Түркістан облысының тәртіп сақшылары қоғамда заң мен тәртіп қағидатын бұлжытпай сақтау, құқық бұзушылықтың кез келген түріне тосқауыл қою бағытында жұмыс жүргізіп келеді. Соңғы күндері олар ірі мал ұрлығын ашып, есірткіні жарнамалайтын граффитилердің көзін жойды.
Түркістан облысының полицейлері жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Ордабасы, Арыс және Бәйдібек аудандарының аумағында мал ұрлаумен айналысатын адамдар тобының қылмыстық әрекетін тоқтатты.
Түркістан облысы Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасы мен Ордабасы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері 3 күдіктіні, яғни 2-еуі бұрын сотты болған ер адамдарды ұстады.
Тексеру кезінде жедел уәкілдер олардың шығыны 7 миллион теңгеге жуық болатын мал ұрлығының 10-нан астам фактісіне қатысы барын анықтады. Күдіктілер көбіне сиыр мен қой ұрлаған. Содан кейін ұрланған малды Шымкент қаласына өткізіп отырған.
Полицейлер тінту шараларын жүргізу кезінде ұрланған малдың бір бөлігін тәркілеп алып, заңды иелеріне қайтарып берді. Күдіктілер қамауға алынды. Тергеу жүргізіліп, олардың басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы анықталуда.
Ал Түркістан облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері «Жастар ресурстық орталығымен» бірлесіп, есірткі сататын сайттарды жарнамалайтын граффитилерді жою бойынша акция ұйымдастырды.
Тәртіп сақшылары Түркістан қаласы аумағында, Сарыағаш, Жетісай, Төлеби, Сайрам аудандарында еріктілермен бірлесіп, көшелерде, ғимараттар мен құрылыстардың қабырғаларына есірткі сайттарын жарнамалайтын жазулар мен граффитилерді анықтап, жойып шықты.
Бұл іс-шараның басты мақсаты — нашақорлықтың алдын алу, халық арасында салауатты өмір салтын насихаттау және жастардың есірткінің таралуына теріс көзқарасын қалыптастыру болып табылады.
Жыл басынан бері Түркістан облысында полицейлер есірткі заттарын насихаттау мен заңсыз жарнамалаған сурет, жазулардың 8 фактісін анықталды.
Өз кезегінде полиция қызметкерлері азаматтарды салауатты өмір салтын ұстануға, құқық бұзушылық жасамауға және заңды сақтауға шақырады. Айта кетейік, мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады.
JQ-Aqparat
Сурет: Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі