30 тамызда елімізде Қонституция күнін атап өтуге арналған түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Түркістан облысының тәртіп сақшылары да Ата Заңды ұлықтап, аудандардың полиция бөлімшелерінде салтанатты жиындар өткізілді.
Түлкібас аудандық полиция бөлімі қызметкерлерінің қатысуымен Т.Рысқұлов ауылында орналасқан аудандық мәдениет үйінде мерекелік іс-шара өткізілді. Оған аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов, аудандық полиция бөлімінің бастығы Бекарыс Султанов, ардагерлер кеңесінің төрағасы Сауранбек Таңатбаев, ІІО ардагерлері және жеке құрам қызметкерлері қатысты.
Аудан әкімінің алғы сөзінен соң полиция бастығы Б.Талғатұлы шараға қатысушыларды Конституция күнімен құттықтап, елімізде қиын да күрделі салада қызмет жасап жүрген полиция қызметкерлеріне өзінің алғысын білдірді. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, аудандағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін бірқатар қызметкелерді аудан әкімінің және полиция бастығының алғыс хаттарымен марапаттады. Жиын соңында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары концерт қойды.
Мерекеге орай Келес ауданының тәртіп сақшылары жиын өткізді. Аудандық полиция бөлімінің мәжіліс залында ұйымдастырылған шараға жеке құрам мен ардагерлер кеңесінің мүшелері және төрағасы шақырылды. Салтанатты жиында бөлім бастығы, полиция подполковнигі М.Әбілханұлы мерекемен құттықтап, қызметте кәсібилігімен ерекше көзге түскен бірқатар қызметкерлерді марапаттады. Полицияда қызмет атқарып, зейнетке шыққан ардагер Бахыт Айткуловтың иығына арнайы шапан кигізді.
Жиын соңында тәуелсіздік құндылықтары қозғалып, елдегі бірлік пен бейбітшілікті нығайту және елімізді мемлекеттік-құқықтық дамыту мәселелері талқыланды.
Мақтаарал аудандық полиция бөлімінде өткен мерекелік іс-шарада аудан әкімінің орынбасары Н.Саттаров пен Аманат партиясының төрағасы М.Сәрсенов құттықтап, тәртіп сақшыларын алғыс хаттармен марапаттады. Бөлім бастығының бұйрығымен 18 қызметкер алғысқа бөленді.
Бөлім бастығы Ердәулет Амантаев еліміздің ішкі істер қатарында ширек ғасыр абыроймен қызмет атқарып, осы салада еңбегі сіңген, талай жыл тер төккен ардагерлерді мерекелерімен құттықтап жылы лебізін білдірді.
Полиция полковнигі өз сөзінде: «30 тамызда біз еліміздің басты мерекелерінің бірі – Қазақстан Республикасы Конституциясы күнін атап өтеміз. Ішкі істер органдары қызметкерлерінің алдында басты міндет тұр. Ол — тәртіпті қамтамасыз ету және азаматтарды қорғау. Біз еліміздің азаматтарының сенімін ақтауға және тәуелсіз Қазақстанның нағыз патриоты болуға бар күш-жігерімізді салуымыз керек,» — деп атап өтті.
Жетісай аудандық полиция бөлімінде өткен мерекелік іс-шараға бөлім басшылары, ішкі істер органының ардагерлері мен жеке құрам қызметкерлері қатысты. Аудандық полиция бөлімінің бастығы полиция полковнигі Әділбек Сапарбековтың құттықтау сөз сөйледі. Ішкі істер саласында еңбек еткен ардагерлер мен қызмет барысында ерекше көзге түскен полицейлердің еңбегі бағаланып, «Алғыс хатпен» марапатталды.
Марапат соңында Конституция күніне арнайы дайындалған бейнеролик көрсетіліп, өнерпаздар концерт қойды.
Ал Ордабасыда «Ата Заңым — Айбыным!» салтанатты жиыны өтті. Жиында полиция бөлімінің бастығы Ғалымжан Қуашбаев жеке құрамды атаулы мерекемен құттықтап, мереке қарсаңында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жұмысын күшейтуді тапсырды.
30 тамыз — учаскелік полиция инспекторларының да кәсіби мерекесі. Қос мереке қарсаңында полиция бөлімі бастығы Ғалымжан Саттарұлы «Үздік учаскелік полиция пункті» номинациясының жеңімпазы Шұбарсу ауыл округіне қарасты N56 учаскелік полиция пунктіне қызметтік автокөліктің кілтін табыстады. «Үздік учаскелік полиция инспекторы» номинациясына Қараспан ауыл округіне қарасты N53 полиция пунктінің учаскелік полиция инспекторы Боранбай Қуаныш Тәттіханұлы лайық деп танылды.
Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында жан-жақты қызмет етіп, қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдағы саяси тұрақтылықты, татулық пен бірлікті қамтамасыз етуде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген бірқатар тәртіп сақшыларының анасы «Үздік офицердің анасы» мерекелік медалімен наградталды.
Арыс аудандық полиция бөлімінде Конституция күні атап өтілді.
