ТҮРКІСТАН ӨҢІРІНДЕ ЗИЯТКЕР ЖАСТАР КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ

15 тамыз 2023, 12:27

Жасыратыны жоқ, осыдан бірнеше жыл бұрын қазақ жастарының басым бөлігі зияткерлік сайыстарға қатыспақ түгілі, «Не? Қайда? Қашан?» деген секілді шетелдік жобаларды ғана тамашалап жүретін. Дегенмен соңғы жылдары елімізде пікірсайыс етегін кеңге жайып, интеллектаулды ортаның негізі қалана бастаған. Енді біздің мемлекетіміздің бірнеше аймағында білімге құштар жастардың жолын ашып, кемел келешекке бағыттайтын ақыл-ой сайыстары жиі-жиі өткізіліп жатыр. Ақыл-ой жарыстыратын жоба жасаушыларға ел билігі де оңа қабақ танытып келеді. Бұған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазір той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезең» деген бір ауыз сөзі де ықпал етіп жатыр деп ойлаймыз. Қалай болғанда да, мұндай іс-шаралардың өскелең ұрпаққа тигізер пайдасы зор болып отыр.

Облыс әкімі — Дархан Сатыбалды 

Осылайша, жастардың игілігі үшін түрлі істерді жүзеге асырып, жастар саясатын тиімді атқарып жатқан өңірдің бірі – Түркістан облысы. Соның бір дәлелі – Түркістанда екі күн бойы өткізілген «AL-FARABI» интеллектуалдық сайысы. Елімізге танымал қоғам белсендісі, жоба авторы Олжас Мамырдың бастамасымен қолға алынған бұл бағдарлама өткен жылдары Шымкент қаласы, Келес ауданы, Түркістан қаласы секілді аймақтарда «Ойдода» деген атаумен ұйымдастырылған болатын. Идея авторының сөзіне сүйенсек, аталған жоба алғашқы кезде тек қана демеушілердің көмегімен өткізілген.

Олжас Мамыр — идея авторы 

 

«Өткен жылдары дәл осы сайысты дәл осы форматта бірнеше рет өткіздік. Ол кезде қажетті қаржының барлығын өзіміз және демеушілер болып дайындадық. Ал биыл сол жұмыстың нәтижесін көрген өңір басшылығы, оның ішінде облыс әкімі Дархан Аманкелдіұлы тікелей қолдау көрсетіп, облыстық «Жастар ресурстық орталығымен» тізе қосып, республикалық деңгейде өткіздік. Ел жастарының зияткерлік ойындарға деген қызығушылығы өте жоғары екені анық байқалады. Алдағы уақытта, аталған сайыс халықаралық деңгейде өткізілмек. Біз білімді жастардың көбейту жолында аянбай қызмет ете бермекпіз», — дейді Олжас Қайратұлы өз сөзінде.

Айтса, айтқандай-ақ, интеллектуалды ортаны қалыптастыру, жастар арасында шешендік мәдениетті қалыптастыру бағытында ұйымдастырылған бұл сайысқа 50-ге жуық команда қатысқанына өзіміз де куә болдық. Тиісінше, жарыста Түркістан облысынан бөлек, Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Жамбыл және Қызылорда облыстарынан келген 200-ден астам жас ақыл-ой сайыстырды.

Облыс орталығындағы «Ақжайық» музыка мектебінде өткен іріктеу кезеңінде командалар үш-үштен сынға түсіп, үздік атанған топтар келесі айналымға жолдама алып отырды. Сөйтіп топтан тікелей шыққаны бар, көп ұпай жинап, қосымша жолдамаға ие болғаны бар, екінші кезеңге барлығы 18 команда өткізілді. Содан соң, осы топтар арасындағы бәйгеден 9 команда жартылай финалға іріктеліп шықты.

Жарыстың екінші күні дәл осы ғимаратта бас қосқан 9 топтың арасынан 4 команда ақтық сынға жолдама алды. Одан бөлек, команда капитандары арасында жекелей сын ұйымдастырылып, жүзден жүйрік болған мықтылар анықталды.

Ал республикалық «AL-FARABI» сайысының финалдық кезеңі Түркістандағы ерекше нысандардың бірі – ашық аспан астындағы амфитеатрда өткізіліп, ойынның іріктеу кезеңінде өзара мықтыны анықтаған командалар тартысқа толы ойынның көркін қыздырды. Түркістан төрінде нағыз білімге құштар азаматтардың басын қосқан бұл бәйге көпшілік көрерменге де көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Оған қоса, сайыстың ақтық кезеңіне облыс басшысы Дархан Сатыбалды қатысып, білімпаз жастарға сәттілік тіледі. Одан бөлек, облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев, қоғамдық даму басқармасының басшысы Аңсар Өсербаев бастаған әкімдік қызметкерлері де көрермен арасынан бой көрсетті.

Сайыс барысында облыс әкімі Дархан Сатыбалды: «Тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан интеллектуалды сайыс биыл Түркістанда республика көлемінде ұйымдастырылып жатыр. Бұл сайыс Түркістан қаласын «Интеллектуалды қала» ретінде жаңа бағытпен өркендетуге септігін тигізеді. Жастардың арасында зияткер буын қалыптастыру, өзге мемлекеттің жастарымен достық қарым-қатынасты нығайту мақсатында «Al-Farabi» интеллектуалды сайысын халықаралық деңгейде өткізу қажет деп есептеймін. Президентіміз Үкіметке жас ғалымдарды қолдау, жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндік жасау жөнінде тапсырмалар берген болатын. Демек қазір елімізде зияткер жастарды қалыптастыру үдерісі қарқын алды деуге негіз бар. Жастардың сапалы білім алып, спортпен, өнермен шұғылданып, кәсіби маман атанып, мүмкіндіктерді мүлт жібермей, еліміздің дамуына өз үлестерін қосуы біз үшін ерекше маңызды. Алдағы уақытта да зияткерлік сайыстар ұйымдастыруға қолдау көрсетуге дайынбыз. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтаймын», – деді.

 

Тиісінше, бұл кеште жарысқа қатысқан 50-ге тарта команданың арасынан қара үзіп шыққан төрт топ білімдерін сарапқа салды. Нәтижесінде, білімдері мен жылдамдықтарын дәлелдей білген Бәйдібек ауданының «BBC» командасы бас бәйгені жеңіп алса, екінші орынға Алматыдан келген «Oilike team» командасы ие болып, Шымкент қаласынан келген «Әл-Фараби» командасы үшінші орынды місе тұтты. Ал төртінші орынды облыс орталығының намысын қорғаған «Key To Life» командасы еншіледі. Өз кезегінде жеңімпаздарды марапаттаған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды I орын алған командаға 500 000 теңге, II орынға 300 000 теңге және III орын иегерлеріне 200 000 теңге қаржылай сыйлықты табыстады.

​Сонымен қатар, команда капитандары арасында өткізілген «Үздік білімгер» сайысы бойынша 1-орынға 150 000 теңге, 2-орынға 100 000 теңге және 3-орын иегеріне 50 000 теңге қаржылай сыйлық берілді. Одан бөлек, жарыста жақсы ойын өрнегін көрсеткен оннан аса командаға ынталандыру сыйлықтары үлестірілді.

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Ернар Бектаевтың айтуынша, «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен өткізілген іс-мақсаты – дарынды жастарды анықтау, олардың танымдық қызығушылықтарын ояту арқылы білім деңгейін көтеру.

