына, ал Р.Медетов Түркістан облысының әкімі аппараты «Түркістан облысы әкімдігінің іс басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекеменің басшысы лауазымына тағайындалып, бүгінгі таңда да сол қызметтерін атқарып жатыр. Сонымен қатар, резервші А.Әшімов Түркістан облыстық кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия құрамына енгізілген.

Осы ретте, 2019 жылы Президенттік жастар кадр резервіне республика бойынша 12000-ға жуық азамат өтініш білдірсе, оның 1500-і Түркістан облысынан қатысқанын айта кету керек. Тиісінше, сол кезеңде іріктелген 300 үміткердің 19-ы осы облыстың азаматтары болған. Ал 2021 жылғы іріктеуге жалпы 7000 мыңға жуық азамат қатысса, соның 600-ге жуығы Түркістан облысынан өтініш білдіріп, 6 кандидат резервке енген. Демек, жоба басталғалы бері резервке алынған 350 үміткердің 25і Түркістан облысының азаматтары. Сондықтан, талапқа сай келетін кез келген азамат аталған жобаға қатысып, резервке енуге мүмкіндік алады. Тек сындардан сүрінбей өтсе болғаны.

Бауыржан Мейірханұлы,

Түркістан қаласы

Суреттер: Түркістан облысы әкімінің баспасөз

 

 

Бүгін, 14:33
Түркістан: Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу және пробация
Бүгін, 14:01
Түркістан: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыруға арналған шаралар
05 тамыз, 14:39
Түркістан: Қауіпсіздікті сақтау маңызды
01 тамыз, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
01 тамыз, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды
29 шiлде, 14:58
Әйгерім Исаева: Арнайы жасаққа жүрек жұтқан жауынгерлер қабылданады
29 шiлде, 13:40
Түркістан: Жарты жылдың ішінде қылмыс азайды
26 шiлде, 11:34
Мұхит Тұрғараев: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында үздіксіз жұмыс жүргіземіз