Құттықтау сөзінде полиция подполковнигі Б. Қуатов: «30 тамызда біз еліміздің басты мерекесін атап өтеміз. Жалпы ішкі істер органдары қызметкерлерінің алдында басты міндет тұр, ол азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қорғау. Біз еліміздің азаматтарының сенімін ақтауға және тәуелсіз Қазақстанның нағыз патриоты болуға бар күш – жігерімізді салуымыз керек. Мереке құтты болсын!», — деді.
Мерекеге орай Сарыағаш ауданының полиция қызметкерлері іс- шара өткізді. Салтанатты жиында бөлім бастығы Е.Бейсебаев құттықтау тілегін жеткізіп, қызметте жауапкершілік, кәсіби шеберлігімен ерекше көзге түскен бірқатар қызметкерлерді «Алғыс хатпен» марапаттады.
Сайрам ауданының Полиция басқармасы жеке құрам қызметкерлері мен Ардагерлер кеңесі мүшелері қатысуында мерекелік жиын өтті.
Аталған жиында жеке құрам қызметкерлеріне Конституцияның маңызды рөлі туралы хроникалық деректі фильм көрсетіліп, қызметтік міндеттерін атқару барысында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген 17 қызметкер басқарма бастығының алғыс хатымен марапатталды.
Ардагерлер кеңесі мүшелері Н.Ұбаев, А.Эманов, Ш.Ашировтарға басқарма бастығы өз атынан «Алғыс хатын» табыс етілді.
Қазығұрт аудандық полиция бөлімінде атап өтілген салтанатты шарада ішкі істер органдары қызметінде ұзақ жылдар бойы абыройлы қызмет атқарған, Қазығұрт аудандық ІІО Ардагерлер ұжымының мүшелері мен жас мамандар атаулы марапаттарға ие болды.
Мерекелік шараға белсене қатысып, марапатқа ие болған жастар, елге адал қызмет етуге және қоғам қауіпсіздігін мүлтіксіз қадағалауға еңбек ететіндерін жеткізді.
Салтанатты жиында жеке құрамды құттықтаған Отырар аудандық полиция бөлімінің бастығы Е.Өсербаев «Конституция халықтың бірлігін, қоғамдық және рухани келісімін нығайтып, егемендік пен саяси тұрақтылықтың кепіліне айналған басты құжат» екенін атап өтті.
Қызметте кәсіби біліктілігінің арқасында жақсы көрсеткіштерге қол жеткізген, қызметтік міндетін қажырлы әрі адал орындаған 10 қызметкер алғыс хатпен марапатталды.
Сауран ауданының полиция бөлімінің қызметкерлері де салтанатты жиын өткізді. Жиынды ашып берген бөлім бастығы полиция полковнигі Алмат Әбиденов жеке құрам қызметкерлерін айтулы мерекемен құттықтап, еңбек жолында бірқатар жетістікке жеткен қызметкерлерді «Алғыс хатпен» марапаттады. Конституция тарихы жайлы деректі фильм көрсетіліп, әсем әндер шырқалды.
Кентау қалалық полиция бөлімінде мерекеге орай жемісті, сапалы жұмыстарымен көзге түскен жеке құрам қызметкерлері бөлім бастығының алғыс хатымен мараппаталды.
Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің «учаскелік полиция күні» аталып өтіліп, қызметкерлерге бағалы сыйлықтар мен алғыс хаттар табысталды
Бәйдібек аудандық полиция бөлімінің мәжіліс залында мерекеге арналған іс-шараға бөлімнің басшылығы мен жеке құрам қызметкерлері қатысты.
Жиынды сөз сөйлеп ашқан полиция подполковнигі Нұрдәулет Кәмілұлы: «Конституция — мемлекеттік құрылыстың құқықтық негізін қалыптастырушы құжат. Ол — мемлекеттік тетік, адам мен адамзаттың конституциялық мәртебесін белгіледі, экономикалық құрылыстың негіздерін айқындады. Қазақстан жерінде тұратын әрбір адам еліміздің негізгі заңын құрметтеп сақтауы тиіс. Біз еліміздің ішкі істер органының қызметкерлері Қазақстанның әрбір тұрғыны әділдікке, заңдылыққа, теңдікке және өзінің болашағына сенімді болуына заң аясында ықпал жасауға тиіспіз», — деді. Мерекеге орай қызметте жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, тәртіп пен заңдылықтың сақталуына зор үлес қосқан 25-тен астам полицейге түрлі марапаттар табыстады.
Созақтағы сақшылар да Ата Заң күні бірқатар шаралар ұйымдастырды. Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған іс-шараларды ұйымдастыру — қоғамдық санада Тәуелсіздік құндылықтарын және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етеді. Бұл ретте идеологиялық және тәрбиелік сипаттағы іс-шараларды Созақ аудандық полиция бөлімі қызметкерлері өткізді.
Созақтың тәртіп сақшылары Шолаққорған ауылы С.Қожанов атындағы мұражайдағы дөңгелек үстелге қатысты. Сондай-ақ полиция қызметкерлері ұлттық мерекенің рөлін түсіндіру мақсатында Сұлтанбек Қожанов атындағы тарихи өлкетану музейін аралады.
«Конституция күні» мерекесіне орай, аудан көлемінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қылмыстың алдын-алуда, ашылуына белсенділік танытып, өз қызметтеріне адал болған қызметкерлер марапатталды.
JQ-Aqparat
Суреттер: Түркістан облыстық ПД баспасөз қызметі