 

«Жалпы «AL-FARABI» интеллектуалды ойыны қазақ тілді кеңінен дәріптеу, тілге деген құрметті арттыру, логикалық ойлауды дамытатын білімді жастар үшін бос уақыттың өзекті форматын қалыптастыру мақсатында өткізілді. Осылайша, біз жастар арасында қызықты интеллектуалдық, шығармашылық сайыстар өткізіп, олардың белсенділігін арттыра аламыз деп сенеміз. Өз кезегінде жергілікті әкімдік бұл ойынды келесі жылы халықаралық деңгейде өткізуге қолдау көрсетпеу. Алдағы уақытта да инттеллектуалды ойындар аудан, қала және облыстық деңгейде жалғасын табатын болады», — дейді Ернар Нұралыұлы.

Сондай-ақ сайыс барысында қатысушыларды да сөзге тартып көрдік. Отырар ауданынан келген «Фараб» командасының мүшесі, аудандық жастар орталығының қызметкері Әділет Әбсаттарұлы мұндай сайыстар жастарды жан-жақты ізденіс пен білімге деген үлкен талпыныста болуға дағдыландырады.

«Халықаралық жастар күні қарсаңында Түркістан облыстық Қоғамдық даму басқармасы «Облыстық жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен өткен Республикалық AL-FARABI» интелектуалды сайысына «Фараб» командасы болып қатысып, Отырар ауданының намысын қорғадық. Бірінші кезекте, әрине, мұндай ой жарыстары жастарды жан-жақты ізденіс пен білімге деген үлкен талпыныста болуға дағдыландырады. Сайыс барысында бұрын біз естіп-көрмеген, білмеген сұрапыл сұрақтар мен жауаптарды естідік. Біліміміз бен білігіміз жеткенше сұрақтарға жауап беруге тырысып, ширек финалға дейін жеттік. Мұндай додаларға әбден ысылған, кең жазиралы, қасиетті Қазақстанымыздың түкпір-түкпірінен келген қарсыластарымыз бізден бір бас жоғары екендіктерін көрсетті. Дегенмен осындай ірі сайыстарға қатысу арқылы біз өзіміздің білімімізді шыңдай түсеміз деген сенімдеміз. Жалынды да дарынды жастардың басын біріктіретін осынау сайыстардың бізге берері көп. Бұл ортада біз өзімізге жаңа таныстық пен достықты таба аламыз. Түрлі білік пен білім алмасулар арқылы зор өмірлік тәжірибе жинауға мүмкіндік аламыз. Тағы бір айта кетерлігі – сайысқа 50-ге жуық команда қатысып, өз бақтарын сынады. Алдағы уақытта командалардың саны тағы да артса деген тілек бар. Жастар жалындасын, жасасын», — дейді ол.

Жалпы бүгінде Түркістан өңірінің жастары білім саласында ғана емес, спорт және мәдениет салаларында да әлемдік жарыстарда биік белестерді бағындырып келеді. Атап өтсек, биыл өңірдің 10 спортшысы әлем чемпионаттары мен кубоктарында топ жарса, 5 спортшы екінші орынға, 2 спортшы үшінші орынға ие болған. Демек биыл құрылғанына 5 жыл толып отырған өңір жастары жан-жақты дамуға мүмкіндік алып отыр деген сөз. Бұл облыс көлемінде жастар саясатының жүйелі түрде іске асырылып жатқанының бір дәлелі.

Бауыржан Мейірханұлы,

Түркістан қаласы

 

Бүгін, 10:38
Мақсат Мақтабек: Заң – азаматтардың қорғаны
Бүгін, 10:29
Түркістан: Қоғамдағы қауіпсіздік – тәртіп сақшысының күнделікті жұмысы
07 тамыз, 14:33
Түркістан: Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу және пробация
07 тамыз, 14:01
Түркістан: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыруға арналған шаралар
05 тамыз, 14:39
Түркістан: Қауіпсіздікті сақтау маңызды
01 тамыз, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
01 тамыз, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды
29 шiлде, 14:58
Әйгерім Исаева: Арнайы жасаққа жүрек жұтқан жауынгерлер қабылданады