30 тамыз – ел тарихындағы маңызды күн. 1995 жылдың 30 тамызында қабылданған Қазақстан Республикасының Ата заңы – әрбір азаматтың құқығы мен бостандығын қамтамасыз ететін басты құжат. Сондықтан бұл күні бүкіл ел аумағында түрлі іс-шаралар өткізіліп, айрықша атап өтіледі. Түркістан облысының Полиция департаменті де Конституция күнін мерекелеу аясында бірқатар шараларды ұйымдастырды.
Қаза тапқан полицейлердің аналары мен жарларына құрмет көрсетілді
Түркістан облысының Полиция департаментінде 30 тамыз –Қазақстан Республикасының Конституция күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.
Жиын бірінші кезекте қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан полицейлердің аналары мен жұбайларына сый-құрмет көрсетуден басталды. Жұлдызы ерте сөнген полицейлердің туыстарына естелік сыйлықтар мен алғыс хаттарды Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов табыс етті.
Мерекелік іс-шараларда ұмытпай, елеп-ескеріп, құттықтап, шақырту жіберіп тұратын полиция басшылығына қаза тапқан полицей Мұхтар Дәуренбековтың жұбайы Динара Жіпсібаева алғысын жеткізді. Жұмыстарына табыс, қызметтеріне биік абырой тіледі.
Жеке құрам кітап көрмесін тамашалады
Конституция күні қарсаңында Жетісай ауданының жеке құрамы орталық саябақта «Ұлық тұтар ұлы Заң» тақырыбындағы кітап көрмесіне ат басын бұрды. Көрмеге арнайы келген жетісайлық жас полицейлер Ата Заң, Азаматтық құқық негіздері тағы басқа да тақырыптағы кітаптардың мазмұнымен танысып, өзара пікір алмасты.
Әлбетте, мұндай шараның жас мамандарға берері мол. Олар осы арқылы Ата Заң туралы білімін одан әрі жетілдіріп, өмірлік азық жинады.
Шара соңында тәртіп сақшылары ұйымдастырушыларға алғыстарын жеткізіп, мерекелік көңіл-күймен тарқасты.
Полиция қызметкеріне «Алтын медаль» табысталды
Конституция күні қарсаңында суға батып бара жатқан тұрғынды құтқарып қалған полицейге арнайы марапат берілді. Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалы төрағасының міндетін атқарушы, «Түркістан» газетінің директор-редакторы Мәлік Дәулетов Патрульдік полиция батальонының инспекторы Дәулет Сағынбаевқа Қазақстан журналистер одағының «Алтын медалін» табыстады.
Облыстық Журналистер одағының төрағасы М.Дәулетов өз сөзінде: «Ағымдағы жылдың сәуір айында Мақтаарал ауданының тұрғыны мал бағып жүріп, құлынының өзенге түсіп кеткенін байқайды. Содан малын құтқарамын деп суға түсіп, соңында өзі шыға алмай қалған. Осы сәтте патруль қызметінде жүрген полицейлер бірден байқап, уақытында іске кірісіп, жағаға аман-есен алып шыққан деген ақпарат жаррияланды.
Осы оқиғадағы көзсіз ерлікке барып, тұрғынның өмірін арашалап қалған полицей Дәулет Сағынбаевтың әрекетін жоғары бағаладық. Бұл кез келгеннің қолынан келмейтін ерлік деп білеміз. Сондықтан біздің мекеменің жылына 1 рет берілетін марапатын полицей бауырымызға бермекшісіз. Елдің алтындай ұлына «Алтын медаль» лайық», — деп алғысын білдіріп, төсбелгіні тақты.
«Бейбіт күннің батыры» жобасы аясында үздік деп танылған инспектор Д.Сағынбаев, марапатқа лайық көрген жандарға алғысын білдіріп, барша қазақ елін Конституция күнімен құттықтады.
Полицейлер чемпион атанды
Мереке қарсаңында және қызмет барысында ерлікпен қаза тапқан ішкі істер органдары қызметкерлерінің құрметіне орай Шымкент қаласының және Түркістан облысының Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының ұйымдастыруымен Түркістан облысының құқық қорғау органының күштік құрылымдары арасында шағын футболдан жарыс өтті. Жарысқа бас-аяғы жеті команда қатысты.
Қызметкерлер арасында спортты дамыту, салауатты өмір салтын ұстануға бағыттайтын ойын тартысты өтті. Бірінші орынды Түркістан облысы Полиция департаментінің командасы иеленіп, үздік атанды. Ал ІІ-орынды ҰҚК командасы, ІІІ-орынды Ұлттық ұлан командасы жеңіп алды.
Ал «Үздік ойыншы» номинациясын Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкері Ғалымжан Өтешов иеленді.
Жедел басқару орталығының презентациясы өтті
Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Қабденовтің бастамасымен әкімдікте кіші жедел басқару орталығының презентациясы өтті.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен шарада презентацияны «Алтау смарт» ЖШС-нің коммерциялық директоры Исатай Жүнісов таныстырып өтті. Басқосуға прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, цифрландыру басқармасының басшы құрамы мен әкім орынбасарлары, әкімдіктегі басқарма басшылары, Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары М.Әбдіқадырқызы қатысты.
Жиын барысында цифрландыру, қауіпсіздік үшін қажетті соңғы үлгідегі цифрлық құрал-жабдықтармен жабдықтау мәселелері қаралды. Сонымен қатар аудандарға кіші жедел басқару орталығын құру бойынша ұсыныстар көтерілді.
Шара соңында облыс әкімі құрылым басшыларына тапсырмалар жүктеп, тұрғындар қауіпсіздігін сақтау, қорғау бағытындағы барлық бастамаларды қолдайтындығын жеткізді.
Ерекше рейд: балақайлар көмекке келді
Түркістан қалалық полиция басқармасының патрульдік полиция батальонының қызметкерлері «Конституция күніне» орай арнайы іс-шара ұйымдастырды. Ерекшелігі бұл жолғы рейд басқаша өтті.
Өйткені тәртіп сақшылары өздерінің кішкентай достарымен бірге жүргізушілерді тоқтатты. Көлік иелеріне мерекелік көңіл-күй мен тәтті шоколад тарту етті. Әдетте жүргізушілерге ескерту жасап, әкімшілік хаттама толтыратын полицейлер, бұл сәтте жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтау қажеттігін айтып, мерекені ұлықтады.
Ал әрбір көлік тізгіндеген жүргізуші үшін бұл күтпеген тосынсый болды. Олар игі іске ат салысқан балалар мен полицейлердің әрекеттеріне таңданыстарын жасырмай, алғыстарын білдірді.
Полицейлердің бұл бастамасын әрбір жүргізуші құптап, жол ережелерін бұзбауға және көлік тізгінінде мұқият болуға уәде берді.
JQ-Aqparat
Суреттер: Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі